Accessibility links

Қытай коронавирус ақиқатын қалай жасырып келді?


Пекиндегі Тяньаньмэнь алаңындағы Мао Цзэдун портретінің алдында тұрған полиция қызметкері. Қытай, 2002 жылдың ақпаны.
Пекиндегі Тяньаньмэнь алаңындағы Мао Цзэдун портретінің алдында тұрған полиция қызметкері. Қытай, 2002 жылдың ақпаны.

Гонконгтан АҚШ-қа қашқан қытай ғалымы, вирусолог дәрігер коронавирустың жаңа түрінің таралуы туралы ақпаратты жасырды деп Қытай басшылығын айыптады. Америка журналистеріне берген сұхбатында дәрігер Янь Лимэн Пекиннің COVID-19 туралы жаһанға жариялардан көп уақыт бұрын жаңа індеттің басталғанынан хабардар болғанын айтады. "Мен жүргізген зерттеу нәтижелеріне басшыларым көңіл аудармады, ал бұл нәтиже ерте жарияланса, жүздеген мың адамның өмірін сақтап қалуға болар еді" дейді Лимэн.

ҚЫТАЙДАН ҚАШҚАН ДӘРІГЕРЛЕРДІҢ ҚОРҚЫНЫШТЫ ДЕРЕКТЕРІ

Сәуірдің соңында әупіріммен Қытайдан қашып шыққан Янь Лимэннің оқиғасы жұрт назарына тағы да ілікті. Оған себеп – британдық Sunday Mirror басылымында жарық көрген АҚШ президенті Дональд Трамптың бұрынғы көмекшісі Стивен Бэннонның сұхбаты. Онда Бэннон кейінгі кезде Қытайдан көп вирусолог дәрігер қашып кеткенін, олардың арасында Уханьдағы әйгілі зертханада жұмыс істегендердің де барын айтқан. Оның сөзінше, бұл адамдар АҚШ пен Ұлыбританияның арнайы қызметімен байланысқа шығып, қорқынышты деректерді жария етіп жатыр.

АҚШ-та Қытайдан келгендермен Федералдық тергеу бюросы (ағылшынша Federal Bureau of Investigation, FBI) жұмыс істеп жатыр. Олар сауалнама мен салыстыру әдістері арқылы SARS-CoV-2 вирусының қашан, қандай жағдайда пайда болғанын нақты анықтауға күш салып келеді дейді Бэннон. Ол расымен де Уханьдағы вирусология зертханасынан сыртқы әлемге тарап кетті ме, әлде жабайы жануар етін сататын жергілікті базардан, яғни табиғи ортадан шықты ма, соны анықтау қажет.

Бэннонның ақпаратына сенсек, ақпаннан бері Қытайдан қашып келіп жатқан дәрігерлер зертхананың "ахуалы өте нашар екенін" және онда "қауіпсіздік ережелері өте төмен деңгейде сақталатынын" айтқан.

АҚШ президентінің бұрынғы көмекшісі Стивен Бэннон.
АҚШ президентінің бұрынғы көмекшісі Стивен Бэннон.

"Бұл кісілер әлі де журналистермен сөйлесуге дайын емес. Бізде Қытайдың Ухань және басқа қалаларынан, ауруханалар мен зертханалардан келген дәрігерлер бар, олар Қытай коммунистік партиясының (ҚКП) салғырттық және қауіпті жасыру сияқты бірнеше бап бойынша кінәлі екеніне дәлел келтіріп отыр. Бұл фактілер жарияланса, көп жұрт қатты таң қалады деп ойлаймын" деді Стивен Бэннон.

"МАҒАН ЗОР ҚАУІП ТӨНІП ТҰР"

Олардың бірі – Гонконгтегі жергілікті университеттің қоғамдық денсаулық мектебінде вирусология мен иммунологияға маманданған Янь Лимэн есімді дәрігер. Басқа бұрынғы әріптестерінен айырмашылығы, ол журналистермен ашық сөйлескен. Fox News телеарнасына және Американың басқа да ақпарат құралдарына берген сұхбатында ол университет кампусында жүріс-тұрысты бақылайтын құрылғылар мен камералар арасынан сытылып өтіп, бірнеше сағат жиналып, 28 сәуірде жалғыз сөмкемен Cathay Pacific әуе компаниясының Гонконг – Лос-Анджелес рейсімен ұшып шыққанын айтып берді. Ұсталып қалсам, түрмеге қамалатын едім, тіпті одан да сорақысы – "із-түзсіз жоғалғандар" тізіміне қосылатын едім дейді Лимэн.

Дәрігердің сөзінше, Қытай өкіметі жаңа коронавирус туралы күллі әлемге жариялардан көп уақыт бұрын індеттің шыққанын білген. "Қытай медицина ғылымында аты әйгілі ғылыми жетекшілерімнің көбі пандемияның бас кезінде жасаған зерттеулеріме көңіл аудармады" дейді ол.

Янь Лимэннің айтуынша, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДСҰ) тұмау вирустары мен пандемияға маманданған "референттік зертханасының" мамандары ретінде олар барлық кәсіби және этикалық нормаларды бұзған. Бірақ оның әріптестерін бұған мәжбүрлеген бір жайт бар, ол – өзі мен отбасы мүшелерінің амандығы. "Тіпті Америкада, FBI-дың қорғауында болсам да, маған зор қауіп төніп тұр" дейді ол. Ол үйіне ешқашан қайта алмайтынын, жақындары мен достарын енді қайтып көре алмайтынын ойлап қынжылады.

Янь Лимэн жаңа коронавирусты алғаш зерттеген ғалымның бірімін дейді. 2019 жылдың желтоқсанында Гонконг университетіндегі ДДСҰ-ға қарайтын зертхананың басшысы, Лимэннің ғылыми жетекшісі Лео Пун оған симптомдары SARS тобы вирустарына келетін, Қытайдың құрлықтағы бөлігінде жиілеп кеткен жаңа індет түрін зерттеуге тапсырма берген.

"Бірақ ҚХР үкіметі мен Қытай коммунистік партиясы шетелдік сарапшыларға, Қытайда, соның ішінде Гонконгта зерттеу жүргізуге тыйым салды. Сондықтан мен көбірек ақпарат алу үшін достарыма хабарластым", - деді Лимэн.

"ӘУ БАСТА ЕМ ҚАБЫЛДАМАҚ ТҮГІЛ, ДИАГНОЗЫ ДҰРЫС ҚОЙЫЛМАҒАН НАУҚАС КӨП БОЛДЫ"

Қытайда туып-өсіп, сондағы түрлі университеттерде оқыған Лимэннің ол жақта бұл сала бойынша таныстары көп. Оның айтуынша, дәл осы себеппен бұл жұмыс оған тапсырылған әрі зерттеу тобы үкіметтен шынайы мәлімет ала алмайтынын жақсы білген. Достарының бірі, Қытайдағы ауруларды бақылау және алдын алу орталығының ғалымы бұл індеттің тарап жатқаны туралы жоғарыдан біліп отырған және 31 желтоқсанда, Қытай мен ДДСҰ мұны мойындағаннан біраз уақыт бұрын, Лимэнге жаңа дерттің адамнан адамға жұғатынын айтқан.

Коронавирус алғаш тараған Ухань қаласында өмір бұрынғы қалпына оралды. Кешкі уақытта жергілікті дәмханалардың бірінде отырған адамдар. Қытай, 2020 жылдың мамыр айы.
Коронавирус алғаш тараған Ухань қаласында өмір бұрынғы қалпына оралды. Кешкі уақытта жергілікті дәмханалардың бірінде отырған адамдар. Қытай, 2020 жылдың мамыр айы.

Янь Лимэннің айтуынша, ол бұл мәліметті бастығына жеткізген. "Ол жай ғана басын шұлғыды да, жұмысыңды әрі қарай жалғастыр деді", - деп еске алады ғалым. Арада бірнеше күн өткенде, 9 қаңтарда ДДСҰ "Қытай басшылығының ойынша, бұл вирус кей адамды ауыр науқасқа шалдықтыруы мүмкін, бірақ ол адамнан адамға оңайлықпен жұқпайды" деген мәлімдеме жасады.

Қытай басшылығы мен компартияның вирус жайлы әңгімесінің ауаны күрт өзгерерден біраз уақыт бұрын-ақ бүкіл ел аумағындағы дәрігерлердің көбі жаңа вирусты талқылап жатты дейді Лимэн: "Құдды дыбысты өшіріп тастаған сияқты. Кейіннен COVID-19 ошағына айналған Ухань қаласындағы әріптестеріміз бізбен байланысуды қойды, ал басқаларына, соның ішінде бізге де, [вирустың] жай-жапсарын сұрамаңдар деп ескерту жасады. Кей дәрігерлер "Бұл туралы айта алмаймыз, бірақ маска киіп жүрейік" деп үрейлене күбірлеп жүрді".

Ғалымның айтуынша, кейін вирус бүкіл Қытайда адамнан адамға жұғып тарап, жұқтырғандар саны геометриялық прогрессия бойынша еселеп өскен. Сол кезде ол сұрақтардың жауабын өз бетінше іздей бастапты. "Әу баста ем қабылдамақ түгіл, диагнозы қойылмаған науқас өте көп болды. Ауруханалардағы дәрігерлерді қорқытып, үркітіп тастады", - дейді Лимэн.

"ҮНДЕМЕ, БІЗДІ ЖОҚ ҚЫЛУЫ МҮМКІН"

Лимэннің сөзіне сенсек, ол 16 қаңтарда бастығына вирус туралы ойын тағы жеткізген. Сонда бастығы оған "үндеме, абай бол" деп қатаң ескерту жасаған.

"Ол маған "Шектен шығып кетпе, басымызға бәле болады, бізді жоқ қылып жіберуі мүмкін" деп бірнеше рет ескертті", - дейді Лимэн.

Оның айтуынша, ДДСҰ-ға қарасты зертхананың және бір директоры Малик Пейрис те бәрін білген, бірақ ештеңе істемеген. Бір қызығы, қазір ДДСҰ өкілдері "ештеңені жасырған жоқпыз" деп, өтірік айтқан Янь Лимэнді айыптап отыр. Олардың айтуынша, Лимэн ешқашан ДДСҰ-ға жұмыс істемеген.

Қытай астанасында індет өршіген соң ағзасында коронавирустың бар-жоғын анықтайтын тексеруге анализ тапсыру үшін кезекте тұрған адамдар. Пекин, 30 маусым 2020 жыл.
Қытай астанасында індет өршіген соң ағзасында коронавирустың бар-жоғын анықтайтын тексеруге анализ тапсыру үшін кезекте тұрған адамдар. Пекин, 30 маусым 2020 жыл.

Fox News телеарнасына берген сұхбатында Янь Лимэн "барлық кедергіге қарамастан зұлымдық пен жақсылықтың бірін таңдау керек деген сезім жетегінде болдым" деді.

"Жеке басыма, кәсібіме кедергісі көп болатынын білсем де, дүниежүзіне барлық шындықты жайып салу керек екенін түсіндім, Қытай басшылығы "сөз тасушыларға" қалай қарайтынын жас күнімнен білемін", - дейді ол.

Қытай Компартиясына қарсы шыққан кезінде Янь да басқалар сияқты өзі мен жақындарының өміріне қауіп төніп тұрғанын түсініп, қатты қорыққан. Янь Лимэн АҚШ-та тұратын гонконгтық белгілі блогер Лю Дэмен хабарласқан. Ғалым кейбір теорияларын, күдікті ойларын жайып салған, сонда блогер оған тез арада АҚШ-қа қаш деп кеңес берген.

"Сонда ғана жан-жағыңдағылардан қорқып-үрікпей, барлық жайтты еркін айтып бере аласың", - деген Лю Дэмен.

Янь Қытайдан кетуге бел буып жүргенде күтпеген кедергіге тап болады. Бір күні Лю Дэмен телефонмен сөйлесіп жатқанын күйеуі естіп қойған. Сол зертханада істейтін беделді ғалым саналатын ол бұл шешіміне қарсы болған. Басында әйелінің зерттеулерін қолдап жүрген ері кейіннен көзқарасын өзгерткен.

"Ол қатты ашуланды. Маған айып тақты, өзіме деген сенімімді төмендеткісі келді. "Олар бәрімізді өлтіреді" деп айқайлады", - дейді Лимэн.

Қатты қапа болып, ренжіген Янь жалғыз өз қашып кетуді ұйғарады. 27 сәуірде АҚШ-қа баруға билет сатып алған ол келесі күні ұшаққа мінеді.

Лимэн FBI-дың сансыз көп тергеуінен өтіп, АҚШ-та орнығуға тырысып жатқанда оның Қытайда қалған достары мен отбасы нағыз азапқа тап болады. Қытай арнайы қызметінің агенттері Лимэннің туған қаласына барып, шағын пәтерін астаң-кестең етіп, ата-анасына қоқан-лоқы көрсетіп, сұрақтың астына алған. Лимэн ата-анасына хабарласқанда олар "бізде не болып жатқанын білмейсің ғой, билікке қарсы шықпа, оған беріле сал" деп жалынған. Ал Гонконг университеті сайтындағы Лимэннің парақшасын алып тастап, оның жұмыс поштасын бұғаттаған.

Университет басшылығы Янь Лимэннің өздерінде істемейтінін, "қазіргі және бұрынғы қызметкерлерге құрмет көрсету мақсатында" олардың жеке мәліметін бермейтінін және басқа ешқандай сұраққа жауап бермейтінін айтқан. Гонконг университетінің сайтында "Доктор Янь Лимэн 2019 жылдың желтоқсаны мен 2020 жылдың қаңтары аралығында COVID-19-дың адамнан адамға жұғуы туралы зерттеумен мүлде айналыспаған" деп жазылған.

Азаттықтың Орыс қызметінің тілшісі Александр Гостевтің материалынан аударылды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG