Accessibility links

"Науқас көп, тізе бүгетін уақыт жоқ". Вируспен күрестің алғы шебіндегі студент дәрігерлер


Ақтөбе облыстық аурухана қызметкерлері. Көрнекі сурет.

Қазақстанда коронавирус өршіп, науқастар күрт көбейген тұста кейбір өңірде дәрігер мен медицина қызметкерлері де жаппай вирус жұқтырып, ауруханадағы науқастар қараусыз қалды. Ахуал ушыққанда медицина университеттерінің жоғары курсында оқитын жас мамандар жұмылдырыла бастады. Кәсібін пандемия кезінде бастаған дәрігерлер мен мейіргерлер Азаттыққа көргенін баяндап берді.

Қазақстанда коронавирус жұқтырғандар 55 мыңға жуықтап, одан бөлек ондаған мың адам өкпесі қабынып ауруға түсіп жатыр. Ауруынан айыға алмай көз жұмғандар саны күн санап өсіп келеді. Науқас көбейген тұста медицина қызметкерлеріне тапшылық күшейді.

9 шілдеде Қазақстан денсаулық сақтау министрлігі коронавирус пандемиясымен күреске 1,4 мың дәрігер мен 1,7 мың медицина қызметкері тапшы екенін хабарлады. Ведомство дерегінше, маман "әсіресе тоғыз облыс мен Нұр-Cұлтан қаласында жетпей жатыр". Облыстық денсаулық сақтау басқармаларының хабарынша, ауруханаларға анестезиолог-реаниматологтар, инфекционист пен эпидемиологтер, кардиолог пен пульмонологтар тапшы. Министрлік маман тапшы өңірлер ішінде Алматы қаласын атамаған. Бірақ шілденің басында қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Камалжан Надыров "қосымша күштерді біріктіру үшін" басқа саладағы дәрігерлер мен медицина қызметкерлерін жұмысқа шақырған.

Дәрігерлер вирус жұқтырып, науқастар наурыз-cәуір айларында "қараусыз жатырмыз" дегеніне қарамастан, бұған дейін министрлік медицина қызметкерлеріне тапшылық барын мойындамай келген. Азаттыққа сұхбат берген жас мамандар жұмысқа екі-үш ай бұрын "медқызметкерлер тапшы кезде" кіріскенін айтады.

Жас мамандардың айтқанын сөзбе-cөз беріп отырмыз. Кейбір дәрігер мен мейіргердің аты-жөні өз өтініші бойынша өзгертілді.

"ДӘРІГЕРЛЕР ӨЗІН ЕМЕС, НАУҚАСТАРДЫ УАЙЫМДАЙДЫ"

Дәулет Сабырбек, дәрігер, 26 жаста.

Биыл Оңтүстік Қазақстан медицина академиясы резидентураның бірінші курсын бітірдім. Ақпан айында Шымкент қалалық жұқпалы аурулар ауруханасында жарты мөлшерлемеде жұмыс істеп жүргем. Карантин басталғанда бізді оқшаулады. Өйткені ол кезде дәрігерлер ауырмаған, толыққанды жұмыс істеуге дайын болды. Пандемия өршіп, екінші леп басталғанда көп дәрігер ауырды. 1 маусымда жұмысқа қайта шақырды. Толық мөлшерлемемен дәрігер ретінде жұмысқа қабылдады.

Шымкенттік дәрігер Дәулет Сабырбек.
Шымкенттік дәрігер Дәулет Сабырбек.

Бұрын резидент ретінде қарайтын, қазір дәрігер деп қабылдайды. Тәжірибе жинап жатырмыз. Күнде өзіміз жауапты бөлімге кіріп, науқастарды көріп, ем жазып береміз. Мысалы, қазір бір бөлімде 28 науқас жатыр. Таңертең науқастарды тексеруге кіріп, түсте бір-ақ шығамыз. Ауру тарихын реттеп, түстен кейін тағы кіріп жаңадан түскен науқастарды тексереміз. Ауыр науқастарды жан сақтау бөліміне жібереміз. Мұнда дәрігерлер өзін емес, науқасты уайымдайды. Небір тепсе темір үзетін жігіттер келіп жатыр. Тыныс алуы, жүрек соғысы нашарлаған.

Науқасты аман алып қалу үшін такси жалдап, өз қалтамыздан оттегі құйдырып келетін кезіміз де болады.

Кейде оттегі жетпей, таусылып қалатын кез болады. Ол ауруханаға кешке жетеді. Науқасты аман алып қалу үшін такси жалдап, өз қалтамыздан оттегі құйдырып келетін кезіміз де болады. Қазір жасыратын заман емес. Жан сақтау бөлімінің өзінде науқас көп. Отыз орындық төсекте 45-50 науқас жатыр. Артығымен, дәлізге шығып кеткен. Кейде науқастың жағдайы ауыр болса да бөлімшеде өзіміз емдеп шығуға тырысамыз.

Пандемия менің өміріме үлкен өзгеріс алып келді. Оқыдық, судент болдық. Қазір ойлап отырсам, бала болған екем. Дәрігерлікті қабылдай алмай жүрген екенмін. Қиын-қыстау кезде ауылдағы әке-шешем "балам, елдің басына күн туды, сенің нағыз көмек беретін кезің" деді. Осы бір ауыз сөз мені қамшылады, есейтіп жіберді. Пандемия болмаса, осы жазда үйленсем деген жоспарым болған. Бірақ елдің басына күн туып, у-шу болып тұрған кезде асықпайық дедік.

Бұл жерде бөлек дүние. Дәрігер жетіспейді. Мысалы, бір бөлімде бөлім меңгерушісі мен екі дәрігер болуы керек болса, мұнда бір дәрігер ғана бар.

Бір науқастың жазылып шыққанын көргенде қуанасың. Екіншісі ауруханадан шықса қуанышың еселене түседі. Өлім-жітім де болып жатыр. Бір апа болды. Жағдайы ауыр, оттегімен тыныстап жатқан. Оттегі бітіп, жағдайы ауырлады. Бас дәрігермен кеңестім де, жатқан жерінен көтеріп алып жан сақтау бөліміне жүгіріп жеткіздім. Сол кезде апа "рақмет, балам, өркенің өссін" деп жылады. Ертеңіне жан сақтау бөлімінде қайтыс болды. Сол апа әлі күнге көз алдымнан кетпейді…

"НАУҚАСТЫ 5-10 МИНУТҚА ТАСТАП КЕТУГЕ БОЛМАЙДЫ"

Сырым, мейіргер, 23 жаста.

Биыл бесінші курсты бітірдім. Шымкенттегі провизорлық орталықтардың бірінде істеп жатырмын. Негізі жұмысқа желтоқсанда кіргенмін. Пандемия басталғанда біздің мекемені провизорлық орталыққа ауыстырды. Үш айдан бері стационардағы жан сақтау бөлімінде мейіргермін.

Жұмыс ауыр, расымен. Азанда кірген кезде телефоныңа бір қарап, сағатты көресің. Кіргеннен бастап сыртта не болып жатқанын білмейсің. Шыққанша жүресің. Отырмайсың – жүре бересің, жүре бересің. Отырып, тізе бүгуге уақыт жоқ. Науқас көп. Жан сақтау бөліміндегі бәрінің халі ауыр.

Коронавирус жұқтырған науқасты қарап жатқан дәрігер. Көрнекі сурет.
Коронавирус жұқтырған науқасты қарап жатқан дәрігер. Көрнекі сурет.

Жеке басым мұндай жағдайды бірінші карантин біткен соң күттім. Карантинді ашқаннан аз уақыттан соң науқас күрт көбейе берді. Маусым айының басынан жағдайы ауыр науқастар түсе берді. Абдырап қалдық.

Қолдан келгеннің бәрін істеп жатырмыз. Мүмкін дұрыс істемей жатырмыз деп те ойланамыз… Тірі алып қалу үшін бәрін істейміз. Жұмыстың ең қиыны – психологиялық жағы. Жұмыс – өзіміз үйренген жұмыс. Ең қиыны – туысқандарына жақынының қазасын ескерту. Олардың реакциясын көрген, жылағанын көрген ауыр. Кейбірі құлап қалады. Бірінде стресс болады, бірі байбалам салады. Ұрысып, төбелес шығарады. Эмоция кезінде бәрі болады ғой. Адамдардың көбі біз науқасты ішке кіргізіп алып, өлтіріп алдық деп ойлайды. Олар іште не істеп жатқанымызды көрмейді ғой. Барынша аман алып қалуға тырысамыз. "Қолымыздан келгенді жасадық" дейміз. Оны түсінбейді. Біз өлтіргендей қатты сөздер айтып, боқтап қарғайды. Сол қатты тиеді. Амал жоқ енді, жұмысымыз – сол.

Жұмысқа шыдамайтындар реанимацияға кіріп, істей алмаймын бірден кете береді. Ондайлар көп болды. 

Пандемияға дейін түскен кәдімгі науқастардың халі тұрақты болатын. Қазіргі науқастардың халі тез өзгереді. 5-10 минутқа тастап кетуге болмайды. Посты біреуге қалдырып, 2-3 минутта тез-тез тамақ ішіп келесің. Жұмысқа шыдамайтындар реанимацияға кіріп, істей алмаймын деп бірден кете береді. Ондайлар көп болды.

Таңертең дәрі-дәрмектің бәрін санап аласың. Өздері әкелетін дәрілер де болады. Науқастың жағдайын дәрігердің қасында еріп жүріп, көріп шығасың. Қай науқасқа қай дәріні қаншада салу керегін бір қағазға жазып береді. Мойныңа бір палата жүктелсе, сол науқастарға уақытылы дәрісін салып, тамақтандырып, су бересің. Осы тірлікпен таң атып кеш батады.

Жан сақтау бөлімінде орын жетпей жатыр. Сыртта халі ауыр науқастар жатады. Ішке кіргізе алмай жатырмыз. Қазір 20 адам жатыр. Негізі 16 адамға арналған жерде жиырма адам жатыр. Жасанды тыныс алу аппаратын екіге бөлу Италияда шығып еді. Кейін бізге келді ғой. Қазір науқастарға солай жеткізіп жатырмыз.

Кәсібімді жан сақтау бөлімінен бастау үлкен тәжірибе болды. Үйренгенім көп. Бірақ болашақта дәрігер дипломын алған соң реанимациядан басқа бөлімге кетемін. Жан сақтауда істеу үшін "халық үшін" деп жүре беруің керек. Науқастардың халі ауыр, жауапкершілік көп. Бетіме қарап тұрып: "сендер өлтірдіңдер" деп айтқан кезі болды. Бұл өте ауыр тиеді. Болашақта тыныштау жерде істегім келеді.

"ДӘРІГЕРДІҢ ХАЛЫҚҚА КЕРЕК ЕКЕНІН ТҮСІНДІМ"

Олжас Ыстамқұлов, дәрігер, 28 жаста.

Қаладағы емханалардың бірінде тәжірибеден өтіп жүргем. "Атамекен" инфекциялық провизорлық орталығынан хабарласып, дәрігер жетіспей жатқанын айтып, жұмысқа шақырды. Бірден бардым. Онда жағдайы орташа ауыр дәрежедегі науқастар емделеді екен. Дәрігерлер жетіспей жатқанын өз көзіммен көрдім. "Қанша науқас жатыр? Дәрігермін. Дипломым бар. Резидентурада оқып жүрмін. Көмек берейін" дедім. Бірден жұмысқа алды. "Мынау сенің бөлімшең. 60 науқас бар" деді. Болды. Науқастар пневмониямен ауырып келгендер екен. Менен бұрын тағы екі дәрігер жаңадан жұмысқа кіріпті.

Шымкенттегі провизорлық орталық дәрігері Олжас Ыстамқұлов.
Шымкенттегі провизорлық орталық дәрігері Олжас Ыстамқұлов.

Күн өте тәжірибем артты. Бір ай өткенде коронавируспен ауырып келгендер жататын бөлімшеге ауыстырды. Бірінші науқасты қабылдағанда қорқыныш болды. Қандай дәрі бар екенін білмеймін. Қабылдау бөліміндегі әріптесім "Олжас, қабылдап ал" деді. Егде жастағы ер кісі екен. Естігенім болмаса, науқасты бетпе-бет көрген емеспін. Шағымын тыңдадым. Бұрынғы дәрігердің тағайындаған емін алып алдым. Іштей өз-өзіме "Олжас, барлығы жақсы болады. Бұл науқасты да емдеп шығарамын" деп серт бердім. Содан сабырға келіп, қобалжығаным басылды. Провизор орталығында дәрі жоқ. Науқасқа сырттан алып келуге дәрілердің тізімін бердім. Сол науқасты емдеп шыққан соң сенімім артты.

Пандемия алдында жоспарым көп еді. Академияның стоматология кафедрасында да жұмыс істедім. Докторантураға оқуға түсіп, ғылыммен айналыссам деген ниетім болған. Қазақстанда дәрі көп қой. Қайсысы керек, тиімді екенін зерттеймін дегенмін. Науқастармен жұмыс істеген соң жоспарым жүз пайызға өзгерді. Дәрігер болып жұмыс істеймін деп шештім. Дәрігерлер халыққа керек екенін сезіндім. Анам жұмыс істеуіме қарсы болды, ана болған соң қорықты. Жайлап түсіндірдім. Қазір тынышталды. Қорқынышы сейілді.

Карантин басталғалы бір оқиға есімнен кетпейді. Біздің бөлімге жан сақтау бөлімі арқылы өтеміз. Жұмысқа кетіп бара жатсам дәлізде бір әйел талып жатты. Жан сақтау бөлімінде жатқан әкесін уайымдаған екен. Көмек көрсеттік. Есін жинаған соң әкесіне ем тағайындалғанын көрсеттік. Бірақ науқасты аман алып қала алмадық. Өкпесінің 90 пайызы қабынып кеткен екен. Қызының талып қалғаны мен науқастың өлімі көз алдымнан кетпей қойды.

"КӨЗ АЛДЫҢДА ӨЛІП КЕТЕДІ…"

Ағабек Бердібек, мейіргер, 23 жаста.

Мен Алматыдағы Санжар Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің 6-курсын бітіріп, 7-курсына өттім. Пандемия наурызда басталды ғой. Сол кезден бері жүрмін. Алматы қаласында "Жастар медицинасы" деген ұйым бар. Соның құрамында болдым. Әуелі ерікті медицина қызметкері ретінде қатарға қосылдым. Ол кезде шетелден келген азаматтардан анализ алып, дәрігермен бірге стационарларда алғашқы актілерді толтыратынбыз. Бір айдай осымен айналыстық.

Алматыдағы модульдік инфекциялық аурухана мейіргері Ағабек Бердібек (сол жақта) әріптесімен.
Алматыдағы модульдік инфекциялық аурухана мейіргері Ағабек Бердібек (сол жақта) әріптесімен.

Кейіннен Алматыда жаңадан салынған инфекциялық аурухана қызметкерлер іздеді. Сосын осында келдім. Істеп жүргеніме бір айдан асты. Әзірге шаршаған жоқпын. Бірақ жұмыс ауыр. Күні бойы арнайы киіммен жүреміз. Ол киімде жұмыс істеу қиын, 3-4 сағаттан соң өзіңе ауа жетпей кетеді.

20-30 адам бір өзіңе қалатын кездер болды.

Жұмыстың бірінші күні ауыр болды. Жұмыс істеп жүрген адам аз болды. Бір бөлімшеде сегіз медбике болуы керек. Біз келгенде соның тең жартысы болмады. Ереже бойынша, біз бір күн істеп, бір түн демалып, не түні бойы істеп, күндіз демалуымыз керек. Сол кездері тәулік бойы бір адамнан ғана шығып жүрдік. Тәулік бойы бір өзің істейсің, ертеңіне тағы шығасың. Ауыр болды. Екі ай істеп шыдамай кетіп жатқандар, отбасы мәселесіне байланыс шығып кеткендер болды. Ауырып қалғандар да кетті. Сондықтан қызметкер жетіспеді.

Науқастар қанша адам істеп жатқанына қарамайды. 20-30 адам бір өзіңе қалатын кездер болды. Бір-екі ауыр науқастың халі ауыр болса тіптен қиын. Бір бөлімшеде бірнеше адам өліп кетіп жатыр.

Хал үстінде жатқандарға жүрек-өкпе массажын жасайсың, бірақ, өкінішке қарай, көз алдыңда өліп кетіп жатады. Мұндайды әбден көріп, міне, 7-курсқа жеттім ғой, етің үйреніп кетеді. Қорқыныш болған жоқ.

"АДАМДАР АУРУХАНАҒА ЖЕТЕ АЛМАЙ ҚАЙТЫС БОЛЫП ЖАТЫР"

Бейбарыс, дәрігер, 26 жаста.

Алматыдағы Санжар Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінде резидентурада оқып жатырмын. Екі ай бұрын індет күшейгенде таныстарым "провизорлық орталыққа адам жетпей жатыр, көмектесіп жіберші" деп шақырды. Сол кезде келдім. Оған дейін Алматыдағы ауруханалардың бірінде реаниматолог болып істеп жүрдім. Қазір де істеп жатырмын. Онда да пневмонияға шалдыққан науқас көп. Бір ауруханада шығып, екіншісіне барасың. Әбден шаршаймын. Адам расымен жетпей жатыр. Оқуын бітірмегендерді провизорлық орталықтарға жұмысқа тартып жатыр.

Ауырып жатқан адам көп. Мұндай ауырлықты ауруханалар көтере алмай жатыр. Оны мойындау керек. Жағдайы ауыр адамдар ауруханаға жете алмай жолда қайтыс болып кетіп жатыр. Олардың өлім себебін қалай жазып жатқанын білмеймін.

Аппаратқа қосу керек адамдар бар, бірақ оларды ала алмайсың. Себебі аппарат жоқ. 

Мен жұмыс істейтін жерлерде реанимацияда оттегі жеткілікті, бірақ оттегі тарататын нүкте жетпейді. Бәрі реанимациядағы төсек орнының санына байланысты. 13 төсек болса, 13 оттегі нүктесі болады. Жан сақтау бөлімінде төсек жетпейді. Бір стационарда халі ауыр 20-30 адам болуы мүмкін, бірақ жан сақтау бөлімі 10-ақ адам қабылдай алады. Ондай кезде оттегі тарататын шлангіні екіге бөлесің. Солай-солай амалдаймыз. Бірақ өкпені жасанды желдету аппараты жетпейді. Аппаратқа қосу керек адамдар бар, бірақ оларды ала алмайсың. Себебі аппарат жоқ.

Кейбір науқастардың өкпесін аппаратқа қосасың. Сонымен біраз жатады. Бірақ организмдегі көп процесс оттегінің қатысуымен болғандықтан, ол жетпегенде ағзада көп ақау пайда болады. Осының әсерінен науқастардың өкпесі қайта істеп кете алмай жатады. Өкпесі 90-100 пайыз қабынған адамдар бар. Ондайда ағза кері кете береді. Екі-үш күн жатқан науқастар осыдан кетіп жатыр.

Мұндай жағдайға психологиялық жағынан дайын болдық. Бірақ мұндай болады деп ойлаған жоқпыз.

Өзім үш ауруханада істеймін. Кейде жұмысқа үш-төрт күн қатарынан түсетін кездер болады. Көбінде осы жағдай. Ешкім бізді жұмысқа қинап шығарып жатқан жоқ. Адам жетпейді. Өз еркіңмен шығасың. Коронавирусқа шалдыққандар емес, кәдімгі науқастар жатқан ауруханалардан кетіп, көбірек ақша табу үшін провизорлық стационарға біржолата ауысып кетсем де болады. Бірақ қалай кетем? Онсыз да адам аз. Шынын айтқанда, ол ауруханалар маған жарытып ақша да бермейді. Кейбір сағаттары төленбей қалып та жатыр. Жалақы туралы ойлап жүрген жоқпыз. График құрастырғанда кезекке қоятын адам жоқ. Орныңа амалсыз өзіңді қоясың. Жұмыс ауыр.

Коронавирусқа шалдыққан науқасты қарап жатқан дәрігер. Көрнекі сурет.
Коронавирусқа шалдыққан науқасты қарап жатқан дәрігер. Көрнекі сурет.

Жан сақтау бөліміндегі ауыр жұмыс медбике мен санитарда ғой. Олар адамды жуындырады, көтереді, дәрісін береді. Қазір медбикелер де жетпейді. Олар да ауырып жатыр. Сол себепті мұндағылар араға тәулік салып, жұмыс істеп жатыр. Кейбірі келесі күні қайта түсіп қалады. Бар күшін салып жатыр.

Дәрі көп кетіп жатыр. Әсіресі антибиотиктер өте қымбат. Көп дәріні науқастарға туысқандары жеткізіп беріп жатыр. Жағдайы бар кісілер басқаларға да жетсін деп, артығымен әкеліп тастайды. Осылай бұл жағдайдан да халықпен бірге өтерміз. Мәңгі бұлай бола бермейді ғой…

  • 16x9 Image

    Дилара ИСА

    Дилара - Азаттықтың Шымкенттегі тілшісі. 1986 жылы туған. Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті мен Абай атындағы ҚазҰПУ-ді бітірген.

    "Жас Алаш" газетінде жұмыс істеген.

    Азаттықпен 2012 жылдан бері әріптес.

  • 16x9 Image

    Аян ҚАЛМҰРАТ

    Аян Қалмұрат - Азаттықтың Алматы бюросында 2017 жылдан бері тілші. Тұран университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Бұрындары 7kun.kz ақпарат агенттігі мен "Жас Алаш" республикалық қоғамдық-саяси газетінде жұмыс істеген. 

     

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG