Accessibility links

"Мемлекет аяқ-қолы байлаулы күйде отыр". Қазақстан індетпен күрестің "нашар үлгісіне" қалай айналды?


Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен президент әкімшілігінің қызметкерлері коронавирус құрбандарын еске алуға арналған ұлттық аза тұту күні Ақорда алдында. Нұр-Сұлтан, 13 шілде, 2020 жыл.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен президент әкімшілігінің қызметкерлері коронавирус құрбандарын еске алуға арналған ұлттық аза тұту күні Ақорда алдында. Нұр-Сұлтан, 13 шілде, 2020 жыл.

Батыс басылымдары Қазақстанды бүкіл әлемге коронавируспен қалай күресуге болмайтынын көрсеткен "нашар үлгі" деп атады. Ақпарат құралдары пандемия кезінде елдегі экономикалық жағдай нашарлап, саяси еркіндік азайғанына назар аударды. Америкалық басылым Қазақстанның шағын қаласынан шыққан ди-джей туралы мақала жариялады.

ПАНДЕМИЯ БИЛІКТІҢ ӘЛСІЗДІГІН КӨРСЕТТІ

Осы аптада австралиялық Conversation басылымы "Екі ай бұрын Орталық Азия мемлекеттері үшін коронавируспен күрестің жарқын үлгісі деп аталған Қазақстан енді COVID-пен қалай жұмыс істеуге болмайтынын көрсеткен "нашар үлгіге" айналды" деп жазды. Қазақстанда төтенше жағдай режимі алынған мамырдың ортасында елде коронавирус жұққан науқастар саны бес мыңнан астам болса, қазір бұл көрсеткіш 69 мыңға жетті. Коронавирустан болған өлімнің нақты саны белгісіз: ресми дерек бойынша, вирустан 464 адам қайтыс болған, бірақ бұл дерекке ағзасынан коронавирус анықталса да, билік өлім себебі басқа аурудан болды деп көрсеткен адамдар және жаз басында өршіп, екі мыңнан астам адамның өмірін қиған пневмониямен ауырған науқастар кірмейді.

Conversation басылымы Қазақстан коронавирус өршіген тұста екінші рет жалпыұлттық карантин жариялаған әлемдегі бірінші мемлекет болғанын атап өтті. Мақалада қазақстандықтардың ауруханалардың лық толып, тест тапсыруға мүмкіндік болмағанынан, зертханалар мен дәріханалардың алдында ұзын-сонар кезек түзіліп, дәрі-дәрмектің тапшылыққа айналғанына өте көп шағым түскені жазылған.

Дәрі-дәрмектер қара нарықта әлдеқайда қымбат бағада сатыла бастады. Пандемия жаңа басталған кезде Қазақстан АҚШ, Қытай және Ресейден халықаралық гуманитарлық көмек алды. Мақалада "Қазір әлеуметтік желілерде дәріханадан алынған, сыртына елге гуманитарлық көмек аясында берілген препаратты сатуға болмайтыны туралы ескерту қағазы жапсырылып, мөр басылған дәрілердің суреті қаптап жүр" деген жолдар бар.

"Қазақстан билігі ешқашан коммуникация жағынан мықты болған емес. Пандемия өршіп, азаматтар аурудан көз жұмған жақындарын жоқтап жатқанда, 6 шілде күні Нұр-Сұлтан қаласында "ұлт көшбасшысы" ретінде танымал Нұрсұлтан Назарбаевтың 80 жасқа толуымен тұспа-тұс келген астана күніне орай онлайн-концерттер мен отшашулар өтті. Ресми билік өкілдері осы арқылы медициналық қызметкерлердің көңілін көтергісі келгенін мәлімдеді", – деп жазады The Conversation.

Қоғамның қатаң сынына жауап ретінде үкімет 13 шілдені "COVID-19 құрбандарын жалпыұлттық аза тұту күні" деп белгіледі. Үкіметтің қоғам алдында қатесін мойындауы – сирек кездесетін құбылыс. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Токқаев шілденің соңына қарай елдегі жағдай жақсармаса, министрлер кабинеті таратылуы мүмкін екенін айтты.

Флешмоб, салюттің салқыны. Қазақстан коронавирус құрбандарын аза тұтты:

The Conversation мақаласын "Пандемия жемқорлыққа, протекцияға және саясаткерлерге жеке адалдық танытуға құрылған үкіметтің әлсіз тұстарын ашып көрсетті. Елді тиімді жұмыс істейтін мықты мемлекеттік институттарға, фактілер мен мемлекеттік есеп негізінде шешім қабылдауға мұқтаж ететін мына дағдарыста Қазақстан аяқ-қолы байлаулы күйде отыр. Өйткені авторитарлы билікте жоғарыда аталған қасиеттердің бір де бірі жоқ” деп түйіндейді.

СТАТИСТИКА МЕН ШЫНАЙЫ ӨМІР АРАСЫНДАҒЫ "ЖЕР МЕН КӨКТЕЙ АЙЫРМАШЫЛЫҚ"

Британдық Financial Times газеті Орталық Азияда коронавируспен ауырған науқастар санының көбейгені туралы жазды. "Орталық Азия елдері ауру саны артқан тұста экономикалық соққы болар деп қауіптеніп отыр" деген мақалада қазіргі жағдайдан "карантинді ерте алып тастаудың қауіптілігі" көрініп, денсаулық сақтау жүйесіне шектен тыс салмақ түскені айтылады.

Қазақстанда дәрілік заттар тапшылығынан адамдар дәріханалардың алдында бірнеше сағаттап кезекте тұрды. Денсаулық сақтау министрлігі пандемиямен күреске мың дәрігер жетпейтінін айтып, есеп жүргізу қиындығын мойындап, өлімге қатысты статистикалық деректерді аптасына бір рет жариялауға көшті" деп жазады Financial Times.

Дәріхана алдындағы кезек. Алматы, 29 маусым 2020 жыл.
Дәріхана алдындағы кезек. Алматы, 29 маусым 2020 жыл.

"Ресми статистика мен шынайы өмірдегі жағдайдың арасында жер мен көктей айырмашылық бар. Біз инфекция жұққан осынша науқасты қабылдауға дайын болмадық" дейді Нұр-Сұлтандағы жекеменшік емханалар желісінің директоры Лейла Ишбаева.

Аурудың таралу аумағы әлдеқайда кең болуы мүмкін деген болжамдардың айтылуына тест нәтижесінде ағзасынан COVID-19 вирусы анықталмаған азаматтардың арасында пневмонияның өршуі себеп болып отыр. Мақала авторы өткен аптада денсаулық сақтау министрлігінің ауруханада пневмонияға шалдыққан мыңдаған адам жатқанын айтып, Қытай елшілігінің "елде коронавирустан да үлкен өлім қаупін туғызатын, жаңа "белгісіз пневмония" тарап жатыр" деген хабарын жоққа шығарғанын атап өткен.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Қазақстандағы пневмония диагнозы дұрыс анықталмаған коронавирустық инфекция болуы мүмкін екенін айтқан. 17 шілдеде Қазақстанның денсаулық сақтау министрлігі дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымымен кеңескеннен кейін ПЦР тест нәтижесінде ағзасынан коронавирус анықталмаған, бірақ белгілері осы ауруға ұқсайтын пневмония жағдайларын COVID-19 статистикасына қосатынын айтты. Бұған дейін бірқатар қазақстандық дәрігер шығу себебі белгісіз, жаз мезгіліне тән емес пневмонияны "коронавирустың салдары" деп атап, министрлікті "статистикамен ойнауын доғаруға" шақырған.

"Бір аптада 415 адам көз жұмған". Дәрігерлер пневмонияның өршуіне коронавирус себеп дейді:

COVID-19 АТЫН ЖАМЫЛЫП, БАҚЫЛАУДЫ КҮШЕЙТУ

Америкалық World Politics Review журналындағы "Орталық Азиядағы полицей мемлекеттер COVID-19 атын жамылып, белсенділік таныта бастады" деген мақалада авторитарлы биліктің пандемия кезінде халықты қатаң бақылауға алу мүмкіндігін қалай пайдаланып отырғаны сипатталған.

Басылымның жазуынша, Қазақстанның ішкі істер министрлігі "Сергек" деп аталатын бақылау жүйесін пандемияға қарсы шектеулердің орындалуын қадағалау үшін пайдалана бастаған.

"Бір азамат карантинді бұзса, адамның тұр-тұлғасын ажырату технологиясымен жабдықталған қытайлық бейнебақылау камералары жергілікті соттарға бұл туралы дәлел ұсына алады. Ал Қазақстанда қолданылатын екі қосымшаның геолокациясы қажет кезде қосылып, адамның өз үйінен 30 не 100 метрге ұзап шыққан-шықпағанын тексеруге мүмкіндік береді. Елдегі екі айға созылған төтенше жағдай режимі аяқталған 11 мамырға дейін Алматыда 2424 адам, ал Нұр-Сұлтанда 3347 адам карантин ережесін бұзды деп айыпталған" дейді World Politics Review.

"Сергек" 2020 жылдың басынан бері жұмыс істейді. Бір ғана Алматының өзінде бүкіл қала аумағына екі мыңнан астам камера қойылған. Қайшылыққа толы бұл жоба – "президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қытайдың үлгісін пайдаланып, әр азаматты жеке аңдуға мүмкіндік беретін ұлттық бақылау жүйесін құру туралы бастамасының бір бөлігі". 2019 жылы қазанда Қытайға жасаған алғашқы ресми сапарынан кейін Тоқаев қол астындағыларға Қытайдың цифровизация саласындағы "тәжірибесін" үйренуді тапсырған, президенттің бұл сөзі интернетте сынға ұшыраған" деп жазған World Politics Review Тоқаевтың Қытай билігі жаппай полицей мемлекет орнатып, миллионға жуық этникалық ұйғырды лагерьлерге жапқан Шыңжаң өңірін мақтағанын еске салады.

Мақалада "Тоқаев Қазақстанды ұзақ жылдар бойы басқарған, елге адамның түр-тұлғасын ажырату және деректерді өңдеу технологияларын енгізу үшін Қытайдың көмегіне бірінші болып жүгінген өзінен бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың ізін жалғап отыр" делінген.

"Сергек" жобасына құрал-жабдықты қытайлық Hikvision компаниясы жеткізеді. Бұл компания Шыңжаңдағы ұйғыр, қазақ және өзге де түркітілдес халықтарды қудалау мақсатында аңду жүйесін құруға қатысқаны үшін АҚШ-тың санкциясына ілінген. World Politics Review дерегінше, санкция тізіміне кірген тағы бір қытайлық Dahua технологиялық компаниясы елдің видеобақылау саласындағы мүмкіндігін арттыру міндетін мойнына алған қазақстандық Korkem Telecom компаниясының негізгі серіктесі саналады.

Үкімет пен билеуші партияның коронавирус дағдарысына реакциясын сынаған жазбалары үшін үш жылға бостандығы шектеліп, бес жылға дейін қоғамдық қызметпен айналысуына тыйым салынған алматылық белсенді Әлнұр Ильяшевтың ісіне тоқталған World Politics Review "Билік COVID-19 пандемиясын өзін сынаушы азаматтардың аузын жабу үшін де пайдаланды. Көп жағдайда бұған бақылау жүргізуге арналған инфрақұрылым көмектескен. Ресми дерек бойынша, билік өкілдері бүкіл Орталық Азия аумағында кемі 300 адамды жалған ақпарат таратқаны үшін ұстаған. Олардың басым бөлігін журналистер мен оппозиция белсенділері құрайды" деп жазды.

World Politics Review материалын "Бұл репрессиялар тиімді. Өйткені Орталық Азия мемлекеттерінің билігі көп жылдан бері бақылау жүргізу саласындағы әлеуетін арттырып келеді. Енді пандемия билікке жаңа технологияларын жаппай тексерістен өткізуге мүмкіндік беріп отыр. Бұл оларға болашақта болатын толқулар мен тұрақсыз жағдайға дайындалуға көмектеседі. Орталық Азия аумағында жақсы күндердің өзінде саяси бостандық үшін қолайлы жағдай болмаған, ал COVID-19 пандемиясының нәтижесінде бұл еркіндік бұрынғыдан да қатты шектеліп отыр" деп қорытындылайды.

ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ЖІГІТТІҢ БАТЫС ЕЛДЕРІНДЕГІ ЖЕТІСТІГІ

Америкалық New York Times газетінде ""Раушандар" әнінен хит жасаған 19 жастағы қазақстандықпен таңыс болыңыздар" деген мақала шықты. Онда Павлодар облысының Ақсу қаласында тұратын Иманбек Зейкенов деген жігіттің хикаясы баяндалған. Ол америкалық рэпер Saint Jhn-ның "Раушандар" әніне ремикс жасап, танымал болған. Иманбек жасаған ремикс U.S. Billboard Hot 100 чартында 5-орын, ал Ұлыбританияның музыкалық чартында 1-орын алған.

"Ол колледжде темір жол мамандығы бойынша білім алып жүрген. Былтыр желтоқсанға дейін жергілікті вокзалда жұмыс істеген. Бірақ 2019 жылы жазда америкалық рэпер Saint Jhn-ның Roses әнін естігеннен кейін бәрі өзгерген. Иманбек осы әнге жасаған ремиксін ресейлік әлеуметтік желілерге салған. Бірнеше айдан кейін поп-жұлдызға айналғанын естігенде таңғалған" деп жазады New York Times.

Иманбек газетке берген сұхбатында ремиксті автордың рұқсатынсыз жасағанын айтады. "Не істерімді, мұны қалай түзетерімді білмедім, сондықтан жай ғана желіге салып жібердім" дейді ол. Бірнеше айдан кейін музыкалық білімі жоқ қазақстандық жігіттің туындысы батыста танымал болды.

Былтыр тамыздың соңында Иманбек ресейлік Effective Records лейблымен шартқа отырып, ремиксті ресми шығару үшін Saint Jhn-мен келісім жасады. 2019 жылдың соңында шығармашылығы табыс әкеле бастағанда Иманбек вокзалдағы жұмысынан кеткен.

"Әзірге ол 10 жылдан бері пайдаланып жүрген ноутбугында FL Studio көшірмесін қолданып, музыка дайындайды. Иманбек жаңадан алған заттардың ішінде лейбл берген құлаққап ғана бар. Оның танымал екенін электронды почта, WhatsApp мессенджері мен Instagram желісіне әртүрлі әртістерден келген әріптестік орнату туралы ұсыныс хаттар ғана еске салады. Иманбек әр хатты менеджеріне жібермес бұрын экран бетін скриндеп, естелікке сақтап алады" деп жазады New York Times.

Иманбек "бір хиттың ғана жұлдызы" болып қалып қоймайтынын дәлелдеу үшін көп еңбектенуі керегін айтады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG