Accessibility links

Л.Брежневтің туғанына 100 жыл толды


Желтоқсанның19-ында Совет басшысы, Совет елін 1964-1982-ші жылдары арасында басқарған бас хатшы Леонид Ильич Брежневтің туғанына 100 жыл толып отыр. Сол кезеңде өмір сүрген азаматтардың талайы ол жылдарды тұрақтылық пен жайлы өмір кезеңі деп бағалап, сағынышпен қарайды.

“Жасасын совет халқы, еңбекші халық. Ол біздің ең басты және баға жетпес байлығымыз”. Бұл - Совет елін 1964-1982-ші жылдары басқарған бас хатшы Брежневтің сөзі.

Кеңес үкіметі құлағанда өз үміттеріне қоса соққы тигендей сезінген біраз азаматтар үшін Брежнев басқарған заманның шынында да қой үстіне боз торғай жұмыртқалаған замандай көрінуі мүмкін. Сарапшылардың бағалауынша, Совет одағы коммунистік партиясының бас хатшысы Леонид Ильич Брежневтің билігі тұсында геосаяси тартыстар жоқтың қасы болды. Экономика ақырындап құлдырағанымен, жалпы алғанда тұрақтылық жылдары болды.

Мемлекеттік сараптау агенттігі жүргізген пікір зерттеулеріне қарағанда, сұралғандардың 31 пайызы Брежнев кезеңінде өмір сүруді қалайды екен. Ал, олардың 39 пайызы Владимир Путиннің басшылығы кезін өмір сүруге қолайлы, деп есептейді. Сұралғандардың бір пайызы ғана Ельцин кезеңін аңсайды екен.

Зейнеткер Вячеслав Комаров Украинадағы Днепропетровскіден екен. Ол жер - Брежневтің туған қаласы Днепродзержинскіге жақын маңда.

“Брежнев заманында түрлі мерекелік шараларға рұқсат етілетін. Кез-келген мерекеде, тіпті Париж коммунасы күнінде де біз дастарқан басында жиналатын едік. Жұмыста тамаша кештер ұйымдастыратынбыз”, - дейді Комаров.

Брежнев - коммунистік билік сатыларымен тез көтерілген адам. Ол Никита Хрущевты 1964-ші жылы биліктен аластатуды ұйымдастырғандар ішінде болған-ды. Соның ізінше бірінші хатшы болды. Брежнев сонымен бірге Прагадағы барқыт революциясын басуды ұйымдастырған. Совет үкіметі ішіндегі реформашыл қозғалыстарды да ауыздықтап отырған. 1970-ші жылдары ол Қытаймен байланысты күшейтіп, Уашингтон-Бежін одағының алдын-алған. 1972-ші жылы ядролық қаруды азайту жөніндегі келісімге қол қойып, Құрама Штаттармен теке-тіресті азайтуға септігін тигізген. Ол өз туған күндерінде өзіне түрлі орден, медальдар сыйлауды жақсы көретін еді. Сондай-ақ шетелдік автокөліктер мен әдемі киімдерге деген құмарлығы оны халықтан біраз алыстатып жібергендей болған. Экономикадағы тоқырау да оның билігіндегі кемшіліктерге байланысты болатын.

“Ол кезде сөз бостандығының болмағандығын айтар едім. Бұл мен сияқты өзгеше ойлайтындар үшін қиын болатын. Тағы бір қынжыларлық нәрсе - ассимиляция үдерісінің жүруі, әзірбайжандарды орыстандыру саясатының жүргізілгені еді. Бұл біздің ашуымызды келтіретін”, дейді Әзірбайжан азаматы Ниязи Мехди мырза.

Бұл жолғы Брежневтің 100 жылдығында да сол өткен кезеңге сағынышпен қарау сезімі белең алатын түрі бар.
XS
SM
MD
LG