Accessibility links

"Назарбаевтың сүйікті тезисі", "Кітапхана факторы" мен "уақытша адамның синдромы". Досым Сатпаев Тоқаевтың "жолдауы" жайлы


Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев (сол жақта) өкілетін тоқтатқан күні президент қызметіне өзі ұсынған Қасым-Жомарт Тоқаевпен құшақтасып тұр. 20 наурыз 2020 жыл.
Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев (сол жақта) өкілетін тоқтатқан күні президент қызметіне өзі ұсынған Қасым-Жомарт Тоқаевпен құшақтасып тұр. 20 наурыз 2020 жыл.

Саясаттанушы Досым Сәтпаев президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың билікке келгелі екінші рет жариялап отырған халыққа жолдауын талдап, "Қазақстанда наразылық көңіл-күй күшейеді, елдің қоғамдық-саяси өмірінен басқа өзгеріс күтудің қажеті жоқ" деген қорытынды жасады.

Қазақстан президенті бір жарым сағат сөйлеген сөзінде елді коронавирус пандемиясы мен мұнай бағасының төмендеуінен басталған қазіргі дағдарыстан алып шығуға қандай амалдар ұсынатынын мәлімдеді. Тоқаев не "істелуі" керегі жөнінде ұзақ сөйледі: мемлекеттік қызметкерлер санын қысқарту, бірақ жаңа ведомстволар құрып, төтенше жағдайлар министрлігін қалпына келтіру; ауыл әкімдерін сайлау және министрліктердегі "министрлермен тәжікелесіп қалатын" жауапты хатшы қызметін қысқарту; отандық өндіріс пен ауыл шаруашылығын қолдап, экономиканы диверсификациялауды айтты. Қазақстандық саясаттанушы Досым Сәтпаев Азаттыққа берген сұхбатында президент жолдауынан түйген ойын бөлісті.

"КОРОНАВИРУС БАРЛЫҚ ҚҰПИЯНЫ АШТЫ"

Азаттық: Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың елдің дағдарыстан кейінгі даму мақсаты жайлы "жолдауында" "істеу керек" деген сөз жиі кездеседі. Ол бұл сөзді ондаған рет қайталады. Неге президенттік басқару формасындағы мемлекеттің қолында құзыреті мол басшысының сөзі сонша сенімсіз естіледі?

Досым Сәтпаев: Тоқаевтың әлі де саяси Олимп шыңындағы басты ойыншы емесін естен шығармайық. Бұл Ислам Каримовтың өлімінен кейін президент Шавкат Мирзияев елде өзі қожайын екенін көрсете бастаған Өзбекстан емес. Қазақстанда Кітапхана (ресми атауы – "Қазақстанның бірінші президентінің кітапханасы", бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың кеңсесі сол жерде орналасқан – ред.) мен Ақорда деп аталатын екі билік орталығы барын ұмытпау керек. Үшінші билік орталығы да бар, бірақ ол туралы аз айтылады. Ол Кітапхананы да, Ақорданы да кепілге ала алады. Бұл орталық – Қазақстанның бюрократиялық аппараты. Ол мықты, үлкен, тиімсіз және алған бетінен қайтпайды. Оны жұмыс істеуге мәжбүрлеу өте қиын. Назарбаев бұл орталықты жұмыс істете алмады. Бұл шаруа Тоқаевтың да қолынан келмегеніне куә болып отырмыз. Әрине, президент мәлімдемелерінде белгілі бір деңгейде сенімсіздік бар. Өйткені оның жолдауда айтқан ұсыныстарын бұған дейінгі барлық міндетін нашар атқарған дәл осы бюрократиялық аппарат жүзеге асыруы керек.

Саясаттанушы Досым Сәтпаев. Алматы, 5 маусым 2019 жыл.
Саясаттанушы Досым Сәтпаев. Алматы, 5 маусым 2019 жыл.

Азаттық: Бірақ Тоқаев керісінше, үкіметті мақтайды, бұл осы жолғы "жолдауда" да байқалды. Үкімет коронавирус эпидемиясын "еңсерді" деп отыр…

Досым Сәтпаев: Эпидемия, керісінше, осыған дейін жарияланған әдемі мақсат-міндеттері, тапсырмалары бар "жолдаулардың" ешқайсысы жүзеге аспағанын көрсетті. Коронавирус барлық құпияны ашып, бізде не экономика, не тиімді жұмыс істейтін мемлекеттік аппарат, не қор, не медицина жоғын дәлелдеді. Осыған дейінгі жолдауларда аталған салалар бойынша "дамыту", "қаржыландыруды арттыру", "импорттың орнын басатын өндіріс", "бюрократиялық аппаратты қысқарту", "аппаратты халыққа жақын ету" сияқты тапсырмалар берілген, бірақ әлі күнге ештеңе жұмыс істемейді. Қоғам өз алдына – суға батып бара жатқанда ешкім құтқармаған адамның кебінде қалды. Адамдар өзін-өзі құтқара бастады. Бәрі мемлекеттің азаматтарына немқұрайды қарайтынын түсінді. Елде билік болмаған кезді де көрдік: адамдар кімге барарын білмей, жауап беруді талап еткенде, ешкім жауап берген жоқ. Бұл осыған дейінгі "жолдаулардың" шын мәнінде жай ғана әдемі сөз болғанын, елді бәсекеге қабілетті, экономикалық тиімді және саяси бағдары бар мемлекетке айналдырмағанын көрсетеді.

"БӘРІ БАСЫНАН БАСТАҒЫСЫ КЕЛЕДІ"

Азаттық: Facebook-тегі парақшаңызда Тоқаевтың “жолдауы” мен Назарбаевтың бұрынғы мәлімдемелерінің арасында ұқсастық байқағаныңызды жаздыңыз. Ұқсастық неде?

Досым Сәтпаев: Ұқсастық "құру", "қысқарту", "арттыру", "бақылауға алу", "қолдау", "көтеру", "дайындауды тапсырамын", "қамтамасыз ету", "тоқтату", "жөндеу" деген және басшылар жақсы көретін басқа да тіркестерден байқалады. Бұл сөздер өткен жолдаулардан алынып, жаңасына қосылатын сияқты. Міндеті – Қазақстанда президент бәрін бақылауда ұстайды, тапсырма беріп, нақты міндет жүктейді дегенді көрсету. Бірақ ешкім ештеңені бақылауда ұстап отырған жоқ. Қазір елге жолдау керек емес. Түбегейлі өзгерістер мен реформалар керек.

Азаттық: Сіз суреттеген қазіргі жағдайда биліктен мұндайды күту утопия емес пе?

Досым Сәтпаев: Беларусь пен басқа мемлекеттердің үлгісі толықтай бақылау жағдайында ұзақ уақыт шыдап отыру мүмкін емесін көрсетті. Қайткен күнде де қоғамда наразылық көңіл-күй пайда болады. Биыл бұл наразылық тіпті артады. Оған әлеуметтік-экономикалық жағдайлар әсер етеді. Дүниежүзілік банк Қазақстанда 800 мың адам кедей қатарына қосылуы мүмкін деген болжам жасады. Жаңадан! Осынша адам елде бұрыннан бар кедейдің қатарын толықтырады. Үкіметтен жалпы алғанда бес миллионға жуық адам көмек алды. Олар қиын жағдайда отыр. Еңбекке қабілетті адам саны – тоғыз миллион. Сонда Қазақстандағы еңбекке қабілетті азаматтардың жартысынан көбі көмекке мұқтаж. Бұл да дағдарыс, пандемия, карантин, мұнай бағасының төмендеуі, бизнестің жағдайының нашарлауынан биыл да, келесі жылы да наразылық көңіл-күй артатынын көрсетеді.

Азаттық: Ал сіз Тоқаевтың сөзінен наразылық көңіл-күйді азайтуға немесе оған әсер етуге талпыныс байқадыңыз ба?

Досым Сәтпаев: Жоқ, "мына жерде кішкене көбейту", "мына жерде кішкене ұзарту" деген және тағы басқа жалпылама сөздер ғана айтылған. Бірақ "Тағы да бәрі жүзеге аспай қалса, билік не істейді?" деген негізгі сұраққа жауап болмады. Осыған дейінгі бағдарламалардың жүзеге аспай қалғанына жауапты адамдар қайда? Бір де бір тұлға жоқ! Қайдағы бір шартты басшылар мен жекелеген министрлерді алады. Бірақ бүкіл аппарат осылай жұмыс істейді. Ешкім мәселені талдап, жіберілген қателіктерді саралағысы келмейді. Бәрі басынан бастағысы келеді. Осы мақсатқа қайтадан ақша бөліп, көмегі болады деп жаңа құрылымдар құрады.

Қазақстанда жарияланған жолдаудың бәрі биліктің оған дейін істегенін жойып, "Міне, жаңа жолдау, осымен жаңа парақты ашамыз" деуді мақсат көреді. Кешіріңіздер, ал неге сіздер өткен парақтарды оқымайсыздар?

"Жолдау" өзімен-өзі жұмыс істемейді. Ол кімге бағытталған? Халыққа ма? Қазақстандықтардың 90 пайызы жолдауды тыңдамайды деп ойлаймын. Ал тыңдағандар айтылған мақсат-міндеттерге күдікпен қарайды.

Азаттық: Неге?

Қызметке уақытша келген адамның синдромы Қазақстанның мемлекеттік аппаратына жұмыс істеуге кедергі келтіреді. Көп шенеуніктің "осы орнымнан кеткенше" деген оймен ғана отыратыны осыны білдіреді.

Досым Сәтпаев: Халық 30 жыл бойы тыңдап шаршаған. "Жолдауды" сарапшылар, экономистер, Facebook сияқты шағын топ талқылайды. Бюрократиялық аппаратқа келсек, олар жолдауда айтылған бөлімдердің жартысы жүзеге аспайтынын біледі, мұндайға әлдеқашан еті өліп кеткен. Министрлерді, әкімдерді, тіпті, бүгін осы залда отырып, Тоқаевты тыңдағандарды ауыстырады. Қызметке уақытша келген адамның синдромы Қазақстанның мемлекеттік аппаратына жұмыс істеуге кедергі келтіреді. Көп шенеуніктің "осы орнымнан кеткенше" деген оймен ғана отыратыны осыны білдіреді. Оны мемлекеттің мүддесі, ұзақ мерзімді жоспарлар толғандырмайды. Мұндай шенеунікке өте шағын сегмент – өз позициясы ғана қызық.

"ЖҮЗЕГЕ АСПАЙ ҚАЛҒАН ЖОБА ҮШІН ЕШКІМ ЖАУАП БЕРМЕЙДІ"

Азаттық: Тоқаев ауыл әкімдерін сайлау мәселесін көтеріп, бұған "мұқият" қарау керегін айтты. Ол жайлы не ойлайсыз?

Досым Сәтпаев: Әкімдерді сайлау – билікті халыққа жақындатудың бір нұсқасы. Ауыл әкімдерін сайлау идеясын Назарбаев та ұсынған. Мұндай тәжірибе де болған. Ендеше нәтижесі қайда? Билік демократиядан жеңіліп қалды. Содан кейін "Халық демократияға дайын емес" деп шықты. Бұл Назарбаевтың сүйікті тезисі болатын. Тоқаев "Ауыл әкімдерін сайлауға болар еді" дейді, өйткені бұл шешімді әлі келісуі қажет. Бір жағынан, кей мәлімдемесімен қоғамға да ұнауы керек. Бірақ бұл үшін нақты саяси ерік-жігер керегін бәрі түсінеді. Ал Тоқаев саяси еркін әзірге Кітапханамен бөлісіп отыр. Бұл ерте ме, кеш пе, бітеді. Мүмкін сол кезде Тоқаев өзгерістерді қалап, оны жүзеге асыруға мүмкіндік те туатын шығар. [Бірақ] Кітапхана факторы болмаған күннің өзінде бюрократиялық аппарат факторы қалады.

Азаттық: Тоқаев жыл соңына дейін министрліктегі жауапты хатшы институтын алып тастауды ұсынды. Бұл нені білдіреді?

Досым Сәтпаев: Бұл біздің басшылардың қызу жұмыс жасап жатқандай кейіп танытқанды жақсы көретінін тағы да бір рет дәлелдейді. Бір кездері жауапты хатшы қызметін реформаторлық ұсыныс сияқты таныстырған: "Міне, ақырында сабақтастық та пайда болды. Ол [жауапты хатшы] министрлікке қандай басшы келсе де, орнында қала береді" деп айтылды. Енді бұл жұмыс істемейді деген байламға келіп отыр.

Азаттық: Жауапты хатшылар "министрлермен кикілжіңге келеді екен"…

Досым Сатпаев: Иә. "Оларды бүгін алып тастау керек". Ертең тағы бірнәрсе ойлап табады. Жақсы, ал бұл идея үшін кім жауап береді? Осы идеяны да біреу ұсынды ғой. Ол кім? Бұл адамдар қайда? Жым-жырт қалды! "Ойнап көрдік, енді болды" дегенге саяды. Бұл баланың ойынына ұқсайды. Есеп қайда? Біз бұдан не жоғалттық? Жүзеге аспай қалған жобалар үшін ешкім жауап бермейді.

"АҚШАНЫ ВАГОНЫМЕН ЖЫМҚЫРАТЫНДАР" МЕН "ӘЛСІЗ ОЙЫНШЫЛАР"

Азаттық: Тоқаев жемқорлық бабы бойынша түрмеге жабылғандар енді мерзімінен бұрын босатылмайтынын айтты. Жемқорлықпен күрестің мұндай әдісі қаншалықты тиімді деп ойлайсыз?

Досым Сәтпаев: Бұл тек жартыкеш шара, шешімнің бір бөлігі ғана. Біріншіден, сотқа тек жемқорлар ғана тартылмайды. Мәселе кімнің түрмеде отырғанында емес, заңның "Мынаны отырғызуға болады" деп, таңдап жұмыс істейтінінде болып отыр. Адамды түрмеге көп пара алғаны үшін емес, әлсіз ойыншы болып шыққаны үшін отырғызады. Одан әлдеқайда мықты ойыншылар вагонымен ақша жымқырып, әлі күнге бостандықта тайраңдап жүр. Қазақстанда жемқорлықпен күрес жүйелі емес, жекелеген адамдарға ғана бағытталған. Бұл үнемі элитааралық қақтығыстардың нәтижесі болады.

Азаттық: Алдыңғы жолдауда елде саяси реформа жүргізу туралы көп уәде беріліп еді. Бұл жолы Тоқаев бұл тақырыпты қозғамады…

Досым Сәтпаев: Бұл жолдауда саяси бағыт бойынша ештеңе көріп отырған жоқпыз. Жолдауда жергілікті бірлесіп басқару туралы аз ғана айтылды. Бірақ бұл қызық көрінді. Қазақстанда жергілікті бірлесіп басқару институттары пайда болуы үшін жаңа заң қабылдануы керек деп барлық жерде үнемі айтып жүремін. Жолдаудан не көрдік? Ол "Нұр Отан" басымдыққа ие партиялық тізім бойынша құрылатын мәслихаттарды модернизациядан өткізу керегін айтты. Онлайн-трансляциялар болғанынан не пайда?! Адамдар бәрібір мәслихат жұмысына ықпал ете алмайды.

Азаттық: Бұл Тоқаевтың екінші жолдауы. Біріншісін бір жыл бұрын жариялады. Былтырғы мәлімдемелер туралы қазір не айтуға болады?

Досым Сәтпаев: "Жолдау" байланыс формасы ретінде – ескірген әдіс деп білемін. Экономикалық тұрғыдан жақсы дамыған елдердің көбінде мемлекет басшысы немесе үкімет жыл сайын жолдау жарияламайды. Неге? Өйткені адамдарға құр сөз бен уәде керек емес. Оларға күн сайын немесе жыл сайын өмір сүру деңгейі, сапасы мен жалақысы артқанын көру маңызды. Адамдар жолдаулардан шаршады. Өйткені оның жартысы осыған дейін айтылған мәселелерді қайталаудан тұрады. Мысалы, Тоқаевтың қазіргі жолдауын алайық.

Ол "2021 жылға дейін мемлекеттік аппаратты 20 пайызға қысқартқымыз келеді" деп айтты. Бір кезде Назарбаев "30 пайызға қысқарту керек" деген. Одан не шықты? Мемлекеттік аппарат қысқарған жоқ, тіпті бұрынғыға қоса жаңа министрліктер пайда болды.

"ЖАЗАЛАУШЫ, РЕПРЕССИВТІ МЕХАНИЗМ ӨЗГЕРГЕН ЖОҚ"

Азаттық: Ал екі жолдаудың айырмашылығы неде?

Досым Сатпаев: Бұл жолдаулар әртүрлі жағдайда жарияланды. Былтыр экономикалық даму туралы оптимистік мәлімдемелер жасалды. Бірақ биылғы жыл мұнай бағасының төмен болуынан біздің әлеуметтік, экономикалық, өндірістік сияқты барлық сала бойынша дағдарыста екенімізді анық көрсетті. Мемлекет жұмыссыздық пен кедейлік деңгейі артып, қарыз көбейетін кезеңге кіріп келе жатыр. Дағдарыс енді басталды. Келесі жыл да дағдарыста өтеді. Саяси салаға келсек, былтыр Тоқаев жүзеге асыратын реформалар пакеті туралы айтқан. Нәтижесінде не болды? Қабылданған заңдар жүйені өзгерткен жоқ. Иә, партияны тіркеуге қажет міндетті мүше санын қысқартты. Бірақ тіркеу процесі бақылауда қалып отыр. Партия тіркету әлі де қиын.

Азаттық:Елде енді митинг ұйымдастыруда "ескерту тәртібі" қолданылады ғой…

Досым Сатпаев: Бірақ бұл өтірік қой. Қайткен күнде де белгілі бір рұқсат алу керек, митингіні қалаған жерде өткізе алмайсың. Мұны "тізгінді ұзарту" деп атаймын. Бірақ шылбырды біржола сыпырып тастаған жоқ. Ол әлі де биліктің қолында. "Жала жабу" бабын (заң 2020 жылы маусымда қабылданды – ред.) декриминализациялауға келсек, иә, бұл бапты алып тастады. Бірақ сотқа тартуға мүмкіндік беретін басқа баптар қалды ғой. [Азаматтық белсенді] Әлнұр Ильяшевті "көрінеу жалған ақпарат тарату" бабымен жауапқа тартып, үш жылға шартты жаза кесті. Бұл Тоқаевтың тұсында болды. "Араздық туғызу" туралы 174-бап қалды.

Яғни, жазалаушы, репрессия механизмі өзгерген жоқ. Бұл үлкен мәселе. Тоқаевтың басты міндеті қандай еді? Президент сайлауынан кейін туған, жаппай наразылықтарға себеп болған әлеуметтік шиеленісті азайту болған. Бірнәрсе өзгертемін деп уәде бергені бар. Бірақ мемлекеттік аппарат өзгеріс жасауға мүмкіндік бермейтіні белгілі еді. Кітапхана мұндайға жол бермейді. Элитаның өзіне реформа керек. Оған қоғамның алдындағы легитимдігін арттыру үшін қандай да бір уәде беру керек болды. Сондықтан саяси реформалар жүргіземін деді. Элитаның алдындағы легитимдігін арттыру үшін ештеңе өзгертпеу керек. Осы жерде екі легитимдік қақтығысты. Ол екеуін тең ұстауға тырысты. Одан не шықты? Ештеңе.

"МЕМЛЕКЕТ БӨЛІСКІСІ КЕЛМЕЙДІ"

Азаттық: Сіз әлеуметтік желіге: "Билік пен қоғамның арасына (саяси және әлеуметтік-экономикалық реформалар негізінде) жаңа қоғамдық келісім керек. Сонда азаматтар саяси жүйе тиімді жұмыс істеген жағдайда ғана, оған оң көзқараспен қарайтын болады" деп жаздыңыз. Ұлттық қоғамдық келісім кеңесі дәл осы мақсатта құрылды деп айтылған еді…

Досым Сәтпаев: Ұлттық қоғамдық келісім кеңесін құру – Тоқаевтың саяси технологиясының бір бөлігі. Былтыр оған бірнәрсе ұсынып, қоғаммен байланыс арнасын құрып жатқанын көрсету керек болды. Бұл құрылым туралы көп айтылғанымен, оның нәтижесі аз. Маған Ұлттық қоғамдық келісім кеңесін Назарбаевтың тұсындағы белгілі бір шешімдерді мақұлдап отыратын халық Ассамблеясына айналдырып жібергендей көрінді. Ұлттық қоғамдық келісім кеңесі Тоқаевтың шешімдерін, оның халықтың емес, биліктің мүддесін ескеріп жасалған "реформа" пакетін мақұлдайды. Елге жаңа ұлттық кеңестер емес, жаңа бір палаталы парламент пен бір мандатпен өтетін парламент сайлауы керек.​

Президент Тоқаевтың екінші жолдауына қоғам реакциясы

"Тоқаевтың идеясын жемқорлық пен мүдделер тұншықтырады". Жолдауға реакция
please wait

No media source currently available

0:00 0:05:13 0:00

Азаттық: Тоқаев дағдарыс кезінде айтылуы керек қандай ұсыныстарды елеусіз қалдырды деп ойлайсыз?

Досым Сәтпаев: Әлеуметтік-экономикалық бөлімдер болмады. Экономикалық жағдай жақсармайынша, кез келген салық түрінің өсуіне мораторий жариялау керек еді. Тағы бір маңызды дүние – базалық табыс. 42500 теңгені мемлекет халықтың әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған топтарына ай сайын бір жыл бойы төлесе болар еді. Бұған Астанадағы LRT (жеңі рельсті көлік жүйесінің жобасы) жобасына жұмсалғаннан аз ақша кетеді. Не үшін? Мемлекет осы арқылы тұтынушы сұранысына қолдау көрсетеді. Адамдарда ақша болмайынша, бизнес те жұмыс істемейді. Халықты қолдау керек. Мұндай шара Канада, Финляндия, Иранда жасалды. Африка мен Азияның бірқатар елінде базалық табыс төлеу тәжірибесі бар. Бұл халықтың әлеуметтік тұрғыдан аз қорғалған топтарының өмір сапасын арттырады. Мұндай нәрсе айтылған жоқ. Мемлекет бөліскісі келмейді.

Азаттық: Сұхбатыңызға рақмет.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG