Accessibility links

"Халықта ешқандай таңдау жоқ". Парламент сайлауына белсенділер мен сарапшылар не дейді?


2016 жылғы парламент сайлауында дауыс беріп жатқан тұрғын. Қызылорда облысы, 20 наурыз 2016 жыл.
2016 жылғы парламент сайлауында дауыс беріп жатқан тұрғын. Қызылорда облысы, 20 наурыз 2016 жыл.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев елдегі кезекті парламент сайлауының мерзімін жариялап, оны 2021 жылдың 10 қаңтарына белгіледі. Cайлауға дейін партия тіркегісі келген белсенділер "билік өзіне қарсы шығатын саяси күштерді сайлауға жібермеді, ресми тіркеуден өткізбеді", "өтірік әрі өлі сайлау болады" деп санайды.

20 қазанда Ақорда сайтында жарияланған президент жарлығына сай, мәжіліс және мәслихат депутаттарын сайлауы бір уақытта, партиялық тізім бойынша өтеді.

"Алдағы сайлау конституциялық мерзімге сәйкес, 2021 жылдың 10 қаңтарында өтеді. Барлық саяси партияның бұл сайлау науқанына дайындалуға, сайлау алдындағы платформасын әзірлеуге, партиялық инфрақұрылымды жетілдіруге уақыты жеткілікті болды" делінген президент үндеуінде.

"Кері кетіп барамыз". Мәжіліс те, мәслихаттар да партиялық тізіммен сайланады
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:51 0:00

Тоқаевтың сөзінше, "жаңа сайлау науқанына дейін елде саяси жаңғыру, көппартиялықты дамыту және қоғамдық-саяси өміріне азаматтардың қатысу аясын кеңейту жөнінде шаралар қабылданған".

Қазақстанда парламент сайлауына қатысуға құқығы бар, мемлекеттік тіркеуден өткен алты саяси партия бар. Қазіргі парламенттегі негізгі орынды бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаев басқаратын "Нұр Отан" партиясы иеленіп отыр. Қалған орындар билікке жақын "Ақ жол" және "Қазақстан коммунистік халық партиясына" тиесілі.

Одан өзге "Ауыл", "Бірлік" және Жалпыұлттық социал–демократиялық партия (ЖСДП) тіркелген. Елде былтырдан бері бірнеше бастамашыл топ пен саяси ұйымдар партия болып тіркеліп, сайлауға қатысуды жоспарлаған. Бірақ олар түрлі себеппен сайлауға дейін тіркеле алмады.

ПАРТИЯЛАРЫН ТІРКЕЙ АЛМАЙ ЖҮРГЕН БЕЛСЕНДІЛЕР НЕ ДЕЙДІ?

Қазақстан парламенті сайлауы қарсаңында түрлі мәлімдеме жасап жүрген белсенділер, саяси сарапшылар мен партия өкілдері жаңа сайлау жайлы жарлықты сынмен қабылдады.

"Демократиялық партия" құратыны жайлы бастама көтергенімен, ұйым белсенділеріне жасалған қысымға байланысты құрылтай съезінен бас тартқан саясаткер Жанболат Мамай әлеуметтік желідегі парақшасында "Сайлауды митингімен өткіземіз" деп жазды. Ол Азаттыққа берген пікірінде "келер жылғы саяси науқанды "таңдауы жоқ сайлау" деп сипаттады.

– Тоқаевтың қандай да бір уәдесіне өз басым сенбеймін. Ешқандай әділетті, таза сайлау болмайды. Өйткені қазірдің өзінде сайлауда халықта ешқандай таңдау жоқ. Қатысатын алты саяси партияның барлығы – билік партиялары. "Нұр Отан" партиясы бар, қалған бесеуі соның фракциялары, бөлімшелері ғана. Сондықтан ол жерде халықта таңдау болады, саяси партиялардың ішінде біреуіне дауыс беріп, ол сайлаушыларының дауысын қорғап, ертең әділдік үшін күреседі дегенге ешкім сенбейді. Сондықтан бұл – кезекті жалған сайлау, өлі сайлау болайын деп тұр. Олар ешқандай оппозициялық не болмаса өздеріне қарсы тұра алатын саяси партияларды тіркемейді. Тіркеуге мүдделі емес, – деді ол Азаттық тілшісіне.

"Алаш жолы" қозғалысын партияға айналдыруға талпынып көрген белсенді Мақсат Ілиясұлы да "2007 жылы пропорционалды сайлау жүйесі енгелі бері азаматтардың сайлану құқығы да, сайлау құқығы да шектелді" деп санайды. Сөзінше, алдағы парламент сайлауы елдің саяси өміріне өзгеріс әкеле қоюы екіталай.

