Accessibility links

Египеттіктер жаңа конституцияны қолдап дауыс берді


Әскери адам бюллетень салынған жәшікті күзетіп тұр. Каир, 15 желтоқсан 2014 жыл.
Әскери адам бюллетень салынған жәшікті күзетіп тұр. Каир, 15 желтоқсан 2014 жыл.
Египетте өткен екі күндік референдумның қорытындысы бойынша, египеттіктердің басым көпшілігі ел конституциясының жаңа жобасын қолдап дауыс берді.

Бұл туралы 16 қаңтарда ұлттық орталық сайлау комиссиясының басшысы хабарлады. Оның айтуынша, дауыстарды санаудың алдын-ала нәтижелері бойынша, референдумға қатысқандардың 90 пайыздан астамы конституция жобасын қолдап дауыс берген.

Ішкі істер министрлігінің хабарлауынша, қаңтардың 14-15-і күндері референдумға дауыс беру құқығы бар азаматтардың 55 пайызы қатысқан.

Зайырлы комиссия даярлаған конституцияның жаңа жобасында 2012 жылы әскерилер биліктен тайдырған президент Мұхаммед Мурси тұсында жасалған конституциядағыдай ислам шарттары жоқ.

Референдум үкімет Мурси биліктен кетірілгеннен кейінгі демократияны қалпына келтіру жоспарының маңызды бөлігі саналады.

Жаңа конституция жобасын қолдаушылар оны жеке адамның бостандықтарына, діни еркіндікке және әйелдер құқықтарына кепіл береді дейді. Ал оны сынаушылар жобада Египет әскерилеріне айрықша құқықтар қарастырылған деген пікір айтады.

Осы жэағдайда Мурси мен оның "Мұсылман бауырлар" қозғалысының жақтастары наразылықтарын жалғастырып жатыр. Референдум күндері болған наразылықтар қақтығысқа ұласты. Салдарынан 9 адам қаза тауып, 450-ге тарта адам тұтқындалды. Олардың арасында дауыс беруге кедергі келтірмек болғандар да бар.

Бұған қоса өткен айда Египетте ұсталған, Катардың "Әл-Жазира" телеарнасымен жұмыс істеген үш журналиске "қоғамдық тәртіпті бұзу мақсатында елдегі жағдайлар туралы жалған ақпарат таратты" деген айып тағылды.
XS
SM
MD
LG