Accessibility links

Оралда девальвацияға қарсы митинг өтті


Орал қаласындағы девальвацияға наразылық митингісі. 22 ақпан 2014 жыл. Сурет Лұқпан Ахмедьяровтың Facebook парақшасынан алынды.
Орал қаласындағы девальвацияға наразылық митингісі. 22 ақпан 2014 жыл. Сурет Лұқпан Ахмедьяровтың Facebook парақшасынан алынды.
Оралдағы жергілікті журналист Лұқпан Ахмедьяровтың Азаттық тілшісіне айтуынша, девальвацияға наразылық жиыны 22 ақпан күні түскі сағат 13:00 шамасында басталған.

Наразылар қатары түскі сағат 14:00-ке таман 100 адамға жуықтаған. Митинг қаладағы орталық алаңда өткен.

Журналистің айтуынша, девальвация митингіге жиналуға себеп қана, негізгі талаптар - саяси және азаматтық бостандықтарды, әділ сайлау өткізуді, биліктің халыққа есеп беруін, үкімет отставкасын талап ету.

Ахмедьяров митингіге жергілікті "Абырой" қоғамдық бірлестігі мүшелері мен бұрын шеруге қатыспаған "жаңа адамдар" келгенін, жиынды полицияның бақылап тұрғанын айтты.

Наразылардың арасына Орал қалалық ішкі істер басқармасының бастығы Асланбек Сарқұлов келіп, "жиынның заңсыз екенін" айтып, тарап кетулерін талап еткен. Бірақ жиылғандар оның сөзіне құлақ аспаған. Олар жергілікті "Абырой" қоғамдық бірлестігінің белсендісі Жанат Есентаевтың девальвация туралы жаңа әнін тыңдауға көшкен.

Митингіде екі адам орыс тілінде "Нищие беднее не станут" (Қайыршы бұдан ары кедейлене алмайды) деген сөз жазылған плакат ұстап тұрған.

Жиынды ұйымдастырған "Абырой" қоғамдық бірлестігінің мүшесі Исатай Өтепов "келгендер көбінше әлеуметтік мәселелерді, тұрмыстың қиындағанын сөз етті" дейді. Ол митингінің 14:00-дер шамасында аяқталғанын, ешкімді полиция тұтқындамағанын айтты.
XS
SM
MD
LG