Accessibility links

Қытайлық әнші қыз Сю Ян «Азия Дауысы –2003» халықаралық фестивальнің бас жүлдесін жеңіп алды


Тамыздың 4-і күні жарияланған қазылар алқасының шешіміне сәйкес «Азия дауысы-2003» 14-інші халықаралық фестивалінің бас жүлдесін қытай қызы Сю Ян жеңіп алған.

Оған Гран-при үлкен Алтын жүлдесі мен 10 000 доллар берілді. Бұл осы байқауға қатысқан қытайлық әншілердің еншісіне тиген ең сүбелі сыбаға. Бұл туралы «Азаттық» радиосына «Азия Дауысы –2003» халықаралық фестивалінің баспасөз орталығының жетекшісі Жібек Қашкиева хабарлады.

Алматы қаласындағы Балуан Шолақ атындағы Орталық стадионда тамыздың 4-і күні кешке өткізіледі деп жоспарланған жеңімпаздарды марапаттау рәсімі мен гала-концерт тоқтамай жауған нөсер жаңбырдың салдарынан Қазақстан қонақ үйінде өтті.

Қытайлық әріптесін алға жіберген румыниялық әнші Люминита Ангел 1-інші орын – алтын жүлде мен 5000 доллар сыйақының иегері атанды. Қазылардың ұйғарымымен 2-ші орын – күміс жүлде мен 3500 доллар сыйақыны филлипиндік Джед Маделла мен мальталық Лоуренс Грей өзара бөліссе, 3-інші орын - қола жүлде мен 2000 доллар сыйақы қазақстандық Маржан Араббаева мен шри-ланкалық дуэт Чарльз Марктердің еншілеріне бұйырды.
XS
SM
MD
LG