Accessibility links

Нұр-Сұлтандағы ауруханалардың 90 пайызы бос емес. Алматыда да "жағдай күрделі"


Коронавирусты анықтайтын мобильді орталықта маман әйелден сынама үлгісін алып жатыр. Алматы, 17 маусым 2020 жыл.
Коронавирусты анықтайтын мобильді орталықта маман әйелден сынама үлгісін алып жатыр. Алматы, 17 маусым 2020 жыл.

Алматы қаласының қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының жетекшісі Камалжан Надыров қалада коронавирусқа байланысты ахуал "шынында да күрделі" деп мәлімдеді. Оның айтуынша, күн сайын қалалық ауруханаларға жүзден астам науқас түседі.

"Қалада жағдай шынымен күрделі. Денсаулық сақтау жүйесінің ресурсы шексіз емес. Денсаулық сақтау саласына бөлінетін қаржы көлемі бізден ондаған есе көп дамыған елдерде де ресурстар жетіспей жатыр. Науқастар саны көбейіп, кейінгі күндері қалалық клиникаға күніне жүзден астам пациент түсіп жатыр" деді Камалжан Надыров Facebook желісінде. Ол бұл пікірін жергілікті журналистің жазбасына пікір ретінде қалдырған.

Надыровтың айтуынша, ауруханаларда орташа есеппен 200-300 орын бар, ал бұл науқастарды жатқызу үшін мүлде жетпейді. Қазір қалада COVID-19 жұқтырғандарды емдейтін 10 клиника бар. Онда 1300 науқас емделіп жатыр. Надыров "барлық клиниканы COVID-19 жұқтырғандарды емдейтін орынға айналдыруға болмайды, себебі өзге аурумен ауыратындар медициналық көмекке зәру болып қалады" деді.

"Күн сайын қала бойынша 2500-ден астам шұғыл шақыртулар болады. Мәселе тек бос орындарда ғана емес, COVID-19 жұқтырғандармен жұмыс істеуге дайын дәрігерлер бригадасы туралы болып отыр. Өкінішке қарай жағдайы орташа және ауыр науқастарды ғана ауруханаға жатқызуға мәжбүрміз. Жедел жәрдем қызметінде істейтін дәрігерлерге түсетін салмақ артты" деді Надыров.

Соңғы мәлімет бойынша, Алматы қаласында 4098 адамнан коронавирус табылған. 2098 адам жазылған. 13 адам қайтыс болған. Шамамен 1,7 млн тұрғыны бар Қазақстандағы ең ірі қала республикада вирус жұқтырғандар саны жағынан алда тұр.

17 маусымда Нұр-Сұлтанның денсаулық сақтау басқармасы да ауруханадағы күрделі ахуал туралы айтты. Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының жетекшісі Сәуле Қисықованың айтуынша, Нұр-Сұлтанда коронавирус және пневмонияны емдейтін стационарлардың 90 пайызы - бос емес, ауруханаға күн сайын 500 адам түседі, екінің бірі - пневмония.

"Егер жыл басында күніне орташа есеппен пневмонияға шалдыққан 5 пациент түссе, маусымнан бастап күн сайын 500 адам түсіп жатыр. Екінің бірінде - вирустық пневмония бар, 90 науқастың жағдайы орташа ауыр және ауыр" деді Сәуле Қисықова.

Оның сөзіне қарағанда, қазір Нұр-Сұлтанда инфекциялық және провизорлық стационарларда 1711 адам жатыр. Олардың 80-і - реанимация бөлімінде. Кейінгі уақытта жасанды тыныс алу аппаратына қосылғандар 4 есе өскен.

Қисықованың айтуынша, кейінгі уақытта күніне орта есеппен 150-ден астам адамнан коронавирус анықталып жатыр. 50 пайызында ауру белгісі жоқ. Бұған дейін қалада 170 мың тест өткізілген. Зертхананың 20-дан астам қызметкеріне коронавирус жұққан.

Денсаулық сақтау вице-министрі Ләззат Ақтаева 16 маусымда "ел бойынша провизорларда 6194 орын бар. Провизорлардың 46 пайызы - бос, яғни әрбір екінші орын бос" деп мәлімдеген. Оның айтуынша, Павлодар облысы, Нұр-Сұлтан қаласы, Ақмола, Қарағанды облысы және Шығыс Қазақстан облысында орындар аз.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG