Келесі бағдарлама





Мультимедиа

Баспасөз шолуы

Құла дүз бен қайыршылықтың қақ ортасында жаңа Ақтау-Сити қаласы салынуда

Ақтау қаласындағы тұрғын үйдің сыртқы қабырғасында президент Н.Назарбаевтың үлкен портреті ілінген. Желтоқсан, 2008 ж.

Соңғы рет жаңартылған мерзімі: 06.11.2009 22:47

Қазақстанның батысында жаңа да сәнді ғимаратқа толы әрі құны 38 миллиард долларға жетіп отырған Ақтау-Сити тұрғызылуда. Ал аймақтағы халықтың басым бөлігі қайыршының күнін кешіп жатыр.

МОЛШЫЛЫҚ ҚАЛЫҢ БҰҚАРАҒА ЖЕТЕР ЕМЕС

«Transitions online» веб-басылымы Каспий теңізі жағасында соны да жаңа алып порт – қаланы салу жобасының іс жүзіне асырылып жатқаны жайлы мақала жариялап отыр. Кент тұрғызылып жатқан өңірдегі ахуалды сипаттау үшін мақалада «trickle down» термині қолданылған екен. Қазақ тіліне аударғанда бұл «төменге сіңу» деген мағына береді.

«Төменге сіңу» – экономикалық теориядағы ерекше бір бағытты ұстанатын ғалымдар сөздігінен алынған ұғым. Аталған бағытты әдетте «ұсыным экономикасы» деп атайды. Оның қағидалары бойынша, дұрысы салықты азайту және кәсіпкерліктің қимыл еркіндігі аясын жалпы кеңейту арқылы бизнестің гүлденуіне жол ашу болып табылады. Сонда осы шара арқылы қол жеткізілетін молшылық біртіндеп табысы орташа әрі төмен адамдар деңгейіне дейін жайылып, «төменге сіңуі» тиіс. Осылайша дәулетті деп саналмайтын әлеуметтік топтар да бақуаттылардың экономикалық белсенділігінің өсуінің жемісіне ортақтаса алады. Осы әдіс мемлекет қолдауына зәру әлеуметтік таптарға бюджеттен дотацияны тіке төлеуге қарағанда тиімдірек деп саналады.

АҚШ-тың қырқыншы президенті Рональд Рейган, ұсыным экономикасы теоретиктерінің кеңесін басшылыққа ала отырып, өз елінің экономикасының қарқынды дамуына әрі жанталаса, жаппай қару шығару ісіне көбірек қаржы бөлуге қол жеткізе алған еді.

Теория мен өмір тәжірибесінде төменге сіңу принципі өзінің өміршеңдігін көрсетті. Алайда, Қазақстанда оның ақиқат екені дәлелденер емес, деп жазады «Transitions online». Былайша айтқанда, елдің шикізат байлығын экспорттаудан түсіп жатқан ақша мемлекет қазынасының кірісін арттырып отырса да, жергілікті тұрғындардың тұрмысы түзелер емес.

Маңғыстау облысының орталығы Ақтау қаласының іргесінде құны 40 миллиардтай доллар болатын елдегі аса ірі жобаның бірі іс жүзіне асырылады деп жоспарланған. Бұл жобаның басты мұраты жаңа қала Ақтау-Ситиді салу. Бұл кент туристік, кәсіпкерлік және ойын-сауық орталығына айналмақшы.

2020 жылға таман, яғни құрылыс жұмыстарының аяқталу кезеңінде қалада 1 миллион адам тұратын болады деген жорамалданып отыр. Демек, бүгінде 150 мыңдай саналатын Ақтау қаласы халқының саны едәуір өсіп кетпек.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев, 2007 жылдың күзінде жаңа қала іргетасының алғашқы кірпішін қалап жатып, Ақтау-Сити «Қазақстанның інжу-маржанына» айналады деген еді. Қаланың сәулеткерлік жобасының іс жүзіне асырылуының кіндігі мұнай мұнарасы пошымдас зәулім монумент болмақшы.

Сонымен қатар, шыны әйнектен құрастырылған сауда орталықтары мен көңіл көтеру орындары жиі орналастырылатын дегдарлар махалласы да бой көтереді. Оған күн ілгері «Хрусталь базары» деген ат беріліп те қойылды. Мұның үстіне аумағында университеттің жаңа ғимараттары орналасатын Академиялық қалашық салынып, Каспий теңізіндегі шағын аралдарда люкс сыныпты сәулетті үлкен үйлер қатары сап түзейтін болады.

2013 жылға қарай кен өндіру жұмыстары басталғалы отырған алып Қашаған кенішінің пайдалануға берілуі жергілікті экономиканың дамуына қарқынды серпін беруі тиіс. Аталған Қашаған кенішіндегі кен өндіру жұмысы басталмай жатып-ақ, аймақ ірі жетістіктерге қол жеткізіп отыр.

2008 жылы мұндағы жалпы өнім көлемі облыстың әр тұрғынына шаққанда 22 мың долларға жетті – бұл дегеніңіз бүкіл ел бойынша орташа көрсеткіштен үш еседей артық. Орта айлық жалақы мөлшері 740 доллардай болған, ал ол республика бойынша тіркелген көлемі 470 доллар маңындағы орташа жалақы мөлшерінен анағұрлым көп.

Қаржы дағдарысына қарамастан Ақтау портында аймақты дамыту жөніндегі тың жобалар іс жүзіне асырылуда, деп жазады басылым. Дегенмен, қала жоқшылық теңізіндегі байлық пен молшылықтың аралы іспетті болады–ау деген де мазаң пікір бой көрсетіп қалады. Бұл портты қала қанша өркендеп тұрғанмен, оның маңындағы шаһарлар тұрмысы мәз емес боп тұр.

ЖЕРГІЛІКТІ ТҰРҒЫНДАР ҚОҚЫС ТЕРІП КЕТКЕН

Ақтау іргесінде көк тіреген, көп қабатты үйлерден тұратын жайнаған әсем қала салу жобасы шындықтан гөрі, қиял-ғажайып ертегісіне арқау болар идеяға көбірек ұқсайды. Тәуелсіз журналист Джоанна Лилис Ақтаудағы кен балқыту комбинатының радиоактивті қалдықтары тасталған қоқыс үйіндісінің жанында, мүңкіген сасық иісті тот басып кеткен құбырлар мен пайдаланылып, лақтырылып тасталған химикат канистрлері күресінін ақтарып жүрген бір әйелді байқағанын айтады.

«Мұнда бәрі радиация», – дейді «Радиоактивтілік» деген ескертпе жазуларды көрсете ол әйел. Атын атауды қаламаған бұл әйел мұнда өзінің тамақ пісіруге қажет отын іздеп жүргенін айтыпты.

Алайда көптеген жергілікті тұрғындар қоқыс үйінділерін металл сынығын табу үмітімен тінткілейді екен. Себебі оны өткізіп ақша табуға болады. Жалпы айтқанда, жұрттың бүгінде күнкөрісінің арқауы осындай кәсіп боп кеткен. Дегенмен, табылған металл сынығы радиоактивті болып шығуы да әбден мүмкін.

Журналист Джоанна Лилис әлгі әйелдің өзіне өміртарихын баяндап бергенін жеткізеді. Бұдан бес жылдай бұрын ол күйеуі әрі үш баласымен бірге мұнай өндіру кәсіпорынында нәпақа таппақ ниетпен Оңтүстік Қазақстаннан Ақтауға көшіп келген көрінеді. Алайда қаржылық дағдарыс сап ете түсіп, мұның күйеуі мұнай өндіру орнындағы жұмысынан айрылған екен. Содан ол газ айыру кәсіпорынына жұмысшы боп орналасса да, еш еңбекақы төлемей қойған соң, ол жерден де еріксіз кетуге мәжбүр бопты.

Батыс Қазақстандағы көптеген қарапайым жұмысшылар дүниежүзілік қаржы дағдарысының себебінен қатты қиыншылыққа ұшырап отыр. Оларды ақысыз демалыстарға жіберіп, жұмыстан қысқартуда. Ал егер еңбекақы төлей қалған күннің өзінде, оны зарықтырып, кешеуілдетіп әрең беріп жатыр.

ЖАПАН ТҮЗДЕГІ БАЙЛЫҚ ПЕН ЖОҚШЫЛЫҚ СИМВОЛЫ

Биылғы көктемде Ақтауға таяу жердегі Жаңаөзен қаласында жүздеген жұмысшы жұмыстан босату мен еңбекақы төлеуді кешеуілдету себебінен жұмысты тастап, ереуілді бастады. Ал кейбірі тіпті аштық та жариялады.

«Адамдар ашынып, көтеріліп кетті», - дейді ол оқиғаға қатысушы «Бұрғылау» компаниясының өндіріс шебері өзінің «Евразия.нет» онлайн-басылымының тілшісіне айтқан әңгімесінде. Өз есімін атамауды өтінген бұл жұмысшы қазір компанияның жалақыны мерзімінде төлеп отырғанын тілге тиек еткен.

Алайда қалған өңірлерде әлеуметтік мәселелер шешімін таппаған күйде қалып отыр. Дәл жұмыс істейтін уақыттың ортасында жастар топ – тобымен Жаңаөзен көшелері бойында әр жерде сенделіп жүреді, әр бұрышта үйірлесе отырып ап, шылым тартып, еріксіз бос сөзбен уақыт өткізуде.

Кейбіреулері мұнай саласының кәсіпорындарында жұмыс істейді екен, ал бүгін олардың демалатын күні көрінеді, дейді Лилис.

Дегенмен, көптеген адам мүлде жұмыссыз. Олардың көпшілігінің мемлекеттің жұртқа беретін болмашы жәрдемақысын алуға мүмкіндігі аз. Сөйтіп бұлар қолдарынан келгенше лаждап күн көруге тырысып бағуда.

«Өмір сүру расында да қиын», – дейді жасы 20-ны еңсерген Артур Сүлейменов. – Мен тұрақты жұмыс орнын таба алмай-ақ қойдым».

Ол екі бөлмелі пәтерде тағы да 15 жас жігітпен бірге тұрып жатыр. Олардың бәрі балалар үйінің бұрынғы тәрбиеленушілері. Енді олар көлеңкелі экономикада еңбек етіп, әрең дегенде өлмешінің нанын тауып жеп жүр. Таяуда бұларды 500 доллардай ақы төлеу уәдесімен құрылыс жұмысына жалдаған екен, жұмыстарын толық бітірсе де жігіттер ақыларын ала алмай қапы қалыпты.

Жергілікті тұрғындар мемлекет қалтасына түсіп жатқан мұнай сатудан келген кірістен өздеріне де көбірек үлес берілсе деп армандайды. Артур Сүлейменов шоқалаққа толы жол мен өңі кетіп, көнерген Жаңаөзеннің тұрғын үйлерін көрсетеді.

«Бұл мұнайшылар кенті, – деп атап көрсетеді ол. – Алайда, мұнда мұнай өндіргеннен тұрмысымыздың сәні кіріп, түзелгенін байқай да алмайсыз».
Бұл форум жабық
Пікірлерді іріктеу
     
Пікірлер
Кімнен: қажы мұхамбет қара кедей Қайдан: иран.горган
09.11.2009 01:33
Елдің байлықтары үкіметтің қолындағы аманат іспеттес . Оларды қалай болса солай ысырап етуге болмайды . Демек үнемдеп оларды халықтың пайдасына жарату керек. Осынша жұрт аш ,жалаңаш та баспанасыз жүрген жағдайда зәулім сарайлар мен сауық сайрандап жүретін мекен салу нағыз теңсіздік болып елді бүлдіре бермек.Ондай ғимараттар иесіз қараң қалмақ.Зекетсіздің малы сүндетсізге бұйрады деген аталы сөзге тоқтау керек ақ.

Кімнен: Қазақ қызы Қайдан: Астана
09.11.2009 13:36
Ақтаудан кеше ғана келдім. Шынында, ару Ақтаудың күйі тайған екен. Халқы жабырқау, жүдеу көрінді. Ондағы ел: "Сол Ақтау-Сити салынбаса екен. Басқалар келіп, қаптап кетеді. Өйткені, Қазақстанда қазақ екі қолға бір жұмыс таппай қаңғып жүр. Немесе еңбек ақысын ала алмай сабылып жүргені. Өзгелер келіп бәрін сатып алады. Жергілікті халыққа келіп-кетер ешбір пайда жоқ. Одан да халықтың тұрмысын жақсартуға қаражат құйса етті" дегенді айтты. "Ақтау-Сити" салынады дегелі Ақтауға барсам деп алып-ұшып жүрген көңілім су сепкендей басылды. "Халық айтса, қалт айтпайды" деген, құлақ естігенді көз көрді. Тура осы мақалада айтылғандай, қаланың шетіне шықсаң, жағдай мәз емес екені рас. Қазіргі Қазақстанда қазақтың күні қараң боп бара ма, қалай өзі? Ұлтым дейтін Ұл қайда? Елім дейтін Ер бар ма?
Пікір алмасу

Кімнен: Adai Қайдан: Aktau
09.11.2009 15:25
Ya,bari de durys aitylgan pikirler,endi ne isteu kerek ,aitsandarshy.Khalyktyn oiyn ,munyn tyndaityn kulak kimde bar?Bari kara basyn oilagan azgyndar,elin oilaityn er zhok ,tek kana kulkynyn oilap ,karyn toidyzyp ,kaltasynyn tompaiganyna maz.Khalyk koterilse khan ornynan taiar degendi zhogary zhak umytkaly kashaaaaan..Balyk shirise basyn alu kerek koi ,,,bari baska bailanysty..

Кімнен: Halmurat Қайдан: Битөбе
09.11.2009 15:59
Құрметті АЗАТТЫҚқа:
Орыс тілділер ана жақта түндікті бұрқ-бұрқ еткізіп көпіріп жатса мына жақта қазақтың жарымжан тілі жетім қозыдай жалғыз маңырап тұр.
Негізгі мақалар қазақ тілінде аударылып тұрады дегендеріңізбен қателеспесем дәл осы аптада орысша бөлігінде жарияланған екі бірдей мақала қазақша жарияланған жоқ. Жә жарияланар, жарияланбас онда менің шаруам жоқ, мәселе хабарды неғұрлым көп адамға жеткіземіз деп орысша сайт ашқандарыңыз, апта қорытындысын орысша беретін болғандарыңыз сондай дұрыс болмаған ғой. Меніңше Азаттықты орысша ашпау керек еді. Адам ең алдымен өзінің еркін сөйлейтін тіліне қарай жүгіретіні заң емес пе. Содан барып, ерінбесе ғой, қазақшасына бір қарап шығады, пікір жазғысы келсе бірдеме жазған болады, жазғысы келмесе ол да жоқ.
Егер сайттарыңыз таза қазақ тілінде ғана шығатын болса онда бүкіл "оппозиционерлер", "теріс ойлаушылар", билікке наразылар және шетелдегі қазақтар қаласа да қаламаса да тек ғана қазақша оқуға, жазуға еріксіз мәжбүр болар еді, сайт та осылай жетімсіремес еді. Демократия орнату жолда үлесімізді қосамыз деген тұрғыдан, сол үшін неғұрлым көп адамға жетсін деген тұрғыдан орысшасы болғаны дұрыс болған, ал қазақтың жарымжан тілінің келешегі үшін бұларыңыз мүлдем теріс болған. Мүмкін қазақ тілінің келешегі бізге ғана қарап қалған жоқ шығар дейсіздер, дегенмен ана шүлдір орыс тілділерді осылай "қолдағандарыңыз" жарамайды. Бұларыңыз жанама түрде орысшаны қолдау, керісінше қазақ тілді тұмшалауға қосқан үлес боп табылады. Егер әркім қазақ тіліне шын жанашыр болса тек өзінен бастау керек, оны еш у-шусыз істеу керек. Билік орыстың ығына жығылып жалтақтағанын қоймаған шақта қазақ тілі ешқашан көгермейтіні де белгілі. Бірақ сол билікте кім отырса да дәл бұрынғыларға ұқсап орысқа қарап жалтақтайтын болады, өйткені сол билеуші құй аутократ болсын құй демократ болсын бәрібір үлкен аға алдында тым дәрменсіз қала бермек. Бұдан құтылатын жалғыз жол "бар", ол қазақ жерін Ресейден бөліп "көшіріп" әкету ғой. Онсыз да көшіре алмайтынымыз белгілі тұрғанда, биліктен тілді көгерте қоятындай ниет көрінбей тұрғанда біз қазақтар тек өзімізге ғана сеніп іске көшу керек емес пе. Сол үшін отаршы орыстың тілімен сөйлеуді, жазуды, ойлауды, тіпті түс көруді де барынша тежегеніміз дұрыс емес пе.
Ана орысшасында Жәкішевті Джакишев депсіздер ғой. Не сонда қазақ басыңыздарыңызбен сіздердің де тілдеріңіз Ж деген әріпке келмейтін болғаны ма? Не орысқа арнап жазғансыздар ма? Бұл мақаланы оқитын да, пікір жазатын та баяғы өзіміздің қазақтарымыз ғой. Бәлкім солардың біразы мәңгүрттер отрядынан шығар. Солар үшін басқа қазақтар да Дж деп шүлдірлеу керек пе? Сонда, баяғыда отаршы орыс ағамыз сендердің тілдерің бізге ұқсап Ж әрпіне келмейді, ылғи Дж деп ғана айтыңдар деп мәңгілікке ұқтырып кеткен бе? Мүмкін мен, тырнақ астынан кір іздеп болмашы нәрсені сөз етіп отырған шығармын. Дегенмен отаршылардың жұқтырған осындай сананың құлдығынан біздер толық арылмайынша қазақ тілінің көсегесі көгеру екіталай болмақ.
ЕЙ АҒАЙЫНДАР,
бұл жерде орысша сайрап, орыстың тілінің көсегесін көгерткенді қоялық, ана жақта ана тілің қайтып тұрғанын қарашы. Қазақшасында пікір жазып қалдырып жатқан адам бар ма өзі? Қайда ауып кеткенсіздер? Ресейде өмір сүріп жатырсыздар ма? Қайда қазақтың намысы? Қайда қазақтың тілі? Орысшаға келгенде алдарыңа жан салмай сайрайсыздар ғой.
Пікір алмасу

Кімнен: Шолпан Қайдан: Ақтау
09.11.2009 17:40
Halmurat,
толықтай келісемін. Менде Азаттықты тек қана қазақша шығарса деген ой жазғалы отыр едім. Мына сайттың орыс тілді бөлігінде "Морозов из Москвы" дегендей болып біздің қазаққа қарсы, осы біздер көгеріп өсіп кетедау деп қорқып, жыны келіп отыратындардың тым аса көптігінен ашуым келеді.
Бүгінде Caspionet-тен бір қазақ сериалы шыққалы жатыр деп репортаж көрсетіп жатыр. Сериалдың атауы орысша "Город мечты" екен, Астана, Астанада біздің қарапайым адамдардың армандарына жетүі тұралы сымақ, актерлердің барлығы орысша шүлдірлеп тұр, сонда ол сериалдың қай жері қазақтыкі. Тағы да бүгін Қазақстан каналы Иорданияны көрсетіп жатыр, журналист ондағы елшімізден сұхбат алуда, ішті жағып жетелде отырып орысша сөйлеп отыр. Сонда ол қазақ па? Қазақ елшісі ма? Иә-да орыс? орыс елшісі ма? Сол жат елдердің алдында масқара болып орысша сөйлеп отырғаннан, қара жер болмайды ма олар? Тіл мәселесі тым ұзаққа созылып кетті, көп азаматтарымыз бұл мәселенің мағынасының қаншама зор да терең екенін әліде түсінбей жүр ғой, айтсаң өзіңе қарсы шығады. Азаттық тек қана қазақшада шығуы керек, сонда ғана тіл мәселесіне өз үлесін қосар еді деп ойлаймын. Біздің мемлекетте басқа да ұлттар бар, солар үшін орысшасында шығарамыз деуіңіз мүмкін. Бірақ, олардың осында тұрып жатқанына қанша ұақыт, осында тұып-өсіп жатқан жоқпа? Сонда туып-өсіп отырған елінің тілін осы ұақытқа дейін білмесе, оларға осы елдің жаңалықтары не қажет? Оқымай-ақ қойсын, сірә да мандыдып, жаны ашығаннан, осы мемлекетті ойлағаннан пікір жазбайды, тек қана қазақтармен жауласып, қарсыласу үшін пікір жазады. Ресейғе қарайлап отыр, өздерін Қазақ мемлекетінің азаматтары деп есептемейді. Ондайлардың не оқұы, не пікір жазуы қажет бұнда?
Бұл жағынан Abai.kz сияқты сайттарды мақтан тұтамын. Нағыз мемлекет жанашыры болсаң қазақша оқырсың, сонда оқырмандарда іріктеліп нәтіжелі пікірталастарда болар еді. Ал, осы ұақытта біздің көріп отырғанымыз не? Тек бір орында ғана тұрған орыс пен қазақтардың бір-бірімен ұрсысып отырғаны ғана. Орыстар бұл жағынан қарағанда нағыз қазақ, мемлекет жанашырларына бос кедергі болып отырады да тұрады. Конструктивтік-сындарлы пікір алысу жоқ, бұндай да болмайдыда. Сол жаманы.
     
Мәтін көлемі - +