Accessibility links

«Сенген қойым сен болсаң...»


Ақындар айтысының жеңімпаздары мен жүлдегерлері. Астана, 13 желтоқсан 2010 жыл.
Ақындар айтысының жеңімпаздары мен жүлдегерлері. Астана, 13 желтоқсан 2010 жыл.

Астанада айтыс өткенін теледидардан білдік... Оны да тәуелсіздік мерекесі қарсаңында «птичка» үшін өткізілетін «дежурный» шаралардың бірі деп ойлап қалар ма едік, егер «Жетінші арнадағы» жүргізуші қарындас «шындықты айтатын Айбек Қалиев пен Бауыржан Халиолла айтысқа әдейі шақырылмапты» демесе.

Сол күнгі телеарналардан айтыс туралы ақпарат та аз айтылды, «Жетінші арна» жаңалықтарында жоғарыдағы екі ақынның айтысқа әдейі қатыстырылмағанын Жүрсін Ерманның өзі де мойындады. Қазақтың қазақ екендігін дәлелдейтін төлтума өнерді сақтап, жаңғыртуға бар саналы ғұмырын арнады деп сеніп жүрген азаматтың мына сөзінен кейін оған деген ықыласымыз сейіліп сала берді. Қазақтың мұндайда айтатын бір сөзі бар: «Сенген қойым сен болсаң...»

Әлқисса, сөз арасында айтысты гүлдендіреміз деген бірер пікірді де естіп қалдық. От ауызды, орақ тілді, Мұқағалиша айтсақ, айтарын абайламай ашып айтқан Махамбеттердің қаһары хан ығына жығылып, сарай ақыны болмағаны мәлім. Содан да болар оның ширыққан жүректен шыққан жалынды жырларының қазақ тіліне ғана тән екендігі.

Отты өлеңдердің ойлы иірімдерінің орысшаға орашолақ аударылатынын мамандар да мойындаған. Айтыс та осындай киелі өнер еді. Оны белгілі бір партияның қолшоқпары қылғанда ұтарымыз не? Ақтаңгер айтыскерлердің тіліне тұсау салып, шоқ жырларының қоламтасын қолдан өшіріп, шерменде қылғанның жөні қанша? Сұрақ көп, айтар жауап та жеткілікті. Бірақ әркімнің өз шындығы бары анық.

P.S. Бауыржан Халиолланың айтысқа қатыстырылмағанына интернет айтыста айтылған мына шумақтар түрткі болыпты:
«Тақтағы тақсырлардың дені сау ма?
Тыңдаған Мырзатайдың сандырағын».
XS
SM
MD
LG