Бейсенбі, 23 қазан 2014, Алматы 08:18


ҚАЗАҚСТАН

Таяу болашақта Қазақстанда ақылы автожолдар пайда болады

Қазақстанда тұңғыш рет 5 бағыт бойынша автожолдар ақылы болады. Бұл туралы қазанның 2 күні Астанада көлік инфрақұрылымы мәселесіне арналған үкімет отырысында елдің Көлік және коммуникация министрі Серік Ахметов хабарлады. Оның айтуынша, жол салатын инвесторларды ақылы автожолдарға балама болатын автожолдар салуға міндеттемеу керек.

x
Қазақстанның көлік және коммуникация министрі Серік Ахметов «Автожолдар туралы» заңға өзгеріс енгізіп, ақылы автожолдарға балама болатын автожолдарды салуды міндеттейтін талаптарды алып тастауды ұсынды. «Өйткені бұл өзгерістер ақылы автожол салуға келетін инвесторларды қызықтырып жол саласына қосымша қаржы тартуға септігін тигізеді», дейді көлік министрі. «Егерде ақылы автожолдарға балама жолдар салатын болсақ, онда ақылы жолдармен жүретін көлік саны күрт азаядыда, инвесторлардың жол құрылысына салған ақшасы қайтпайды. Сондықтан мұны түсінетін инвесторлар қазір жол құрылысына қызықпайды, ал бюджетке жол салу ауыр болады», дейді министр Ахметов:

- Сапалы автожол салу үшін көп қаражат керек. Біздің есебіміз бойынша республикада қазір және болашақта қауіпсіз жол салу үшін 200 миллиард теңгеден астам қаражат керек. Ол мемлекет қазынасына үлкен салмақ болады. Енді бір шақырым сапалы жол салу үшін 3 миллион доллар керек. Оған қандай бюджет шыдайды.

Көлік және коммуникация министрі Серік Ахметовтың айтуынша әзірге 5 бағыт бойынша автожолдарды ақылы ету жоспарланды. «Бұл автожолдардың барлығы қауіпті саналады. Ал, осы жолдардан жиналатын ақша автожолдарды жөндеуге бағытталады», дейді министр. Ахметовтың мәліметінше, ақылы автожолмен жүру үшін жорамал бойынша әр жеңіл көліктен әр шақырым үшін 1 теңге алу көзделді. «Мысалы, Астанадан Щучинск қаласына апаратын жолдың ұзындығы 220 шақырым болса жеңіл автокөлік иесінен 220 теңге алынады», дейді министр Ахметов:

- Бір шақырым бір теңге болады жеңіл көлікке, ал ауыр көлікке біздің жоспарымыз 3-5 теңге. Ол көлік жиі жүретін бағыттарда болады: Алматы-Щучинск, Астана-Қарағанды, Алматы-Қапшағай, Алматы-Қорғас, Алматы-Ыстықкөл.

Бұл ұсыныстың сыртында көлік және коммуникация министрі Серік Ахметов «Концессиялар туралы» заңға өзгеріс енгізуді ұсынып отыр. Заңда жазылғандай бұл жердегі «концессия» сөзі мемлекет меншігіндегі нысандарды келісім-шарт негізінде уақытша басқарумен пайдалануға беру деген ұғымды білдіреді. «Осы заңға өзгеріс енгізудегі негізгі мақсат - ақылы жолдармен жүретін көліктерден жиналатын қаржы инвесторлардың жол құрылысына салған шығынын өтемесе, онда бұл шығынды өтеу мемлекетке жүктелуге тиіс», дейді министр Ахметов. Әділет министрі Зағипа Балиеваның айтуынша екі заңға өзгеріс енгізуге өте көп уақыт қажет емес:

- Бір айдың ішінде жобасын дайындайды. Сосын біздің комиссияға келеді, сол жерде қараймыз. «Автожолдар туралы» және «Концессиялар туралы» екі заңға өзгеріс енгізіледі.

Өз кезегінде Қазақстан премьер-министрі Кәрім Мәсімов көлік министрлігінің бұл ұсынысын қолдайтындығын жеткізді. «Автожолдар туралы» заңға қатысты өзгерістер паламентке берілсін. Ал «Концессиялар туралы» заңды өзгертпес бұрын экономика министрлігіне бір ай уақыт беріледі. Өйткені онда пікірталас тудыратын жайттар көп. Заңға өзгеріс енгізгенсоң, ол бір-ақ рет жасалу керек», деді премьер Мәсімов. Премьер-министр Кәрім Мәсімовтың айтуынша мұндай мәселелердің шешілуіне жеке-меншік қаражатты неғұрлым көбірек тапсақ соғұрлым жақсы болады. «Өйткені біз бюджет жүгін жеңілдетеміз», деді ол.

Астанадағы «Экипаж» таксиінің жүргізушісі Вагит Курбангалиевтің айтуынша бұл дұрыс емес. «Өйткені мұндай жұмыс мемлекет есебінен жүргізілу керек, бірақ, егерде мемлекет бюджеттен қаржы бөліп жол салуға шамасы жетпесе, онда олар инвестор шақырып шығынды өтеу үшін жолды ақылы қылады», дейді жүргізушісі Вагит Курбангалиев.

Әзірге аталған автожолдардың нақты қай уақыттан бастап ақылы болатыны белгісіз. Ішкі істер министрлігінің жол полициясы департаментінің мәліметінше, қазір елдің әрбір мың тұрғынында 120 көлік бар.

Азаттық - әлеуметтік желілерде

Редактор таңдауы

Маңғыстау облысында үй салып жатқан құрылысшылар. Көрнекі сурет.

«Квартиранттың арманы»

Азаттық оқырмандарының арасында "Квартиранттың арманы" атты блог байқауын жариялайды. Бірінші орынның жүлдесі ретінде iPad тігілген. Толығырақ