Accessibility links

Ердоған «Таксим» мен «Араб көктемін» салыстыруға қарсы


Анкара полициясы демонстранттарды тарату үшін газ қолданып тұр. 3 маусым 2013 жыл
Анкара полициясы демонстранттарды тарату үшін газ қолданып тұр. 3 маусым 2013 жыл

Түркия билігінің наразылық акциясын күшпен басу әрекеті халықаралық деңгейде сынға ұшырады. Азаттық сөйлескен Стамбулдағы қазақстандықтар әлеуметтік желілердің жабылмағанын айтады.

Өткен аптаның жұма күні Стамбул әкімшілігінің Таксим алаңындағы ағаштарды қырқып, Осман империясы кезіндегі тарихи ғимаратты қалпына келтіру жоспарына қарсы шыққан шерушілер саны бірнеше күннің ішінде ондаған мыңға жеткен. Демонстранттарды полиция күшпен таратуға тырысып жатыр.

«ЭКСТРЕМИСТ ЭЛЕМЕНТТЕР»

Шерушілер тек Таксим алаңын бұзу жоспарына емес, елдің премьер-министрі Режеп Тайып Ердоғанның саясатына да қатысты наразылық білдірді. Маусымның 3-іне қараған түні Измир қаласында шеруге шыққан жұрт билеуші «Әділет және даму» партиясының кеңсесін өртемек болған.

Маусымның 3-і күні полиция Стамбулдағы шерушілерге көзден жас ағызатын газ шашты. Бұл әрекетті бірқатар Батыс елдері «шектен тыс күш қолдану» деп бағалап, сын айтты.

Ал түрік премьері Ердоған дүйсенбі күні наразылықты экстремистер ұйымдастырған деп мәлімдеді. Ол Таксим алаңындағы наразылық пен «Араб көктемі» кезіндегі толқуды салыстыруға қатысты пікірін айтты.

- Әлеуметтік желілердегі үндеулерге елігіп, бейкүнә эмоцияның жетегінде жүріп қарсылық шерулеріне қосылғандар мен наразылықты ұйымдастырушы экстремист элементтерді қатар қоюымыз керек пе? – деді ол.
Режеп Тайып Ердоған (ортада), Түркия премьер-министрі Ататүрік әуежайында баспасөз мәслихатын өткізіп тұр. Стамбул, 3 маусым 2013 жыл
Режеп Тайып Ердоған (ортада), Түркия премьер-министрі Ататүрік әуежайында баспасөз мәслихатын өткізіп тұр. Стамбул, 3 маусым 2013 жыл

Түркияда тұратын кейбір қазақстандықтар төртінші күн бойы жалғасып жатқан наразылық акциялары кезінде әлеуметтік желілердің еш шектеусіз жұмыс істеп тұрғанын айтты.

Таксим ауданына жақын жерде пәтер жалдайтын Айша есімді қазақстандықтың (аты-жөнін толық атамауды өтінді – ред.) айтуынша, наразылық шаралары туралы ақпарат негізінен дәстүрлі БАҚ емес, әлеуметтік желілер арқылы тарап жатыр.

- Теледидарда тек болып жатқаны туралы айтылды. Бірақ көп баға беріле қойған жоқ. Пікірлер мен баға берудің бәрі әлеуметтік желі арқылы, Facebook пен Twitter арқылы таратылып жатыр. Тұрғындар әлеуметтік желіні белсенді қолданып жатыр. Бірақ бір таңқаларлығы – оларды жауып тастаған жоқ. Барлығы жұмыс істеп тұр. Осыдан-ақ Түркияның ашық саясат жүргізіп отырғанын көруге болады. Мысалы, басқа елдерде, Египетте толқулар болған кезде бірден сол әлеуметтік желіні тоқтатып, қадағалады ғой. Ал мұнда ондай нәрсе байқалмады, - деді ол.

ТАКСИМДЕГІ ҚАЗАҚ СТУДЕНТТЕР

Қазақстан азаматы Салтанат Ақайдарова Таксим алаңында орналасқан Стамбулдағы тіл мектептерінің біріне барып жүргенін айтты. Өткен жұма күні сабаққа барған Салтанат бірнеше курстасы және оқытушысымен бірге ғимараттан сыртқа шыға алмай қалған.

- Жұма күні «сабаққа келмеңіздер» деп ешкім де айтқан жоқ. «Сабақтан тезірек кетіңіздер» деген де ешкім болмады. Сағат бірде сабағыма келдім. Екіге таман оқиға басталып кетті. Біз сонда бірнеше сағат бойы ғимараттың ішінде отырдық. Шыға алған жоқпыз. Мекемеміз көлік шақырған жоқ. Елшілік те қызығушылық танытқан жоқ. Сағат бестен әрі қарай ол жерде отыра алмадық. Газдың ішінде (полиция демонстранттарға қарсы қолданған көзден жас ағызатын газ – ред.) көп отырып қалғандықтан басымыз мең-зең болды.
Полицей сөмкесінен газ алып атайын деп еді «шетел азаматымыз» деп түрікше айғайлап отыра қалдық.
Салтанат Ақайдарова, Стамбулдағы қазақ студент

Түрік тілінің оқытушысы, тағы төрт шетел азаматы бар, біреуінің аяғы ауыр, бәріміз қашуға бел будық. Бір жарым сағат бойы сол ауданнан шыға алмадық. Полиция ол жерде кімнің кім екенін білмейді. Кенеттен біздің алдымыздан мотоциклмен бір полицей шықты. Сөмкесінен газ алып атайын деп еді «шетел азаматымыз» деп түрікше айғайлап отыра қалдық. Мұғаліміміз де «Бұларға тиіспеңіздер, бұл - менің шәкірттерім. Бізге қашуға рұқсат беріңіздер» деп әрең дегенде рұқсат алып, әрі қарай қаштық, - дейді ол Азаттық тілшісіне.
Стамбулдағы наразылық акциясы. 2 маусым 2013 жыл
Стамбулдағы наразылық акциясы. 2 маусым 2013 жыл

Стамбул университетінің докторанты Ержан Төлек наразылық шерулері кезінде қазақстандық студенттерді ешкімнің түгендемегенін айтады.

- Консулдықты студенттермен жұмыс істейтін өкілдік дейді. Осы мәселені ешқайсысы қозғап отырған жоқ. Маңайдағы студенттерді білем. Олардың бәрі аман-есен. Бірақ мұндағы қазақстандық студенттің бәрін бақылау қиын ғой. Арасында қызығып, орталық жаққа кетіп қалғандары да болуы мүмкін, - дейді ол.
Мұндағы студенттермен күн сайын хабарласып келеміз. Бүгінге дейін ешқандай оқиға болған жоқ. Ешкім арыз жазған жоқ.
Түркиядағы Қазақстан елшілігінің өкілі

Қазақстанның сыртқы істер министрлігі маусымның 3-і күні «алдын-ала ақпарат бойынша Түркияда жарақат алған және тұтқындалғандар арасында Қазақстан азаматтары жоқ» деп мәлімдеді.

Қазақстанның Түркиядағы елшілігі қазақстандық студенттермен күн құрғатпай хабарласып отырғанын, олардың жағдайынан хабардар екенін айтты.

- Үш-төрт күн болды, біз мұндағы студенттермен күн сайын хабарласып келеміз. Бүгінге дейін ешқандай оқиға болған жоқ. Ешкім арыз жазған жоқ. Күндіз Стамбулдағы бас консулдықпен сөйлестім. Оларда ештеңе болған жоқ, - деді елшілік қызметкері Азаттыққа.

Ал Стамбулдағы Қазақстанның бас консулдығына хабарласқанымызбен, телефон тұтқасын ешкім көтерген жоқ.

«ШЕРУГЕ ШЫҚҚАН ТАНЫМАЛ АДАМДАР КӨП»

Стамбулда тұратын Айшаның айтуынша, Таксим алаңында және тұтас ел бойынша наразылық шарасына қатысқан азаматтардың арасында танымал адамдар көп.

- Бір айта кететін жайт – мұнда экологиялық мүддені қорғаушыларды (Таксим алаңындағы шағын паркті бұзуға қарсылар – ред.) елдің атақты адамдары, өнер адамдары да қолдап жатыр. Тағы бір байқалған жақсы нәрсе – өткен аптада жергілікті ауданның мэрі шығып, «Біз қателік жасадық. Қатемізді мойындаймыз. Келесіде көпшілікпен ақылдаса отырып, шешім шығарамыз» деген сипатта пікір айтты. Бұл да бір үлкен жақсы қадам деп ойлаймын. Полицейлердің күш қолданған кезде артық кеткені де айтылды. Шынымен де газ шамадан тыс қолданылды. Көптеген адам зиян шекті, - деді ол.
Шынымен де газ шамадан тыс қолданылды. Көптеген адам зиян шекті.
Куәгер

Таксим алаңындағы ағаштарды қорғау тұрғысында басталған экологиялық сипатты қарсылықтың саяси себептері де көріне бастады. Түркиядағы наразылық танытушылар премьер-министр Ердоғанның «Әділет және даму» партиясын зайырлы мемлекетке мұсылмандық заңды зорлап таңбақ деп айыптайды. Наразылық шаралары басталудан бір апта бұрын Түркия алкоголь ішімдіктерін сату мен жарнамалауды шектейтін заң қабылдаған еді.

Анкараның НАТО бойынша әріптестері – Ұлыбритания, Франция мен АҚШ Түркия үкіметін наразылық шараларын күшпен басу әрекетін шектеуге шақырған. Ал Еуропа Одағының сыртқы істері бойынша жоғарғы өкілі Кэтрин Эштон полицияның «шамадан артық күш қолдануын» айыптаған. Қазір Түркиядағы наразылық акциялары Стамбул, Анкара, Измир, Адана және Газиантеп сияқты қалаларда жалғасып жатыр.
Шерушілер саяси талап қойды
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:02 0:00
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG