Accessibility links

Қытай елшілігі "Қазақстанда өршіген пневмония" жайлы хабарламасына өзгеріс енгізді


Қытай туы.
Қытай туы.

Қытайдың Қазақстандағы елшілігі ресми сайтында жариялаған Орталық Азия елдерінде пневмонияның өршігені жайлы сақтыққа шақырған хабарламасына өзгеріс енгізді.

Қытайдың Қазақстандағы елшілігі хабарламасынан соң әлемдік басылымдар дипломатиялық қызметке сілтеме жасай отырып, “Қазақстанда белгісіз пневмония тарап жатыр, одан өлгендердің саны коронавирус құрбандарынан әлдеқайда көп” деген хабар тарата бастаған. Осыдан соң Қытай елшілігі хабарламасына өзгеріс енгізіп, пневмония қатысты қолданылған “жаңа” және “белгісіз” деген сөздерді алып тастады. Бұған қоса, қазір аурудан өлім көп деген мағынадағы сөйлем де қазір жоқ.

Елшілік түзетуді Қазақстан үкіметі "белгісіз пневмония" деген ақпаратты жоққа шығарған күні енгізді. Жұма, 10 шілдеде Қазақстан денсаулық сақтау министрлігі мәлімдеме жасап, ақпаратты “шындыққа жанаспайды” деген. Министрлік бұл ақпаратты таратқан Қытай елшілігі екенін мүлде атамады. Ведомство “ақпаратты Қытайдың кейбір басылымдары таратты” деді, бірақ басылымдардың да атын көрсетпеді.

Қытай елшілігінің бұл хабарламасын сол күні Гонконгтің South China Morning Post газеті "Қытай елшілігі ескертеді: Қазақстанды коронавирустан да жаман өлтіретін "беймәлім пневмония" жайлады" деген тақырыппен мақала жариялады. Кейін бұл хабарламаға басқа да басылымдардың назар аударып, Қытайдың сыртқы істер министрлігіне қайырылды.

Жұма, 10 шілдеде Пекиндегі брифингте Қытай сыртқы істер министрлігінің өкілі Чжао Лицзянь бұл мәселе жайлы сауалға жауап беруден бас тартып, "Қазақстанның тиісті органдарынан" сұрауға кеңес берген.

"Қытай да бұл туралы ақпаратты білгісі келеді" деді ол.

Қазақстанда кейінгі апталарда пневмониямен ауырғандар күрт артып кетті. Дерттен көз жұмғандар күн сайын көбейіп жатыр. Бұл дертке шалдыққандардың көбінде коронавирус симптомдары байқалады, бірақ COVID-19 бар-жоғын тексеретін тестілеу қортындысы вирус жоқ деп көрсетеді.

Мамандар мен сарапшылар елде жаз мезгілінде пневмонияның әдеттен тас күшейгенін коронавирус инфекциясымен байланыстырады. Билік мұны жанама түрде мойындады: клиникалық хаттамаға "коронавирус инфекциясы болуы ықтимал" деген ұғымды, ал пневмонияға шалдыққандарға да коронавирус жұқтырғандарды емдеу әдісін қолдануды енгізді. Бірақ билік COVID-19 жұқтырғандар статистикасына тек ПТР тестілеу қорытындысында коронавирус жұқтырғаны анықталған деп көрсетілген науқастарды да енгізеді.

Қытай елшілігі хабарламасында Қазақстан шенеуніктерінің осыған дейін айтқан пневмониядан өлім-жітім дерегін келтірген. Ресми дерек бойынша, Қазақстанда 2020 жылы пневмониядан 1772 адам қайтыс болған. Оның 628-і маусымда көз жұмған.

Қытай және Ресеймен шектесетін мұнайға бай ел Қазақстанда мамырда карантин шаралары жеңілдеген соң коронавирус пен пневмонияға шалдыққандар күрт өсті. Елде жағдай қиындаған соң Қазақстан билігі 5 шілдеде карантин шараларын күшейтіп, қызмет көрсету саласындағы кәсіпорындарды жауып, қала арасындағы транспорт қатынасына шектеу қойды.

Денсаулық сақтау министрлігінің дерегінше, елде 55 мыңға жуық адамнан коронавирус табылды. Пневмонияға шалдыққан 40 мыңдай адам ауруханада жатыр. Министрлік “олардың 30 мыңдайының анализінен коронавирус табылмады” дейді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG