Accessibility links

"Пандора жәшігін ашқан" Қытай қазақтары және "тәуелсіз" Тоқаев


Қытайда қамалған туыстарының суреттерін ұстап тұрған Шыңжаң қазақтары. Алматы, 14 қыркүйек 2018 жыл.
Қытайда қамалған туыстарының суреттерін ұстап тұрған Шыңжаң қазақтары. Алматы, 14 қыркүйек 2018 жыл.

Осы аптада Батыс басылымдары екі этникалық қазақтың Қытайдан қашқанын және Шыңжаңда аз ұлт өкілдеріне көрсетілген қысымға байланысты жаңа дәлелдер шыққанын жазады. Басылымдар президенттің астанадағы Қытаймен бірлескен транспорт жобасын сынға алғанын айтып, сол арқылы Тоқаев өзін "экс-президенттің ойыншығы емес", тәуелсіз тұлға болып көрсетуге тырысты деп бағалайды.

ШЫҢЖАННАН ҚАШҚАН ЕКЕУ

Осы аптада ағылшын тілінде шығатын Eurasianet.org сайты жақында Қытайдың солтүстік-батысындағы Шыңжаң ауданынан Қазақстанға қашып келген екі қазақтың басынан кешкендері туралы жазды. Мақалаға сенсек, Қастер Мұсахан және Мұрагер Әлімұлы деген екі азамат Facebook-тегі видеотаспасында соңғы кезде аз ұлт өкілдеріне жасалып жатқан қысымнан құтылу үшін Қытайдан Қазақстанға өткендерін айтып берген. Екі жігіттің айтуынша, олар қазанның 1-інде шекарадағы қоршаудан аттап өтіп, Шілікті ауылына жаяу жеткен, содан кейін Алматыға келген.

Бұған Қазақстан басшылығы қалай реакция танытқаны әлі белгісіз. "Алайда бұл жағдай ел басшылығының бас ауруына айналары сөзсіз" деген Eurasianet.org Қытай қазақтарының құқықтары үшін күресіп жатқандардың белсенділігіне қарамастан, Нұр-Сұлтанның соңғы кездері Пекинмен жақсы қарым-қатынас орнатуға күш салып отырғанын еске салады.

Ол жерде көргенімді сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Қытайда қазақтар қысым көріп жатыр.

25 жастағы Мұрагер Әлімұлы өзін Қытайда бірнеше мәрте ұстағанын айтады. "Соңғы рет қыркүйекте тұтқындады. Олар қол-аяғымды байлап, темір орындыққа отырғызып, 24 сағат бойы қинады.[…] Олар басыңа тақия киіп жүргенің үшін де түрмеге қамап тастайды" деді ол.

30 жастағы Қастер Мұсаханның айтуынша, ол "саяси үйрену лагерьлерінде" төрт жыл, сегіз ай жатқан. "Ол жерде көргенімді сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Қытайда қазақтар қысым көріп жатыр. Олар қамауда отыр" деді ол. Олар шарасыздықтан Қытайда әйел, бала-шағасын қалдырып кеткен.

"Пекин дәстүрлі түрде исламды ұстанатын, елдің батысын мекен ететін этникалық ұйғыр, қазақ, қырғыз және басқа ұлттардың діні мен дәстүрін жою бойынша жүйелі саясат жүргізіп жатыр деген халықаралық қоғамдастық мәлімдемелерін үзілді-кесілді жоққа шығарумен келеді. Лагерлердің бар екенін соңғы бірнеше жыл ішінде белсенділер мен журналистер жан-жақты дәлелдегеніне қарамастан, олар бұл орындарды "кәсіби даярлау орталықтары" деп атап келеді" деп жазады Eurasianet.org.

Қазақстаннан босқын мәртебесін ала алмай, Швецияға кеткен Сайрагүл Сауытбай жоспары жайлы (маусым 2019 жыл):

"Балаларымды өз отанына қызмет етуге тәрбиелеймін"
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:54 0:00

Басылымның жазуына қарағанда, аты-жөнін көрсетпеуді өтінген Шыңжаңнан келген қазақтардың бірі "Сайрагүл Сауытбайдың ісімен салыстырғанда бұл жолы Қытай Қазақстан басшылығына екі есе қысым жасайды" деген пікір айтқан. Сауытбай Қытайдан өткен жылы қашып кеткен, оны Қазақстан билігі "шекараны заңсыз кесіп өткені үшін" бас бостандығын шектеу жазасына кесті. Қазақстаннан босқын мәртебесін ала алмаған ол 2019 жылғы жазда Швецияға көшіп кетті.

"Бұл екеуі Пандора жәшігін ашып отыр. Қытай оларды қайтара алмаса, Қытайдағы қазақтар олардың ізімен жүреді. Қытай үшін бұл – принциптік мәселе" делінген мақалада.

ШЫҢЖАҢДАҒЫ АЗШЫЛЫҚ ӨКІЛДЕРІН ЖЫНЫСТЫҚ ТҰРҒЫДА КЕМСІТУ

АҚШ-та шығатын Washington Post басылымы "Түсік, жатыр спиралі және жыныстық кемсіту: Қытайдан Қазақстанға қашқан мұсылман әйелдер бастарынан кешкен қиын жайттарды баяндайды" деп аталған мақалада бірнеше этникалық қазақтың сөзін келтіреді. Солардың бірі – Гүлзира Мөгдіннің айтуынша, Қытайда оған мәжбүрлеп түсік жасатқан. Азаттық оның оқиғасын былтыр күзде жариялаған.

"Қытайда "қысыммен түсік жасатқан" әйел​. (Қазан айы, 2018 жыл).

"Түсік тастауға мәжбүр болдым"
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:48 0:00

Мақала кейіпкерлерінің айтуынша, олардың жүктілігін мәжбүрлеп тоқтатып, жүктіліктен сақтайтын жатыр спиралін еркінен тыс қойып берген. Кейбіреулерін тіпті зорлаған. Көбі жыныстық кемсітуге ұшырағандарын айтқан.

Washington Post-қа пікір білдірген қазақстандық адвокат Айман Омарованың айтуынша, өзі қорғап жүрген адамдардың бірі, Қазақстаннан босқын мәртебесін сұрап келген шыңжаңдық қазақ әйел сол жақта тұрған кезде 2016-2017 жылдары өзіне қысым көрсетіп, екі рет күштеп аборт жасатқанын айтқан. Ол атын атаудан да қорқады, себебі оның жақын туыстары Қытайда қалып қойған, сондықтан оларға да қысым күшейе ме деп сескенеді.

Washington Post Айман Омарованың "Әйелдерге жыныстық зорлық-зомбылық көрсету, соның ішінде оларды бала туу мүмкіндігінен айыру Қытайдың мұсылман халқына қарсы қаруына айналды" деген пікірін келтіреді.

АҚШ үкіметі және адам құқығын қорғау ұйымдарының шамалауынша, 2017 жылдан бері Қытайдың "қайта саяси тәрбиелеу лагерьлеріне" 1-3 миллион аралығында мұсылман қамалған, олардың басым көпшілігі – ұйғырлар.

Қытайдағы гендерлік теңдік бойынша сарапшы Лета Хонг Финчердің айтуынша, бұл елде "бір отбасы – бір бала" саясаты үш жыл бұрын алынып тасталған, соған қарамастан, билік аз ұлт өкілдері арасында бала тууды шектеп келеді.

Шыңжаңдағы "саяси лагерьде" қамауда болған этникалық қазақтардың бірі Гүлзира Әуелхан.
Шыңжаңдағы "саяси лагерьде" қамауда болған этникалық қазақтардың бірі Гүлзира Әуелхан.

Washington Post журналистері тілдескен әйелдер "лагерьлерде" жыныстық әлімжеттіктің кең таралғанынын айтып берген, мұны алғашқылардың бірі болып Сайрагүл Сауытбай айтқан еді. Бірнеше әйел өздерін камера орнатылған бөлмеде душқа түсіп, әжетханаға баруға мәжбүрлегенін хабарлаған. Ұлты қазақ Гүлзира Әуелханның айтуынша, тұрмыстағы әйелдер күйеулерімен кездесер алдында оларға әлдебір дәрілерді ішкізген.

"Лагерьлерде" болған, қазір Қазақстанда тұратын әйелдер Қытайда туыстары қалғанына қарамастан, соңғы кездері Шыңжаңдағы қиындықтарды көп айта бастаған.

"Бұл туралы көптен бері айтпай келген едім. Бірақ мен айтпасам кім айтады?" дейді 32 жастағы Рахима Сенбай. Ол "лагерьден" босаған соң Қазақстанға келіп, Талдықорғанда орныққан. Төрт баланың анасы Рахиманың айтуынша, оны телефонында WhatsApp мессенжері болғаны үшін ғана 2017 жылдың соңында ұстап алған. Қытайдағы дәрігер оның жатырына жүктіліктен сақтайтын спиральді күштеп орнатқан.

"Қазақстан басшылығы шығыстағы алып көршісіне тағылып жатқан айыптарды сынауға батылы баратындардың қатарына жатпайды. Тұрақтылығы мен ресурстарының арқасында бұл ел [Қытайдың] "Бір белдеу – бір жол" жобасының өзегі саналады, ал Қазақстанның қалаларынан Қытайдың бай мүмкіндіктерін байқауға болады. Алайда белсенділердің айтуынша, 1,5 миллион қазақ тұратын Шыңжаңнан келіп жатқан ақпараттың негізінде Қазақстанның Қытайды ренжітпеу саясаты өзгеруі мүмкін" деп жазады Washington Post.

LRT ЖОБАСЫН СЫНАУ — ӨЗІН "ҚУЫРШАҚ ЕМЕСПІН" ДЕП КӨРСЕТУ ӘРЕКЕТІ МЕ?

Катардың Al Jazeera ақпарат агенттігі мен New York Times басылымы Reuters-тың "Қазақстан президенті Қытаймен байланысты транспорт жобасын тексеруге пәрмен берді" деп аталған мақаласын көшіріп басқан.

"Елдің жаңа президенті бұрынғы президенттің ойыншығы деген мәлімдемелерді жоққа шығаратын сияқты" делінген мақалада. Онда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың астанада құны 1,5 миллиард долларлық жеңіл рельсті жол (LRT) салу бойынша Қытаймен байланысты жобаны ұсынған жоғары лауазымды шенеуніктердің ісін тексеру жөнінде тапсырма бергені айтылады.

LRT линиясына арналған бетон тіреуіштер. Нұр-Сұлтан қаласы.
LRT линиясына арналған бетон тіреуіштер. Нұр-Сұлтан қаласы.

"Тоқаев ешкімнің аты-жөнін атаған жоқ. Дегенмен оның өз "патроны" әрі алдыңғы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың айналасында қазір жүрген және бұрын болған адамдарды нысанаға алып тұрған болуы мүмкін. Ал бұл президент Қазақстанның саяси иерархиясындағы екінші адам ғана деген түсінікке қайшы келеді" деп жазады Al Jazeera.

Жеңіл рельсті көлік линиясы графиктен біраз кейін қалды. Құрылыс кезінде біраз қаржылық мәселе туындады: қаржының біршама бөлігі – 200 миллиондай доллар лицензиясы тартып алынған банктегі есеп-шотта қалып қойды. Қала басшылығы мен Қытай банкі жаңа транш бойынша келісімге келе алмағандықтан, былтыр көктемде құрылыс тоқтап қалды.

Тоқаев мұны "күмәнді жоба" деп атап, оны "қалайша бастап кеткеніне таң қалатынын" айтты. Сонымен бірге ол Қазақстанның жобаны аяқтауға мәжбүр болатынын, ал оның артында тұрғандар жауапқа тартылуы керегін айтты.

"Тоқаевтың сөзі былтыр ақша жымқырды деп айыпталып, іздеу жарияланған LRT-ның бұрынғы директоры Талғат Арданға және астананың бұрынғы бірнеше әкіміне қарата айтылса керек. Құрылыс жобасы Иманғали Тасмағамбетов әкім болып тұрған 2011 жылы басталып, кейін бағасы қымбат болғандықтан тоқтап қалған. Кейінгі әкім Әділбек Жақсыбеков бұл идеяны қайта қолға алып, Қытай компанияларымен келісім-шартқа қол қойылуын қадағалаған. Оның орнына келген Әсет Исекешов келісім-шарттың кейбір шарттарын қайта қарауға басшылық еткен. Бұл үшеуі де – саяси салмағы ауыр адамдар, Тоқаевтың өзін қосқанда, олардың барлығы ұзақ жылдар бойы Назарбаевқа жақын жүр, оларды Назарбаев өсіріп келеді" делінген мақалада.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Әділбек Жақсыбеков орнына Әсет Исекешевті Астана әкімі ретінде тағайындап, таныстырып тұрған сәті. 11 қыркүйек 2018 жыл.
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Әділбек Жақсыбеков орнына Әсет Исекешевті Астана әкімі ретінде тағайындап, таныстырып тұрған сәті. 11 қыркүйек 2018 жыл.

ТЕҢІЗДЕН АЛҒАН ӘСЕР: БАЙЛЫҚ ӘКЕЛМЕЙТІН МҰНАЙ

Америкада шығатын New York Times газетінде журналист Стэнли Ридтің Қазақстанның батысытндағы Теңіз мұнай кенішіне сапары жайлы мақаласы жарық көрді.

"Теңіз 1990-жылдары тәуелсіздік алғалы бері елді басқарып, тек биыл ғана екінші планға ауысқан Нұрсұлтан Назарбаевтың "шоттарын төлеп" келеді. Мұнай өзге ойлыларға аздап қана жол беретін автократиялық үкіметті ұстап тұрды. Мұнай кеніштерінің маңайындағы жұрт та көп зардап шекті. Бұрғылауға орын босату үшін тұтас ауылдар көшірілді" деп жазады басылым.

"Мұнай байлық әкелмейді, елді дамыту бойынша ешқандай мәселені шешпейді" дейді газетке сұхбат берген атыраулық эколог Галина Чернова.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG