Accessibility links

"Бәсекесіз сайлауға бойкот". Алматыда белсенді пикет өткізді


Арбатта пикет өткізіп тұрған Демократиялық партия құрғысы келетін бастама топ өкілі Әйгерім Тілеужан. Алматы, 3 қараша 2020 жыл.

Алматыда "нағыз оппозицияның" қатысуынсыз өтетін алдағы парламент сайлауына наразылық білдірген жалғыз адамдық пикет өтті. Оны Демократиялық партия құру бойынша бастамашыл топ өкілі Әйгерім Тілеужан өткізді.

Ол қала ортасындағы Арбатқа қолына "Саяси реформаларсыз сайлауға байкот", "Демократиялық партия тіркелуі тиіс", "Жер шетелдіктерге берілмесін" және "Несиелік амнистия жариялансын" деген жазулары бар плакат ұстап шықты.

Әйгерім Тілеужан.
Әйгерім Тілеужан.

- 10 қаңтардағы сайлауға алты партия қатыса алады. Бірақ бірде-біреуі оппозициялық партия емес. Және оған небәрі 70 күн қалды. Бірақ бірде-бірі насихат жұмысын жүргізген жоқ және 30 жылға жуық отырған ол партиялардың бірде-бірі халыққа жақсылық жасаған жоқ. Халық ол депутаттарды да танымайды. Сондықтан осы сайлауға белсенді байкот жариялауды сұраймыз. Егер Алматыда кемінде 5 мың адам шығып, талаптарын айтса, билік ескереді деп ойлаймыз. Бірінші кезекте, саяси партиялар туралы заңға өзгеріс енгізгенін қалаймыз. Сайлау туралы және митингтер туралы заңдарға өзгеріс енгізілгенін қалаймыз. Бұған қоса көктемнен бері айтып келе жатқан талабымыз бар – қазақстандықтарға несиелік амнистия жариялап, шетелдіктерге жерді жалға бермеу, - дейді белсенді.

Әйгерім Тлеужанның сөзінше, ол қазан айының соңында қалалық әкімдікке бір адамдық пикетке шығатынын ескерткен. Әкімдік қарсы болмаған. Алайда 3 қарашада пикет басталмай тұрып өздерін қалалық әкімдіктің ішкі саясат бөлімінің өкілдеріміз деп таныстырған бірнеше адам келіп, "пикеттің заң аясында өту қажеттігін" ескертті. Пикет орнында Тілеужаннан басқа адамдар болмауы тиіс екенін де айтты.

Пикет бір сағатқа жалғасты. Осы уақыт бойы әкімдік өкілдері шараны сырттай бақылап тұрды.

2 қарашада Жанболат Мамай бастаған Демократиялық партия құрғысы келетін бастама топ өкілдері Алматы қаласы әкімдігіне барып, 14 қарашада митинг өткізетіні жайлы ескерту қағаз тапсырған. Олар алда келе жатқан парламент сайлауының бәсекесіз өтетінін айтып, оған пикет, митингілер арқылы қарсылық білдіріп, бойкот жариялайтынын мәлімдеген. Олар 3 қарашадан бастап күн сайын бір адамдық пикет ұйымдастырып, мәселеге көптің назарын аудартуға тырысатынын айтқан. Сейсенбілік пикет - соның алғашқысы.

Қазақстанда парламент және мәслихат сайлауы 10 қаңтарда өтеді. Сайлау туралы заңнамаға сәйкес, парламенттің төменгі палатасы мен мәслихаттарға партиялар ұсынған кандидаттар ғана сайлана алады. Жергілікті өкілдік органдарға сайлау алғаш рет партиялық тізім бойынша өтеді. Заңға 2018 жылы енгізілген өзгерістерге сәйкес, енді өзін-өзі ұсынған азаматтар мәслихатқа сайлана алмайды.

Билік осыған дейін заңға енгізілген өзгерістер "саяси жүйені нығайтып, партиялардың белсенділігін арттырады" деген еді. Ал сыншылар Қазақстандағы партиялық алаң мемлекеттің бақылауында екенін, биліктің көңілінен шыққан саяси ұйымдар ғана тіркеуден өте алатынын айтып, "бұл өзгерістер азаматтардың сайлау құқығын шектейді" деп айтқан.

  • 16x9 Image

    Мәншүк АСАУТАЙ

    1980 жылы туған. Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін бітірген.

    Қарағанды қаласындағы жергілікті телеарнада қызмет еткен. 2004 жылдан бері Азаттықтың тілшісі. 

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG