Accessibility links

"Бақылау бюллетень салуды қараумен шектелмейді". Baqylau жобасы авторларымен сұхбат


Парламент сайлауына дауыс берген сайлаушы. 20 наурыз 2016 жыл. Көрнекі сурет.

Қазақстандағы 2019 жылғы президент сайлауында тәуелсіз бақылаушы болған Бэлла Орынбетова мен Ғалымжан Оразымбет алдағы парламент сайлауында дауыс берудің қадағалануын күшейту мақсатымен Baqylau жобасын бастады. Азаттық екеуінен жобаның не үшін құрылғанын және қалай жұмыс істейтінін сұрады.

Қазақстандағы 2019 жылы 9 маусымда кезектен тыс өткен президент сайлауының алдыңғы сайлаулардан ерекшелігі көп-ақ. Соның бірі – бақылаушылар белсендігі. Кандидаттар үгіт-насихат жұмысын жүргізіп жатқанда, әлеуметтік желілерде бақылаушы болуға үндеген науқан жүрді. Нәтижесінде сайлаудан кейін билік кандидаты бәсекелесінен жеңіліп қалған көптеген учаскенің хаттамалары интернетте тарап кетті. Сарапшылардың айтуынша, бақылаушылар белсендігі ашықтықты аз да болса қамтамасыз етуге ықпал етті. Алайда елдегі бақылаушы мәдениетін қалыптастырумен айналысатынын айтқан Бэлла Орынбетова бақылау ісінде әлі де шикілік көп деген пікірде. Ол осы себепті Baqylau дейтін жобаға кіріскенін мәлімдеп, былтырғы сайлауда өзі секілді тәуелсіз бақылаушы болған Ғалымжан Оразымбетпен Қазақстанның бірнеше аймағын аралап, тәуелсіз бақылаушылар дайындауға кіріспек. Азаттық сұрағына бірінші болып Ғалымжан Оразымбет жауап берді.

Азаттық: Сіздер ұйымдастырып отырған Baqylau жобасы ұйым ба?

Ғалымжан Оразымбет: Baqylau жобасының мақсаты – алда болатын парламент сайлауына тәуелсіз бақылаушылар дайындау. Қазір Қазақстанның он аймағына баруды жоспарлап отырмыз. Тәуелсіз бақылаушы кім, қандай болуы керек, қандай принциптері бар екенін түсіндіреміз. Ең басты сүйенетініміз – [Қазақстанның] "Сайлау туралы" заңы. Бұл заңда тәуелсіз бақылаушылардың міндеттері мен құқықтары көрсетілген. Тәуелсіз бақылаушы сайлауға дейін, сайлау күні және сайлаудан кейін заң аясында не істей алады? Сайлауды қалай бақылай алады? Сапалы бақылау дегеніміз не? Осы мәселелер жөнінде бір күн семинар-тренинг өткіземіз. Мен де, Бэлла да бұған дейінгі сайлауларда тәуелсіз бақылаушы болып жұмыс істегенбіз. Жеке тәжірибеміз бен құқықтық мәселелерді қосып, теориялық-практикалық білім беруді көздейміз. Заңнан бөлек тәуелсіз бақылаушылардың этика кодексі болуы тиіс. Ол – бейтарап болу мәселесі. Тәуелсіз бақылаушы сайлауға қатысып жатқан партияның ешбіріне болыспауға, соның мүддесіне жұмыс істемеуге тиіс.

Азаттық: Тәуелсіз бақылаушы этика кодексінің дайын үлгісі бар ма, әлде өздеріңіз жасайсыздар ма?

Ғалымжан Оразымбет: Тәуелсіз бақылаушының этика кодексі деген дайын құжат жоқ, оны өз тәжірибемізге сүйеніп жасауға тырысамыз. Бақылаушы болғанға дейін де тренингтен өткенбіз, одан кейін де тәжірибе жинадық, бүкіл теориялық-практикалық базамызды қосып, нені білу керек, қандай талаптармен жұмыс істейміз, соны түсіндіреміз. Тәуелсіз бақылаушыларға орталық мемлекеттік органдар, жергілікті әкімдіктер жағынан теріс көзқарас қалыптасып қалған. Семинарларына, ұйымдастыру жұмыстарына кедергі келтіріп жүреді. Біз біреуді біреуге қарсы үгіттеуге немесе жақтас жинау мақсатында бара жатқан жоқпыз, толық бейтарап позицияда оқыту болады.

Бэлла Орынбетова: "Baqylau" жобасынан өзге Baqylau.info деген платформамыз бар. Біз тек алдағы парламент сайлауына ғана емес, жалпы басқа сайлауларға да дайын тәуелсіз бақылаушылар институтын әзірлегіміз келеді. Бізде "бақылау дегеніміз – сайлау күні бюллетеньдердің қалай салынатынын бақылау ғана" деген түсінік бар. Шын мәнісінде бақылаушының рөлі сайлаудан кейін де өте зор. Сайлауға келгендердің санына, бюллетендердің салынуына қарайды да сайлау бітіп, қорытынды шығарған кезде бақылаушылардың белсенділігі күрт басылып, істі мәреге жеткізбейді. Сол үшін Baqylau.info платформасын ашып отырмыз. Бұл платформаға бақылаушылардың өздері тіркеледі де сайлау процесі жайлы өзінде бар мәліметті бөліседі. Сөйтіп біз барлық аймақта сайлау процесі қалай жүріп жатқанын көре аламыз. Барлық хаттаманы сол жерге жүктей алады.

Азаттық: Былтыр, 2019 жылы президент сайлауын бақылағандар қолындағы мәлімет, хаттама, актілерін өздерінің әлеуметтік желідегі парақшасына жариялап жатты. Baqylau.info соны топтастыратын ортақ база рөлін атқара ала ма?

Кезектен тыс президент сайлауына дауыс берген күні Шымкенттегі №152 сайлау учаскесіндегі топталып тасталған бюллетень. 9 маусым 2019 жыл.
Кезектен тыс президент сайлауына дауыс берген күні Шымкенттегі №152 сайлау учаскесіндегі топталып тасталған бюллетень. 9 маусым 2019 жыл.

Бэлла Орынбетова: База рөлін ғана емес, бақылаушылар жұмысын үйлестіру қызметін де атқара алады. Мәселен, қай сайлау учаскесінде тәуелсіз бақылаушы жоғы немесе жетпей жатқаны сол базадан көрінеді. Қай учаскеде бақылаушы бар, қай учаскеде жоғын көріп отырамыз. Сөйтіп барлық учаскені қамтуға тырысамыз. Былтыр президент сайлауында қай учаскеде тәуелсіз бақылаушы барын білген жоқпыз. Әркім өзі барған учаскені ғана көрді.

Азаттық: Басқа елдерде Baqylau.info сияқты сайлау кезінде пайдаланылған платформалар бар ма? Мұндай тәжірибені қайдан көрдіңіздер?

Ғалымжан Оразымбет: Мұндай тәжірибені біз Беларусьтегі сайлаудан да байқадық. Олар "Голос" дейтін үлгісін жасап, соның мәліметтеріне сүйеніп жатыр. Бұрын Грузияда да болған. Сайлаудың балама нәтижесін көрсетіп тұратын база құқық қорғаушыларға да, ақпарат құралдарына да пайдалы. Дауыс беру процесіне байланысты мәліметтерді автоматты түрде шығарып тұрады, бейресми болса да статистикалық мәлімет бере алады.

Бэлла Орынбетова: Алайда мұны экзитполмен шатастыруға болмайды. Мынадай партия немесе кандидат мынанша дауыс алды деген ақпарат берілмейді.

Азаттық: Мұндай жобаның пайда болғанына билік, я болмаса Орталық сайлау комиссиясы қалай қарауы мүмкін?

Ғалымжан Оразымбет: Халықаралық ұйымдар, нақты айтқанда Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы (ЕҚЫҰ) мойындаған бірде-бір сайлауымыз жоқ екенін ескерсек және алдағы сайлауларды да бұрмалаумен өткізгісі келетін болса, онда біздің жобамыз билікке ұнамауы мүмкін. Бірақ тағы да қайталағым келеді, тәуелсіз бақылаушылар жұмысының басты принципі – бейтарап болу. Жеңгеннің, я жеңілгеннің пайдасына статистика шығарып беру емес. Ешқандай кандидаттың мүддесіне жұмыс істемейді, тіпті өзінің жеке пікірін де қоспайды, тек мәлімет қана береді.

Полиция сайлауға наразылық білдірген азаматтарды ұстап жатыр. Алматы, 9 маусым 2019 жыл.
Полиция сайлауға наразылық білдірген азаматтарды ұстап жатыр. Алматы, 9 маусым 2019 жыл.

Азаттық: Былтыр президент сайлауынан кейін тәуелсіз бақылаушылар ұйымы пайда болған сияқты еді, қазір бар ма?

Бэлла Орынбетова: Тәуелсіз бақылаушылар альянсы пайда болған, олар "Референдум" деп аталатын жоба жасап, "Сайлау туралы" заңға өзгеріс енгізу керек деген бастама көтерді, кейін түрлі себеппен аяқсыз қалды.

Азаттық: Сіздер қолға алған жоба қоғамдық ұйымға айнала ма?

Бэлла Орынбетова: Бұл ұйым емес. Бізде МИСК, "Еркіндік қанаты", "Эхо" деген сияқты бақылаушы ұйымдар бар. Біз олардың біріне қосылыңыз деп үгіттемейміз, тек қана бақылаушылар мәдениеті қалыптасқанын қалаймыз. Халықтың белсенділігі күшейіп келеді, саясатқа араласа бастады. Әлеуметтік желіде наразылық көп. Сөзден нақты іске көшудің бір жолы осы – тәуелсіз бақылаушы болу. Сондықтан әлеуметтік белсенділікті нақты бағытта бастағымыз келеді.

Азаттық: Былтыр, 2019 жылы өткен президент сайлауында бақылаушылардың қандай кемшіліктері мен артықшылықтары байқалды?

Ғалымжан Оразымбет: Қазақстан бойынша барлық тәуелсіз бақылаушылар жұмысының нәтижесін сараптайтын орталық болған жоқ. Baqylau.info құрғанымызға да сол себеп болып отыр. Сайлаудан кейін көптеген кемшіліктер болды, ол әр қалада айтылды. Бірақ Қазақстан бойынша барлық хаттама жиналмады. Тәуелсіз бақылаушылар бұрынғыға қарағанда көбейгені рас, бірақ бәрібір аздық етті. Мысалы, мен жұмыс істеген Шымкент қаласындағы тәуелсіз бақылаушылар ұйымында бес-ақ адам болды. Басқа да ұйымдар жұмыс істеді. Бірақ әр ұйым бес-алты адамнан ғана шығара алды.

Бэлла Орынбетова: Тәуелсіз бақылаушылар өз құқықтарын толық пайдаланбады. [Балама кандидат] Әміржан Қосановтың [билік партиясының кандидаты] Қасым-Жомарт Тоқаевты құттықтағанын көрді де, әрі қарай жұмыс істегісі келмей қалды. Өздері көрген заң бұзушылықтар бойынша жаппай шағым түсіруі керек еді. Сотқа шағым өте аз түсті, оның өзін сот қанағаттандырмай тастады.

Азаттық: Былтырғы сайлауда билікті ашық қолдап жүрген тәуелсіз бақылаушылар да болған сияқты.

Бэлла Орынбетова: Ондайлар көп болды. Үкіметтік ұйымдар жанынан құрылған жастар альянстары өздерін тәуелсіз бақылаушымыз деп жүргенін көрдік.

Ғалымжан Оразымбет: Кейбір ұйымдардың бақылаушылары "мені келді деп айта салыңдар" деп, кешке бір-ақ келді. Олар да өздерін тәуелсіз бақылаушы деп санайды.

Сайлауда бақылаушы болудың шарты қандай?

Қазақстанның "Сайлау туралы" заңының 20-1-бабына сәйкес, бақылаушы болып тіркелу үшін саяси партияның, өзге де қоғамдық бірлестіктердің және үкіметтік емес ұйымдардың өкілі болу шарт. 2019 жылғы президент сайлауында тәуелсіз сайлаушылардың көбі қандай да бір қоғамдық бірлестіктің немесе үкіметтік емес ұйымның жазбаша куәландыруымен тіркелді.

Азаттық: Сайлауда бақылаушы болу үшін тәжірибе керек пе?

Ғалымжан Оразымбет: Бақылаушы сайлау сайын тәжірибе жинайды. Алғаш қатысып отырған бақылаушы заңды білуі мүмкін, бірақ заң бұзылған жағдайда қандай әрекет жасайтынын білмей қалатын кездер болады. Міндетті түрде сайлау комиссиясымен кикілжіңге барудың қажеті жоқ, мүмкіндігінше сыпайы, ұстамды болып, ескерту жасап, заңның қай ережесі бұзылғанын көрсетіп, заң аясында жұмыс істеу керек. Бұл да тәжірибемен келеді. Біз осыны үйретеміз.

Азаттық: Тәуелсіз бақылаушының құқығы қандай?

Бэлла Орынбетова: Бақылаушы құқығы заң жүзінде қорғалған деуге болады. Қазақстанның "Сайлау туралы заңы" ғана емес, Қазақстан ратификациялаған халықаралық заңдар бақылаушы құқығын қорғайды. Бізде көбіне бақылаушылар өз құқығын қорғауға біліктілігі жетпей қалатын кездер кездеседі.

Ғалымжан Оразымбет: Тәуелсіз бақылаушы сайлаушылар тізімін көруге, сайлау комиссиясының отырысына қатысуға хақылы. Көшпелі сайлау жәшіктерімен бірге жүруге, сайлау күні сайлау процесі толық көрінетін жағдай жасауды талап етуге хақылы (бақылаушы құқықтарының толық тізімі "Сайлау туралы" заңның 20-1-бабы 2-тармағында келтірілген – ред.). "Жағаласпай әрі отыр" дейтін ойдан шығарылған бұйрықтарға назар аудармау керек. Тәуелсіз бақылаушы мен партиялардың бақылаушы өкілінің құқықтарында айырма жоқ. Бэлламен толық келісемін, теориялық жағынан бақылаушы құқығы жақсы жазылған. Бірақ іс жүзінде басқаша болуы мүмкін.

Азаттық: Сұхбат бергендеріңізге рақмет.

  • 16x9 Image

    Асылхан МАМАШҰЛЫ

    1973 жылы 22 сәуірде дүниеге келген. 1994 жылы Қорқыт ата атындағы Қызылорда пединститутын бітірген. 1997-2000 жылдары әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің аспирантурасында оқыған. "Қазақ энциклопедиясы" баспасында (2001-2007), республикалық "Ана тілі" газетінде (2007-2009) , "ABDI-press" орталығында (2009-2010) жұмыс істеген. 2011 жылдан Азаттық радиосының тілшісі.

    Тарихи, саяси мәселелер тақырыбында жазады, белгілі тұлғалардың саяси портреттерін жасайды. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG