Accessibility links

Қытайдың Қазақстан элитасын "жарылқауы" һәм "астамшыл" дипломатияның қыр-сыры


Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қытай басшысы Си Цзиньпинмен бірге қызыл кілемде кетіп барады. Пекин, 7 маусым 2018 жыл.
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қытай басшысы Си Цзиньпинмен бірге қызыл кілемде кетіп барады. Пекин, 7 маусым 2018 жыл.

Осы аптада Батыс баспасөзі Қытайдың Қазақстандағы “қаржылық дипломатиясының” қыр-сырын талдайды. Басылымдардың жазуынша, Қытайға қарсы наразылық күшті болып тұрған елде Пекиннің әрекеттері “кері нәтиже” беріп жатыр. Сонымен бірге ақпарат құралдары кісіні бет-жүзінен танитын қытайлық видеобақылау жүйесінің әлемді жаулап жатқанын жазады. Шетелдік басылымдар америкалық Tyson Foods компаниясының Қазақстандағы ет өндірісіне инвестиция салуды жоспарлап отырғанын және Қазақстан банктерін мемлекет есебінен “құтқарудың” жаңа кезеңі туралы айтады.

ҚЫТАЙДЫҢ "ҚАРЖЫЛЫҚ ДИПЛОМАТИЯСЫ"

Вашингтонда шығатын Diplomat газетінде жарық көрген “Қытайдың дипломатиялық Жібек жолындағы Қазақстан” атты мақалада АҚШ мемлекеттік департаментінің қаржыландыруымен, Asia Society Policy, China Power Project институты әрі Стратегиялық және халықаралық зерттеулер орталығымен William & Mary’s AidData зерттеу лабораториясының ғалымдар тобы бірлесіп жасаған баяндама сарапталған.

Пекиннің Орталық және Оңтүстік Азия елдеріндегі мемлекеттік дипломатия шығындары туралы баяндамада сарапшылар Қытайдың аймақ елдеріне ықпал ету үшін қолданып отырған тетіктерін сипаттап берген. Олардың айтуынша, Пекиннің Оңтүстік және Орталық Азиядағы баяндамада сөз болған 12 елге бағытталған дипломатиялық әрекеттерінің көп бөлігі Қазақстанға тиесілі.

Ғалымдардың айтуынша, Пекиннің амбициялық “Бір белдеу – бір жол” бағдарламасы қаржылық дипломатияның қарқындауына жол ашты. Іске асып жатқан инфрақұрылым жобалары аймақтағы қатысушы елдердің бюджеттеріне біраз қолдау болып отыр.

Пекиндегі әуежайда Қазақстан президенті Қасым-Жомарта Тоқаевты қарсы алып тұрған қытай делегациясы. 10 қыркүйек 2019 жыл.
Пекиндегі әуежайда Қазақстан президенті Қасым-Жомарта Тоқаевты қарсы алып тұрған қытай делегациясы. 10 қыркүйек 2019 жыл.

“Баяндамадағы кейбір басты тұжырымдар, мәселен, “Пекиннің қаржылық дипломатиясы қытай мигранттары мен қытай мекемелері санының артуымен байланысты” және оның қаржылық дипломатияда қарқын алуы “қоғамның кері реакциясын туғызуы мүмкін” деген пікірлер таңқалдырмайды. Бұл пікірлер циклдік әрі астамшыл әрекет моделін түсіндіруге мүмкіндік береді. Оған сәйкес Пекин қоғамдық дипломатиядағы шараларды, соның ішінде қаржылық дипломатияны, “шетел қоғамын жаулап алу және өзінің ұлттық мүдделерін қорғау” мақсатында қолданады. Алайда мұның кейбір аспектілері жекелеген елдерде кері нәтиже беріп жатыр” делінген мақалада. Авторлар Пекин тактикасының нәтижесіздігіне мысал ретінде Қазақстанды атаған.

“Қытай қаржылық дипломатия саласындағы инвестицияларының төрттен бірін қытайға қарсы акциялар болған Қазақстанға жұмсаған. Баяндамада 2016 жылғы жер реформасына қарсы наразылықтар мен 2019 жылғы оқиғалар аталады. Осы негативті көзқарастармен қоса Қытайға инфрақұрылымға инвестиция салатын әріптес, білім алу, жұмыс істеу және сауда бойынша көп мүмкіндік беретін ел ретінде қарайтын оң көзқарастар да бар” деп жазады Diplomat.

Баяндамада Қытайдың әсіресе Қазақстан мен Қырғызстанға көп “қамқорлық” жасап отырғаны айтылады. Бұл елдермен арада студент алмасу, бауырлас қалалар арасында әріптестік байланыстар орнату сияқты бағдарламар көп іске асып жатыр.

“Бәлкім, бұл инфрақұрылымдық жобалардың кесірінен болып жатқан негативті көзқарастарға қарсы қойылатын болар, ол көбіне мигранттардың көп келуінен және Қытай қаржы дипломатиясымен байланысы бар компаниялардың кесірінен туындайды” деп жазады Diplomat.

Қытайдың Қазақстандағы қоғамдық дипломатиясының масштабы мен оның әркелкілігі “көңіл-күйге күшті әсер етіп жатыр: Қытайдың “қамқорлығын” көріп отырған элита оған жақсы қараса, қалың бұқараның көзқарасы нашар”. Бұл қарама-қайшылық Қытайдың “саяси элитаны қолдауының сәтті болғанын”, ал “орта таппен байланыс орнатуда” артта қалып қойғанын” аңғартады.

Зерттеу барысында сауалнамаға қатысқан спикерлердің айтуынша, мәселенің мәнісі “қытайдағылардың Қазақстанды мүлде қате түсінуінде”. “Қытай қоғамның саяси элита қабылдаған шешімдерді “қазақ халқының есебінен Пекинге пайда келтіретін шешімдер” деп қабылдайтынын болжап, соған сай әрекет ете алмай отыр” деген сарапшылар Қазақстандағы Қытайға қатысты екі кереғар көзқарастың тамырына үңілуге тырысқан.

Қытайда туыстарымыз қамауда отыр деп шағымданған азаматтар Нұр-Сұлтандағы жиында отыр. 27 қараша 2019 жыл.
Қытайда туыстарымыз қамауда отыр деп шағымданған азаматтар Нұр-Сұлтандағы жиында отыр. 27 қараша 2019 жыл.

ҚЫТАЙ ВИДЕОБАҚЫЛАУ ЖҮЙЕСІ ӘЛЕМДІ ЖАУЛАП ЖАТЫР

Америкада шығатын Los Angeles Times газетінде жарық көрген “Қытай бет-жүзді анықтайтын видеобақылау нарығын қалай бұрышқа тықты” деген мақалада IHS Markit дерегі бойынша 2018 жылы әлемдік нарықтың жартысына жуығын Қытай компаниялары құрағаны айтылады.

“Сыншылар мен құқық қорғаушылар Пекинді және видеобақылау жүйесімен айналысатын компанияларды “авторитаризмді экспорттап жатыр” деп айыптайды. Олардың айтуынша, осы құралдарды қолдану арқылы Пекин өз елінде “қауіпсіздік шаралары” аясында 1,8 миллион адамды қамаған, олардың көбі Шыңжаңда тұратын мұсылман ұйғырлар” деп жазады басылым.

Карнеги институтының қызметкері Стивен Фельдштейннің Қытайдың зияткерлік видеобақылау жүйелерінің экспансиясы туралы зерттеуіне сенсек, ол елдің технологиялық компаниялары, соның ішінде әлемдегі камера жасайтын ең ірі компания – Hikvision және Huawei, Dahua, ZTE Австралиядан бастап Мьянма мен Қазақстанға дейін әлемнің түкпір-түкпіріне құралдар жеткізеді.

Қарай отырыңыз: Face pay. Нұр-Сұлтан автобустарына Қытай камераларын орнатпақ​ (17 қазан 2019 жыл).

Face pay. Нұр-Сұлтан автобустарына Қытай камераларын орнатпақ
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:47 0:00

Hikvision құралдары Қазақстан астанасында қоғамдық көліктегі төлем жүйесіне енгізілді. Ол адамды бет-жүзінен тану технологиясына негізделген. Қыркүйекте Қытайға сапарында Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев осы компанияның кеңсесіне барып, шенеуніктерді астананы цифрландыруда Hikvision тәжірибесін пайдалануға шақырған.

Мемлекеттік зерттеу институтынан өсіп шыққан Hikvision компаниясы қазір тек жартылай ғана мемлекетке қарайды. Ол Латын Америкасына, Оңтүстік Африкаға және Еуропаға техника сатады. Dahua, SenseTime және Megvii сияқты жасанды интеллектіні қолданатын бағдарламалық жасақтама өндіруші әлемдік лидерлермен бірге Hikvision Шыңжаңға технология жеткізген болуы ықтимал деген себеппен Вашингтонның қара тізіміне енген. 2017 жылдан бері Қытайдың бұл аймағында негізінен ислам дінін ұстанатын аз ұлт өкілдерін (ұйғыр, қазақ, қырғыздарды) алалап, жергілікті тұрғындарды “қайта тәрбиелеу лагерлеріне” күшпен жіберіп жатқаны туралы ақпарат түсіп жатыр.

“Дегенмен Қытайдың нарықтағы үстемдігі бәсеңдер емес. IHS Markit мәліметтеріне қарағанда, өткен жылы Қытай нарығы 13,5 пайызға өссе, одан өзге әлемдегі нарықтың ауқымы 5 пайызға ғана ұлғайған. 2017 жылы Қытайдың мемлекеттік ақпарат құралдары “елде әлемдегі ең ірі видеобақылау жүйесі орнады, онда жасанды интеллектіні пайдаланатын 20 миллион камера жұмыс істейді” деп мақтанған еді деп жазады LA Times.

Қазір Қытай қауіпсіздік күштерінің қолында әлемдегі ең ірі мәлімет базасы бар, онда ұлттық жеке куәлік жүйесіне арнап миллиардқа жуық адамның мәліметі жинақталған. Қытайдағы видеобақылау жүйесі компьютер арқылы танудың жаңа деңгейіне көтеріліп жатыр: олар адамдарды жүріс-тұрысынан-ақ танып, олардың эмоциясын түсіне алады.

АМЕРИКАЛЫҚ TYSON КОМПАНИЯСЫ ҚАЗАҚСТАНҒА КЕЛЕДІ

Ұлыбританияда шығатын Financial Times газетіндегі “Tyson Foods Қазақстанда сиыр етін өндіру жөнінде келісім жасасты” деген мақалада Америкадағы ірі компанияның бұл елде зауыт салып, ет өнімдерін Қытай мен басқа да жылдам өсіп жатқан көрші нарықтарға таратуға ниеттеніп отырғанын жазады.

“Қазақстан үкіметімен арада дүйсенбіде қол қойылған әріптестік туралы келісім бұл елдің өз аумағында мал шаруашылығын дамыту әрекетінің бір бөлігі саналады” деп жазады Financial Times.

Жылдық айналымы 42,4 миллиард доллар болатын Tyson Foods компаниясы халықаралық бизнесін кеңейтуге мүдделі. Жоспар бойынша, Қазақстандағы өндіріс линиясында тәулігіне екі мыңдай ірі қара сойылмақ.

Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Компания өкілі Ноэль Уайттың айтуынша, Қазақстанға инвестиция салу туралы шешімнің “Африкадағы шошқа обасына да, Қытайдың АҚШ-пен арадағы сауда соғысы аясында өз тарифтерін енгізуіне де” қатысы жоқ. Қазақстанның мал өсіруге жеткілікті суы мен жері бар, оның үстіне логистикалық инфрақұрылымы жақсы дамыған, яғни теміржол және авткөлік жолдары бүкіл құрлықтағы нарықтарға жетуге мүмкіндік береді. Сондықтан таңдау Қазақстанға түсті деді компания өкілі.

REUTERS: БАНКТЕРДІ ҚҰТҚАРУҒА ТАҒЫ МИЛЛИАРД БӨЛІНБЕК

Британдық Reuters ақпарат агенттігінің сайтында жарық көрген “Эксклюзив: Қазақстан банктерге тағы көмек көрсету үшін миллиард доллардан астам қаржы бөлмек” атты мақалада ел үкіметінің кемінде төрт банкке көп көлемде қаржы бөлу жоспары туралы жазады. Банктердің активтерінің сапасын зерттей келе үкімет қаржы құюды қажет ететін олқы тұстарды байқаған. Мұны үкіметтің жоспарынан хабары бар екі бірдей дереккөз айтқан.

Мемлекет банктерді құтқаруға алғаш рет қаржы бөліп отырған жоқ. “Мұның алдындағы “құтқарулар” кезінде Орталық Азиядағы мұнай өндіруші ел 13 миллиард доллардан астам ақша жұмсаған, бірақ бұл жылжымайтын мүлік бағасы арзандап, валюта құнсызданғаннан кейін нашар несие ауқымы өскен банк жүйесін жандандыруға көмектеспеді” деп жазады Reuters.

Дереккөздердің бірінің айтуынша, банктерді қолдау пакетінің ауқымы 1 триллион теңгеге жетуі ықтимал (2,6 миллиард доллар). Келесі бір дереккөздің айтуынша, бұл жолы алдыңғыға қарағанда көбірек көмек көрсетіледі әрі оған төрттен көп банк қатысады. Мұның алдында банктерді қолдауға 410 миллиард теңге бөлінген еді. Қазақстан үкіметінің келесі жылғы жалпы шығындарының көлемі 12,9 триллион теңге болады деп жоспарланған делінген мақалада.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG