Accessibility links

"Қос азаматтыққа ие" қазақ Қытайдан қайта алмай жүр


Қашқар көшесіндегі қытайлық полиция қызметкерлері. Шыңжаң, 24 наурыз 2017 жыл. (Көрнекі сурет.)

Өздерін "Қазақстан азаматымыз" деп таныстырған этникалық қазақ отбасы бес жылдан бері Қытайдан Қазақстанға қайта алмай жүргендерін айтып, видео үндеу жолдады. Ресми Астана олардың қос азаматтығы болғанын айтады.

"КӨК ПАСПОРТЫН АЛЫП ҚОЙДЫ"

Алматы облысындағы Текелі қаласында тұратын Смағұл Еркінұлының айтуынша, 2013 жылы Қытайға кеткен қайын атасы мен қайын ағасы қазір Қазақстанға қайта алмай отыр.

Смағұлдың сөзінше, осыдан бес жыл бұрын қайын ағасы Иманмағзам Тоқтағазыұлы әйелі мен кішкентай баласын ертіп, Қытайға қыдырып кеткен. Қытайға барғаннан кейін қайын ағасы жол апатына ұшырап, ұзақ уақыт емделген. Олардың соңынан іздеп барған қайын атасы Тоқтағазы Әліпбайұлы да Қытайда қалып қойған.

- Қайын атам жол апатына түскен баласына қаражат жағынан көмектесу үшін барды. Қытайда кіші баласы бар еді, соның кафесінде жұмыс істеді. Қытайдан Қазақстанға кетпей тұрғанда жалға алған жерлері болған екен. Кейін сол жерге қатысты мәселе туындап, кідірді. Сөйтіп жүргенде науқан басталып, олардың көк паспорттарын (Қазақстан төлқұжаты – ред.) алып қойды да, олар ешқайда бұрыла алмай қалды, - дейді ол.

Иманмағзам Тоқтағазыұлы видео үндеу жолдап отыр. Видеодан алынған скриншот.
Иманмағзам Тоқтағазыұлы видео үндеу жолдап отыр. Видеодан алынған скриншот.

Иманмағзам Тоқтағазыұлы Қытайға барғаннан кейін екі балалы болған. Қазақстандағы туысы көрсеткен видеода ол: "Қытайда дүниеге келген екі баламда жеке бастарын куәландыратын құжат жоқ" дейді. Тоқтағазыұлы видео үндеуінде Қазақстан азаматының жеке куәлігін көрсетіп, сыртқы істер министрлігінен көмек сұрайды.

"Қолымызда Қазақстанның төлқұжаты бар. Үлкенім Қазақстанда туған. Қазақстаннан алған туу туралы куәлігі бар. Қазақстанда ауырып жатқан шешемізге бара алмай отырмыз" дейді ол видео үндеуінде.

"ҚҰЖАТСЫЗ ҚЫТАЙДА БЕС ЖЫЛ ЖҮРЕ АЛМАЙДЫ"

Смағұл Еркінұлының сөзінше, ол қайын ағасының видео үндеуін қаңтардың 14-інде алған. Бірақ кейін Қытайдағы туысымен хабар үзілген, қазір Иманмағзам Тоқтағазыұлының телефоны сөндірулі.

- Соңғы күндері жиі сөйлесіп кеттік. Соған байланысты оны ұстап, саяси үйрену лагеріне алып кетті ме деп күдіктенемін. Қайын ағам Үрімжідегі Қазақстанның төлқұжат-визалық қызметіне жүгінген. Бірақ еш нәтиже болмады, - дейді ол.

Қазақстанның Пекиндегі елшілігінің өкілі Асылбек Бутин "Иманмағзам Тоқтағазыұлының қос азаматтығы болуы мүмкін" деп топшылайды.

- Егер қолдарында Қытай азаматтығы туралы құжаттары болмаса ол жақта бес жыл бойы тұра алмайды ғой. Бес жыл құжатсыз, визасыз жүру мүмкін емес. Бес жылға берілетін виза да жоқ. Мүмкін, оларда қос азаматтық бар шығар, - деді елшілік өкілі Азаттыққа.

Иманмағзам Тоқтағазыұлының видео үндеуін Қазақстан сыртқы істер министрлігінің өкілі Айбек Смадияров та көрген. Ол Тоқтағазыұлының "Қытайда туған екі баламда құжат жоқ" деген сөзін жоққа шығарды.

- Қос азаматтыққа байланысты Қытайдан Қазақстанға келе алмай жүргендердің арасында Иманмағзам Тоқтағазыұлы деген адам бар. Ол 2013 жылы Қытайдың Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық аймағына барған. 2014 және 2018 жылдары екі баласы дүниеге келген, олар Қытай азаматы болып жазылған, - деді министрлік өкілі Азаттыққа.

Сыртқы істер министрлігінің хабарлауынша, қазақстандық дипломаттар Иманмағзам Тоқтағазыұлының мәселесін бақылауға алған.

- Қытай тарабымен жүргізілген жұмыс негізінде [Тоқтағазыұлының] кішкентай балаларына Қытай төлқұжаты берілетін болды. Қытай берген құжатқа Қазақстан визасы жапсырылып, шекарадан өтуге көмек көрсетіледі. Кейін оларға Қазақстан азаматтығына қажет құжаттарды рәсімдеу үшін кеңес беріледі, - деді Смадияров.

2017 жылдан бері Қытайға барып қайта алмай қалған қазақтардың шағымы көбейген. Олардың арасында Қазақстаннан ықтиярхат алып, Қытай азаматтығынан шықпағандар да бар. Кейбірі Қазақстан азаматтығын алып, Қытай төлқұжатын өткізбеген. Қазақстаннан Қытайға барған соң кері қайтуы қиындаған. Бұл деректі Қазақстан сыртқы істер министрлігі де растаған.

2018 жылы қарашада министрлік 29 қазақстандықты "қос азаматтық пайдаланды" деген күдікпен Қытай билігі қамауға алғанын растаған. Кейін әлгі адамдардың 15-ін Қазақстан араша түскен соң Қытай қамаудан босатқан деп хабарланған.

Сыртқы істер министрлігінің дерегінше, 2018 жылы екі мыңға жуық қазақ Қытайдан Қазақстанға өтуге рұқсат алған. Олардың біразы – қос азаматтықпен жүргендер.

  • 16x9 Image

    Нұртай ЛАХАНҰЛЫ

    Нұртай Лаханұлы. 1973 жылы дүниеге келген. 1998 жылы әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің филология факультеті бойынша тәмамдаған.  «Қазақстан-Заман» газеті мен «Қазақ радиосында» қызмет еткен. 2010 жылдан бері Азаттық радиосында  жұмыс істейді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG