Accessibility links

"Жағдай қиын". Дәрігерлер үлгермей жатыр. Науқастар өз-өзін емдей бастады


Алматыдағы арнайы орталыққа келген адамнан тест алып жатқан дәрігер. 17 маусым 2020 жыл.

Қазақстанда коронавирус жұқтырғандар көбейген тұста инфекциялық стационарлар "лық толды". Нұр-Сұлтанда ауруханадағы орынның 90 пайызы бос емес. Алматыда да бұдан былай ауруханаға халы орташа және ауыр науқастарды ғана жатқызады. Денсаулық сақтау министрлігінің өкілі "резерв бар, керек болса басқа орындарды бейімдейміз" дейді. Ал вирус жұқтырған кейбір науқас ауруханада орын тапшы болған соң үйде өздері емделе бастағанын айтады.

"ЕШКІМ ХАБАРЛАСПАДЫ"

Нұр-сұлтандық Сапар Шәмшиев ышқына жөтеліп, әрең сөйлейді. Азаттық тілшісімен кезекті компьютерлік томография қорытындысын күтіп тұрғанда әңгімелесті. 35 жастағы тұрғын коронавирустан өзі емделіп жүр.

Сапар 9 маусымнан бастап суық тигендей өзін жайсыз сезіне бастаған. Бірақ уақыт өте келе тұмаумен ауырғанда жиі кездесетін симптомдар байқалып, мазасы қашқан: қызуы 38,5 градусқа дейін көтеріліп, иіс сезбей, құрғақ жөтел қысқан, кеуде тұсы сыздап, әлсіздік басқан. Екі рет шақырса да, жедел жәрдемнен де, өзі тіркелген емханадан да ешкім келмеген.

Алматыдағы тест орталығы кейінгі кездері күні бойы ұзын-сонар кезектен арылмайды. 17 маусым 2020 жыл.
Алматыдағы тест орталығы кейінгі кездері күні бойы ұзын-сонар кезектен арылмайды. 17 маусым 2020 жыл.

12 маусымда ақылы тест тапсыруға өз бетінше лабораторияға барған Сапарға диагнозын ертеңіне хабарлаған – COVID-19.

Лаборатория қызметкері анализ қорытындысын учаскелік дәрігерге жібергенін ескертіп, ем-домды солар жүргізетінін айтады. Бірақ Сапарға ешкім телефон соқпаған.

Ешкім қарамады, емдемеді, еш кеңес бермеді. Хабарлассам, учаскелік дәрігер де, бас дәрігер де жауап бермейді.

Сапар "уақыт жоғалтпас үшін" өз бетінше емделе бастады.

- Томография өкпемнің 25 пайызы қабынғанын көрсетті. Қорытындысын учаскелік дәрігерім мен өзім тіркеуде тұрған, қалалық денсаулық сақтау басқармасына қарайтын орталыққа да жібердім. Сонда да ешкім қарамады, емдемеді, ешқандай кеңес бермеді. Хабарлассам, учаскелік дәрігер де, бас дәрігер де жауап бермейді, - дейді тұрғын.

Тест қорытындысы шыққан соң да Сапардан кіммен байланыста болғанын сұрап ешкім хабарласпаған. Үйдегі әйелін де, балаларын да анализ тапсыруға шақырмаған.

Әйелі де қазір өз бетінше емделіп жатыр. Балаларын тастап кететін ешкім болмаған соң үйде баяғыдай бірге тұрады. Тек Сапар бөлек жатады. Үлкені – 11, кенжесі екі жасар балалар дүйсенбі, 15 маусымда тест тапсырған. Қорытындысы әзірге белгісіз.

Сапар әлеуметтік желіде бұл туралы шағынып пост жазған соң, тіркеуде тұрған емхана дәрігері хабарласқан.

- "Ой, қазір адам көп. Үлгермей жатырмыз. Түсініңіз" дейді. Онлайн түрде кеңес беруге де болар еді ғой, - дейді Сапар.

"ТЕСТ ТАПСЫРУҒА КЕТКЕН" АЛТЫ КҮН

Нұр-Сұлтан қалалық денсаулық сақтау басқармасының 17 маусымдағы дерегінше, күн сайын ауруханаға түсетін 500 адамның тең жартысының өкпесі қабынған. Маусым айында пневмониямен түсетіндер саны жыл басындағы шамамен салыстырғанда 100 есе өскен.

Астана мен Алматыдағы денсаулық сақтау басқармалары ауруханаларда бос орын азайғанын енді айтып жатыр. Бірақ Азаттық сөйлескен басқа науқастар мен дәрігерлер сөзіне қарап, стационарда орын мен жедел жәрдем жетіспей жатқаны маусымның басынан-ақ байқалғанын топшылауға болады.

Алматы көшесінде кетіп бара жатқан медициналық жедел жәрдем көлігі. Көрнекі сурет.
Алматы көшесінде кетіп бара жатқан медициналық жедел жәрдем көлігі. Көрнекі сурет.

COVID-19 індеті мыңға жуық адамнан анықталып жатқан тұста тап осы инфекция тудыратын ауру белгісі байқалған азаматтар шағымы көбейді. Олардың кейбірі Сапар сияқты өз бетінше емделіп жүр. Мәселен, Нұр-Сұлтанның аты-жөнін атамауды сұраған 35 жастағы тұрғыны да аурудан "өзі емделген".

- 1-2 маусым күндері күйеуімнің басы ауырып, мазасы кете бастады. 3 маусымда қызуы 39.4 градусқа жетті. 6 маусым күні ПЦР-тест тапсырды. Екі күннен соң, 8 маусымда қорытындысы шығып, коронавирус табылды. Күйеуім дереу 103-ке (жедел жәрдемге) хабарласып, болған жағдайды айтты. "Үйде отырыңыздар, сіздің емханаға хабар береміз. Учаскелік терапевт келіп сіздерді қарайды, ары қарай не істеу керегін айтады" деген. Сол күні ешкім хабарласпады, келмеді, – дейді тұрғын.

Күйеуінен соң, 9 маусым күні әйел де өзін жайсыз сезіне бастаған. Қызуы көтерілген.

- Дәрігерлер сол күйі келмеді, хабарласқан да жоқ. Содан дереу үйде бар витаминдер мен шөптерді ішіп ем-дом жасадым. 10 маусымда емханадан хабарласып, менен тест алатынын айтты. "Қолымызда аспап жоқ, бітіп қалды, күтіп отырмыз" деді. Содан дүйсенбіні күттім. Анализді алты күннен соң, 16 маусымда алды, – дейді әйел.

Тұрғын "осыған дейін емханадан ешкім келіп жағдайын көрмегенін, ең болмағанда телефон арқылы халімізді сұрап онлайн кеңес берген жоқ" деп ренжулі.

- Бір Аллаға тәуекел етіп, өз-өзімізді емдеп, Алланың көмегімен бұл ауруды да артқа қалдырдық. Қазір дене қызуымыз қалпында, жұбайымның жағдайы жақсы. Менде аздап жөтел бар, өзімді жақсы сезінемін, – дейді ол.

COVID-19 жұқтырғандарды жедел жәрдем әкетпейді (17 маусым 2020 ж.)

COVID-19 жұқтырғандарды жедел жәрдем әкетпейді. Ауруханалар "лық толы"
please wait

No media source currently available

0:00 0:04:07 0:00

Жедел жәрдемді ұзақ күтсе де көмекке қолы жеткендер бар.

48 жастағы Алматы тұрғыны Айман (өз өтініші бойынша аты өзгертілді – ред.) соңғы бір апта бойы жөтеліп, уақыт өте келе тыныс алуы қиындаған соң ентіге бастаған. 15 маусым күні шақырған жедел жәрдем көлігі үш сағаттан соң бір-ақ келген. Айман өзін жеткізген провизорлық орталықта көргенін ентіге сөйлеп баяндады:

- Орталыққа кешкі сағат жетіде келдік. Құжаттарымды рәсімдеп жатқанда 10 минуттай есік алдында тұрдым. Сол он минут тұрғанымда, егер сенсең, минут сайын жедел жәрдем көлігі келіп жатты. Минут сайын... Үлгермейді. Адам тола. "Қабылдамаймыз" деді. "Бұдан кейін әкелмеңдер. Қайда жатқызамыз, қайда кіргіземіз бұлардың бәрін?" деп жатқанын естідім. Адам өте көп. Айтарым жоқ. Бұлай деп өзім де ойламаған едім. Екі ғана медбике жүр. Дәрігер жетпей жатқан сияқты көрінді маған.

15 маусымнан бері Алматыдағы ішкі істер министрлігінің госпиталінде жатқан Айманның тест қорытындысы 17 маусымда шығып, коронавирус жұқтырғаны белгілі болды. Науқас ол жерден "өзін қайда жіберетінін әлі білмейді".

"КҮНІ БОЙЫ НАУҚАСҚА ОРЫН ІЗДЕЙМІЗ"

Азаттық коронавирус табылған науқастарды стационарларға орналастырумен айналысып жүрген екі медицина қызметкерімен сөйлесті. Олар ашық сұхбат "жұмысыма зиянын тигізуі мүмкін" деп қауіптеніп, аты-жөнін жария еткісі келмеді. Өздері жұмыс істейтін емхана мен аурухананың да мақалада көрсетілуіне қарсы болды.

Алматыдағы емхананың бірінде істейтін қызметкер кейінгі екі аптада өзінен вирус табылғанын айтып хабарласатындар күрт көбейгенін айтады. Ол "стационарларда орын жоқ" дейді.

- Науқастарды жатқызу өте қиын. Кеше де, бүгін де (16-17 маусым) ешкімді жатқыза алмадық. Стационарда орын мүлде жоқ, лық толы. "Халі өте ауыр науқастарды ғана жатқызыңдар" деді. Екі апта бұрын бес-алты адамға орын табатынбыз. 16 адамды жатқызған күн де болды. Бұл – біздің емханада ғана. Қала бойынша одан бірнеше есе көп. Ал қазір тоқтап қалды. Үш күн бұрын бір науқасты жатқыздық, – дейді емхана қызметкері.

Оның сөзінше, науқастың бәрінде бірдей үйде емделуге жағдайы жоқ.

- Жаңа ғана бір науқаспен сөйлестім. Жөтеліп жүргеніне бір ай болған. Оқшаулануға жағдайы жоқ. Кішкентай төрт баласы бар. Оны жатқызатын жер де жоқ. Бірде-бір привозорлық орталықта орын жоқ. Отбасымен үйінде қалуға мәжбүр. Бір бөлмелі пәтерде тұрады, – дейді ол.

Медицина қызметкері ауруханаға кіреберісте келген адамдардың дене қызуын тексеріп тұр. Көрнекі сурет.
Медицина қызметкері ауруханаға кіреберісте келген адамдардың дене қызуын тексеріп тұр. Көрнекі сурет.

Екінші қызметкер қаладағы ең ірі ауруханалардың бірінде эпидемиолог болып істейді. Азаттық тілшісімен сағат 21.30 шамасында сөйлесті.

- Жұмыстан жаңа келіп, шай іштім. Күнде – осы, – деді ол.

Дәрігер ауруханадағы бір күнін шағына сипаттады:

- Күні бойы халі ауыр науқастарды жатқызатын орын іздейміз. Қырылысып ұрсысып жүріп, жалынып жүріп әйтеуір... "Мына кісінің жағдайы қиын, ырсылдап дем ала алмай тұр, қызуы түспей жатыр" деп, сөйтіп жүріп орын табамыз. Одан соң денсаулық сақтау басқармасына хабарласамыз. Олардан рұқсат аламыз. Инфекциялық стационарға хабарласып, орын бар-жоғын сұраймыз. Қазір стационарлар толып қалған, – деді ол.

Дәрігер "бізде әлі күнге дейін жұмыс істеу ережесі жоқ" деп қынжылады.

БІР КҮНДЕ "ӨЗГЕРГЕН" ЖАҒДАЙ

Алматы қаласының денсаулық сақтау басқармасы ауруханаларда орын жетпей жатқанын бірден мойындаған жоқ. 15 маусымда денсаулық сақтау басқармасының басшысы Камалжан Надыров "денсаулық сақтау жүйесінің ресурсы шексіз емес, бірақ қазір Алматыда коронавирус жұқтырғандарға ауруханаларға жатқызуға орын жеткілікті" деп мәлімдеген.

Бірақ ертеңіне, 16 маусым күні жедел жәрдемнің науқасты әкетпегені жайлы жазбаға комментарий қалдырған Надыров басқаша сөйлеп, жедел жәрдем вирус жұқтырғандарды іріктеп әкетіп жатқанын мойындады.

Басқарма басшысы "қалада жағдай қиын" екенін, күн сайын емханаларға "[коронавирус жұқтырған] 100-ден аса адам түсіп жатқанын" айтты. Оның сөзінше, емханаларда орта есеппен 200-300 орын бар. Надыров "науқастың бәрін жатқызу үшін үш күн сайын жаңа инфекциялық стационар ашу керек, бұл мүмкін емес" деді.

- Қалада COVID-19 індетін емдеуге 10 емхана жасақталған. 1300-ден аса науқас емделіп жатыр. Басқа емханаларды вирус жұқтырғандарды емдейтін орынға бейімдеу мүмкін емес. Себебі олар инфаркт, инсульт, аппендицитпен түскендерді қабылдап жатыр. Әңгіме стационардағы орында ғана емес, вирус жұқтырғандарды емдеуге дайын дәрігерлер тобының бар-жоғы да мәселе. Сондықтан, өкінішке қарай, жағдайы орташа ауыр не ауыр науқастарды ғана жатқызуға мәжбүрміз, – деді басқарма басшысы.

Коронавирусқа тест тапсыру да проблемаға айналды (17 маусым 2020 ж.)

Елде коронавирусқа тест тапсыру да проблемаға айналды
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:56 0:00


Қазақстан денсаулық сақтау министрінің орынбасары Ләззат Ақтаева 16 маусымда Қазақстандағы ауруханаларда "орын жеткілікті" деген еді. Тікелей эфир журналистер сұрағына жауап берген вице-министр Қазақстан бойынша ауруханаларда 7372 орын барын, орта есеппен "68 пайызында науқастар жатқанын" айтты. Ақтаева "резерв бар. Науқастар саны көбейген жағдайда басқа орындарды босатып, оларды бейімдей аламыз" деді.

Министрдің орынбасары ондаған тұрғыны әлеуметтік желіде жедел жәрдем келмей жатқанын, ауруханаға жете алмай жүргенін жазған Алматыда "орын азайғанын" айтқан жоқ. Бірақ Ақтаеваның сөзінше, Павлодар, Шығыс Қазақстан, Ақмола және Алматы облыстары мен Нұр-Сұлтан қаласындағы стационарларда "бос орын аз".

17 маусымда Нұр-Сұлтан қаласы денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәуле Қисықова қалада "жағдай ушыққанын", орын да, тест те жетпей жатқанын мойындады. Ол "жұрт бейқам жүре берсе, ауруханаларда орын жетпей, Италиядағыдай сценарий қайталануы мүмкін" деді. Қазір астана ауруханаларында 1711 адам жатыр. Қаладағы инфекциялық стационарлардағы орындардың 90 пайызы бос емес.

Қалада жедел жәрдемге хабарласатындар 3,5 есе өскен. Қисықованың сөзінше, кейінгі үш тәулікте орта есеппен 150-ден астам адамнан вирус табылып жатыр. Олардың 50 пайызында ауру симптомы жоқ.

Коронавирустан қайтыс болғандардың зираты. Алматы облысы, Қараой ауылы маңы. 16 маусым 2020 жыл.
Коронавирустан қайтыс болғандардың зираты. Алматы облысы, Қараой ауылы маңы. 16 маусым 2020 жыл.

"80 адам жансақтау бөлімінде жатыр. Жасанды тыныс алу аппаратына қосылғандар төрт есеге өсті. Қалада 1 миллион 200 мың адам тұрады. Егер халық бейқам жүре берсе, бәріне дәрігер мен орын жетпейді. Барлығына уақытында көмек көрсетіп үлгермей қаламыз. Санитарлық норма сақталмаса, уақтылы оқшауланбаса, қалада жағдай қиындайды" деді Қисықова.

Биыл сәуірде денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов "вирус жұқтырғандар мамырда азаяды" деп болжаған. Бас санитар-дәрігер Айжан Есмағамбетова мамырдың соңына дейін COVID-19 анықталғандар 5 мыңға жетеді деп топшылады. Бірақ Қазақстанда кейінгі екі апта бойы науқастар күрт көбейіп, Есмағамбетова болжағаннан төрт есе көп шамаға жетті. Мұны Қазақстанда төтенше жағдай режимінің алынып, карантин ережелерінің жеңілдеуінен көретіндер бар. 18 маусымда таңертең жарияланған ресми мәлімет бойынша, кейінгі бір тәулікте Қазақстанда тағы 991 адамнан коронавирус табылған (індет белгісі бары – 335, симптомы жоғы – 656).

13 наурыздан бері елде вирус жұқтырғандар 22 708 адамға жетті. 9 902 адам дерттен айығып, 100 адам қайтыс болды.

  • 16x9 Image

    Аян ҚАЛМҰРАТ

    Аян Қалмұрат - Азаттықтың Алматы бюросында 2017 жылдан бері тілші. Тұран университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Бұрындары 7kun.kz ақпарат агенттігі мен "Жас Алаш" республикалық қоғамдық-саяси газетінде жұмыс істеген. 

     

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG