Accessibility links

Жаңаөзенде наразылық күшейгенде әкім ауысты


Жаңаөзендегі наразылыққа жиналғандар. 3 қыркүйек 2019 жыл.
Жаңаөзендегі наразылыққа жиналғандар. 3 қыркүйек 2019 жыл.

Маңғыстау облысындағы Жаңаөзен қаласының әкімі қызметіне бұған дейін "Өзенмұнайгаз" мұнай компаниясының бас директорының орынбасары болып істеген Мақсат Ибағаров тағайындалды. Соңғы екі жыл бойы Жаңаөзенді Әділбек Дауылбаев басқарып келген.

Ибағаров жаңа қызметке Жаңаөзенде жергілікті тұрғындардың наразылық акциясы жалғасып жатқан кезде тағайындалды. 2 қыркүйекте басталған наразылық акциясына қатысушылар Қазақстанда Қытай инвестициясына 55 өндіріс орнын салу туралы үкіметаралық келісімге қарсылық білдіріп, Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевты келесі аптаға жоспарланған Қытайға сапарынан бас тартуға шақырды. 3 қыркүйекте Жаңаөзенге барған облыс әкімі Серікбай Тұрымов қалалық әкімдік алдында тұрған наразылармен кездесіп, Қазақстанды Қытай зауыттары салынбайды деп айтты. Акцияға қатысушылар оның сөзіне сенбейтіндерін мәлімдеді. 4 қыркүйекте Жаңаөзендегі алаңға тұрғындар тағы да жиналды.

Сейсенбі күні жаңаөзендіктер Қазақстанның басқа қалаларындағы тұрғындарды өз акцияларын қолдап, 4 қыркүйекте осындай шара өткізуге шақырды. Сәрсенбі күні Алматы, Ақтөбе, Шымкент, Қарағанды, Семей мен Нұр-Сұлтанда жаңаөзендіктердің талабын қолдау акциялары өтті. Оған қатысушылар Қазақстанда ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіп салаларында 55 кәсіпорын құрылысын салу туралы Қытай мен Қазақстан үкіметтері арасындағы келісімге қарсылық білдірді.

Жаңаөзен әкімі қызметіне кіріскен 48 жастағы Мақсат Ибағаров мұнайшы мамандығы бойынша жоғары білім алған. 1992 жылдан бастап мұнай өндіру саласында жұмыс істеген. 2013 жылы ол "ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясының еншілес кәсіпорыны - "Өзенмұнайгаз" компаниясында бас директордың көлік және әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары болып тағайындалған.

Негізінен мұнай өндіру саласында жұмыс істейтін кәсіпорындар орналасқан Жаңаөзен қаласында 2011 жылы еңбек жағдайын жақсартуды талап еткен мұнайшылардың бірнеше айға созылған ереуілін полиция оқ атып басқан. Ресми мәлімет бойынша, Жаңаөзен оқиғасы кезінде 17 адам қаза болған.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG