Accessibility links

Қазақстанда 7 сала бойынша кластерлер құрылады


Қазақстанда туризм, тамақ өнеркәсібі, мұнай-газ машинасын жасау салалары, тоқыма өнеркәсібі, көліктік логистикалық қызметтер, металлургия және құрылыс материалдары өндірісі бойынша кластерлер құрылды.

Қазақстан президентінің ел үкіметі мен әкімдерге қойған басты міндеттерінің қатарында білім беру, денсаулық сақтау салаларын дамыту, электронды үкімет қалыптастыру, бағалы қағаздар базарын дамыту тапсырмалары бар. Оның сыртында, экономика және бюджеттік жоспарлау вице-министрі Бақыт Сұлтанов Қазақстанда 7 сала бойынша кластерлер құрылатындығын мәлімдеді:

- Басты кластерлерге туризм, тамақ өнеркәсібі, мұнай-газ машина жасау салалары, тоқыма өнеркәсібі, көліктік логистикалық қызметтер, металлургия және құрылыс материалдары жатқызылған. Бірақ, үкімет ақша бөлмейді. Тек кәсіпкерлерге бағыт көрсетіледі.

Ақпанның 1-і күні Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев кезекті рет ірі отандық холдингтердің салалық емес активтерін шағын және орта бизнес кәсіпорындарына беру қажеттігін айтқан кезде, елде кластерлер құрылады деген болатын. Бірақ, ол кезде президент қазақстандық кластерге кіретін салаларды нақтылаған жоқ еді. Президент тек француз шарабын кластер ретінде мысалға келтіріп, жүзім өсіретін фермерлер, шарап сақталатын бөшке жасайтын кәсіпорындарды және шиша жасайтын кәсіпорындар жүйесін мысалға келтірген. Тек содан соң ғана дайын шарап стақанға құйылады деді Назарбаев.

Қазақстандағы экономиканың 150 секторын зерттеген АҚШ-тың «Austin Associates» атты консалтингтік компаниясының мәліметінше, Қазақстанда шикізат салаларын есептемегенде 9 кластер құруға болады. Әсіресе, туризм саласында Қазақстанда экологиялық, спорттық және кәсіпкерлік туризмді дамытуға болады. Бірақ, кәсіби мамандардың жетіспеушілігі, инфрақұрылымның жағдайы, маркетинг жоқтығы басты проблемалар қатарында.

Астанадағы кәсіпкерлікті қолдау қауымдастығы төрағасының орынбасары Мейрамбай Ораловтың айтуынша, Қазақстанда туризм саласында кластер жасап, оның инфрақұрылымына ақша салу керек.

- Мысалы, Австралияда белгілі бір турист бірінші темір жолмен, сосын машинамен, сосын атпен жүріп, табиғаты сұлу жерге барып фотосуретке түседі. Қазақстанда да ондай жерлер жоқ емес, - дейді Мейрамбай Оралов.

Кластердің ішіне кіретін кәсіпорындар бір бірінен онша алыс емес жерде орналасуы талап етіледі. Осыған орай, тамақ өнеркәісібі саласында сарапшылар жеміс пен көкөніс өңдеуге көп көңіл бөліп отыр. Бірақ, ол үшін Қазақстан әлемдегі шырын шығаратын ірі компаниялармен бәсекелесуге мәжбүр болады.

Саясаттанушы Сәбит Жүсіповтың айтуынша, Қазақстан экономикасының бағыттары дұрыс айтылғанымен нақты ілгерілілік аз.

- Құнды қағаздар базары жұмыс істеу керек және Қазақстанда көптеген нарық институттары жұмыс істемейді, - дейді саясаттанушы.

Оның айтуынша, "кластерлер құру туралы мәлімдемелердің президент сайлауы алдында айтылуы кездейсоқ емес".

Кластерлер ең дамыған салаларда емес, инвесторлардың белсенділігі байқалған салаларда анықталған, деді экономика вице-министрі Бақыт Сұлтанов. Өткен жылы кластерлерді қалыптастыруда маркетингтік зерттеулер жүргізілсе, биылғы жылы кластерлерді қалыптастырудың индустриялық жоспары аяқталуға тиіс.

Бұл тек бастамасы ғана, Қазақстанда кем дегенде кластер құруға лайық 15 сала бар, дейді экономистер. Кластерлер құрудың арқасында Қазақстан әлемдік тауарлармен бәсекеге түсе алатын өнім шығарып, болашақта шикізат тәуелділігінен құтылады, дейді экономика минстрлігінің өкілдері. Жоспар бойынша шет елдік серіктестер қазақстандық мамандарды оқытады. Бұл жұмыстардың барлығына Қазақстанның экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігі жауапты болмақ.
XS
SM
MD
LG