Цойдың сөзінен шыққан дерек. Елде шілдеде 135 мың пневмония тіркеліп, 1555 адам осы дерттен көз жұмды

Науқастар жатқан спорт залдағы аурухана. Көрнекі сурет.
Науқастар жатқан спорт залдағы аурухана. Көрнекі сурет.

Қазақстан денсаулық сақтау министрі Алексей Цойдың шілденің басынан бері айтқан пневмония статистикасындағы деректерге сүйенсек, елде шілденің 15 күнінде 1555 адам пневмониядан көз жұмған. Азаттық министрдің шілденің басындағы және 17 шілде күнгі статистикасына үңіліп көрді.

Қазақстан денсаулық сақтау министрі Алексей Цой елде 1 қаңтар мен 15 шілде аралығында 234 мың 187 адам пневмония тіркелгенін хабарлады. Министрдің мәліметінше, осы аралықта індеттен 3327 адам қайтыс болған.

2 шілде күні денсаулық сақтау министрі биыл 1 қаңтар мен 30 маусымда 98 546 адамның пневмонияға шалдыққанын, 1772 адамның осы дерттен қайтыс болғанын мәлімдеген.

Егер 1 қаңтар – 30 маусымда 1772 адам көз жұмса, ал 1 қаңтар – 15 шілдеде 3327 адам қайтыс болса, министрдің айтқанынан шығатын қорытынды – шілденің алғашқы 15 күнінде Қазақстанда 1555 адам пневмониядан қайтқан.

Министрдің сөзіндегі статистика бойынша, 1 қаңтар – 30 маусымда 98 546 адам пневмониямен ауырған. Ал 1 қаңтар – 15 шілдеде 234 мың 187 адам пневмонияға шалдыққан. Демек, шілденің бірінші жартысында-ақ Қазақстанда 135 мың 641 адам пневмониямен сырқаттанған.

Министрдің өзі айтқан дерегінен кейін, Қазақстанда шілдеден бері орта есеппен күніне 9000 мың адам пневмонияға шалдығып, 103 адам көз жұмған.

ЖАҢА ЕСЕПТЕУ ЖҮЙЕСІ

Цой 17 шілде күнгі брифингте Қазақстан билігі 1 тамыздан бастап анализінен коронавирус табылмаған, бірақ клиникалық белгілері бойынша коронавирусқа ұқсас пневмония мен COVID-19 статистикасын бірге есептейтінін жариялады.

Цойдың сөзінше, Қазақстан Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Еуропа аймағы бойынша бюросымен ақылдаса келе пневмония мен коронавирусты бірге есептеу туралы шешімін қабылдаған. Қазақстан билігі 1 тамызға дейін жаңа есеп жүргізуге “дайындалып алмақ”.

Алексей Цой, денсаулық сақтау министрі.
Алексей Цой, денсаулық сақтау министрі.

Бұдан бөлек, министр мен ДДСҰ Еуропа аймағы бойынша бюросының төтенше жағдайлар бойынша аймақтық директоры Дорит Ницман статистиканы бірге есептеу басталғанда Қазақстанда коронавирус инфекциясын жұқтырғандар мен қайтыс болғандар статистикасы күрт өсетінін ескертті.

"Бұл - маңызды қадам. Есептеу басталғанда статистика өте қатты өседі. Бұл елде індетке шалдыққандар күрт өсті дегенді білдірмейді. Ескі базадағы COVID-19 індеті болуы мүмкін деректер статистикаға енгізіледі" деді брифингке онлайн қатысқан Ницман.

Қазақстанда маусымнан бастап коронавирус індетімен қатар пневмония да өршіген. Денсаулық сақтау министрлігі пневмонияға шалдыққандардың көбінің анализінен коронавирус табылмағанын, бірақ сипмтомдары бойынша COVID-19 дертіне ұқсас екенін айтқан. Сол себепті анализінен коронавирус табылмаған пневмония науқастарын COVID-19 хаттамасымен емдей бастаған.

16 шілдеде Қазақстан президенті Тоқаев халықаралық басылымдардағы ақпараттардан соң үкіметке "коронавирус пен пневмония статистикасын біріздендіруді" тапсырған.

Өткен аптада Қытайдың Қазақстандағы елшілігі осы елде жүрген азаматтарына ақпарат таратып, Қазақстанда "белгісіз" пневмония барын айтқан. Әлем басылымдары осы туралы жарыса жазып, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Қазақстандағы пневмония ахуалы жөнінде пікір білдірді. Ұйым елдегі пневмония жағдайлары коронавирус болуы мүмкін екенін айтты.

Зертханалық талдау коронавирусты көрсетпеген пневмония жағдайлары Қазақстанның көршісі Қырғызстанда да күрт артқан. 16 шілдеде Қырғызстан вице-премьері Аида Смаилова үкіметтің пневмонияны коронавирус деп санауға көшкенін хабарлаған.

Денсаулық сақтау министрлігінің ресми статистикасына сай, елде 66 мың адамнан коронавирус табылған. 40 мыңнан астам науқас дерттен айықты. 26 мыңдай адам емделіп жатыр. 464 адам қайтыс болды.

Коронавирус жұқтырған марқұмдардың статистикасының да көп тұсы анық емес. Министрлік анализінен коронавирус табылған жүзден астам марқұмды "өліміне басқа дерт себеп болды" деп COVID-19 статистикасына қоспай отыр. Коронавирус жұқтырған марқұмдардың есебін жүргізу өзгерер-өзгермесі белгісіз.

"Денсаулық жүйесінде коллапс". Қазақстан коронавирус пен пневмонияны бірге есептейді

No media source currently available

​
XS
SM
MD
LG