– Қазіргі алты партияның ешқайсысын қолдамайтын азаматтар не істеуі керек? Сайлау үшін әуелі таңдау керек емес пе? Өйткені сайлауға қатысатын партиялар билік құрған саяси жүйеге қарсы шыға алмайды. Ал қарсы шығатын саяси күштерді билік сайлауға жібермейді, ресми тіркеуден өткізбейді, – дейді ол.

Елде саяси реформа жасау үшін партия болып тіркелгісі келетін "ХАҚ" қозғалысының жетекшісі Тоғжан Қожалиева "халықтың өзі қалаған адамды депутат етіп сайлай алмайтынына" қынжылыс білдірді.

– Өкінішке қарай, өте нашар, жылайтындай жағдай. Өйткені сайлағымыз келген адамды сайлай алмаймыз. Шығарамыз деген партияны шығара алмаймыз. Бақылаймыз десек, бақылай алмайтын түріміз бар, – дейді ол.

"БҰЛ САЙЛАУ БҰРЫНҒЫДАН ӨЗГЕРЕК БОЛАДЫ"

Азаттық тілшісі сөйлескен сарапшылар "бұл сайлау бұрынғы сайлаулардан өзгерек" болады деп санайды. Олардың айтуынша, елдің қазіргі әлеуметтік, экономикалық жағдайы мен халықтың 2019 жылы президент сайлауынан кейінгі белсенділігі мен реакциясы алдағы парламент сайлауын бұрынғыдай өткізудің қауіпті екенін көрсетеді.

Мәселен, экс–дипломат Қазбек Бейсебаевтың пайымдауынша, бұл сайлаудың бұрынғы сайлаудан ең басты ерекшелігі – қазіргі биліктің біртұтас еместігінде.

– Бұрын Назарбаев президент сайлауында 90 пайыз дауыс алса, ол басқаратын "Нұр Отан" да соған жетеқабыл дауыс жинайтын еді. Осылай билік пен "Нұр Отан" бір ұғым болатын. Қазір билік біртұтас емес. Қазақстан президенті әкімшілігі мен "Нұр Отан" партиясының ұстанымы толық сай келе бермеуі мүмкін. Бұл, сөз жоқ, сайлауға ықпал етеді. Коронавирус індетінен кейін Қазақстанның әлеуметтік–экономикалық жағдайы мәз емес. Бірақ "Нұр Отан" партиясы нақты істен гөрі өз ішінде праймериз жасап, тұрмысы төмен отбасыларға аздаған ақша беріп, ұсақ-түйекпен айналысып жүр. "Нұр Отан" билік партиясы болғандықтан биліктің барлық кемшілігіне жауап беруі тиіс. Ал бұл мәселе бойынша халықта сұрақ көп, – дейді ол.

Бейсебаев Қырғызстан мен Беларусьтегі сайлау нәтижесіне наразылықтан соң Қазақстан билігіне келер жылғы сайлауды өздері қалағандай өткізу қиынға түседі деп санайды.

– 2019 жылғы президент сайлауында халық мінез көрсетті, ресми нәтижемен келіспей наразылық білдірді, бақылаушылар табанды болды. Билік Қырғызстандағы, Беларусьтегі сайлаудан кейін қандай жағдай болғанын көріп отыр. Сондықтан сайлауды бұрынғыдай өткізу билікке қиын болады. Мәселен, бұрын 50 пайыз дауыс алса, 80 пайыз деп көрсетуге мүмкіндік бар еді. Егер азаматтар "Нұр Отаннан" басқа кез келген партияға дауыс берсе және онысын әділ санауды талап етсе, онда дауысты бұрынғыдай бұрмалау қиын болады, – дейді ол.

Саясаттанушы Бөріхан Нұрмұхамедовтің сөзінше, "Нұр Отан" партиясы 2019 жылғы президент сайлауынан кейін және қазіргі экономикалық жағдайдың әлсіреуіне байланысты үлкен дағдарысқа ұшыраған".

– Халық ішінде билікке, саяси жүйеге, "Нұр Отанға" сенімсіздік бары да рас. Менің түсінуімше, "Нұр Отан" рейтингі соңғы кездері жарияланып жүрген әлеуметтік сауалнамадағы рейтингтерден әлдеқайда төмен. Ол рейтингтер халықты сендіру үшін жасалып отыр деп ойлаймын, – дейді ол.

Экс–депутат: "Дауыстарды бұрмалап, 80–90 пайыз жазып алатын заман өтті"

Экс-депутат: "Дауыстарды бұрмалап, 80-90 пайыз жазып алатын заман өтті"
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:42 0:00

Бөріхан Нұрмұхамедовтің айтуынша, соңғы жылдары жаңа партия құруға кейбір белсенділер талпынғанымен, билік түрлі кедергі қойып, тіркеуден өткізбегені осы парламент сайлауына бола жасалған болуы мүмкін.

– Өйткені жаңа партия, әсіресе өзін "оппозициялық партия" деп жариялаған партия электоратты ілестіріп кетуі мүмкін. Сондықтан "Нұр Отан" ондай тәуекелге бармайды. Алайда партия құруға мүмкіндігі барлар да аз. Кейбір белсенділер айқай–шуға айналдырғаны болмаса, шын мәнінде олардың партия құратындай мүмкіндігі жоқ, Менің ойымша, қазір парламентте отырған "Қазақстан коммунистік халық партиясы" алдағы парламентке өтпейді. Коммунистік идеологияны қолдайтын электорат көп емес деп ойлаймын. Ал "парламенттік оппозиция болуы мүмкін" дейтін ЖСДП төрағалары ауысып, партия ішіндегі билікке таластан кейін бұрынғы әлеуетінен айырылды, – дейді ол.

"ҚҰРЫЛАТЫН, БІРІГЕТІН, КЕЛІСЕТІН УАҚЫТТАРЫ БОЛДЫ"

"Нұр Отан" партиясы жақтастары лигасының жетекшісі Ерлан Сайыров жоғарыда аталған сын пікірлердің кейбірімен келісіп, кейбірімен келіспейді.

Оның сөзінше, қоғам өзі ұйымдасып, нақты әлеуметтік күшін танытқысы келіп, саяси топтасса, ондай күштер саяси партия болып тіркеле алады.

– Қоғам тегеурінді талап қойса орындалады. Оның үстіне, Тоқаевтың саяси реформасы бойынша, саяси партияларды тіркеуге жеңілдік жасалып, партия мүшелерінің саны 40 мың болуы тиіс деген талапты 20 мыңға түсірген. Бұдан кейін мәжіліске, мәслихаттарға партия атынан ұсынылатын кандидаттардың 30 пайызы әйелдер мен жастар болуы тиіс. Бұл сөз жоқ өкілді органның қазіргі сипатын өзгертеді, – дейді ол.

Ерлан Сайыров "таяуда партия ішінде праймериз өткізген "Нұр Отан" партиясы аймақтардағы саяси процестерге қозғау салды. 10900 адам осы праймеризге қатысып, белсенділік көрсетті" деп санайды.

Ол "2004 жылдан бері парламент сайлауы алғаш рет өзінің конституциялық мерзімінде өтіп жатыр. Сондықтан партиялар дайындалуына, бірігуіне, құрылуына, өзара келісуіне мүмкіндік болды. Ал оны кімнің қалай пайдаланғаны басқа мәселе" деп есептейді.

Қазақстанда соңғы рет мәжіліс сайлауы 2016 жылы 20 наурызда өткен. Заң бойынша, мәжілістегі 107 депутаттық орынның 98–і – партиялық тізім бойынша, тоғызы Қазақстан халқы ассамблеясы атынан сайланады. 2007 жылы Қазақстан Конституциясына енгізілген өзгерістер бойынша, парламент мәжілісіне тек партия тізімімен сайлау жүйесі (пропорционалды сайлау жүйесі) енгізіліп, партиядан тыс адамдардың сайлану мүмкіндігі жойылған.

Қазақстан президенті Қасым–Жомарт Тоқаевтың 2019 жылғы маусымдағы президент сайлауынан кейін саяси реформа жасау жөнінде берген уәдесі бойынша, "Саяси партиялар" туралы заңға да өзгеріс енгізіп, партияны тіркеу үшін қажетті партия мүшелерінің санын 40 мыңнан 20 мыңға дейін азайтқан. Бұған қоса, өзгерген заң бойынша өкілді органдарға (мәжіліске, мәслихатқа) ұсынылатын партия кандидаттарының 30 пайызы жастар мен әйелдер болуы тиіс.

Билік "Саяси партиялар туралы" заңның өзгеруін елеулі саяси реформа деп сипаттаған, ал құқық қорғаушылар мен қоғам белсенділері өзгерісті "саяси күштерді бұрынғыша шектей беретін косметикалық өзгерістер" деп сынаған. Елде белсенділер депутаттарды партиялық тізіммен емес, мажоритарлық жүйемен сайлауды талап етіп келеді. Бірақ билік бұл талапқа құлақ асқан жоқ.

Қазақстан коронавирус пандемиясы кезінде парламент сайлауын қалай өткізетінін әлі жариялаған жоқ. Бірақ жақында елдің денсаулық сақтау министрі Алексей Цой "сайлауды онлайн өткізу жағын да қарастыруымыз мүмкін" деген.

Ал онлайн дауыс беруге қарсы бірқатар қоғам белсенділері петиция жариялап, президенттен оған тыйым салуды сұраған. Олардың пікірінше, Қазақстан онлайн дауыс беруге техникалық жағынан да, заңдық жағынан да дайын емес.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG