Accessibility links

«Билік транзиті» тұсындағы «түрлі оппозиция»


Шеруге шыққан адамдар. Алматы. 10 мамыр 2018 жыл

Алдағы апта АҚШ-қа бара жатқанын хабарлаған, елдің саяси кеңістігінде өзін «жаңа оппозициялық ұйым» ретінде таныстырып жүрген «Жаңа Қазақстан» форумына күмәнмен қарап отырған кейбір тіркелмеген, я тіркелген оппозициялық партия өкілдері бірін-бірі «биліктің жобасы» деп сынап жатады. Сенат төрағасының өзі президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «алдағы сайлауға түспеуі де мүмкін» екенін айтып, «транзит» туралы сөз жиі естіле бастаған кезде оппозициялық топтардың бірін-бірі айыптауы да күшейіп тұр.

Қазір Шығыс Қазақстан облысы Аягөз қаласында тұратын Амангелді Керімтаев – 1990 жылдардың соңы мен 2000 жылдардың бас кезінде қоғамдық-саяси жұмыспен шұғылданғандардың бірі.

«ІСІ ЕМЕС, ДАҚПЫРТЫ ЖЕТЕДІ»

1998 жылы бұрынғы премьер-министр Әкежан Қажыгелдиннің бастауымен құрылған Қазақстанның республикалық халықтық партиясының (ҚРХП, РНПК – ред. ) қызметіне қатысқан белсенді Алматыға көшіп келіп, 2002 жылы партия жабылған соң Аягөзге қайтқан. 1998 жылы елден шығып кеткен Қажыгелдин әлі шетелде тұрады. Қазақстанның Жоғарғы соты 2001 жылы саясаткерді «қызмет өкілетін асыра пайдаланды және пара алды» деген айып бойынша сырттай 10 жылға соттаған.

Әкежан Қажыгелдин "Жаңа Қазақстан" форумында. Брюссель. 9 сәуір 2018 жыл
Әкежан Қажыгелдин "Жаңа Қазақстан" форумында. Брюссель. 9 сәуір 2018 жыл

Амангелді Керімтаев қазір зейнетке шығып, шығармашылықпен айналысса да, қоғамдық-саяси өмірді сырттай бақылап жүр. Оның айтуынша, соңғы кездері пайда бола бастаған кейбір саяси ұйымдар арасында бірін-бірі айыптау жиі кездеседі, биліктің де оларды асыра бағалап, шошынатыны байқалады.

Амангелді Керімтаев атқару комитетінің төрағасы болған ҚРХП 2002 жылы «партия мүшелерінің саны 50 мыңнан кем болуы тиіс» деген заң талабы күшіне енген соң тараған. Оның ойынша, оппозициялық ұйымдарды жоюдың түрлі тәсілдері әлі де қолданылады. Ол кейінгі саяси ұйымдар арасындағы айыптаулар өзіне таныс екенін айтады.

- Билік өзінен басқа саяси күштерге серіктес ретінде қарауды үйренбеді. Қазіргі жағдай бұрын да болған. РНПК-ны билік «радикалдық партия» деп есептеді. 2001 жылы «Қазақстан демократиялық таңдауы» қозғалысын құрған бір топ бұрынғы шенеунік пен бизнесмен де «радикалдық партиядан» бойларын аулақ ұстағысы келді, - дейді ол.

Амангелді Керімтаевтың сөзінше, Астана мен Алматы қалаларында саяси ұйымдар құрылғанымен жергілікті жерлерге «олардың ісі емес, дақпырты ғана жетеді». Ол қарапайым халықтың саяси процестерден тыс қалғандай күй кешетінін, билікке де, оппозицияға да күдікпен қарайтынын айтады.

«АЛАШ ЖОЛЫНЫҢ» РЕНІШІ

Қазақстанда соңғы жылдары бірнеше саяси ұйым құрылған. Кейбірі саяси партия ретінде ресми тіркелуге талпынса, кейбірі әлеуметтік желі арқылы ұйымдасумен шектелген. Соның бірі «Алаш жолы» қозғалысының жетекшісі Мақсат Нұрыпбаев өзін «оппозициялық ұйым» деп жариялағандар арасында бірін-бірі қаралау бар деп санайды.

Мақсат Ілиясұлы. Астана, 27 қыркүйек 2016 жыл
Мақсат Ілиясұлы. Астана, 27 қыркүйек 2016 жыл

2016 жылғы жер митингілері қарсаңында құрылған «Алаш жолы» қозғалысы 2017 жылы саяси партия ретінде ресми тіркеуден өткенімен, артынша сот шешімімен қайта жабылған. «Алаш жолының» пайда болғанына қатысты сол кезде түрлі сыни пікірлер айтылып, саяси белсенділер арасында сенімсіздік аңғарылған.

Биылғы мамырдың 21-інде бұл қозғалыс митинг өткізетінін жариялағанда қуғындағы оппозициялық тұлға, бұрынғы банкир Мұхтар Әблязов 2017 жылы құрған, Қазақстанда «экстремистік ұйым» ретінде тыйым салынған «Қазақстанның демкоратиялық таңдауы» (ҚДТ) қозғалысының жетекшілері «билік тапсырмасымен құрылған ұйымның» митингісіне қосылмауға шақырған еді.

Осыған орай Мұхтар Әблязовқа Facebook әлеуметтік желісі арқылы ашық хат жолдаған Мақсат Нұрыпбаев ренішін білдірген.

- Біздің ұйым «Мұхтар Әблязов ұйымдастырды» деген биылғы мамырдың 10-ындағы митингіге қатысты. Олардың тұтқындалған мүшелеріне заңдық көмек көмек көрсеттік, қамауда отырғандарына тамақ апардық. Соны біле отыра «Алаш жолының» митингісіне қатыспасын» дегені, біздің ұйымды жау көргені – саяси сауатсыздық, -дейді ол.

Мақсат Нұрыпбаевтың сөзінше, «Алаш жолы» қозғалысының жерге қатысты қатқыл мәлімдемелері билікті сескендірген, ал бірлестіктің жабылып қалғаны «билік тапсырмасымен құрылмағанын көрсетеді».

Алайда Нұрыпбаевтың өзі саяси партия ретінде ресми түрде тіркелуге тырысып жүрген «Алаш» ұйымы мен оның жетекшісі Сырым Әбдірахмановтың жұмысына күдікпен қарайды.

- Сырым Әбдірахманов әуелі партиясын құрып алсын. Кем дегенде мың адамнан құралған съезд өтіп, әр өңірден кем дегенде үш адамнан қатысуы қажет. Съезд өткізіп, тіркелсе де, басқа күштер қосылмаса, Сырым Әбдірахманов әрі қарай әкете алмайды, - дейді ол.

Мақсат Нұрыпбаев биыл көктемде бірнеше саясаткер мен қоғамдық белсенді құрған «Жаңа Қазақстан» форумының жұмысының нәтижесі «алда белгілі болады», «билікпен конструктивті қатынас та, кейде радикалдық қатынас та керек» деп санайды.

БӘСЕКЕГЕ ШАҚЫРУ

Ал «Алаш» партиясының құрылатыны туралы 2017 жылы мәлімдеген, әлеуметтік желіде белсенді блогер Сырым Әбдірахманов та өз ұйымы тіркелмей жатып сынаушылар көбейгенін айтады. Қоғамдық пікір туғызатын оқиғалардың ортасында жүретін Әбдірахманов «қажет болса, билікпен де жұмыс істесу керек» деген көзқарас ұстанады.

- Ұйымға «Алаш» атын пайдаландың деп сынаушылар болды. «Алаш» ел басына күн туғанда көтерілген ұран. Ел басына қиын сәт туғанда біз «Қазақстанды екі жылда құтқару» дейтін бағдарлама жасадық. Бағдарламада біз көтерген мәселені билік дереу шешуге ұмтылып жүргенін байқап отырмыз, - дейді ол.

Билікпен конструктивті қатынас болуы керек
Сырым Әбдірахманов

Сырым Әбдірахмановтың сөзінше, «Алаш» қозғалысы әлдекімдер айыптайтындай «билік тапсырмасымен құрылатын партия емес, халықтың ішінен шығатын партия». Ол қуғындағы бизнесмен Мұхтар Әблязовтың шетелде жүріп партия құрып, өз жақтастарын митингіге шақыруын «арандату» деп есептейді, әрі оның қозғалысын «экстремистік ұйым» деп санайды. Әбдірахманов «Жаңа Қазақстан» форумына да сақсына қарайды.

- Ал «Жаңа Қазақстан форумының» жетекшілері әуелі Брюссельге барып, Әкежан Қажыгелдинмен кеңесіп келді. Билік оларға кедергі жасаған жоқ, бұл ненің белгісі? – деп күмәнді түрде сұрақ қояды ол.

Сырым Әбдірахманов Мақсат Нұрыпбаев басқаратын «Алаш жолы» қозғалысы «жер мәселесін қатты саясиландырды» деген ойда. «Билікпен конструктивті қатынас болуы керек» деп біледі.

«Жаңа Қазақстан» форумын құрушылардың бірі Әміржан Қосанов өздеріне қатысты айтылған сынға құрылтай жиынында жауап берген. Ұзақ жылдардан бері оппозицияда жүргенін айтқан бұрынғы ҚХРП жетекшілерінің бірі:

Әміржан Қосанов
Әміржан Қосанов

- Биліктің бізді сатып алуы мүмкін емес, мұндай пікірлерді оппозициялық күштерді меншіктегісі келетін адамдар таратады, - деген еді.

«Жаңа Қазақстан» форумының мүшесі, саясаттанушы Айдос Сарым таяуда Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасында Мұхтар Әблязовты «оппозиция лидері деп санамайтынын, қылмыскер деп білетінін» жариялады. Оның жазуынша, «Мұхтар Әблязов популистік уәдемен өзін қолдаушыларды арандатуға тырысады».

Айдос Сарым: «Билік Мұхтар Әблязовқа қатысты жайттарды өзі өршітіп отыр. Оның орнына жария пікірталас пен сын айтылатын телеарна ашып, митинг туралы заңды жұмсартқаны жөн. Саяси кеңістікте бір-біріне бәсекелес болатын жаңа партиялар пайда болуы қажет» деп жазды.

«ШЫН ОППОЗИЦИЯ ЖОЙЫЛДЫ»

Әуелі 2001 жылы оппозициялық қозғалыс ретінде құрылып, былтыр әлеуметтік желілерде саяси қауымдастық ретінде қайта жанданған ҚДТ жетекшісі Мұхтар Әблязовты «бірден-бір оппозиционер» деп санайтындар Айдос Сарымның сөзімен келіспейді. Кезінде Қазақстанның Жоғарғы кеңес депутаты болған, атқарушы билік саласында жұмыс істеген, соңғы жылдары оппозициялық көзқарас ұстанатын саясаткер Жасарал Қуанышәлин:

- 2011 жылы Жаңаөзен оқиғасынан кейін шын мәнінде оппозициялық партиялар жойылды, қазір де жоқ, - дейді.

Оның сөзінше, «Алаш жолы» қозғалысы да, тіркелмеген «Алаш» партиясы да, «Жаңа Қазақстан форумы» да – «биліктің жобалары».

Жасарал Қуанышәлин
Жасарал Қуанышәлин

- Сырым Әбдірахмановтың билікке жұмыс істейтіні көрініп тұр, Мақсат Ілиясұлының «Алаш жолы» партиясын (бірлестік - ред.) билік пайдаланып болған соң сотпен жапты. Олардың алдамшы әрекеттері көз алдымыздан өтіп жатыр. «Жаңа Қазақстан форумы» биліктің тапсырмасымен Брюссельге барып, [Әкежан] Қажыгелдинге жолығып келді, - деп айыптайды ол.

Қазақстандағы кейбір саясаткер Мұхтар Әблязовті «өз жақтаушыларын арандатушы, жеке мүддесін көздейді» деп сынап жатады. Жасарал Қуанышәлиннің бұған қарсы уәжі бар.

- Мұхтар Әблязов Қазақстанға келсе, өміріне қауіп төнетіні, әділетсіз сот шешімімен дереу қамауға алынатыны анық. Оның басқалар сияқты тып-тыныш отырмай халықтың көзін ашып жатқанына рақмет. Әблязов парламенттік жүйе орнатуды ұсынып отыр. Ол ұсынысы бағдарламасында тұр, сондықтан «жеке басының мүддесін көздейді» деу қисынсыз, - дейді ол.

Қазақстан соты «БТА банкі қаржысын жымқырды» деген айыппен сырттай 20 жыл түрме жазасына кескен бұрынғы банкир, бұрынғы энергетика министрі Мұхтар Әблязов Францияда қамаудан босатылған соң «Қазақстан билігімен күресін жалғастыратынын» жариялаған және «таяуда елге оралып, парламенттік жүйе құратынын» мәлімдеген. Әблязов өзіне тағылған қылмыстық айыптарды «саяси астары бар» деп теріске шығарады.

«КҮЙЕ ЖАҒУДЫ ТОҚТАТУ КЕРЕК»

Жармахан Тұяқбай жетекшілік ететін Жалпы ұлттық социал-демократиялық партия (ЖСДП) өзін «ресми тіркелген жалғыз оппозициялық ұйым» деп сипаттайды. Партия жетекшісі, бұрынғы бас прокурор, бұрынғы мәжіліс спикері Жармахан Тұяқбай сирек болса да, саяси мәлімдемелер жасап тұрады. Былтыр «Сайлау туралы заң» бекітіліп жатқан кезде ол Азаттыққа:

Жармахан Тұяқбай
Жармахан Тұяқбай

- Биліктің ауысатын кезі жақындап келе жатыр. Президенттің (Нұрсұлтан Назарбаевтың – ред.) ары қарай елді басқаруға мүмкіншілігі де, уақыты да бітуге жақын. Осындай жағдайда бүгінгі билік жүйесін, билік тәртібін, билеуші топты билік басында қалдыруды қамтамасыз ету үшін [билік] барлық әрекетті жасайды, - деген.

Соңғы жылдары елдің саяси-экономикалық өміріндегі маңызды оқиғалар кезінде көп алдында көрінбей қалған ЖСДП былтыр желтоқсанда «АрселорМиттал Теміртау» кеншілерінің ереуілі кезінде, биыл «Сайлау туралы заңға» өзгерістер енгенде билікті сынап мәлімдемелер жариялаған. 2006 жылы құрылған бұл партия Болат Әбілев жетекшілік еткен «Азат» партиясымен бірігіп, кейін қайта бөлініп шыққан еді. Қазақстанда оппозициялық саяси ұйымдардың бір қосылып, бір бөлінуі және бір-біріне айып тағуы сирек жайт емес. 2002 жылы ҚДТ қозғалысынан бір топ саясаткер бөлініп шығып, «Ақ жол» партиясын құрған. Кейін ол партияның өзі «Ақ жол» және «Нағыз Ақ жол» болып екіге жарылған.

Саясаткер, Сенаттың бұрынғы депутаты, «Қазақстанда парламентаризмді дамыту» қорының жетекшісі Зәуреш Баталова – 2000 жылдардың басынан бері оппозиция сапында көзге түскен, талай қосылу мен бөлінуге куә болған саясаткер. 2001 жылы алғашқы ҚДТ қозғалысын ұйымдастырушылардың бірі ретінде танылған Баталова былтыр ЖСДП-ға өтіп, басшы құрамына сайланған. Бірақ биылғы мамыр айында партиядан шығатынын хабарлаған.

Зәуреш Баталова
Зәуреш Баталова

Баталованың айтуынша, Қазақстанда жаңадан пайда болып жатқан саяси күштердің арасында «жалпы билікті сынайтындар да, президенттің өзін сынайтындар да бар».

- Бір-біріне оппозиция болып, күйе жағып, бір-бірін беталды сынауды тоқтату керек. Өз басым оппозиция екенін сөзбен емес, іспен көрсеткендерді ғана бағалаймын, - дейді ол.

Қазақстан оппозициясы жайлы былтырғы талқылау. 13 маусым 2017 жыл

AzattyqLIVE: Қазақстан оппозициясы қандай күйде?
please wait

No media source currently available

0:00 0:41:42 0:00

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев жетекшісі деп саналатын, өзін «халықтық-демократиялық» деп сипаттайтын «Нұр Отан» партиясы қазір парламент мәжілісіндегі 108 орынның 84-ін иеленіп отыр. Өзін «конструктивті оппозиция» деп сипаттайтын «Ақ жол» демократиялық партиясына және оппозициялық Коммунистік партиядан бөлініп шыққан Коммунистік халық партиясына жеті мандаттан тиген.

  • 16x9 Image

    Асылхан МАМАШҰЛЫ

    1973 жылы 22 сәуірде дүниеге келген. 1994 жылы Қорқыт ата атындағы Қызылорда пединститутын бітірген. 1997-2000 жылдары әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің аспирантурасында оқыған. "Қазақ энциклопедиясы" баспасында (2001-2007), республикалық "Ана тілі" газетінде (2007-2009) , "ABDI-press" орталығында (2009-2010) жұмыс істеген. 2011 жылдан Азаттық радиосының тілшісі.

    Тарихи, саяси мәселелер тақырыбында жазады, белгілі тұлғалардың саяси портреттерін жасайды. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG