Accessibility links

"Өлім қаупі жоғары қазақстандық пневмония". Індет қайдан шықты және қашан жойылады?


COVID-19 инфекциясына анализ тапсыру пунткі. Алматы, 5 шілде 2020 жыл.

Қазақстанның COVID-19 статистикасы мен оны әзірлеу ерекшелігі шетелдік БАҚ назарына санаулы күнде екінші рет ілінді. Бұл жолы ақпараттық шуға Қытай елшілігінің Қазақстандағы азаматтарына арналған ескертуі себеп болды. Онда Қазақстанда “COVID-19 вирусымен салыстырғанда әлдеқайда көп адамның өліміне әкеп соғатын” “белгісіз пневмония” бар деп жазылған. Елшіліктің бұл хабарламасы Қазақстандағы эпидемиолиялық ахуалға және ресми статистикаға деген сұрақты көбейтті.

“АБАЙЛАҢЫЗДАР, БЕЛГІСІЗ ПНЕВМОНИЯ!”

9 шілде күні Қытайдың Қазақстандағы елшілігі осы елде жүрген азаматтарына хабарлама таратты. Онда дипломатиялық өкілдік Қазақстанда “белгісіз пневмония” тарап жатқанын айтып, азаматтарын ел территориясында сақ жүруге шақырған. Хабарлама мәтініне сәйкес, “белгісіз пневмониядан” зардап шеккендер қатарында Қытай азаматтары да болған.

Гонконгтің South China Morning Post басылымы елшілік жариялаған мәтіннен: “Бұл аурудан болатын өлім көрсеткіші жаңа коронавирустан әлдеқайда жоғары. Елдегі денсаулық сақтау департаменттері пневмония туғызатын вирусты салыстырмалы зерттеуден өткізіп жатыр, бірақ әзірге [оны] анықтаған жоқ” деген үзінді жариялады. Газет елшіліктің қытай тіліндегі үндеуі туралы алғашқылардың бірі болып жазды.

Қазақстан үкіметі Қытай елшілігінің “өлтіру қаупі жоғары” ауру туралы ақпаратын терістеді. Қазақстан билігінің мәлімдемесінде бұл ақпаратты алғаш таратқан Қытай елшілігі туралы ештеңе айтылмаған.

Нұр-Сұлтан мәлімдемесінен кейін 10 шілде күні дипломатиялық өкілдік сайтына қытай тіліндегі тағы бір хабарлама шықты. Онда Қытай елшісі Чжан Сяо Қазақстанның денсаулық сақтау министрі Алексей Цоймен телефон арқылы сөйлескені жазылған. Мәтінде тараптар “қос мемлекет арасындағы қоғамдық денсаулық сақтау мен медициналық әріптестік саласындағы жоғары нәтижені” талқылағаны, Цойдың “Қазақстандағы эпидемияға қарсы жұмысқа белсенді қолдау көрсеткені үшін Қытайға алғыс білдіргені” айтылады.

Сонымен қатар елшіліктің бастапқы ескерту мәтіні де өңделген. Мәтінде алғашқы нұсқадағыдай Қазақстандағы пневмонияның “қайдан шыққаны белгісіз” деген сөздер жоқ. Онда елде аталған респираторлық ауру өршіп тұрғаны хабарланып, Қытай азаматтарына мұндай жағдайда өзін қалай ұстау керегі жөнінде кеңестер қамтылған.

БЕЛГІЛІ ПНЕВМОНИЯ МА?

Қазақстанда вирустық пневмония тарағаны жөнінде 20 маусымнан бастап белгілі болды. Өңірлерден осындай диагнозбен ауруханаға түскен науқастар саны бірнеше есе артқаны, жедел-жәрдем шақыру көбейгені, өлім санының артқаны туралы әртүрлі ақпарат түсе бастады. Тест нәтижесінде мұндай науқастардан COVID-19 вирусы табылмағаны айтылды.

Пневмония эпидемиясын ресми мойындаған билік оны жеке атап, коронавируспен байланыстырған жоқ. 10 шілдедегі үкімет отырысында Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев денсаулық сақтау министрі Алексей Цойға “пневмониямен күреске де күш салуы керегін” ескертіп, “бұл аурудан да көп адам көз жұмып жатқанын” мойындады.

Үкімет отырысында Цой 1-8 шілде аралығында елде “белгілері коронавирустікіне ұқсайтын” “нақтыланбаған” пневмония диагнозымен 39 мың науқас тіркелгенін айтты. Ресми дерек бойынша, елде COVID-19 инфекциясын барлығы 56 455 адам жұқтырған.

Дәрігерлер мұндай науқастарды “COVID-19 вирусына арналған” хаттама бойынша емдеп жатқанын айтады. Дәрігерлер мен басқа да ғылыми сарапшылар бұл науқастарға коронавирус жұққан, бірақ белгілі бір себеппен оларға дұрыс диагноз қойылмай отыр деп санайды.

"Бұл - коронавирус пневмониясы"

Дәурен Амангелді, пулмонолог-дәрігер:

- [Қазақстанда] вирустық пневмония болып жатыр. Коронавирус өкпеге кірген соң ПТР анализі оны анықтай алмайды. Бұл пневмония – коронавирус пневмониясы. Бұл – бұрындары болатын бактериалды пневмония емес, бұл вирустық пневмония. ПТР тестінен коронавирус табылмаған көп адам пневмониядан қайтыс болды. Бірақ Қазақстанда оларды COVID-19 хаттамасымен емдейміз.

Олар Қазақстанда тест тапшылығы мен науқастардың көптігінен коронавирус анализін тапсыру мүмкін болмағанын дәйек ретінде келтіреді. Сарапшылардың пікірінше, осы жағдаймен қатар ауруханалардағы орын, дәрі-дәрмек, оттегі баллондары, өкпені жасанды желдету аппаратының тапшылығы, компьютерлік томографиядан өту және жедел-жәрдемге қол жеткізу мүмкіндігінің болмауы отандық денсаулық сақтау жүйесінің істен шыққанын көрсетеді.

Мыңдаған адамның пневмониямен ауырып, жүздеген адамның осы аурудан көз жұмуы COVID-19 вирусының статистикасына еш әсер етпейді, өйткені бұл есеп бөлек жүргізіледі. Жаңа коронавирус статистикасына пневмониямен ауырған науқастар кірмейді. Қазірге дейін COVID-19 вирусы жұққаны расталған кей науқастың өзі ресми есепке енбеген: олардың бір бөлігі “басқа аурудың себебінен көз жұмды” деп көрсетілген.

Министр "дәріханаларға дәрі түседі" деп уәде еткен. Азаттық тілшісі тексеріп көрді

Министрлік мұндай саясатқа көктемде коронавирустық инфекциядан көз жұмған адамдардың өлім себебін анықтайтын арнаулы комиссия құрылғаннан кейін көшті. Комиссия науқастардың қайсысы коронавирустан, қайсысы басқа аурудан көз жұмғанын анықтап, тіркеп отырады. Соңғы уақытта бұл орган жұмыстан бас көтере алмай, үлгермей жатқанға ұқсайды. Денсаулық сақтау министрлігі шілденің басында өлім көрсеткіші графигіндегі өзгерістерді осылай түсіндірді. Енді бұл деректер аптасына бір рет – дүйсенбі күні ғана жарияланады.

Пневмонияны ресми деңгейде “ықтимал коронавирустық инфекция” деп қарастыру туралы шешім жақында – Қытай елшілігі сайтында ескерту жарияланардан сәл бұрын ғана қабылданды. Бірақ COVID-19 инфекциясының бар-жоғын анықтайтын ПТР талдауы теріс нәтиже көрсеткен пневмония жағдайлары коронавирус статистикасына әлі де кірмей отыр.

"Бір аптада 415 адам көз жұмған". Дәрігерлер пневмонияның өршуіне коронавирус себеп дейді

АҚПАРАТ ҚҰРАЛДАРЫ НЕ ЖАЗДЫ?

Қытай елшілігінің Қазақстандағы азаматтарына арналған хабарламасын көп ұзамай әлемдік ақпарат құралдары да іліп әкетті.

“Жаңа қауіпті вирус” туралы жаңалықтың орнын 10 шілде күні Қазақстан билігінің бұл ақпаратты теріске шығарғаны туралы хабар басты.

“Қытай әлемде вирусқа қатысты дүмпу туғызып отыр. Оның тағы бір мысалы – Қазақстанда тараған белгісіз пневмония” деген америкалық Forbes журналы бүкіләлемдік пандемияға себеп болған жаңа коронавирустың көптің келісімі бойынша Қытайдың Ухань қаласынан шықты деп танылғанын меңзеп жазды.

Израильдің i24 ресурсы АҚШ пен Қытайдың осы мәселеге қатысты текетіресін еске салып, президент Дональд Трамптың жаңа вирусты “қытайлық” деп атауға шақырғанын атап өтті. i24 Қытай елшілігінің мәтінінде әуелі “қазақстандық пневмония” туралы жазылып, кейінірек бұл тіркес “ковидке қатысы жоқ пневмония” деп өзгертілгенін айтып, мұны “ұрысты қайталауға талпыныс” деп атады.

Мәтінде әуелі осындай жолдар болғанын i24 сілтеме жасаған Agence France Presse француз ақпараттық агенттігі де жазған. Бұл деректі тексеру мүмкін болмады. Қазір Қытай елшілігінің ескертуінде коронавирусқа қатысты ештеңе жоқ.

AFP Қазақстан билігінің мәлімдемесін мұқият талдаған.

“Қазақстанның денсаулық сақтау министрлігі жұма күні “Қытай ақпарат құралдары” жариялаған хабар “шындыққа жанаспайды” деп мәлімдеп, елшілікті мүлде атаған жоқ. Ведомство COVID-19 вирусының белгілері бар, бірақ тест нәтижесінде ағзасынан коронавирустық инфекция табылмаған – науқастарды әдеттегі пневмония деп тіркейтінін мойындады. Денсаулық сақтау министрлігі бұл шара “Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының нұсқаулығына сәйкес келеді деп көрсетті”, – деп жазады AFP.

“Соңғы апталарда “Қазақстан мен Орталық Азияның басқа елдері вирус жұққан науқастардың көбін пневмония деп тіркеу арқылы коронавирустың екінші толқынының ауқымын азайтып көрсетіп отыр” деген айыптаулар көбейген. Мұның бір себебі ретінде сапалы тестілердің тапшылығы аталады”, – деп жазады Франция агенттігі.

“Өлім қаупі жоғары белгісіз пневмония” туралы хабарды Пекиннің ресми позициясын білдіруге жұмыс істейтін Қытайдың Қазақстандағы елшілігі таратқанын осы тақырыпты қамтыған шетелдік ақпарат құралдарының бәрі жазды. Reuters агенттігі дипломатиялық өкілдік ескертуін қытайлық WeChat мессенджеріне де жариялағанын атап өтті.

Америкалық Business Insider сайты “Қазақстан Қытайды COVID-19 вирусынан да қауіпті пневмонияның өршуі туралы жалған ақпарат таратты деп айыптады” деген мақаласында қазақстандық денсаулық сақтау министрлігінің бұл хабарды теріске шығарған мәлімдемесін талдаған. Мақалада: “Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау министрлігі ресми түрде [белгісіз пневмония] туралы ақпарат ШЫНДЫҚҚА ЖАНАСПАЙТЫНЫН МӘЛІМДЕДІ” делінген.

Мәтінде бас әріптермен жазылған тіркес мақаланың басында және соңында –екі рет қайталанады. Материал экранында үстіне FAKE NEWS деп жазылған South China Morning Post басылымының мақаласы көрсетілген смартфонның суретімен берілген.

Денсаулық сақтау министрлігінің “белгісіз пневмония” туралы ақпараттың “ҚазАқпарат” агенттігі сайтындағы скриншоты
Денсаулық сақтау министрлігінің “белгісіз пневмония” туралы ақпараттың “ҚазАқпарат” агенттігі сайтындағы скриншоты

Қазақстандағы жағдай бұған дейін де шетелдік ақпарат құралдарының назарын аударған. Қазақстан билігі коронавирус жұққан “ауру белгісі бар” және “ауру белгісі жоқ” науқастар туралы деректі бөліп, кейін қайта біріктіргеннен кейін бір тәулік ішінде елде коронавирустық инфекциямен ауырған азаматтар саны бірнеше есе өскен. Бұл елді аурудың өсу деңгейі бойынша әлем елдерінің көш басына шығарды. The New York Times басылымының пандемияның қалай өтіп жатқанын көрсететін картасында Қазақстан ауру көрсеткішінің өсімі бойынша бірінші орынға шығып, бұл ақпарат біраз алаңдаушылық туғызды. Америкалық Джонс Хопкинс университетінің дерегінше, 18 миллион халқы бар мемлекет науқас саны бойынша әлем елдері арасында 31-орында тұр.

Британдық Telegraph басылымы да Қазақстанды жетістікке жатпайтын көрсеткіштер бойынша көшбасшы деп таныды. 5 шілдеден бастап Қазақстанда карантин шарасы қайта күшейді. Telegraph “COVID-пен қалай күреспеген дұрыс?” деген мақаласында Қазақстанды толықтай оқшаулау шарасын екінші рет енгізген әлемдегі бірінші мемлекет деп атады.

Осыған дейін елде шектеу шаралары мен төтенше жағдай режимі наурыз айының ортасында енгізілген. Төтенше жағдай режимі 11 мамырға дейін жалғасты. Telegraph осыдан кейін елде “кері реакция” басталғанын жазады.

Telegraph мақаласында “Қазақстан… еркіндіктің оралуын қуана қабылдады. Отбасы құндылығын жоғары қоятын қазақстандықтар туыстарын аралай бастады, полиция 100-ге жуық адам жиналған тойларды бірнеше рет таратты, өйткені елде әлі де көп адамның бас қосуына тыйым салынған. Дәмхана мен спорт залдары адамға лық толды. Саяхаттау жеңіл болуы үшін шекаралар ашылды” делінген. Басылым елде “өлім көрсеткіші ресми деректен әлдеқайда жоғары болуы мүмкін” деп жазып, Қазақстанның хикаясы “оқшаулау режимінен шыға бастаған басқа елдерге сабақ болуы керек” деп қорытындылайды.

“ТҮСІНІКТЕМЕ КҮТЕМІЗ”

Қытай елшілігі ескерту жариялағаннан кейін әлемдік ақпарат агенттіктері Қытайдың сыртқы істер министрлігінен пікір алмақ болды. CNN Қытай сыртқы істер министрлігі өкілінің тікелей жауап беруден бас тартып, ондағылар Қазақстан билігінен қазіргі жағдай туралы “көбірек ақпарат алғысы келеді” дегенін жазды.

Әлеуметтік желілердегі пікірлерге қарағанда, Қазақстандағы эпидемиологиялық жағдай туралы түсініктеме беруді жалғыз Пекин ғана күтіп отырған жоқ.

“НеМолчиKZ” құқық қорғау қорының басшысы Дина Таңсәрі Facebook парақшасында “Әлемдік қауымдастыққа не айтасыңдар? Бізді статистикамен алдауға еттерің үйренген, бірақ Қытайға не деп жауап қайырасыңдар? Белгісіз пневмониядан Қытай азаматтары да қайтыс болды ма? Мүмкін жаңа коронавирус жемқорлықтан, сараңдықтан, азаматтар өз өмірін сеніп тапсырған адамдардың ақымақтығынан қанша жанның өмірін қиғанын мойындайтын уақыт келген шығар?” – деп жазды.

Қазақстандық “Vласть” басылымының директоры Вячеслав Абрамов Twitter парақшасында “Біздің денсаулық сақтау министрлігі маусымда барлық пневмония – коронавирустың нәтижесі екенін мойындап, статистиканы дұрыс жарияласа, осының бірі де болмас еді. Енді “deadly unknown pneumonia” әлі біраз уақыт қыр соңымыздан қалмайды”, – деген пікір білдірді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG