Жұма, 25 мамыр 2012, Алматы 00:02

ӘЛЕУМЕТ

Бейүкіметтік жастар ұйымы білім министрінің қызметтен кетуін талап етсе, екіншісі оларды «тіл табысуға» шақырды

Оппозициялық жастар қозғалысы білім министрінің қызметтен кетуін талап етті. Ал билікті жақтаушы жастар қозғалысы министрлікті қорғап, «Абырой» қозғалысын тіл табысуға шақырды.

«Абырой» қозғалысының белсенділері ақпараттық мәліметтер таратуда. Алматы, 8 маусым 2009 ж.
x
«Абырой» қозғалысының белсенділері ақпараттық мәліметтер таратуда. Алматы, 8 маусым 2009 ж.
Мәтін көлемі - +
Маусымның 8-і күні Алматыдағы «Атакент» сауда көрмесінің аумағындағы «Pine Hille» кафесінде елдің ғылым және білім министрінің қызметтен кетуін талап етіп, баспасөз маслихатын өткізбек болған «Абырой» жастар қозғалысына аталған кафенің есігі тарс жабық болып шықты.

Белгіленген уақытта аталған жерге келген баспасөз өкілдерін сол маңдағы көшеде күтіп тұрған «Абырой» қозғалысының жетекшісі Азамат Жетпісбаев былай деді:

«Біз кафе әкімшілігімен жұма күні келісіп, алдын ала ақшасын да төлеп қойған едік. Біз оларға баспасөз мәслихатының тақырыбын айтқан жоқпыз. Ал бүгін, баспасөз мәслихатының басталуына 3 сағат қалғанда, кафе басшылығы дүйсенбі күні тазалық күні деген сылтаумен, кафені бізге жалға беруден бас тартты».

Осылайша өздері шақырған журналистермен көшеде кездесу өткізген «Абырой» жастар қозғалысының мүшелері, елдің ғылым және білім министрі Жансейіт Түймебаевтың қызметтен кетуін талап ететіндерін мәлімдеді.

Оған себеп, жыл басында Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың елдегі жоғарғы оқу орындарының студенттеріне ұзақ мерзімді несиелер және қосымша мемлекеттік білім гранттарын бөлу жөнінде үкіметке берген тапсырмасы болып отыр.

Жоба атқарыла бастаған үш айдың ішінде республикадағы 116 жоғарғы оқу орнының 62-де оқитын студенттерден келіп түскен 1420 өтініштің тек 400-ге жетер-жетпесі ғана қанағаттандырылды дейді «Абырой» жастар қозғалысының төрағасы Азамат Жетпісбаев.

Оның серігі Махамбет Әбжан бұл бағдарламаға үкіметтен бөлінген 15 миллиардқа жуық теңгенің (100 миллион доллар шамасында) небары 27 миллион теңгесі ғана (шамамен 180 мың доллар) игерілген. Яғни, бұл бөлінген соманың небары 0,18 пайызы ғана дейді М.Әбжан:

«Біз, «Абырой» жастар ұйымы, президенттің берген тапсырмасын орындай алмай, өз міндетін атқаруға лайық еместігін көрсеткен ғылым және білім министрі Жансейіт Түймебаев қызметтен кетуі тиіс деген талап қоямыз. Бұдан бұрынырақ, ғылым және білім министрі болған Жақсыбек Күлекеев те қызметін атқара алмаған кезде, біз осындай қоғамдық комитет құрып оның отставкаға кетуін талап етіп, мақсатымызға жеткенбіз. Президент Назарбаев, Күлекеевке тапқандай, Ж.Түймебаевтың да баратын жерін табады деп үміттенеміз».

Министр Ж.Түймебаевқа осы кездесуге келген Қазақстан студенттерінің альянсының өкілі Олжас Ордабаев ара түсті. Ол «Абырой» жастар қозғалысы үстірт ақпаратқа сүйеніп отыр деп оларға қарсы уәж айтты.

Бұл уәжге негіз ретінде Олжас Ордабаев «Қазақстан студенттер альянсы» ұйымының биылғы мамыр айының 18-30 аралығында 500-дей адамның арасында жүргізген жедел-сауалнаманың нәтижесін алға тартып, студенттердің аталмыш несиелерге қызығушылығы аз деген қорытындыға сүйенді.

«Біз министрдің басшылығымен жұмыс жасайтын Білім және ғылым министрлігі тапсырманы орындай алмады деп санамаймыз. Біз несие алуы үшін қойылған талаптар студенттердің өздеріне ыңғайлы болмады деп ойлаймыз. Мысалы, талапқа сай, екі үштіктен көп үш бағасының болуы студенттерге әлгі несиелер мен гранттарды алуға кедергі болған, сондай-ақ біз сауалнама жүргізген 86 пайыз респонденттер несиені қайтара алатынына күмәнданған. Яғни, бар мәселе осында. Білім министрлігі қажетті талапқа сай емес студенттерге несие бере алмайды», - деді ол.

Алайда «Абырой» жастар қозғалысының мүшелері бұндай пікірмен келіспейді. Қозғалыс төрағасының кеңесшісі Махамбет Әбжан мемлекеттік жеңілдікпен берілетін несиелерге пайыздық көрсеткішті Қазақстандағыдай 9 пайыз емес, Еуропа елдеріндегідей 0 немесе Тәуелсіз Мемлекеттер достастығының кейбір елдеріндегідей 4-5 пайыздық жасау арқылы студенттердің қызығушылығын арттыруға болады деп есептейді.

Ал білім министрлігін қорғап, оларды сынаушылармен сөз жарыстырған «Қазақстан студенттер альянсы» ұйымының өкілі Олжас Ордабаев «оппозиция мүшелері жалаңсөзділікке бой ұрмай, тіл табыса білу қажет» деген пікір айтты.



CАЙТЫМЫЗҒА ТІРКЕЛІҢІЗ!

Құрметті оқырман!

Комментіңізді неғұрлым жылдам шығарып, Азаттық журналистеріне тікелей сын-ескертпе немесе ұсыныс айтып, өзге оқырмандармен ашық пікір алмасқыңыз келсе, сайтымызға тіркеліңіз.

Тіркелу үшін мына жерді басыңыз

Тіркелген соң сайттың оң жақ шекесіндегі «Кіріңіз» деген терезе арқылы еніп, пікір жаза аласыз.

Құрметпен,
Азаттығыңыз
Бұл форум жабық. Бірақ, Азаттықтың Facebook-тағы парақшасында жалғастыра аласыз: www.facebook.com/azattyq
Пікірлерді іріктеу
Пікір
     
Кімнен: конырат
09.06.2009 01:16
+0 / -0
Ол айналасындагы кызметкерлері аркыла 1500 млн долл акша істеп алды былтыр.Ол кезде кризис емес, ЕНТ нің кодтары мен парольдерін сатканын менің көршім айтып келді. Онын баласы былтыр сол аркылы бюджетке тусіп алды

Кімнен: Талғат Қайдан: Алматы
09.06.2009 01:55
+0 / -0
Менің ойымша Жансейіт көпшіліктен бойын аулақ ұстап жүрген сияқты. Ол көмекшілерінің қалқасына тығылмай адамдармен қоян-қолтық тең араласқаны дұрыс деп ойлаймын. Себебі мен Алматыдағы бір жиында ол кісімен қарапайым түрде пікір алысқым келіп еді, жолымды көмекші қатындары ысылдап бөгеп жақындатпады. Менің ойымша білім министрі орынтағына елмен тең араласатын жан Болат Әбілов мырза лайық.

Кімнен: шакарим
09.06.2009 21:16
+0 / -0
Исатай дейтін жолдасы карамагында істейді. Сол аркылы талай тірліктер істеді гой бүл кісі. Сырт көзге өзі тап таза.

Кімнен: Жанарбек Қайдан: Қазақстан
11.06.2009 18:26
+0 / -0
Білім саласы мүлдем бітті.Министрдің айналасы толған былық.Өзі осы бетті ашып оқыса мен былай дер едім:Тест центріңді,Дарының орталығын,өзінің жанындағы майда-шүйде шымкенттіктерден құтылуы керек.Сонда кішкене көзің ашылады.Әйтпесе көпке бармайсың.Ойлан!