Accessibility links

Қытайдың "саяси лагерінен" зардап шеккендер көмекке зәру


Қытайдан келген этникалық қазақ Ерғали Ермек. Алматы қаласы, 21 қыркүйек 2019 жыл.

Қытайдың "саяси тәрбиелеу лагерінде" болған Ерғали Ермек ол жерде денсаулығынан айырылғанын айтады. Ерғали тәрізді зардап шегіп оралғандарға емдеуге қажетті қаржы жинауға құқық қорғаушылар мен еріктілер көмектесіп жүр.

САУДА ОРТАЛЫҒЫНДА ТҰТҚЫНДАЛУ

Қытайдың Шыңжаң аймағындағы "саяси тәрбиелеу лагерінде" болғандардың бірі Ерғали Ермекпен Азаттық тілшісі Алматыдағы бұрынғы "Саяхат" автовокзалының маңында жолықты. Қолындағы шағын пакетке бірнеше қорап дәрі салып алған жігіт Қытайдан келгелі жанынан дәрісін тастамайтын айтады. Отызға енді толған Ерғалидың сөзінше, қазір оның бүйрегі мен бауыры ауырады, аяғы тізеден төмен сырқырап, шыдас бермейді.

Ерғали Ермек қолындағы дәрілерін көрсетіп отыр. Алматы, 21 қыркүйек 2019 жыл.
Ерғали Ермек қолындағы дәрілерін көрсетіп отыр. Алматы, 21 қыркүйек 2019 жыл.

1988 жылы Қытайдың Құлжа аймағы Қорғас ауданында дүниеге келген Ерғали Ермек 2012 жылы Алматы облысының Көксу ауданына көшіп келіп, Қазақстаннан ықтиярхат алған. Осында үйленген, бір баласы бар. Бірақ қазір олардан бөлек тұрады.

Ерғали 2017 жылдың қараша айында "Қорғас" шекара маңы ынтымақтастық орталығында Қытай полициясының қолына түскен соң тағдыры күрт өзгергенін айтады.

- Әуелі Құлжа қаласындағы түрмеде бір ай ұстады. Кейін Қорғастағы ең ірі саяси лагерге апарды. Екі лагерде болдым. Біріншісінде бес мыңдай, екіншісінде екі мыңға жуық тұтқын бар деседі, - дейді ол.

"Қорғас" шекара маңы ынтымақтастық орталығы 2004 жылы Қытай мен Қазақстан билігінің өзара келісімімен құрылған. Қазақстан мен Қытай шекарасының ортасында пайда болған сауда орталығының бір жағы Қазақстанға, бір жағы Қытайға тиесілі. Екі елдің азаматтары бұл орталыққа визасыз кіріп, емін-еркін сауда жасайды. Соңғы жылдары Қытай полициясы орталықтың Қытай жағында тексерісті күшейткені байқалған. Қытайдан тауар тасып, сауда-саттықпен айналысып жүрген Ерғали Ермек осы сауда орталығында ұсталған.

Ерғалидың айтуынша, Қытай полициясы оның Қазақстанға келгенге дейін Қытайдың Қорғас ауданындағы мешіттердің бірінде имам болып жұмыс істегенін алға тартқан.

- "Намаз оқисың, әйелің хиджап киеді. Қазақстанда қандай жұмыспен айналысасың? Кіммен араласасың?" деген сұрақтар қойып, "дін ұстанасың" деп айыптады. Үш жылға соттады. Бірақ Қазақстанда қалған әйелімнің араша сұраған бірнеше хатынан соң Қазақстан сыртқы істер министрлігінің араласуымен бір жыл екі айдан аса отырып, бостандыққа шықтым, - дейді Ерғали.

2018 жылдың соңында Қытайдағы "лагерден" босап шыққан Ерғали Ермек 2019 жылдың басында Қазақстанға келген.

ЗАРДАП ШЕККЕНДЕРГЕ КӨМЕКТЕСУ

Ерғали Ермек Қытайдағы "лагерде" қамауда отырғанда "бір аптаға дейін ас бермей ашықтырып, он екі сағатқа дейін суық жерде, темір орындыққа отырғызып қинағанын" айтады. Ол қазір Алматыдағы емханалардың бірінде емделіп жүр. Ем-домға жұмсайтын қаржы табуға "Халықаралық құқықтық бастама" үкіметтік емес ұйымының жетекшісі, құқық қорғаушы Айна Шорманбаеваның жәрдемі тиген. Әйтпесе тұрақты жұмысы жоқ адамның емге ақша табуы оңай емес дейді ол.

Құқық қорғаушы Айна Шорманбаева.
Құқық қорғаушы Айна Шорманбаева.

Қытайда туыстары қысым көріп жатқан азаматтардың өтініші бойынша Қазақстан билігі мен адам құқығы жөніндегі халықаралық ұйымдарға арыздануға көмектесіп жүрген Айна Шорманбаеваның сөзіне қарағанда, Қытай "лагерінде" қамауда болғандарға құқықтық көмектен өзге, денсаулығын түзеуге қаржылай да көмек керек.

Шорманбаева Ерғали секілді зардап шеккен адамдардың көбіне ауылды жерде тұратынын, онда дәрігерлік тексеруден толық өту қиын екенін айтады. Сондықтан мүмкіндігінше Алматы сияқты ірі қалаларда толық тексеріп, емдеткен жөн дейді құқық қорғаушы.

Айна Шорманбаева осы мақсатта Алматыдағы емханаларда Қытайдың "саяси лагерінен" зардап шеккен оннан астам адамға жәрдем жинауға тырысқан.

"ЛАГЕРДЕ КӨРГЕНІН АЙТУҒА ЖАСҚАНАДЫ"

Қытай "лагерінен" зардап шеккендерге емдеуге қажетті қаржыны краудфандинг жолымен жинау туралы бастама көтергендердің бірі – АҚШ пен Ресей азаматы, қазір Қазақстанда тұратын блогер Евгений Бунин. Ол соңғы екі жылдан бері Қытайда қысым көрген аз ұлттар туралы мақалалар жазып, халықаралық ұйымдардың назарын аударуға тырысып жүр. Сәуір айында Евгений Бунин Қытай "лагерінде" отырып шыққандарға көмекке қаржы жинау туралы бастама көтерген. Оның айтуынша, АҚШ, Еуропа мен Австралиядан адамдар жәрдем көрсеткен.

Блогер Евгений Бунин. Алматы, 10 қыркүйек 2019 жыл.
Блогер Евгений Бунин. Алматы, 10 қыркүйек 2019 жыл.

- Қазақстанға келгенге дейін Қытайда екі жыл тұрып, жағдайды көрдім. Ұйғыр достарымның кейбірі қамалып, денсаулығынан айырылды. Сондықтан "саяси лагерден" шыққандарға көмектескім келеді. Бүгінге дейін он шақты адамға қаржылай көмектесіп, кейбіріне медициналық жабдық әпердік, - дейді ол.

Евгенийдің сөзінше, еріктілер жиналған қаржыға "лагерде" айдауыл басынан қатты ұрғаннан кейін құлағы мүкіс еститін адамға арнайы аппарат сатып әперген. Тағы бірнеше адамға медициналық тексеру қызметінің ақысын төлеп берген.

"Қытайдағы "лагерден" зардап шеккен адамдардың ішінде бастан кешкенін ашып айтуға, медициналық тексеруден өтуге тартынатын адамдар бар" дейді Бунин.

Қытай "лагерінен" зардап шеккендерге Евгений Бунин секілді өз еркімен көмектесіп, медициналық тексеруден өткізуге қол ұшын созатындардың тағы бірі - Қытайдан келген этникалық қазақ Орынбек Көксебек. Оның өзі де Қазақстан азаматы бола тұра Қытайдағы туыстарына барғанда қамауға алынып, бір жыл "саяси тәрбие лагерінде" болған.

Орынбек Көксебек "лагерден" шыққан азаматтардың ол жайлы айтудан неге жасқанатынын өзінше түсіндіреді.

- "Қазақстанға барған соң "саяси лагерь" туралы айтсаң мына жақтағы туыстарыңды азаптаймыз. Өзіңді де тауып аламыз" деп қорқытады, - дейді ол.

Азаттық тілшісі Қытайдың "саяси тәрбие лагерінде" болған тағы екі адамға хабарласқан еді. Бірі "Құлжа қаласында тұратын атасы мен апасын кепілге қойып келгенін, солардың тағдырына алаңдайтыны" себепті, ал екіншісі "лагерді есіне алғысы келмейтінін" айтып, сұхбат беруден бас тартты.

ПЕКИННІҢ ШЫҢЖАҢДАҒЫ САЯСАТЫ

Қыркүйектің 22-і күні Орталық Азиядағы бес мемлекет - Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан мен Түркіменстан сыртқы істер министрлерімен БҰҰ Бас ассамблеясының сессиясы аясында кездескеннен кейін жасаған мәлімдемесінде АҚШ мемлекеттік хатшысы Майк Помпео әлемдегі барлық елдерді этникалық ұйғырларды Қытайға бермеуге шақырды.

Ол Шыңжаң аймағында жүргізіп отырған саясатын Пекин "террорға қарсы күрес" деп сипаттағанымен, шын мәнінде ол азшылықтың мәдениеті мен дінін "жою" әрекетіне айналғанын айтты.

Қытайдың солтүстік-батысындағы Шыңжаң аймағында тұратын этникалық ұйғырлар және өзге де байырғы ұлттар өкілдерімен (негізінен мұсылмандар) бірге қазақтарды да жаппай ұстап, "саяси тәрбие лагерлеріне" жібергені туралы арыз-шағымдар 2017 жылдың ортасынан бастап жиілеген. Қытайға барып қайта алмай қалған қазақтардың арасында Қазақстаннан ықтиярхат алып, Қытай азаматтығынан шықпағандар да, Қазақстан азаматтығын алып, Қытай төлқұжатын өткізбегендер де болған. Бұл деректі Қазақстан сыртқы істер министрлігі де растаған.

Қазақстанда кей қоғамдық ұйымдар мен азаматтық белсенділер бұл мәселеге жұртшылықтың назарын аударып, үкімет пен халықаралық ұйымдардан жәрдем сұраған. Әуелде "Шыңжаңдағы лагерлер - Қытайдың ішкі мәселесі, онда қамауда отырған қазақтар Қытай азаматы" деген Қазақстан сыртқы істер министрлігі кейін Пекинмен келіссөз жүргізіп, Шыңжаңнан Қазақстанға өте алмай қалған қазақтардың мәселесі шешіліп жатқанын айтқан.

2018 жылғы қарашада Қазақстан сыртқы істер министрлігі "Қытайда туыстарымыз жазықсыз қамауда отыр" деген азаматтардан 915 арыз түскенін, жыл басынан бері екі мыңнан астам адамның Қазақстанға өтуге рұқсат алғанын мәлімдеген еді.

Өткен жылы БҰҰ Қытай билігі Шыңжаңда миллионға жуық этникалық ұйғыр, қазақ және өзге де түркітілдес ұлт өкілдерін "экстремизммен күрес орталықтарында" мәжбүрлеп ұстап отыр, миллиондаған адамды "саяси тәрбиелеу лагерьлеріне" жіберген деп мәлімдеген.

Бастапқы кезде этникалық азшылық өкілдерін еркінен тыс "лагерге" қамау туралы хабарларды жоққа шығарған Пекин кейін Шыңжаңдағы саясатын "экстремизмге қарсы шара" деп атап, әлгіндей лагерлерді "тіл үйреніп, кәсіпке баулитын" орталықтар деп түсіндірген.

  • 16x9 Image

    Нұртай ЛАХАНҰЛЫ

    Нұртай Лаханұлы. 1973 жылы дүниеге келген. 1998 жылы әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің филология факультеті бойынша тәмамдаған.  «Қазақстан-Заман» газеті мен «Қазақ радиосында» қызмет еткен. 2010 жылдан бері Азаттық радиосында  жұмыс істейді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG