Азаттық радиосы

Назарбаев және оны мадақтайтындар. Сайлауға түсетін 5 партияның жетекшілері кімдер?

Асылхан МАМАШҰЛЫ

Жел. 1, 2020

2021 жылы 10 қаңтарға жоспарланған парламент мәжілісі мен мәслихат сайлауына елдің экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаев басқаратын "Нұр Отан" және тағы төрт партия қатыспақ. Саяси додаға түсетін осы төрт партияның жетекшілері Назарбаевты жиі мақтайды. Олар кімдер? Жақынырақ таныстырамыз.

НАЗАРБАЕВ ПЕН "НҰР ОТАНДЫ" ЖИІ МАҚТАЙТЫН СҰЛТАНҒАЛИ

Серік Сұлтанғали

Серік Сұлтанғали – "Адал" (бұрынғы "Бірлік") партиясының төрағасы. 1953 жылы Алматы облысында дүниеге келген. 67 жаста. Мамандығы архитектор. 1984-1995 жылдары Алматы әкімдігінде қызмет кеткен. Шалбай Құлмаханов 1994-1995 жылдары, Алматы қаласының әкімі болып тұрған тұста, оның бірінші орынбасары болған. "ҚазТрансГаз" компаниясы басқарма басшысы, бас директоры қызметін атқарған.

Құрылыс және мұнай компанияларында жүрген Сұлтанғали 2013 жылы ақпанда бір демде "Руханият" партиясының жетекшісі болып шыға келді. "Руханиятты" 20 жылдай басқарған Алтыншаш Жағанова партия тізгінін Сұлтанғалиге тапсырды. Ал 2013 жылдың сәуірде "Руханият" "Әділетпен" (бұл партияны Назарбаевтың жақтасы әрі құрдасы марқұм Мақсұт Нәрікбаев ұзақ уақыт басқарған) бірігіп, "Бірлік" партиясын құрды. Екі партия біріккенде "мақсатымыз ортақ" деген еді.

"Әділет" пен "Руханият" жеке-жеке партия болған тұста сол кездегі президент Нұрсұлтан Назарбаевтың (президенттіктен кетсе де қазір билікке ықпал етіп отыр) кез келген бастамасын қолдап жүрді. Ал Серік Сұлтанғали басшылыққа келіп "Бірлік" партиясы құрылғаннан кейін бұл үрдіс одан әрі жалғаса түсті. Сұлтанғали партия жетекшісі ретінде белсенді әрекетімен немесе айрықша саяси мәлімдемесімен көзге түспесе де, Назарбаев жолдауларын қолдауға арналған жиындарға қатысып, биліктің бастамаларын жақтайтынын айтып жүрді. Өзі басқаратын саяси партияны "билікке көмекші" деп таныстырды.

"Бірлік" партиясы 2021 жылы 10 қаңтарға жоспарланған сайлау алдында атауын "Адал" деп өзгертті. Қарашада өткен партия съезінде Сұлтанғали экс-президент Назарбаев пен қазіргі президент Қасым-Жомарт Тоқаевты мақтады. Назарбаевтың "Нұр Отан" партиясымен бәсекелесе алмайтынын мойындады.

– "Нұр Отан" – ол "Нұр Отан", елбасының партиясы. Ол партияның жолы да, орны да бөлек. Шындығын айту керек, ["Нұр Отанмен"] бәсекелесу қиын, – деді ол.

Сұлтанғали 2019 жылы Астана қаласының атауын Нұр-Сұлтан деп өзгерту бастамасын қолдап, "Назарбаевтың сіңірген еңбегін" мақтаған. 2019 жылы 9 маусымда өткен президент сайлауында Тоқаевтың жеңісін қолдаған. Бұл сайлауды ЕҚЫҰ демократия талаптарына сай өтпеді деген еді.

Сұлтанғали кезінде Назарбаевтың туған жері ­Үшқоңыр (бұрынғы – Шамалған) елдімекеніндегі мешітті салуға үлес қосқан. 2002 жылы гольфтан Назарбаев кубогінің жүлдегері. Қазақстан гольф федерациясының вице-президенті.

НАЗАРБАЕВТЫҢ ЖОЛДАУЫНАН ШАБЫТ АЛҒАН БЕКТАЕВ

Әли Бектаев

Әли Бектаев – "Ауыл" партиясының төрағасы. 1962 жылы Түркістан облысында дүниеге келген. 58 жаста. Қазақ ауыл шаруашылығы институтын бітірген. Совет өкіметінің соңғы жылдары аудандық комсомол, компартия басшылығында қызмет еткен. 2000 жылдары Оңтүстік Қазақстан облысы (қазіргі Түркістан облысы) Қазығұрт ауданының әкімі, Түркістан қаласының әкімі, екі рет ОҚО әкімінің орынбасары болған.

2014 жылдан бері сенат депутаты, 2015 жылы тамызда "Нұр Отан" партиясынан шығып, Ғани Қасымов басқарған Патриоттар партиясы мен Ғани Қалиев басқаратын "Ауыл" партиясы біріккен соң төраға болып сайланды. 13 жыл "Ауылды" басқарған Ғани Қалиев партия төрағалығынан "жоғарғы жақтың ұсынысы" бойынша кеткенін айтқан еді.

Әли Бектаев өлең жазатындығымен белгілі. Ол Назарбаев Қазақстан президенті болып тұрған тұста оған өлең арнаған. Бектаевтың туындыларында "Өрге тартып, биіктерге көтердің, тілден, көзден сақтасыншы, Нұр аға!" және "Ел үмітін арқалаған еңселім, Алаш үшін аман болшы, жан аға!" дейтін жолдар бар.

Бектаев Назарбаевтың жыл сайын халыққа жасайтын жолдауларынан да шабыт алатынын байқауға болады. Мәселен, "Егемен Қазақстан" газетіне 2015 жылы қаңтарда жарияланған "Қазақ елі және Елбасы" атты мақаласында Бектаев Назарбаевтың "Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ" атты жолдауы жаңа өлең жолдарының өрбуіне себеп болғанын жазған.

"Ауыл" мен Патриоттар партиялары 2012 жылы өткен кезектен тыс парламент сайлауына қатысқанымен, парламентке өтуге қажетті 7 пайыз дауысқа ие бола алмаған. 2015 жылы сәуірде өткен кезектен тыс президент сайлауында бұл екі партия да биліктегі "Нұр Отан" партиясының төрағасы, Назарбаевтың кандидатурасын қолдайтындарын мәлімдеген. 2016 жылғы парламент сайлауында "Ауыл" партиясы 7 пайыздық межеден өте алмады.

НАЗАРБАЕВТЫ ҚИМАЙ КӨЗІНЕ ЖАС АЛҒАН ПЕРУАШЕВ

Азат Перуашев

Азат Перуашев – "Ақ жол" партиясының төрағасы. 1996 жылы Қазақстан президенті әкімшілігіне сектор меңгерушісі болып орналасқан ол екі жылдан кейін "Қазақтан алюминийі" компаниясы бас директорының орынбасары болды. Азат Перуашев Қазақстанның саяси сахнасына шыққалы бері президентшіл үш партияға мүшелікке өтіп, екеуіне төрағалық етті.

1998 жылы Қазақстан президенті әкімшілігінің сектор меңгерушісі қызметін тастап, "Қазақстан алюминийі" директорының орынбасары қызметіне барған Азат Перуашев сол жылы-ақ жаңадан құрылған "Азаматтық партияның" Орталық комитетінің бірінші хатшысына айналды. Қазақстандағы миллиардерлер тізімінде тұрған Александр Машкевич, Патох Шодиев және Адилжан Ибрагимовке тиесілі саналатын ENRC компаниясының меншігіндегі "Қазақстан алюминийі" кәсіпорнының өкілі басқарған бұл партияны сол кезде саяси сарапшылар "алпауыт өнеркәсіп иелерінің мүддесін қорғайтын, қаржысы мол партия" ретінде сипаттады.

2005 жылы Қазақстан президентін сайлауда Азат Перуашев Нұрсұлтан Назарбаевтың сенім білдірген өкілі болды.

2006 жылы қараша айында "Азаматтық партия" 150 мың мүшесімен бұған дейін "Асарды" (Назарбаевтың қызы Дариға Назарбаеваның партиясы) өзіне қосып алған "Отан" партиясына (қазіргі – "Нұр Отан") бірігіп, Азат Перуашев "Отан" партиясының саяси бюро мүшесі болып қалды. Кейін ол "Атамекен" ұлттық палатасының басшысы болып тағайындалды.

2005 жылы "Ақ жол" партиясы екіге бөлінгенде жаңадан құрылған "Нағыз Ақ жол" партиясын құрушыларды сынады. Алты жылдан соң "Нұр Отаннан" "Ақ жолға" өтіп, бірден төрағасы болды. Саясаттанушылар "Перуашев "Ақ жол" партиясын енді түбегейлі президентшіл партияға айналдыруға барды" деген болжамдар айтты.

2012 жылы қаңтарда өткен парламент мәжілісі сайлауына "Ақ жол" партиясының тізімі бойынша бірқатар танымал ақын-жазушылар да сайлауға ұсынылды.Үгіт-насихат жұмыстары үшін пайдаланылған олардың ешқайсысы кейін партия тізімі бойынша парламентке өтпеді.

2015 жылы 26 сәуірде өткен президент сайлауына "Ақ жол" кандидат ұсынудан бас тартып, "Қазақстанды тоталитарлық державаның ешкімге белгісіз бір провициясынан қуатты мемлекетке" айналдырған Нұрсұлтан Назарбаевты қолдайтынын мәлімдеді. 2016 жылғы парламент сайлауында "Ақ жол" 7,18 пайыз дауыс алды деп жарияланып, партия мәжілістен орын алды.

2017 жылы Перуашевтің "асүй мен дәретханасы жоқ жатаханалар салу" ұсынысы интернетте сыналып, әжуаға айналды. Елді 30 жылдай басқарған Нұрсұлтан Назарбаев 2019 жылы наурызда президенттіктен кеткенде Перуашев оны қимай көзіне жас алған.

БИЛІКТІ СЫНАМАЙТЫН ПАРТИЯНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ

Айқын Қоңыров

Айқын Қоңыров – Қазақстан халық партиясының төрағасы (бұрынғы Қазақстан халықтың коммунистік партиясы). 1972 жылы Ақмола облысында дүниеге келген. 48 жаста. Негізгі мамандығы - орыс тілі пәнінің мұғалімі. 2004-2011 жылдары "Московский комсомолец в Казахстане" газетін шығарған "News Print" компаниясының жетекшісі болған.

2004 жылдан бері Қазақстан халықтық коммунистік партия мүшесі. 2012 жылдан бері Қазақстан коммунистік партиясы атынан мәжіліс депутаты, 2018 жылы фракция жетекшісі болды. 2020 жылы осы партияны көп жыл басқарған Владислав Косаревтің орнына төраға болып сайланды.

Биыл парламент сайлауы жарияланғаннан кейін "Қазақстан халықтық коммунистік партиясы" деген атаудан "коммунистік" деген атауды алып тастап, ребрендинг жасады. Алайда партияның бұрынғы жетекшісі Косарев ребрендингпен келіспей, басқа коммунистік партия құратынын мәлімдеді. Косаревтің өзі бұл партияны 2004 жылы Серікболсын Әбділдин басқаратын, билікті жиі сынайтын Коммунистік партиядан бөліп әкеткен еді. Бұдан кейін Косарев бастаған "Қазақстанның халықтық коммунистік партиясының" билікті сынауы азайғаны байқалған. Бұл партия қазір де билікке қарсы шыға бермейді.

Айқын Қоңыров биыл күзде, парламент сайлауы жақындағанда кредит амнистиясын жариялауды, ерлер мен әйелдердің зейнет жасын 60 жасқа дейін төмендетуді ұсынды.

"НҰР ОТАН" БАСЫНДА – НАЗАРБАЕВ ПЕН ОНЫҢ СЫНЫПТАСЫНЫҢ ҰЛЫ

Нұрсұлтан Назарбаев – биліктегі "Нұр Отан" партиясының жетекшісі. Қазақстанды 1989 жылдан бері басқарып, 2019 жылы наурызда президенттіктен кеткен. Бірақ дәл осы "Нұр Отан" партиясының лидері ретінде билікке әсер етіп отыр. "Нұр Отан" қазіргі парламенттегі орынның басым бөлігін ие.

Нұрсұлтан Назарбаев отыз жыл билікте болғанда қыздары мен күйеубалалары және бауырлары, туыстары Қазақстандағы ең бай адамдарға айналды. Назарбаев "Нұр Отанның" лидері ретінде өзіне бірінші орынбасар тағайындап, партия жұмысын соған тапсырады. Қазір "Нұр Отанда" Назарбаевтың бірінші орынбасары – 46 жастағы Бауыржан Байбек. Байбек 1974 жылы Алматы облысында дүниеге келген. Бірер жыл шетелде елшілікте жұмыс істегені мен 2015-2019 жылдары Алматы әкімі болғанын қоспағанда Бауыржан Байбектің өмірбаянынан президент әкімшілігі мен "Нұр Отан" партиясын ғана көруге болады. Байбектің әкесі Қыдырғали Байбек – "Нұр Отан" партиясының төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сыныптасы.

Нұрсұлтан Назарбаев "Нұр Отан" партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбекті ұжымға таныстырып жатыр. Нұр-Сұлтан, 29 маусым 2019 жыл.

2002 жылдан, яғни 28 жасынан бастап президент әкімшілігінде жұмыс істеген ол екі рет "Нұр Отан" партиясы төрағасының бірінші орынбасары болды.

"Нұр Отан" партиясы төрағасының бірінші орынбасарлығына алғаш кіріскенде суды үнемдеу жөнінде айтқан пікірі қоғам назарын аударды.

"Тарифті қымбаттатса, суды үнемдейтін боласың" деген ол өзі "Болашақ" бағдарламасымен оқыған Германияда суды қалай үнемдейтінін мысалға келтірді.

Байбектің "[Германияда] коммуналды қызмет өкілдері мына үйдің адамдары өліп қалған ба деп тексеріп келген, өйткені коммуналды қызметке болмашы ақша төлейді екен. Сөйтсе ол үйде бір әжей тұрады екен. Сумен әуелі ыдысын жуады, содан соң сол сумен еден жуады. Балаларын суға түсіріп, содан кейін өздері сол суға жуынады екен" деген сөзі күлкіге айналған.

Байбектің Алматы әкімі қызметі қоғам тарапынан түрліше бағаланды. Қаланы көркейтті деушілер де, жол жағалауларын ақылы автотұраққа айналдырды деп сынаушылар да болды. Ол Алматыдағы мейрамханаларда 500 теңгеге (қазір бұл бір 1 доллардан сәл асатын сома) түскі ас ішуге болады деген сөзімен де күлкіге қалған.

Бауыржан Байбек әкім кезінде Алматыдағы әл-Фараби даңғылындағы көлік жылдамдығын сағатына 80 шақырымнан 60 шақырымға түсірді. Осыдан кейін әл-Фараби даңғылындағы жол апаты 2,7 есе азайды деген ресми ақпарат тарады. Алайда Алматыға Бақытжан Сағынтаев әкім болған соң бұрынғы жылдамдық қалпына келтірді. Сағынтаев "жылдамдық түсірудің жол апатына еш қатысы болмағаны" жайлы уәж айтты.

Бауыржан Байбек "Нұр Отан" нақты істер партиясы" деп санайды. Биыл тамыз-қазан айлары арасында "Нұр Отан" партиясының праймеризін ұйымдастырған ол "Біз билеуші партия ретінде өтірік уәде бере алмаймыз. Бұл біз үшін өте маңызды мәселе" деді. Ал сарапшылар "Нұр Отан" Қазақстандағы саяси алаңды өзіне ыңғайлап, монополия партияға айналды деп есептейді.

Саясаттанушылар 2021 жылы 10 қаңтарға жоспарланған сайлауға билікке жақын партиялар ғана қатысады дейді.

Елде былтырдан бері билікке сын айтып, саяси реформа талап етіп жүрген бірнеше бастамашыл топ пен саяси ұйымдар партия болып тіркеліп, парламент сайлауына қатысуды жоспарлаған. Бірақ олар түрлі себеппен сайлауға дейін тіркеле алмады. Екі айдай қалған сайлауға дейін қандай да бір ұйым жаңа партия болып тіркелуі екіталай. Қазақстан заңына сай, қандай да бір ұйым саяси партия болып тіркелу үшін 20 мың мүшесі болуы шарт, мыңдаған адам қатысқан құрылтай өткізіп, әр аймақта филиал ашып, әділет министрлігіне құжат тапсыруы тиіс.

Cайлауға дейін партия тіркегісі келген белсенділер "билік өзіне қарсы шығатын саяси күштерді сайлауға жібермеді, ресми тіркеуден өткізбеді", "10 қаңтарда өтірік әрі өлі сайлау болады" деп санайды.

Сайлау жарияланған соң елде кейбір белсенділер түрлі наразылық шараларда жұртты сайлауға бойкот жариялауға шақырып жүр.

Қазіргі парламенттегі негізгі орынды бұрынғы президент Назарбаев басқаратын "Нұр Отан" партиясы иеленіп отыр. Қалған орындар билікке жақын "Ақ жол" және "Қазақстан коммунистік халық партиясына" тиесілі.

ЕҚЫҰ бастаған халықаралық ұйымдар Қазақстанда өткен сайлаулардың барлығын "демократиялық талаптарға сай" деп мойындамаған.