Accessibility links

Қамалған бала, хабарсыз әке, жоғалған күйеу іздеусіз қала ма?


"Қызым әкесін де танымайды". Жақындары лагерьде отырғандар көмек сұрайды
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:42 0:00

Алматы облысының бір топ тұрғыны туыстары Қытайдан қайта алмай отырғанын айтып, көмек сұрайды. Алматы, 10 қазан 2019 жыл.

"Шыңжаңдағы лагерьлерде қазақтар жоқ" дейді Қазақстан сыртқы істер министрлігі. Лагерьде қамауда отырған туыстарының аты-жөнін атап, суретіне дейін көрсеткендер "мұндай мәлімдемеден соң біздің туғандарымыз ескерусіз, іздеусіз қала ма" деп торығады.

"ҚАМАЛҒАН БАЛА"

Қазан айының онына Алматы облысының бірнеше ауданынан "Атажұрт еріктілерінің" кеңсесіне (ресми тіркеуден өтпеген ұйым - ред.) арнайы жиналған бір топ адамның іздеген жоғы да, мұңы да бір. Бірінің туысы Қытайға барып қайтпай қалған, енді бірінің туғаны Қытайда жүріп-ақ істі болып, қамауға алынған. Соңғы бірнеше жылда Қытайдың аз ұлттарға арналған саясатының күрт өзгеруіне байланысты шекараның екі жағына еріксіз бөлініп қалғандар Қазақстан үкіметінен қайран бола ма деп үміттенеді.

"Ұлымыздан тірідей айырылдық" деп жылаған әйел - Науатхан Жақып Талдықорғаннан жеткен. "Сөзімізді, үнімізді еститін жан болса айтып-ақ келеміз, тағы да айтуға келдім" дейді ол.

Кейуананың айтуынша, 1986 жылы туған, Қытайда мал бағып, кәсіп қылған ұлы Жеңісхан Жаңбырбай денсаулығы сыр берген дәмкәс әке-шеше мен әулеттің асыраушысына айналған. Қазақстанға көш қозғалғанда әуелі ата-анасы мен мектепте оқитын ұлын шекарадан өткізіп, Алматы облысына жайғастырған.

Науатхан Жақып Қытайдан оралмаған ұлының суретін ұстап тұр, Алматы, 10 қазан 2019 жыл.
Науатхан Жақып Қытайдан оралмаған ұлының суретін ұстап тұр, Алматы, 10 қазан 2019 жыл.

- Бізге үй әперіп, 2017 жылы Қытайда қалған шаруашылығын бір жақты етуге кетіп еді. Содан ұшты-күйлі жоғалды. Саяси лагерьге әкетіпті дегенді Қытайдағы туыстарымыздан естідік. Олар да емеурінмен болмаса, ашылып сөйлей алмайды, қорқады, - дейді ол.

Науатхан Жақыптың сөзіне қарағанда, басқа туыстарын айтпағанда, Қытайда тұратын, сонда тұрмысқа шыққан туған қызымен сөйлесудің өзі мұң. Артық сұрақ қойғызбайды, хал-жағдай сұрасудан асырмайды. Өйткені Қазақстанның адамдарымен сөйлесудің өзі қауіп.

- Алты жылға сотталды дегенді зорға білдік. Келінім мен кіші немерем Қытайдағы ауылда қалды. Олар қалай өмір сүріп жатқанын бір Құдай біледі. Үлкен немерем қолымда оқиды, Қазақстаннан алған зейнетақымен күнелтіп жатырмыз, - дейді ол.

"ХАБАРСЫЗ ӘКЕ"

Бірі баласын іздесе, енді бірі әке-шешесін іздейді. Сұлтан Сәулебек Қазақстанға 2013 жылы келген, артынан інісі жетіп орналасып, екеуі де Қазақстан азаматтығын алған. Қытаймен арадағы барыс-келіс соңғы бірер жылда тоқтап, әке-шешеден ажыраған.

- Қытайдың Құлжа ауданы Мазар ауылында қалған әкем Сұлтан Ақын мен шешем Гүлсінайды ойласам жүрегім қарс айрылады. Қолымнан келер қайран болмай тұр. Үй қамақта отырған шешемізбен осыдан бір ай бұрын телефон арқылы қысқа ғана тілқатысуға рұқсат етті Қытай билігі. Әкемді саяси лагерьге әкеткеніне екі жыл болды, еш хабар жоқ, - дейді ол мұңайып.

Сұлтан Сәулебек әкесінің Қытайда лагерьде отырғанын айтады, Алматы, 10 қазан 2019 жыл.
Сұлтан Сәулебек әкесінің Қытайда лагерьде отырғанын айтады, Алматы, 10 қазан 2019 жыл.

Сұлтан Сәулебектің сөзінше, биыл 75 жасқа толған әкесі 2002 жылдары бір бүйрегін алдырған науқас. "Әкең екі аяқтан да қалды, құлағы да естімейді" деген суыт хабарды алыстан әлдекімдер сәлемдеп айтқан.

- Әкем мемлекет қызметінде істемеген адам. 2013 жылы заң жолымен Меккеге қажылыққа барған еді. Қытай өкіметі соны алға тартты-ау, - деп қауіптенеді.

"ЖОҒАЛҒАН КҮЙЕУ"

"Атажұрт еріктілері" ұйымының кеңсесіне тұлымшағы желбіреген екі сәбиін ертіп келген Бикамал Кәкенқызы да көз жасын тыя алмай жылайды.

Оның сөзінше, 1972 жылы туған күйеуі Әділғазы Мұқайұлы 2017 жылы шілдеде бұрынғы жұмыс орнының шақыртуымен Қытайға өтісімен ұсталған. Күйеуі денсаулығына байланысты зейнетке шығып кетсе де, бұрынғы жұмыс орнының шақыртуын жерге тастамай бара қойғанына әйелі бармағын тістейді.

- Саяси үйрену лагерінде жатқанына екі жарым жыл болды. Қамалғанын қол телефоны мен кейбір заттарын сақшылар Қытайдағы туыстарымызға әкеп тастағанынан білдік, өзінен хабар жоқ, - дейді ол.

Бикамал Кәкенқызы, Қытайдан оралмаған күйеуінің суретін ұстап тұр. Алматы, 10 қазан 2019 жыл.
Бикамал Кәкенқызы, Қытайдан оралмаған күйеуінің суретін ұстап тұр. Алматы, 10 қазан 2019 жыл.

Бикамал Кәкенқызы қазір Алматы облысының Ұзынағаш ауылында пәтер жалдап тұрады. Әкесі Қытайға кеткенде бес айға толған кіші қызы екі жарымда, тағы бір қызы төрт жарымда. Күйеуі кеткен соң тұрмыс та қиындаған. Оны айтса тағы жылайды. "Атажұрт еріктілері" ұйымы таныстырған Мейіз апасы мен Барболсын апасына қайта-қайта алғыс айтады. Қазақстан азаматы болса да балаларына мемлекеттен жәрдемақы алмайды. Құжатын түгелдей алмай сарсаңға түскен.

- Екі мемлекет дос дегенді күнара естимін. Достық осындай бола ма? Қазақстан өкіметі досынан неге сұрамайды бізді? - дейді ол.

"ШЫҢЖАҢ ЛАГЕРІНДЕ ҚАЗАҚТАР БАР МА?"

Қазақстан үкіметінің "Атажұрт еріктілеріне" келген жоқшылардан хабары, бәлкім, болмауы мүмкін. Бірақ Қытайдағы этникалық қазақтардың мәселесінен хабардар. Бүгін "Ата жұрт еріктілерінің" кеңсесіне келгендердің бірінің қолында Қазақстан сыртқы істір министрлігінің хаты жүр.

- Сыртқы істер министрлігі Қытайда тұратын туған-туыстарын іздестіруші Қазақстан азаматтарының арыздарын объективті қарастыру мақсатында Қытай тарапымен пысықтау жұмыстарын жүргізіп жатыр. Өтініште көрсетілген мәселенің оң шешілуін тездету үшін туысыңызға қатысты толық мәліметті жолдауды сұраймыз, - деп жазылған хатта.

Қазақстан сыртқы істер министрлігінің Тұрлан Күләнге жауап хаты. Алматы, 10 қазан 2019 жыл.
Қазақстан сыртқы істер министрлігінің Тұрлан Күләнге жауап хаты. Алматы, 10 қазан 2019 жыл.

Бұл хатты Қытайдағы саяси лагерьде қамауда отырған Айтуған Тұрланұлын іздеп жүргендерге 2018 жылдың желтоқсан айында жолдаған. Сыртқы істер министрлігі арыз хатқа бір айда жауап бергенімен әрі қарайғы әрекеттен нәтиже жоқ. "Айтуған Тұрланұлы есімді қазақ саяси лагерьде әлі отыр" деп санайды туыстары.

Алайда Қазақстан сыртқы істер министрлігінің соңғы мәлімдемелеріне қарағанда, Қытайдың саяси лагерлерінде этникалық қазақтар қалмағанға ұқсайды. Өткен аптада Қазақстан сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді "Шыңжаңдағы лагерьде қазір қазақтар жоқ" деп мәлімдеген.

Мұндай мәдімдеме 10 қазанда "Атажұрт еріктілеріне" арнайы келіп, мемлекеттен жәрдем сұрап, үмітін үзбегендердің көңіліне қаяу түсіреді. Олар "біздің туғандарымыз ескерусіз, іздеусіз қала ма" деп торығады.

Қытайда қалған туған-туыстарын іздеушілердің жанайқаймен қайырылғаны бір бұл емес. 2017 жылдың көктемінен бері жоқ іздегендер күрт көбейген. Қытайдан қашып шығып, шекарадан заңсыз өткен Сайрагүл Сауытбай ісі «Қытайдағы этникалық аз ұлттарға жасалған қысым» туралы алуан түрлі ақпараттың жиынтық көрінісіне айналған.

2018 жылы Біріккен ұлттар ұйымы Шыңжаңда миллионға жуық этникалық ұйғыр мен өзге де түркітілді ұлт өкілдерін Қытайдың солтүстік-батысындағы "саяси тәрбие лагерьлерінде" ұстап отырғаны туралы мәлімдеген.

Бастапқыда мұндай ақпаратты терістеген Пекин кейін оны "экстремизмге қарсы шара" деп түсіндірген және саяси лагерьлерді "тіл үйреніп, кәсіпке баулитын" орталықтар деп атаған.


  • 16x9 Image

    Асылхан МАМАШҰЛЫ

    1973 жылы 22 сәуірде дүниеге келген. 1994 жылы Қорқыт ата атындағы Қызылорда пединститутын бітірген. 1997-2000 жылдары әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің аспирантурасында оқыған. "Қазақ энциклопедиясы" баспасында (2001-2007), республикалық "Ана тілі" газетінде (2007-2009) , "ABDI-press" орталығында (2009-2010) жұмыс істеген. 2011 жылдан Азаттық радиосының тілшісі.

    Тарихи, саяси мәселелер тақырыбында жазады, белгілі тұлғалардың саяси портреттерін жасайды. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG