Accessibility links

Мұрат Әуезов: "Қытаймен қатынаста екі жақтың да мүддесін жақсы білу керек"


Mәдениеттанушы, Қазақстанның Қытайдағы бұрынғы елшісі Мұрат Әуезов. Алматы, 4 қыркүйек 2019 жыл.

Қазақстанның бірнеше қаласында "Қытайдың 55 жобасына" қарсылық акциялары өтіп жатыр. Билік бұл жоба аясында елде "жоғары технологиялық кәсіпорындар ашылып, 20 мыңға жуық қазақстандық жұмыспен қамтылады" дейді. Қытай дипломаты Қазақстандағы наразылықтың артында басқа күштер тұруы мүмкін деп санайды. Азаттыққа сұхбатында Қазақстанның Қытайдағы бұрынғы елшісі Мұрат Әуезов елдегі наразылық пен оның астары туралы айтты.

Қыркүйектің 5-і күні Нұр-Сұлтан әкімдігі алдына "Қытай экспансиясына қарсымыз!", "Жаңаөзендіктермен біргеміз" деген жазуы бар плакат ұстап келген бір топ азамат "Қытаймен бірлесіп ашылған кәсіпорындарды елге кіргізбеуді" талап етіп жатқан Маңғыстау облысы Жаңаөзен қаласының тұрғындарына қолдау білдірді. Қыркүйектің 2-і күні Жаңаөзенде басталған наразылықты қолдағандар кейін Қазақстанның бірнеше қаласында қарсылық акцияларына шыққан.

Бейсенбі күні таңертең Нұр-Сұлтандағы баспасөз мәслихатында Қазақстан премьер-министрінің орынбасары Жеңіс Қасымбек Қытаймен арада келісім жасалған 55 жоба туралы түсініктеме берді.

Қазақстан премьер-министрінің орынбасары Жеңіс Қасымбек. Нұр-Сұлтан, 5 қыркүйек 2019 жыл.
Қазақстан премьер-министрінің орынбасары Жеңіс Қасымбек. Нұр-Сұлтан, 5 қыркүйек 2019 жыл.

"55 жобаның ішінде 3,9 миллиард долларға бағаланған 15 жоба ауыл шаруашылығы, металлургия, химия, мұнай-газ, көлік, логистика және басқа салаларда іске қосылды. Осы 15 жоба аясында жаңадан ашылған 4 мыңға жуық жұмыс орнына тұрғандардың 95 пайызы – қазақстандықтар" деді Қасымбек. Ол биылғы жылдың соңына дейін тағы 5 жоба іске қосылатынын хабарлады.

"Олардың көбі жоғары технологиялық кәсіпорындар. Жалпы осы жобалар бойынша біз 20 мыңға дейін жұмыс орнын ашуды жоспарлап отырмыз. Тағы да қайталаймын, (Қазақстанға) басқа бір елден ешқандай ескі зауыт әкелінбейді" деді Жеңіс Қасымбек. "Қазақстанға Қытайдың ескі 55 зауыты әкелінеді-мыс деп әлеуметтік желіде тарап жатқан сөздің бәрі жалған" деп мәлімдеді вице-премьер.

Қазақстанның Қытайдағы алғашқы (1992-1996 жылдары) елшісі, мәдениеттанушы Мұрат Әуезов Азаттыққа берген сұхбатында Қазақстандағы қазіргі наразылық, Нұр-Сұлтан мен Пекин арасындағы қатынас жайлы айтты.

Азаттық: Мұрат Мұхтарұлы, Қазақстанның бірнеше қаласында Қытай жобаларына қарсылық акциялары өтіп жатыр. Сіздің ойыңызша, наразылыққа не себеп болды?

Мұрат Әуезов: Біріншіден, қоғамымыздың саяси сана-сезімі, әсіресе соңғы кезде әжептеуір өсті деуге болады. Бұл - заңды. Өйткені қайшылықтар аз емес. Солардың шешімін іздеген қоғамымыз шыңдалып келеді. Мыңдаған жылдық тарихы бар Қытаймен қарым-қатынас – күрделі мәселелердің бірі. Сондықтан Қытайды білетін мамандар қоғамға бұл жағдайдың астарын, шындығын жеткізуі керек, ол әрқайсымыздың міндетіміз деп білемін.

Mәдениеттанушы, Қазақстанның Қытайдағы бұрынғы елшісі Мұрат Әуезов Азаттық тілшісі Мәншүк Асаутайға сұхбат беріп отыр. Алматы, 4 қыркүйек 2019 жыл.
Mәдениеттанушы, Қазақстанның Қытайдағы бұрынғы елшісі Мұрат Әуезов Азаттық тілшісі Мәншүк Асаутайға сұхбат беріп отыр. Алматы, 4 қыркүйек 2019 жыл.

Әрине, Қытайдың мүддесін жақсы білу, қайшылықтың негізін түсіну үшін өз мүддемізді де ұмытпауымыз керек. Шын мәнінде тәуелсіз мемлекет болу үшін қажеттінің барлығын жасап отырмыз ба? Бұл мәселеде шындық керек. Іс жүзінде бұған дейін мұнай, жер, су, шекара мәселесі және тағы басқасы бар, қай жағынан алсақ та, соңғы кездері тәуелсіз Қазақстан ұтылып келді. Мұның соңы қиын жағдайға әкеледі.

Сондықтан саналы азаматтарға, әсіресе жаңаөзендіктерге, зор құрметпен қараймын. Мәселені біліп сөйлеген олардың үнін билік еститін болар деп үміттенемін.

Қытайдың халқы көп, жері аз. Халқын орналастыру үшін жер керек. Осы жолда түрлі тәсіл іздейді. Ал билікте отырып, бәрін көріп-біле тұра әрекет жасамағандардың ісін қылмыс деуге болады. Өз мүддесін шеберлікпен қорғайтын Қытаймен олай ойнауға болмайды.

Азаттық: Сіздің пікіріңізше, бұл наразылықтарға негіз бар ма?

Орталық Азиядағы тағдырлас елдер ауызбірлігі күшті, ынтымағы жарасқан, бір-біріне демеу көрсететін ортаға айналмаса, тәуелсіздігінен айырылады.


Мұрат Әуезов: Бар, оған ешқандай дау жоқ. Егер мемлекет мықты болып қалыптаспай, осы бетімен кете берсе наразылық күшейеді. Қытай өз мүддесін жібермейді. Мысалы, осы кезге дейін шекара, мұнай-газ тәрізді түрлі келісімшартқа қол қойғанда біз ұтыла беріппіз. Мысалы, 1992 жылы Қытайға елші болып барғанымда Қазақстан алғаш боп көтерген мәселе - Іле, Қара Ертіс сияқты шекаралық өзендер туралы екі жаққа да тиімді ортақ шешімге келу болатын. Қытай түрлі сылтау тауып, бұл мәселе әлі күнге толық шешілген жоқ. Орталық Азиядағы тағдырлас елдер ауызбірлігі күшті, ынтымағы жарасқан, бір-біріне демеу көрсететін ортаға айналмаса, тәуелсіздігінен айырылады.

Азаттық: Қытайдан сескенуге негіз бар ма?

Мұрат Әуезов: Бұл - сескену емес. Мәселеге өте мұқият қарау керек. Бұл – өте үлкен қауіп. Біз мемлекет ретінде, қоғам ретінде оған қарсы әрекет етуге дайын болуымыз керек.

Азаттық: "Қытай экспансиясы", "Қытайдың жұмсақ күші" дегенді қалай түсіндіресіз?

Қазақстанға Қытайды терең білетін мамандар керек.


Мұрат Әуезов: Оның бәрі саясаттанушылардың айтып жүргені ғой. Негізінде мұндайды ашық айтып, әр нәрсені өз атымен атауымыз керек. Өзім талай рет болған Шыңжаңдағы жағдайды көріп отырмыз. Жергілікті халықтың тілі мен мәдениетін жоққа шығаратын, қазақ, ұйғыр және өзгелерді қытайландыру (ассимиляция) саясатын жүргізіп отыр.

Қазақстанға Қытайды терең білетін мамандар керек. Қаншама жастарымыз Қытайда оқыды, оқып та жатыр, бірақ олар, өкінішке қарай, тек тілді меңгереді де, Қытайдың тарихы мен философиясын, саясатының астарында не бар екенін білмейді. Сондықтан біз қытайтанушы жастарымыздың біліміне де жете көңіл бөлуіміз керек.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа жолдауын тыңдадым, кей жақсы тұстары бар. Бірақ осындай күрделі мәселені қозғамағаны, ең болмағанда белгілеп бермегені – жолдаудың осалдығы. Өйткені президент болғасын "осындай қауіп бар" деп халқына ашық айту керек. Қытаймен де, Ресеймен де қатынас туралы. Сонда ғана халық сенім артады, демеуші болады. Ал олай болмаған соң күдік пайда болып, халық өз тағдырына алаңдап, жағдайды өз қолына алуға ұмтылады.

Азаттық: Наразылық Жаңаөзенде басталды. Осыдан кейін қала әкімі ауысты. Бұл мәселені шеше ме?

Мұрат Әуезов: Жоқ, әрине. Бұл мәселені шешу тәсілі емес. Бұл тек – уақытша жамау. Бұл – тым күрделі қайшылық, сондықтан оған мән беріп, шешу қажет.

Азаттық: Жергілікті БАҚ-тың хабарлауынша, Қытайдың Қазақстандағы елшісі Жаңаөзендегі наразылықтың "артында Қытайға және екіжақты қатынастың дамуына қарсы қойғысы келетін басқа күш тұр" деген пікір білдірген. Бұған не дейсіз?

Мұрат Әуезов: Ондай күш – ақиқат, шындық. Біз осы күнге дейін өз мүддемізді дұрыс қорғай алмай жүрміз. Мысалы, шекара мәселесінде олар ұтты деп білем. Совет кезінде Қытаймен шекарадағы биік шыңдар біздің шекарашылардың қолында еді. Олар жоғарыда тұрып төмен жағында не болып жатқанын көре алатын. Кейін (Қытай) шекаралық жер туралы мәселе көтеріп, сол биік шыңдарды, ұтымды жерлерді өзіне алды. Біздікілер қарсылық көрсете алмаған. Сондықтан қазір біз Қытаймен қатынаста өте сақ болуымыз керек.

Мұрат Әуезов: Қытайды білетін мамандар қоғамда түсіндіру жұмысын жүргізуі тиіс
please wait

No media source currently available

0:00 0:04:42 0:00

ҚЫТАЙ ЖОБАЛАРЫНА НАРАЗЫЛЫҚ ҚАЛАЙ БАСТАЛДЫ?

Қыркүйектің 2-сі күні Жаңаөзенде жүзге жуық адам қала әкімдігінің алдына келіп, Қытайдың Қазақстандағы жобаларына қарсылық білдірді. Олар президент Қасым-Жомарт Тоқаевты 11-12 қыркүйекте Пекинге жоспарлаған ресми сапарынан бас тартуға шақырды. Қыркүйектің 3-і күні екі жүзге жуық адам Жаңаөзендегі орталық алаңға жиналып, наразылық акциясын жалғастырды. Олар "Қытай Қазақстанда 55 зауыт салмасын" деген талап қойды. Наразылармен кездескен Маңғыстау облысы әкімі Серікбай Тұрымов оларды сабырға шақырды. Осы күні Нұр-Сұлтан, Шымкент және Ақтөбеде белсенділер жаңаөзендіктерді қолдап, акция өткізді.

Қыркүйектің 4-і күні Алматы, Ақтөбе, Ақтау, Қарағанды, Нұр-Сұлтан, Семей мен Шымкентте жаңаөзендіктерді қолдау акциясы өтті. Наразылар Қазақстандағы "Қытай зауыттарына, Қытай экспансиясына" қарсылық білдірді. Билік бұл наразылық шараларына байланысты әзірге ресми мәлімдеме жасаған жоқ. Елдің ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев үкімет отырысынан кейін журналистерге "Қытайдың 55 зауыты туралы тараған ақпарат жалған әрі заңсыз" деді. Ол "елді митингіге шақырғандар болса, құқық қорғау органдары оның алдын алатынын" ескертті.

ҚЫТАЙ ЕЛШІСІНІҢ УӘЖІ

Қыркүйектің 4-і күні Қазақстандағы оқу орындарына қытай тілі оқулықтарын тапсыру шарасы кезінде Қытайдың Нұр-Сұлтандағы елшісі Чжан Сяо Қазақстан президентінің Қытайға сапары қарсаңында "қытай жобаларына қарсылық" шерулерінің тұтануы кездейсоқ емес деген пікір білдірді.

Шерулердің артында елді Қытайға және екіжақты қарым-қатынасымыздың дамуына қарсы қойып, ушықтырғысы келетін күштер тұр.


"Олар (шерулер) қазір екі ел дайындалып жатқан маңызды сапар алдында болып отыр. Сондықтан мұндай әрекеттер екіжақты қарым-қатынастағы дәл осы маңызды оқиғаға қарсы бағытталған деп айта аламын. Бұл шерулердің артында жұртты Қытайға және екіжақты қарым-қатынасымыздың дамуына қарсы қойып, жағдайды ушықтырғысы келетін, сондайға итермелейтін күштер тұрғаны жайлы болжам бар" деген Чжан Сяо.

Қытайдың Қазақстандағы елшісі Чжан Сяо (сол жақта) Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың (ортада) қабылдауында отыр. Нұр-Сұлтан, 22 сәуір 2019 жыл.
Қытайдың Қазақстандағы елшісі Чжан Сяо (сол жақта) Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың (ортада) қабылдауында отыр. Нұр-Сұлтан, 22 сәуір 2019 жыл.

Қытай диломаты Қазақстанда қытай компанияларынан басқа шетелдік ірі компаниялардың да жұмыс істеп жатқанын меңзеді.

"Мына бір жайтқа назарыңызды аударғым келеді: ресми ақпарат бойынша, Қытай Қазақстан экономикасына инвестиция салу көрсеткіші бойынша алғашқы үштіктің қатарына да кірмейді. Ендеше "Қытай Қазақстанды жауап алады", "мұнда халқын шоғырландырғысы келеді" деген және басқа тұжырымдарды неге сүйеніп айтқан? Бұл бос сөз. Шын мәнінде Қазақстан нарығында жұмыс істеп жатқан әлемдегі ірі мұнай-газ алпауыты бар. Ол бұл жаққа басқалардан бұрын келіп, осы кезге дейін бәрінен көбірек асап, әлі күнге шейін өзгелерде жоқ артықшылықтарға ие болып отыр. Осының бәріне көз жұма қарау қызық екен. Бұл сізді ойландырмай ма?" деген елші.

Чжан Сяо бұған дейін Қазақстан сыртқы істер министрінің орынбасары Ермек Көшербаевтың елдегі наразылыққа себеп болған 55 жоба жайлы түсініктеме бергенін алға тартып, оларға байланысты комментарий беруден бас тартты.

"Жағдаймен таныспын, бірақ бүгін ол туралы ештеңе айтпаймын, өйткені шерулерден кейін әріптестерім бұл 55 жобаның қалай пайда болғаны, олардың мемлекеттік сараптамадан қалай өткізілетіні, әрбір нақты жобаны екі елдің бірлескен комиссиясы іріктейтіні туралы егжей-тегжейлі түсіндірген. Оған алып-қосарым жоқ. Ал осы шерулерде Қазақстан үкіметінің кәсібилігі мен біліктілігіне күмән келтіре айтылған ой-пікірлер тіпті күлкілі. Ондайларға "Есіңіз дұрыс па?" дегім келеді" деген Қытайдың Қазақстандағы елшісі.

Бұған дейін Қазақстан сыртқы істер министрінің орынбасары Ермек Көшербаев пен Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Аманияз Ержанов "Қытай Қазақстанға ескі зауыттарын әкеледі" деген ақпаратты жоққа шығарып, 55 жоба бойынша "жоғары технологиялық кәсіпорындар" салу жоспарланып отырғанын хабарлаған.

ҚЫТАЙ ИНВЕСТИЦИЯСЫ

2019 жылы сәуірде Пекинде өткен "Бір белдеу – бір жол" форумына қатысқан Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев "Қытайдың Қазақстандағы 55 ірі жобасының 15-і жұмысын бастағанын, 11 нысан биыл пайдалануға берілетінін" айтқан.

Форумнан кейін қытайлық журналистерге берген сұхбатында Назарбаев "Қытай ешкімге шарт қоймайды. Біз секілді өмір сүріңдер деп ешқашан айтпайды. Батыс елдері "сендерге көмектесеміз, сендер біз сияқты болыңдар" дейді. Қытай олай жасамайды. Қытайдың осы саясаты ұнайды" деген.

Елде Қытай-Қазақстан қатынасына қарсылық күшейген тұста Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Пекинге ресми сапармен барғалы отыр. 11-12 қыркүйекке жоспарланған сапар барысында Тоқаев пен Қытай басшысы Си Цзиньпин екі ел арасындағы қарым-қатынасты талқылайды деп хабарланды.

Қытай – Қазақстанға ең көп инвестиция құятын - төртінші, ең көп қарыз беретін үшінші ел. Қазақстанға инвестиция салу бойынша алғашқы үштікте Нидерланд, АҚШ пен Швейцария бар.


  • 16x9 Image

    Мәншүк АСАУТАЙ

    1980 жылы туған. Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін бітірген.

    Қарағанды қаласындағы жергілікті телеарнада қызмет еткен. 2004 жылдан бері Азаттықтың тілшісі. 

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG