Accessibility links

"Шешесінің қайтыс болғанын естіртті". Ақтөбеде пневмонияға шалдыққандар күрт көбейді


Ақтөбе тұрғыны Ержан Оңғарбайдың үш күн бұрын пневмониядан әпкесі қайтыс болған. Қазір жиені ауыр халде жатыр. 19 маусым 2020 жыл.

Ақтөбе аймағында кейінгі күндері пневмонияға шалдыққандар саны күрт артып, ауруханаларда орын жетпей жатыр. Дәрігер тапшы. Денсаулық сақтау басқармасы пневмонияға шалдыққандардан коронавирус табылмады дейді. Бірақ күні-түні жұмыс істеп жатқан дәрігерлер "пневмония белгілерін COVID-19 дертінің симптомдарына қатты ұқсатады".

"АУРУХАНАДАН ЖЫЛАП ШЫҒЫП ЖАТҚАНДАР КӨП"

Ақтөбе қаласының тұрғыны Ержан Оңғарбайдың 67 жастағы әпкесі осыдан үш күн бұрын, 16 маусымда пневмониядан қайтыс болған. Артынша марқұмның 36 жастағы ұлы да Ақтөбедегі теміржол ауруханасының пульмонология бөліміне түскен. Ержан Оңғарбай жиенінің хал үстінде екенін айтады.

- Жиенімнің жағдайы ауыр. Телефонмен ұзақ сөйлесе алмайды. Сондықтан дәрігермен тілдесіп, жағдайын білейін деп келдім. Бірақ түс ауғанша есік күзетіп, бір дәрігерге жолыға алмадым. Жағдайы менің жиенімнен гөрі тәуірлеу, телефонмен сөйлесе алатын науқастар мұнда дәрігер де, медбике де жетіспейді деп жатыр. Бұлай болмайды ғой! Қиналып жатқан адамдарды дәрігерлер емдеуі керек емес пе? - дейді ол.

Ақтөбедегі теміржол ауруханасының кіреберісі. 19 маусым 2020 жыл.
Ақтөбедегі теміржол ауруханасының кіреберісі. 19 маусым 2020 жыл.

Бүгін, 19 маусым түс әлпетінде Ақтөбедегі теміржол ауруханасы жанында туыстарының халіне алаңдап, жылап-сықтап жүргендер көп болды. Төсек тартып қалған жақындарының жағдайын біле алмай жүргендер әкімдікке, денсаулық сақтау басқармасына хабарласу мүмкін емесін айтады. Пневмонияның күрт көбейіп кеткені туралы ақтөбеліктер әлеуметтік желіде де жиі жаза бастады.

- Әйелім бір аптадай үйде емделген болатын. Дәрі-дәрмектен шипа болмады. Жағдайы ауырлай бастаған соң осында әкелдім. Денсаулығына алаңдап, үйге кете алмай тұрмын. Өйткені ауруханадан жылап шығып жатқандар көп. Әлгінде ғана бір әйелге шешесінің қайтыс болғанын естіртті. Қорқынышым ұлғайып барады, - дейді ауруханаға әйелінің халін білмекке келген Күнтуған Жанұзақов.

Мемлекеттік қызметте жұмыс істейтін қала тұрғыны Динара да (есімі өзгертілген-ред) пневмония диагнозымен ауруханаға түскен. Ол бұрынғыдай өз бетінше ұзақ уақыт тыныс ала алмайтынын айтады.

- Қазір кислородпен тыныстап жатырмын. Дәрігерлер өлімнен аман алып қалды. Созылмалы ларингит екі тәулікте пневмонияға ұласып, қос өкпем зақымдаған, - дейді шенеунік.

"БҰРЫН МҰНДАЙ БОЛМАҒАН"

Ақтөбе облысы денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, аймақта пневмонияға шалдыққандар саны маусымда алты есе көбейген. 1-18 маусым аралығында облыста 650 адамға пневмония диагнозы қойылған. Науқастар күн санап өсіп жатыр.

Басқарма жағдай қиындап кеткендіктен облыстық денсаулық сақтау басқармасы Ақтөбедегі үш стационар базасынан пульмонология бөлімін жасақтағанын, қазір стационарларда 446 төсен-орын барын мәлімдеді. Індет өршісе, денсаулық сақтау басқармасы кереует санын тағы көбейтпек.

- 2019 жылы аймақта 4320 адам пневмонияға шалдыққан. Ал маусымның басында-ақ 700 адам пневмония болды. Бұрын мұндай болмаған. Жағдай қиындап кетті. Пневмонияға шалдыққан науқастардың өкпесінде айқын өзгерістер бар. Бірақ зертханалық тексеру олардың коронавирус жұқтырмағанын көрсетіп отыр. Жаппай пневмонияға не себеп болғанын мен айта алмаймын. Онымен мамандар айналысып жатыр, - дейді Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Светлана Есенаманова Азаттыққа.

Светлана Есенаманова, Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы. 19 маусым 2020 жыл, Ақтөбе қаласы
Светлана Есенаманова, Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы. 19 маусым 2020 жыл, Ақтөбе қаласы

Пневмонияны емдейтін үш бөлімнің бірі Ақтөбе облыстық медицина орталығы жанында орналасқан. Орталықтың бас дәрігері Рүстем Исаев алғашқы 20 науқас бұл жерге мамырдың соңында түскенін айтады. Алғашында 40 орындық болып, кейін кеңейген бөлімде қазір пневмониямен 117 адам емделіп жатыр.

- Вирусты пневмония жедел респираторлы инфекция сияқты басталады. Адам әлсіреп, жөтел қысады. Қақырығы түспей, өкпесі қабынады. Вирусты пневмонияның жеңіл формасында науқастың дене қызуы 37 градус шамасында болады. Ал егер дене қызуы 38-ден асып кетсе, науқастың халі ауырлай бастады деген сөз. Біздің ауруханаға өкпесі қабынып, түскен пациенттердің бәрі ең алдымен ПТР тест тапсырып жатыр. Коронавирус табылмады. Сонда да қан анализдерін вирусологиялық зертханаға жолдап жатырмыз. Ол жерде де коронавирус табылғандар жоқ. Осыдан кейін томографқа түсіреміз. Томография қортындысына қарағанда, вирусты пневмония мен COVID-19 белгілері қатты ұқсас, - дейді ол.

"ДӘРІГЕРЛЕРДІҢ ТЕЛЕФОНҒА ЖАУАП БЕРЕТІН УАҚЫТЫ ЖОҚ"

Рүстем Исаевтың сөзінше, Ақтөбе медицина орталығы пульмонология бөлімінде маман тапшы. Дәрігерлер демалыссыз жұмыс істеп жатыр.

- Үстіне қорғаныш костюмін, қолына қабат-қабат резеңке қолғап киген дәрігерлерге "сыртқа шығып, туысымның жағдайын айтпады" деп ренжуге болмайды. Дәрігерлердің тілдеспек түгілі телефонға жауап беретіндей уақыты жоқ. Біздің өзіміз әріптестермен тамақтануға шыққан кезде ғана тілдесіп үлгереміз, - дейді бас дәрігер.

Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Светлана Есенаманова да дәрігер жетпей жатқанын айтады.

- 19 маусымға қараған түні он дәрігердің жұмысын төрт адам атқарды. Үш стационардағы қиын ахуалды көріп, жұмыс істеуден бас тартып жатқан дәрігерлер де бар. Осыған орай емханалардағы жоспарлы жұмысты толығымен тоқтатып, ондағы мамандарды пульмонология бөлімдеріне тарту туралы бұйрық шығардым, - дейді ол.

Денсаулық сақтау басқармасының дерегінше, 16-19 маусымда облыста жедел пневониядан сегіз адам қаза болған. 22 адам хал үстінде жатыр. Жағдайы күрт қиындаған 16 науқасты дәрігерлер жасанды тыныс алу аппаратына қосуға мәжбүр болған.

Пневмония жұқтырғандардың арасында медицина қызметкерлері де бар. Солардың бірі – облыстық туберкулез диспансерінің бас дәрігері Ерлан Тәтімов Ақтөбе медицина орталығында емдаліп жатыр. Дәрігер дәл қазіргі жағдайда "үйден шықпаған жөн" деп санайды.

- Ақтөбе облысында халықтың өмір сүруінің орташа ұзақтығы 74,5 жас болды деп қуанғанбыз. Дәл қазір ең алдымен сол егде адамдар үшін қауіпті кезең. Сондықтан қариялар той-садақаны шектеп, үйден шықпағаны жөн. Қазір індет өршіп тұр. Бірақ кез келген індеттің басылатын кезі болады, - дейді ол.

Қазақстан денсаулық сақтау министрлігі Ақтөбеде пневмонияға шалдыққандардың күрт өскеніне байланысты қандай да бір ресми мәлімдеме таратқан жоқ.

Ақтөбеде пневмония індеті елде коронавирус пандемиясы өршіп тұрған тұста көбейіп жатыр. Елде 19 маусымдағы мәліметке сай, 24 мыңдай адамнан коронавирус табылды. COVID-19 дертінен 105 адам қайтыс болды. Вирус жұқтырғандардың 850-ден астамы Ақтөбе облысында. Бұл аймақта ресми дерек бойынша бір адам коронавирустан көз жұмған.

  • 16x9 Image

    Жаңагүл ЖҮРСІН

    Жаңагүл Жүрсін - Азаттықтың Ақтөбе облысындағы тілшісі. Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе университетін бітірген. Еңбек жолын Ақтөбе облыстық телевидениесінен бастап, әр жылдары осы өңірдегі түрлі БАҚ-та тілші, редактор, бас редактор қызметін атқарған. Азаттықпен 2011 жылдан бері әріптес.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG