Accessibility links

Қазақстан тамыздан бастап пневмония мен коронавирус статистикасын бірге есептемек


"Денсаулық жүйесінде коллапс". Қазақстан коронавирус пен пневмонияны бірге есептейді
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:54 0:00

"Денсаулық жүйесінде коллапс". Қазақстан коронавирус пен пневмонияны бірге есептейді

Қазақстан елде індет өршіп, ауруханада орын, дәріханада дәрі жетпей жатқа тұста анализінен коронавирус табылмаған пневмония мен COVID-19 статистикасын бірге есептемек. Жаңа есептеу жүйесі 1 тамыздан басталады. Бұл туралы бүгін, 17 шілдеде өткен брифингте денсаулық сақтау министрі Алексей Цой мәлімдеді.

Цойдың сөзінше, Қазақстан Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Еуропа аймағы бойынша бюросымен ақылдаса келе пневмония мен коронавирусты бірге есептеу туралы шешімін қабылдаған.

"Зертханалық тексерістен соң COVID-19 анықталған жағдайлар мен ПТР тестінен коронавирус табылмаған, бірақ клиникалық және эпидемиологиялық белгілері коронавирусқа ұқсас пневмония 1 тамыздан бастап бірге есептеледі" деді министр.

Цойдың сөзінше, тамызға дейін дайындық керек. Бұдан бөлек, министр мен ДДСҰ Еуропа аймағы бойынша бюросының төтенше жағдайлар бойынша аймақтық директоры Дорит Ницман статистиканы бірге есептеу басталғанда Қазақстанда коронавирус инфекциясын жұқтырғандар мен қайтыс болғандар статистикасы күрт өсетінін ескертті.

"Бұл - маңызды қадам. Есептеу басталғанда статистика өте қатты өседі. Бұл елде індетке шалдыққандар күрт өсті дегенді білдірмейді. Ескі базадағы COVID-19 індеті болу мүмкін деректер статистикаға енгізіледі" деді брифингке онлайн қатысқан Ницман.

Қазақстанда маусымнан бастап коронавирус індетімен қатар пневмония да өршіген. Денсаулық сақтау министрлігі пневмонияға шалдыққандардың көбінің анализінен коронавирус табылмағанын, бірақ сипмтомдары COVID-19 дертіне ұқсас екенін айтқан. Анализінен коронавирус табылмаған пневмония науқастарын COVID-19 хаттамасымен емдей бастаған.

Бүгін, 17 шілдедегі брифингте Цой Қазақстанда биыл 1 қаңтар - 15 шілде аралығында 234 мың 187 адам пневмонияға шалдыққанын айтты. Бұл былтырғы 1 қаңтар - 15 шілдемен салыстырғанда үш есе көп. Биыл 1 қаңтар - 15 шілдеде пневмониядан 3327 адам қайтыс болса, былтыр осы аралықта 1896 адам көз жұмған.

Министр пневмонияға шалдыққандардың қаншасынан коронавирус табылғанын айтпады.

Ресми статистикаға сай, елде 66 мың адамнан коронавирус табылған. 40 мыңнан астам кісі дерттен айықты. 464 адам коронавирустан қайтыс болды.

16 шілдеде Қазақстан президенті Тоқаев халықаралық басылымдардағы ақпараттардан соң үкіметке "коронавирус пен пневмония статистикасын біріздендіруді" тапсырған.

Өткен аптада Қытайдың Қазақстандағы елшілігі осы елде жүрген азаматтарына ақпарат таратып, Қазақстанда "белгісіз" пневмония барын айтқан. Әлем басылымдары осы туралы жарыса жазып, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Қазақстандағы пневмония ахуалы жөнінде пікір білдірді. Ұйым елдегі пневмония жағдайлары коронавирус болуы мүмкін екенін айтты.

Зертханалық талдау коронавирусты көрсетпеген пневмония жағдайлары Қазақстанның көршісі Қырғызстанда да күрт артқан. 16 шілдеде Қырғызстан вице-премьері Аида Смаилова үкіметтің пневмонияны коронавирус деп санауға көшкенін хабарлаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG