Accessibility links

Басшысы сотталған ұйым биліктен мүлкін қайтара алмай отыр


Қытайда "саяси лагерьлерде" отырған туыстарының суреттерін ұстаған азаматтар "Атажұрт еріктілері" ұйымының кеңсесіндегі жиында отыр. Алматы, 26 қыркүйек 2018 жыл.

Қытайдың Шыңжаң өлкесіндегі қазақтар мәселесін көтеріп жүрген "Атажұрт еріктілері" тіркелмеген қоғамдық ұйымының ісі қалай жалғасып жатыр? Жетекшісі Серікжан Біләштің жауапқа тартылуы ұйым жұмысына қалай әсер етті? Азаттық ұйым белсенділерінен сұрап көрді.

Шыңжаң өлкесінде туып, қазір Қазақстан азаматтығын алған Баяшат Әлібекұлы мен Тұрғанжан Батырғазының жақындары Қытайдан Қазақстанға өте алмай отыр. Олар осы аптада туыстарын Қазақстанға алдырту үшін "Атажұрт еріктілері" ұйымынан көмек сұраған. Ұйым олардың мәселесін шешуді сұрап, Қазақстан билігіне хат жолдаған.

Қытайдың Құлжа аймағы Тоғызтарау ауданында туып өскен Баяшат Әлібекұлының Қазақстанға осыдан бір жыл бұрын келген. Қазір Алматыдағы мейрамханалардың бірінде аспаз болып істейтін Баяшаттың айтуынша, Қытайда шешесі мен қарындасы қалған.

- Мен - үйдің негізгі тірегімін ғой. Әкем қайтыс болған. Былтыр “Қазақстанда оқимын” деген мақсатпен келген едім. Бірақ оқуға түсе алмадым. Кейін Қазақстан азаматтығын қабылдадым. Қытайда аспаздықты үйренген едім. Енді сол бойынша жұмыс істеп жүрмін. Қытайда анам мен қарындасым қалды. Оларды Қазақстанға шақыртқан едім, бірақ (Қытай билігі) жібермей отыр. Мен олардың рұқсатынсыз Қазақстан азаматтығын алғаным үшін, анам мен қарындасыма шетелге шығу құжатын жасап бермей қойды, - дейді Баяшат.

Тұрғанжан Батырғазының Алматыда тұрып жатқанына екі жыл болған. 2017 жылы алты жасар қызы екеуі Қазақстанға қоныс аударған кезде бір жасар ұлы мен әйелі Қытайдың Құлжа қаласында қалып қойған. Тұрғанжанның алпыстан асқан ата-анасы да сол жақта.

- Менің ғана төлқұжатым қолымда болды. Қалғандарының төлқұжаты жоқ еді. Сондықтан олар Қазақстанға келе алмады. Қазір де құжаттарын бермей отыр. Өзім осында келе сала, азаматтыққа құжат тапсырдым. Қазір Қазақстан азаматымын, - дейді ол.

Тұрғанжан Батырғазыұлы осыдан он шақты күн бұрын Шыңжаңға барып қайтқанын айтады. Оның сөзінше, "сал болып қалған анасын қарт әкесі қарап отыр. Бөлек тұратын әйелінің де жағдайы онша емес".

Бұған дейін Батырғазы мен Баяшатқа таныстары "Атажұрт еріктілерінен" алыс жүріңдер, бастарыңа пәле болады, өздеріңе ештеңе болмаса да, Қытайдағы туыстарыңа кесірі тиеді" деп ұйымға келулеріне қарсы болған. Қазір олардың бар үміті "Атажұрт еріктілері" ұйымы мен Қазақстан билігінде. Әзірге Нұр-Сұлтаннан көмек сұраған өтінішке жауап жоқ.

Қытайда "қысым көргендердің" туыстарының арыз-шағымы. Алматы, 4 қазан 2018 жыл.

"Әкемнің өлі-тірісін әлі күнге дейін білмеймін"
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:28 0:00

"ВИДЕО АРЫЗ ҚАБЫЛДАУМЕН ШЕКТЕЛІП ОТЫРМЫЗ"

"Атажұрт еріктілері" тіркелмеген қоғамдық ұйымының жетекшісі Серікжан Біләш (құжат бойынша - Бияш) "ұлтаралық алауыздықты қоздырды" деп жауапқа тартылып, қоғамдық жұмыстардан шеттетілгеннен кейін ұйымның кеңсесі бірде ашық, бірде жабық болады. Қыркүйектің 9-ы күні түске таман Азаттық тілшісі барғанда ұйым кеңсесінің есігінде құлып тұрды.

Серікжан Біләш кім?

Қытайда туған, кейін Қазақстан азаматтығын алған Серікжан Біләш Шыңжаңдағы қазақтардың қысым көріп жатқаны туралы деректерді жариялап, Қытайдың саясатын сынайтын белсенді ретінде танылған. Ол Қытайдағы қазақтардың құқығын қорғаумен айналысып жүрген "Атажұрт еріктілері" ұйымына жетекшілік етті. Қазақстан билігі Біләштің үстінен "ұлтаралық алауыздық қоздырды" деген айыппен іс қозғап, белсендіні бес айдан астам уақыт Нұр-Сұлтанда үйқамақта ұстады. Кейін оның ісін тұрғылықты мекенжайы бойынша Алматы қаласына ауыстырды. Алматының Әуезов аудандық соты 16 тамызда "кінәсін мойындайтыны" туралы прокурормен процестік келісім жасаған Серікжан Біләшке 110 мың теңге (шамамен 288 доллар) айыппұл салып, шартты жаза тағайындады және жеті жылға дейін қоғамдық ұйымдарды басқаруға тыйым салды. Біләш үйқамақта отырғанда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа ашық хат жазып, белсендіні босатуды талап еткен халықаралық Human Rights Watch ұйымы үкім шыққаннан кейін биліктің Серікжан Біләшті босату шартын сынаған.

Біләш ұсталғанға дейін ұйым жұмысы қауырт еді. Жұмысын таңертеңнен бастайтын кеңседе аптасына бірнеше баспасөз мәслихаты, түрлі жиындар өтетін. Сондай баспасөз жиындарының біріне Қырғызстаннан да адамдар келіп, туыстары Қытайдағы саяси лагерьлерде отырғанын айтқан. Ол жиындарға шетелден келген журналистер де қатысатын. "Қытайда туыстарымыз қамалды" немесе "Қазақстанға жібермей жатыр" деп арызданатындар үздіксіз келетін еді. Ұйым олардың шағымын интернетке жариялап, жазылған арыз-өтініштерді ағылшын, түрік, араб тілдеріне аударып, электронды поштамен халықаралық ұйымдарға жіберетін.

"Атажұрт еріктілері" ұйымының қазіргі жетекшісі Ербол Дәулетбекұлы телефонмен Азаттыққа Қытайдағы туысы жапа шеккендерден видео түрінде арыз қабылдап, оны YouTube әлеуметтік желісіне жариялаумен ғана шектеліп отырғандарын айтты.

- Серікжан Біләш тұтқындалған кезде [полиция] жүзге жуық адамның ұйымға берген арыз-шағымын алып кетті. Төрт компьютерді, видеомонтажға арналған аппараттарды, видеокамераны да тәркіледі. Осы күнге дейін олардың бірін де қайтарған жоқ. Өткен аптада Нұр-Сұлтанға адам жіберіп, сұратқанымызда "Серікжан Біләшқа шыққан сот үкімі күшіне енгеннен кейін аласыңдар" деген жауап алдық, - дейді ол.

Ербол Дәулетбекұлының айтуынша, Серікжан Біләштің ісінен кейін демеушілер де қаржылай қолдау көрсетуден бас тартқан. Азаттық тілшісі Біләштің өзіне бірнеше рет қоңырау шалғанымен телефонды ешкім көтермеді.

ҰЙЫМ ӘДІЛЕТ ДЕПАРТАМЕНТІН СОТҚА БЕРДІ

Екі жылдан бері "Атажұрт еріктілері" қатарында жұмыс істеп, арызданушылардың сөзін ағылшын тіліне аударумен айналысып жүрген блогер Евгений Буниннің пікірінше, қазір ұйым Серікжан Біләштің тұсындағы жұмыстың он пайызын ғана атқарып отыр.

- Ұйым бұрынғыдай келгендердің арызын қабылдап, жұмыс істеп жатыр. Бірақ келетіндер азайған. Өйткені Серікжан Біләш ұсталғаннан кейін көп адам қорқып қалды. Бұл – бір. Екіншіден, қаржы мәселесі. Серікжан кең көлемде жұмыс істей білді. Ауылдарға барып, адамдарға көмектесті. Жағдайы жоқ адамдардың Алматыға келіп-кету қаржысын төледі. Демеушілерді де тарта білді. Қазір ұйымда қаржы тапшы, - дейді блогер.

Блогер Евгений Бунин. Алматы, 10 қыркүйек 2019 жыл.
Блогер Евгений Бунин. Алматы, 10 қыркүйек 2019 жыл.

Евгений Бунин – АҚШ пен Ресейдің азаматы. 2017-2018 жылдары Қытайдың Қашғар аймағында тұрып, ұйғыр тілін зерттеумен айналысқан. Өз айтуынша, 2018 жылы Қытай билігі оны елден кетуге мәжбүрлеген.

"Атажұрт еріктілері" қоғамдық ұйымы 2017 жылдан 2019 жылдың 10 тамызына дейін (осы күні ұйым жетекшісі Серікжан Біләш ұсталған) бірнеше бағытта жұмыс істеді. Бірақ Қазақстан әділет министрлігі "Атажұрт еріктілері" ұйымын ресми түрде тіркемей отыр. Министрлікке қарайтын Алматы қалалық әділет департаменті ұйымның тіркеу туралы өтінішін үш рет кері қайтарған. Ербол Дәулетбекұлының айтуынша, олар департаменттің үстінен Медеу аудандық сотына шағым түсірген.

  • 16x9 Image

    Нұртай ЛАХАНҰЛЫ

    Нұртай Лаханұлы. 1973 жылы дүниеге келген. 1998 жылы әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің филология факультеті бойынша тәмамдаған.  «Қазақстан-Заман» газеті мен «Қазақ радиосында» қызмет еткен. 2010 жылдан бері Азаттық радиосында  жұмыс істейді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG