Бейсенбі, 9 ақпан 2012, Алматы 10:59

МӘДЕНИЕТ

Төлегеннің сағынышы

Сегізінші наурыз - қазақ ақыны Төлеген Айбергеновтің туған күні. Небары отыз жасқа да толмай пәни дүниеден өткен біртуар ақынның жырларынан төгілген сағыныш күйі әлі күнге шейін оқырманды мөлдір шықтай тазалағымен баурайды.

Қазақ ақыны Төлеген Айбергенов (1937-1967 жж.) Жеке мұрағаттағы сурет.
x
Қазақ ақыны Төлеген Айбергенов (1937-1967 жж.) Жеке мұрағаттағы сурет.
Мәтін көлемі - +
Амангелді КЕҢШІЛІКҰЛЫ

САҒЫНЫШТАН ЖАРАТЫЛҒАН АҚЫН

Ақын болу үшін дүниені жан-тәніңмен құлай сүю керек. Сол кезде ғана өмір сізге құшағын жайып, тылсым тіршіліктің талай құпиясы ашылады. Дүниені сүю арқылы адамның Аллаға деген сағынышы оянды, жүрегінде өлең оты тұтанып, ұлы Жаратушымен сырласуға мүмкіншілік алды.

Міне осылайша ұлы мәртебелі поэзия адамның Алладан кейінгі фәни мен бақидың арасын жалғап тұрған дәнекершесіне айналды. Жалғыздықтан жалығып, мына бес күндік жалғаннан түңіліп, аңқасы кеуіп, имандылықтың нұрлы сәулесін аңсаған адамның шөлін тек өлеңнің мөлдір бұлағы ғана қандыра алатыны содан болса керек.

Қазақ әдебиетіндегі тұнығы лайланбаған, жастыққа тән қуатымен арнасына симай тасып жатқан сондай таза бұлақтардың бірі – Төлеген
Қазақ ақыны Төлеген Айбергеновтің бозбала шағы, жеке мұрағаттағы сурет.
Айбергеновтің поэзиясы.

Отызға да толмай опат болған ақынды қыршын кетті деп айтуға да обалсынады екенсің. Алайда дәм-тұзының тым ерте таусылғанына қарамастан оның поэзиясында өзге ақындардың ешқайсысында да кездеспейтін дүниеге деген ерекше бір сағыныш бар. Әсіресе ақынның адамның заңғар ұлылығын ақыл таразысына салып, сағынышымен өлшеген махаббаты «Құмдағы мұнаралар» жинағында анық көрініп, айрықша сезіледі.

«Сағыныш» атты өлеңдер циклында бұл алапат сезім буырқанып, теңіздей тебіреніп, таулардай асқақтап шарықтау шегіне жетеді.

Дүниеге ынтызарлығыңды тірілтіп, өмірге құштарлығыңды оятатын ақын жырларының әр жолынан Табиғат-Ананың аялы алақанындай мейрімділікті сезініп, сағыныш оты жүрегіңізді шарпиды. «Сағындым жаным мен сені!» деп басталатын өлеңнің алғашқы жолдары-ақ, әу дегеннен сізді елең еткізіп, шынайлығымен, кір шалмаған сәбидің жүрегіндей пәктігімен сезіміңізді баурайды.

Үмітке толы, армандай толы әр жерде бір түп қарағай,
Сағынбай жүрсе, қалуы мүмкін жамырасуға жарамай.
Биікте тұрған таулар да мынау нұрына таңның боялған.
Сені мен менің ғасырлар күткен сағынышымнан оянған.
Балалар бізді сағынған жаным, арманның аңсап биігін,
Әжелер бізді сағынған, жаным, талдырып асқар иығын.
Көкірегінде сағыныш барда мұрат да сенде бар, жаным,
Алдыңда тұрған қыраттың саған көрінбей жатқан ар жағын.
Жазира белдер қуанышыңды болмасын мәңгі шектемек,
Алдыңнан орман кес-кестеп шықса сағынышыңмен көктеп өт.
Мен мұны саған жазып отырмын арманымды орап сезімге,
Жан-жақтан түскен шұғыланың бәрін сағынып жүрген кезімде.

Орыс ақыны Марина Цветаева «Пушкин мені махаббатымен баурап алды» десе, Төлеген Айбергеновтың поэзиясы оқырманын
Ақын Төлеген Айбергенов (сол жақтан екінші) және композитор Шәмші Қалдаяқов (сол жақтан үшінші) ақын-жазушылармен бірге. Жеке мұрағаттағы сурет.
сағынышымен жаулайды. Сағыныш жоқ жерде махабаттың да, бақтың да, адалдықтың да болмайтынына ақын жырларын оқып шыққан соң, иланбасқа амалың кем.

Оқушымен сырласқан сайын сөзін сағыныштан бастайтын ақын өлеңдерінен Төлегеннің жүрегін өртеген Отанға, анаға, жарына, апасына, балаларына бір сөзбен айтқанда мына жарық әлемге деген шексіз сағынышын көресіз. Даладай шексіз сағыныштың ақынның жұдырықтай жүрегіне қалайша сиып кеткеніне қайран қаласыз.

Ей, адамдар айналайын туғандар,
Жалғыз минут тыңдаңдар!
Мен сендерге көп болды сыр шертпедім,
Қазір түгел көкірегім өрт менің!

Шартарапқа жүргеніммен жүз аттап,
Бұрын мұндай көрмеп едім ұзақтап.
Бір сағыныш мәңгі-бақи дос еткен
Қазір мені жұлып алды төсектен.


О, АДАМДАР БІРГЕМІН МЕН СЕНДЕРМЕН

Өлеңінің әр шумағынан сағыныштың сазы есетін Төлеген Айбергеновтың поэзиясында ерекше бір қуат бар. Ол басқа түскен қайғыға мойымайтын, қайта онымен тірескенде бел омыртқасын морт сындырып жіберетін – күрескерлік қуат. Ол адамды жеңіп, жігерін құм қылғысы келетін қасіретпен арпалысып, қолын қайырып, мойнын бұрап тастайтын – батырлық қуат. Мысалы, ақынның «Апаларым» атты өлеңінде Төлеген Айбергеновтің күрескерлік және батырлық қуаты мейлінше шынайы кестеленген.

Мен ұл ем. Сендер ең үш тамаша елік,
Төртеуміз бір әкенің баласы едік.
Төрт тағдыр қайғысы мен қуанышын
Өстік біз бір омыраудан таласа еміп,
Есейткен жетті күндер сыр ақтарып,
Қалдым мен қоштасарда бір-ақ танып.
Таралып шартарапқа жолдар шықты
Сендердің бұрымдарың сияқтанып.
Кеттіңдер біздің үйден ұзатылып
Қатігез қимастықты қыз аты қып.
Сан түндер сағынышым көз ілдірмей,
Жүгіріп сыртқа шықтым жүз атылып.

Қазақ әдебиетіндегі жауһар жырлардың бірі болып саналатын бұл лирикалық шығармада қайғыға мүжілмейтін, тағдырдың тепкісін
Қазақ ақыны Төлеген Айбергеновтің «Біргемін мен сендермен» атты кітабының мұқабасы.
көрген сайын жігерлене түсетін Төлегеннің ақындық рухы мен мінезі сайрап жатыр. Өлеңді оқып шыққаннан кейін Төлегеннің ақындық болмысының сағыныштан жаратылғанына сенбеске амалыңыз қалмайды.

Мергендердің қосына тастап кеткен қарауылдай жалғыз қалған ақынның жаны сағыныштан өртеніп кете жаздаса да, апаларының бақытын өз басының қуанышындай қабылдайды.

Кейде мен Көлінде қап Қособаның
Сендердің саулығыңа тост аламын.
Бүгінде мені ұмытып кетсеңдер де,
Бақытын ойлап басқа босағаның.

Үміті үзілмейтін дүниенің сағынышынан жаратылған ақын ғана дәл осылай жырлай алса керек. Адамдардың бәрін сағынышымен аялағысы келіп тұратын және соған қалтқысыз сендіре алатын қасиет қазақ поэзиясында тек Төлегенде ғана бар.

О, адамдар біргемін мен сендермен
Ықыласыңа ешнәрсені теңгермен.
Сендер менің бақытымның бұлағы,
Сендер менің дарыныма жел берген.

Қайғыдан басын мұнар шалған өлеңдерді Төлегеннен кездестіре алмайсыз. Оның поэзиясы – жасампаздықтың жыры. Сондықтан да Төлегеннің жырларынан жауды жеңіп келген батырдың көңіл-күйіндей шаттық пен қуаныштың самалы соғады.

Алайда жазушы Әбіш Кекілбайұлы дәл байқағанындай «бірақ бұл гүлге елтіген, көбелек қуған серуеншінің қуанышы емес, қиынды көрген, қайғы мен қасіреттің де ащы дәмін татып байқаған азамат адамның жүзеге асқан мақсаты мен орындалған арманының қуанышы» (Әбіш Кекілбайұлы, Он екі томдық шығармалар жинағы, 10 том, 145 бет. Өлке баспасы, 1999 жыл.)

Ақын Төлеген Айбергенов ең құрығанда отыз жасқа да толмай қыршыннан қиылды. Қамшының сабындай қысқа ғұмыр сүргеніне қарамастан оның артында мәңгі өлмейтін жырлары қалды. Төлеген жырларын оқыған сайын адам баласы таба алмай жүрген бір жұмбақ әлемге кетіп қалғым келеді.

Ол жұмбақ әлемнің аты – Сағыныш.
Бұл форум жабық. Бірақ, Азаттықтың Facebook-тағы парақшасында жалғастыра аласыз: www.facebook.com/azattyq
Пікірлерді іріктеу
Пікір
     
Кімнен: Асхат Қайдан: Алматы
08.03.2010 15:28
+0 / -0
Классикалық мақала. Мақаланы оқып шығып, қатты тебірендім. Төлеген ағаның рухы разы болып жатқан шығар.

Кімнен: Аты-жөні көрсетілмеген Қайдан: Осы ауылдан
08.03.2010 20:11
+0 / -0
Тамаша, мақала!

Бір айта кетері, адамзаттың абсолютті дерлік барлығын мақала соңында айтылған ол жұмбақ әлемге Алла Тағала желкелеп, дедектете отырып алып келе жатыр. Ол әлемде барша мұң, адасу, бақытсыздық, білместік пен мұқтаждықтан біржола Азат етілу бар!

Алланың тағы бір ұлылығы осында!

Ол жұмбақ әлем адамзат эволюциясының түпкі мұраты боп табылатын Рух әлемі!

Адамзат қандай бақытты, адамдар саналы (саналылар қандай бақытты, өзінің түпкі мұратына жетуін саналы ұмтыла үдете алады!) немесе санасыз түрде бәрібір ұшып отырып Жаратқан Құдай Тағала олар үшін даярлаған осы бір заңғар мекенге таяп келеді!

Төлегеннің де Рухы сонда болар, ендігі, жаны жаннатта болсын!

Кімнен: Айбек Қайдан: Қарағанды
08.03.2010 20:36
+0 / -0
Қандай тамаша өлең жолдары!
Қазақ әдебиетін өзім үшін жанадай ашып отырған сияқтымын

Кімнен: Асқар Қайдан: Ақтау
08.03.2010 23:18
+0 / -0
Ақтауда, Төлеген Айбергеновтың кештерін ұйымдастырып, ақынның өлеңдерін жатқа айтатын, өзі де ақын Рахмет Аяпбергенов ағамыз еді....
Ол да марқұм болып кетті.
Бәрінің де жандары жәннатта болсын!

Кімнен: Ғазиз Сайфолла Қайдан: Атырау, Томарлы
09.03.2010 07:55
+0 / -0
Иә, жазып отырған да ақынның баласы ғой, Төлеген поэзиясының арқауын дәл тауып, тап басқан!
Төлеген поэзиясы сан салалы болғанмен, арқауы - сағыныш. Экспрессивті-эмоциялық қуатпен жазылған, оқыған адамды бей-жай қалдырмайтын, М. Шахановқа арнаған "Сағыныш" атты өлеңі адами сезімнің шырқау шыңдарының бірі - САҒЫНЫШ сезіміне қойылған ескерткіш дерсің! Өлеңнің қай шумағын алсаң да баурай жөнеледі. Әрине, өлеңді толықтай дерлік сипаттап жазуға болар, дегенмен, ешқандай сипаттау - өзің оқығандай болмайды.

Сағындым, жаным, мен сені!
Көркіңді жүрген қуаныш қылып, мендей ме екен бар ағаң,
Шын інім болсаң, бас бұрма, жаным, өсек-ғайбатқа бораған.
Қажет жерінде қатыгездік пен қаталдық керек десек те,
Адамның заңғар ұлылығын сен сағынышымен есепте, дейді!

Бұл өлеңде адамға біткен аса бір аяулы құндылық - САҒЫНЫШ сезімі жайында айтылмай қалған жәйт жоқ десе де болады. Оған оқи отырып қана көз жеткізесің.
Ақынның туған жерге деген маһаббаты "Аруана - бауыр дүние" деген өлеңінде де осы сағынышпен өріледі.

Аруана жаудың қолына түссе ботасын шайнап өлтіріп,
Қаралы мойнын қайтадан артқа бұрмастай халге келтіріп,
Жеріне тартып отырады екен моншақтап жасы, боздаумен,
Омырауын шерге толтырып,

деп, түйе түлігінің қасиеттісі - аруананың туылған жерін аңсауын толғай келіп, туған жерін адам баласы қалай сүюі керек екендігін, оның үлгісін сөзбен суреттеген.
Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің, деген атам қазақ нақылының жаңғырығындай, бүгінде заңғар ақын, халық қайраткері - Мұхаңның, Мұхтар Шахановтың кезінде қанатының астына алып, қамқорлық көрсеткен Төлегендей ақын ағасына бүгінде:

...Көз жазбаған перзент ең ұлы ағыннан,
Неге түстің ертерек пырағыңнан.
Жылдар тұрып қалса да арамызға,
Қыран даусың кетпейді құлағымнан,

деп үн қосып отырғаны жайдан-жай емес! Ұрпақтар сабақтастығы деген - осы. Адами, рухани сабақтастық...

Ақиық ақын жырларының тақырыбы ел, жер тәрізді мәңгілік мекенімізден бастау алып, достық, маһаббат, сағыныш сияқты суреттелуі өте күрделі рухани құндылықтарды қамтиды. Өзі куә болған, кезінде қарыштай дамыған өндіріс тақырыбы да ақын қаламынан тыс қалмаған. Маңқыстау мұнайын игерушілерге арнаған "Мұнаралар" деген фәлсафалық ойға толы өлеңінде:

Кезім менің!
Жатырсың жырақты ашып,
Қызыл гүлді барады қыр ап қашып.
Жиырмасыншы ғасыр жүр Маңқыстауда
Мұнаралар басына шырақ тасып,

деген ақын бүгінгі Маңқыстаудағы Жаңа өзеннің жалақыға жарымай жүрген жұмысшыларын көрсе, не дер еді?
Атырау жерін айрықша сүйіп, талай жақұттай жырларын арнаған ағамыз бәлкім, шарасыздан:

Теңізіне мұнайдың
Аяғымды шылаймын.
Жүз жыл бойы кешсем де,
Келмеді-ау бір, шырайым!.,

деп зарламасына кім кепіл?! Олай деуімізге шығармашылық өмірдің қыры мен сырына қанған ақынның,

... Бір жетсе менің ажалым жетеді
Адам қолы жасаған ұяттардан,
Қалыңдығы осынау сияқты орман
Әйтпесе пысықтыққа пысқырмайды
Мендегі қуатты арман,
деп ақындықтың мақсат-мұратын, ащы шындығын ашып айтуы себеп.
Бар-жоғы - отыз жылдай келте ғұмырында көкейіне түйгені көп, сезімтал ақынның мына бір ой түюлері - бүгінгі елім, жерім, деп жүрген еркін ойлы азаматтарға қарата айтылғандай ма:
... Болмас саған бақталас,
Арманыңды аңғарған.
Құлағанды даттамас -
Құлағандар заңғардан.

Қайсарлардан қашан да
Күдеріңді үзбе сен.
Қарсы алдыңнан сол шығар,
Қараңғыда іздесең.

Шыдағандар сындарға,
Аңсағандар жарықты.
Өрмелеуден шыңдарға,
Қорқатындар қауіпті.

Қай жағынан қарасаң да көп қырлы гауһар тастай құбылған жыр өрген ақын ағамыз жөнінде кішкентай комменттке сыйғызған, сый деп айтуға да келмейтін - сыралғымыз шығар бұл. Ағамыздың аруағы риза болсын, баршамызды желеп-жебеп жүрсін, деген тілектен туған азғантай пікір.
... Өле берсін күншілдер күйігінде
Өз ғасырым өзімнің иінімде.
Ақ жаңбырлар тоздырған тау сияқты
Мен өлемін өзімнің биігімде,
деп өзі жырлағандай, біртуар ақиық ақынның асқақ та нәзік жырлары бүгінгі ұрпағына да рухани азық болып, өз биігінде самғауда. Ылайым солай болғай!!!





Кімнен: Сағыныш Қайдан: Алматы
09.03.2010 10:47
+0 / -0
Бүгін көрдім өлгенін шын ақынның,
Қызарып батты ертеңгі шығатын күн.
Торғай өлең шырылдап бара жатты,
Ауызында ажал дейтін сұрапылдың.
...................................................... Шаханов
Пікір алмасу

Кімнен: Айнар Төлегенқызы Қайдан: Астана
19.03.2010 14:27
+0 / -0
Кімнен: Сағыныш Қайдан: Алматы
09.03.2010 10:47
Сағыныш сіңілім, сен жазып жіберген бұл бір шумақ өлең Мұқағали Мақатаев ақынның туындысы. Келешекте шатаспай, ойланып жазып жіберуіңді өтінем...

Кімнен: Ардақ Қайдан: Қарағанды
09.03.2010 11:49
+0 / -0
Төлегеннің өлеңдерін сүйсінбей оқу мүмкін емес. Мақалада Төлеген поэзиясының шынайылығы әдемі қамтылыпты. Мақала Азаттықтың мәртбесін биіктетіп тұр.Жалпы Амангелді бауырым не жазса да ойландыратын, терең дүние жазады. Мына мақаласы да Амангелдінің поэзияны терең түсінетін, жазу шеберлігін керемет меңгерген сыншы екенін танытып тұр. Осындай мақалаларды жиі беріп тұрсаңаздар екен.

Кімнен: медгат
09.03.2010 15:43
+0 / -0
өз басым санаулы ақындардың өлеңдерін жақсы көрем. Соның бірі Төлеген Айбергенов

Кімнен: mister Қайдан: kala
09.03.2010 16:31
+0 / -0
Толеген аганын бир тойым болатыны анык менин деген олени кимде бар екен болса жазиндар

Кімнен: Қайрат Қайдан: Ақтау
09.03.2010 20:34
+0 / -0
Дәл қазір Төлеген сияқты өлең жаза алатын ақын жоқ. Қазіргі ақындардың өлеңдері адамдарды тебірентпейді, Түсініксіз, бұлыңғыр.

Кімнен: Ғазиз Қайдан: Атырау, Томарлы
11.03.2010 00:47
+0 / -0
Айналайын, каладан жазып отырған мистер - твистер інім!
Жұмыстан шаршап келіп отырсам да тілеуіңді берейін, тек атыңды жұмбақтап жазба.

Бір тойым болатыны сөзсіз менің,
Дәл қай күні екенін айта алмаймын.
Бірақ... бірақ...
Ешкімді де билетпей қайтармаймын.
Онда ортаға тасталар ұран сондай:
Қайта алмайды қартың да бір ән салмай.
Жиырма бестің бәрін де сабылдыртам,
Кемпірлерге қыз күнін сағындыртам...
Сәбилерге ағаны үлгі етемін,
Жеңгейлердің толтырам гүлге етегін.
Менің жарым бұл түні кірпік ілмей,
Ақ көңілмен ақ қайың бұртігіндей,
Омырауынан бір сәуір шайқап есіп,
Ажырасқанды жүреді қайта қосып.
Мен өзім де ән салам түн ауғанша,
Менің жаным бұл күнге құмар қанша!
Бәйгі берем жығылған палуанға да,
Адалдығы сезіліп тұрар болса.
Қыз қуатын жігітке ат беремін,
Жанам деген жүрекке от беремін.
Мен әйтеуір бар жиған-тергенімді
Бір тамаша той қылып өткеремін.
Біздің үйді сол күні бетке ал, қауым,
Нысанаға ап қуаныш тоқталмауын.
Мен бұл тойдан тілеймін жылап тұрып,
Қазанымда бір асым ет қалмауын.
Мен сөйтіп бар шаңнан бір сілкінемін,
Мен сөйтіп рахаттанып бір күлемін.
Кім білсін талай түнгі тілегім ед,
Мәңгілік тарқамауы да мүмкін оның..

Иә, Төлаға, тойыңыз енді басталды, мәңгілік тот баспайтын сөз қалдырдыңыз. Осы өлеңдеріңізді жазып отырғанда-ақ түйсінген шығарсыз, мәңгілікке айналарыңызды.
Ал, мистер інім! Төлегеннің тойына барамысың? Осы тойға лайықпен деп ойласаң, шын атыңды жаз. Бұл жерде үш әріп жоқ, несіне қорқасың?!

Кімнен: Салтанат Айбергенова Қайдан: Алматы
13.03.2010 12:17
+0 / -0
Құрметт Амангелді! Сенің әкем шығармашылығы туралы жазған мақалаңды оқып қуанып қалдым. Бұрын да сенің қаламыңнан шыққан дүниелермен таныспын. Іштей жастардың ішінде, бізде кенде қалып келе жатқан сын жанрына барып, оның үстіне әрдайым ойлы пікір айта алатыныңа риза болып жүруші едім, енді тіпті қуанып отырмын. Әкем шығармашылығы сенің назарыңа ілінгеніне разымын.Әкем рухы әрдайым өзіңді қолдап, пәле жаладан қорғап жүрсін! Шығар биігің әрдайым жоғары болғай!

Кімнен: Айнар Төлегенқызы Қайдан: Астана
18.03.2010 12:11
+0 / -0
Құрметті Амангелді мырза! Сіздің әкем шығармашылығы туралы мақалаңызды оқып мен де ерекше тебіреніп, өте қуанып қалдым...Шынымды айтсам, Төленді Тлеубай інімнің мақаласы сияқты мақалаңыздың мазмұнын өте көркемді, мәнді, тиімді және түсінікті, қысқа да нұсқа етіп, ой немесе көз жүгіртіп отырсаң жан-дүниеңді бір ерекше ғаламат сезімге баулайтындай жазыпсыз. Үлкен рахмет! Әкемнің рухы Сізді үнемі қолдап жүрсін! Биік шыңдардан көріне беріңіз!

Кімнен: Айкүн
31.03.2010 00:42
+0 / -0
Рақмет авторға, керемет жазылыпты. Қазақтың жыр жұлдызы Төлеген Айбергеновпен:
"...Қаралы лек.
Бозғыл шаң шұбатылды.
Бара жатыр жерлеуге шын ақынды.
Маржан жырдың мөп – мөлдір бір түйірі
Құмға түсіп кетті де, уатылды..." - деп, толғанған Мұқағали ағаның жыр жолдары арқылы мектеп қабырғасында жүргенімде танысып едім.
Төлеген Айбергенов жырларын оқымаған, тыңдамаған қазақты қазақ деп айта алмаймын.

Аруана жаудың қолына түссе ботасын шайнап өлтіріп,

Қаралы мойнын қайтадан артқа бұрмастай халге келтіріп.

Жеріне тартып отырады екен моншақтап жасы боздаумен,

Омырауын шерге толтырып.



Апталап- айлап таңдайын мейлі тасбауыр шөлдер құрғатсын,

Қазығын таппай тоқтамайды екен мәңгілік тіпті Күн батсын.

Туған жер төсін аңсаумен өткен аруана-бауыр дүние,

Сен маған осынау ақ жүрегіңмен қымбатсың.



Кеудемде жүрген, зердемде жүрген ынтызар ықылас от өріп,

Сен мұны менен бетер ұқ!

Түкпірімдегі дір ете қалғыш осынау құйттай жүрекпен

Келем мен бүгін қасиетті байтақ Қазақстанды көтеріп!"

Назарға көп іліккен