Accessibility links

Charlie Hebdo 3 миллион тиражбен сатылымға шықты


Сатиралық Charlie Hebdo журналы бір апта бұрынғы шабуылдан соң бүгін үш миллион тиражбен басылып, әлемде сатылымға түсе бастады.

Журнал мұқабасында Мұхаммед пайғамбардың қолына "Je suis Charlie" ("Шарли деген - мен") жазуы бар плакат ұстап тұрған бейнесі басылған. Картинаның жоғары жағындағы тақырыбында "Барлығы кешірілді" деп жазылған. Журнал қызметкері Зинеб Эль-Разуи журналистер шабуыл жасаған экстремистерді кешіргенін айтады.

Шабуылдан аман қалған журналистер бұған дейінгі кеңселерінен басқа жерде жұмыс істеп, журналдың бұл санын үш миллион тиражбен, алты тілге аударып шығарды. Әдетте журнал 60 мың тиражбен шығатын.

Қаңтардың 7-сінде журнал редакциясына бетперде киген қарулы үш адам шабуыл жасап, 12 адам қаза тапқан. Мерт болғандардың көпшілігі - журнал қызметкерлері.

Шабуылға күдіктілерді ұстап, көзін жою операцияларында Парижде тағы бес адам қаза тапқан.

XS
SM
MD
LG