Accessibility links

Лондонда Арон Атабекті қолдау шарасы өтті


Арон Атабектің жары Жайнагүл (оң жақта) мен ұлы Асқар Лондондағы қазақ елшілігі алдында пикетте тұр. 05 қазан 2012 ж.
Арон Атабектің жары Жайнагүл (оң жақта) мен ұлы Асқар Лондондағы қазақ елшілігі алдында пикетте тұр. 05 қазан 2012 ж.
Жұма күні Лондонда 20-ға жуық адам қазақ диссиденті, ақын Арон Атабекті қолдап наразылық акциясын өткізді деп хабарлады оқиғаға қатысқан ақынның ұлы Асқар Айдархан Азаттыққа телефон арқылы.

Оның айтуынша, ақынның жары Жайнагүл Айдархан, Англияда оқып жатқан қазақ студенттері, ағылшын ақыны Нэйл Макдэвид, жекеменшік театр жетекшісі Тим Ньютон, Англияның социалистік партиясының өкілі және британ астанасының бірнеше тұрғыны қолдарына Арон Атабектің суреті мен оны бостандыққа шығару жайлы талаптар жазылған плакаттар ұстап, Лондондағы қазақ елшілігінің алдында пикет өткізген.

Олар сондай-ақ Арон Атабекпен бірге Алматы қаласындағы Шаңырақ елді мекенінде 2006 жылы жазда болған оқиға үшін айып тағылып ұзақ мерзімге сотталғандардың бәрін бостандыққа шығаруды талап еткен. Жиналғандар ағылшын тілінде: «Арон Атабекке бостандық берілсін», «Құрманғазы Өтегеновке бостандық берілсін» деп ұрандаған.

- Акция кезінде оған қатысушылар Арон Атабектің «Жерұйық» әнін екі рет шырқады, сонымен бірге, оның өлеңдері ағылшын және орыс тілдерінде оқылды. Орысшасын мен оқыдым, ал ағылшын тілінде ақын Нэйл Макдэвид оқыды, - деді Арон Атабектің ұлы.

Пикетке қатысушылар өзін елшінің кеңесшісі Базарбаевпын деп таныстырған Қазақстан елшілігінің қызметкеріне петицияны тапсырған.

- Ол елшінің түскі асқа кеткенін, петицияны елшіге жеткізетінін айтты, - дейді Асқар Айдархан.

Асқар Айдархан бұл акция әкесіне сот үкімі шыққанына бес жыл толуына орай өткізілгенін айтты. 2006 жылғы Шаңырақ оқиғасы кезінде жаппай тәртіпсіздіктер ұйымдастырған деген айыппен 2007 жылы сот үкімі бойынша 18 жылға бас еркіндігінен айырылған ақын Арон Атабек қазір Қарағанды облысындағы Қаражал түрмесінде жазасын өтеп жатыр.
XS
SM
MD
LG