Accessibility links

Тоқаевтың 100 күні несімен ерекшеленді?


Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев алтыншы шақырылымдағы парламенттің бесінші сессиясының ашылуында. Нұр-Сұлтан, 2 қыркүйек 2019 жыл.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев алтыншы шақырылымдағы парламенттің бесінші сессиясының ашылуында. Нұр-Сұлтан, 2 қыркүйек 2019 жыл.

Маусымдағы кезектен тыс сайлаудың ресми қорытындысы бойынша Қазақстан президенті болып Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайланғанына 100 күн толды. Кей сарапшылар Тоқаев қоғамдағы көкейкесті мәселелерді шешуге талпынып отыр десе, өзгелері оны осы қызметке ұсынған бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың ықпалында қалды деп санайды.

ЕКІНШІ ПРЕЗИДЕНТТІҢ БИЛІККЕ КЕЛУІ

Осыдан алты ай бұрын, наурыздың 19-ы күні Қазақстанды отыз жылға жуық үздіксіз басқарып келген Нұрсұлтан Назарбаевтың президенттік өкілетін мерзімінен бұрын тоқтатыны және президент міндетін парламент сенатының төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев атқаратыны туралы мәлімдемесі көпшілік жұрт үшін күтпеген жаңалық болса, кейбіреулер "бұрыннан күткен шешім" деп қабылдаған. Соңғы бірнеше жылда Назарбаевтың Қауіпсіздік кеңесінің мәртебесін көтеруге күш салып, "Қазақстан Республикасының тұңғыш президенті – Елбасы туралы" заңды ұдайы жетілдіруі бірінші президент биліктен кетуге әзірленіп жатыр деген болжамдарға негіз болған.

Жоғарыдан төмен қарай: Нұрсұлтан Назарбаев, мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин және Қасым-Жомарт Тоқаев. Астана (қазір - Нұр-Сұлтан), 20 наурыз 2019 жыл.
Жоғарыдан төмен қарай: Нұрсұлтан Назарбаев, мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин және Қасым-Жомарт Тоқаев. Астана (қазір - Нұр-Сұлтан), 20 наурыз 2019 жыл.

Сенат спикері Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2018 жылы маусымда шетелдік ақпарат құралына берген сұқбатында "Назарбаев келесі президент сайлауына қатыспауы мүмкін" деген сөзі де бірінші президент билігі жайлы жоғары лауазымдылар арасында қандай да бір ашық пікір айтылмайтын саяси режим орнаған қоғамда тосын естілген. "Келесі президент Тоқаев болуы ықтимал" деген жорамалдар сол кезден-ақ пайда болған. Биылғы сайлаудан кейін Тоқаев "келесі президент болуы мүмкін екені туралы Назарбаевпен соңғы бірнеше жылдан бері кеңесіп келгенін" айтқан.

Наурызда Қазақстан парламентінің мақұлдауымен президент қызметін атқаруға кіріскеннен кейін үш аптадан соң Қасым-Жомарт Тоқаев маусымның 9-ында кезектен тыс президент сайлауын өткізу туралы жарлық шығарды. "Нұр Отан" партиясының жетекшісі, бұрынғы президент Назарбаевтың ұсынысы бойынша билік партиясынан президенттікке кандидат болып түскен Тоқаев сайлауды "ашық әрі әділ өткізуді қамтамасыз ететінін" мәлімдеген еді.

Маусымның 9-ы күні кезектен тыс өткен сайлаудың ресми қорытындысы бойынша, дауыс беруге қатысқан азаматтардың 70 пайыздан астамының қолдауына ие болған 66 жастағы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан президенті болып сайланды. Батыс елдерінің бақылаушылары мен құқық қорғаушылар елде әлеуметтік жағдайы төмен тұрғындарға мемлекеттің қолдауын күшейтуді, азаматтық және саяси бостандықтарды шектемеуді талап етіп рұқсат етілмеген наразылық акцияларына шыққандарды полиция жаппай ұстап жатқан шақта өткен сайлау кезінде "азаматтардың құқығы жаппай бұзылғанын" сынады. Халықаралық ұйымдар Қазақстан билігінен бейбіт жиын, шеру мен пикет өткізу құқығын бұзуды мұқият тексеруді талап етті.

Полиция қызметкерлері кезектен тыс президент сайлауы күні наразылық акциясына шыққандарды ұстап, әкетіп жатыр. Алматы, 9 маусым 2019 жыл.
Полиция қызметкерлері кезектен тыс президент сайлауы күні наразылық акциясына шыққандарды ұстап, әкетіп жатыр. Алматы, 9 маусым 2019 жыл.

Сайлаудан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев елде азаматтардың "өз еркін білдіру бостандығы толық көлемде сақталып отыр" деп мәлімдеді.

- Сайлау кампаниясы өркениетті сипатта, тыныш өткеніне қуаныштымын. Бұл тек бағдарламалар арасында бәсеке болды. Бұл Қазақстанда саяси мәдениеттің айтарлықтай өскенін білдіреді, - деп мәлімдеді Тоқаев.

"ҚОҒАММЕН ДИАЛОГ ОРНАТУҒА ТАЛПЫНЫС"

Тоқаевтың бұл мәлімдемесінен көп ұзамай-ақ сайлау қарсаңындағы қарсылық акциялары кезінде кемінде 4 мың адамның қамауға алынғанын биліктің өзі жариялады. Наразылық акциясына шыққандар арасында сайлауға бойкот жариялаушылар да, "саяси жүйені түгел өзгертуге" шақырғандар да болған еді. Олар биліктен сайлау, бейбіт митингілер және саяси партиялар туралы заңдарды өзгертуді талап еткен.

Видео: Тоқаев президенттігінің 100 күн. Қазақстанда не өзгерді?

Тоқаев президенттігінің 100 күн. Қазақстанда не өзгерді?
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:54 0:00

Көп ұзамай Тоқаев "қоғаммен диалог" өткізу үшін консультативтік-кеңесші орган – Ұлттық қоғамдық сенім кеңесін құрып, үш айдан соң алғашқы жиынын өткізді. Азаттық тілшісімен сөйлескен кей сарапшылар оны Қасым-Жомарт Тоқаевтың өткен 100 күнде көтерген негізгі бастамасы деп санайды.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев (ортада), президент әкімшілігінің жетекшісі Қырымбек Көшербаев (сол жақта) және президент кеңесшісі Ерлан Қарин (оң жақта) Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің жиынында отыр. Нұр-Сұлтан, 6 қыркүйек 2019 жыл.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев (ортада), президент әкімшілігінің жетекшісі Қырымбек Көшербаев (сол жақта) және президент кеңесшісі Ерлан Қарин (оң жақта) Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің жиынында отыр. Нұр-Сұлтан, 6 қыркүйек 2019 жыл.

Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі, саясаттанушы Ерлан Сайыров сайлау кезінде және одан бұрын жиі қайталанған қарсылық акцияларының талаптарын билік тыңдай бастады деп санайды.

- Тоқаевтың президенттігі еліміздегі күрделі саяси жағдайға тура келді. Ең бірінші демократияландыру, либерализациялау мәселесіне жауап беруі керек болды. Оған толыққанды жауап берді деуге негіз бар, өйткені Ұлттық кеңес жұмыс істей бастады. Ұлттық кеңесте саяси мәселеге байланысты бес заңды өзгерту жөнінде мәселе қойылды. Енді қоғам белсенділері үкіметпен бірге талқылайтын болады, - дейді ол.

Саясаттанушы Ерлан Сайыров. Нұр-Сұлтан, 19 қыркүйек 2019 жыл.
Саясаттанушы Ерлан Сайыров. Нұр-Сұлтан, 19 қыркүйек 2019 жыл.

Сайыров Тоқаевтың қыркүйектің басында жариялаған халыққа жолдауында "қоғамдық саяси модернизация" жайлы, парламент мәжілісі көппартиялы алаңға айналу керектігі туралы, ал "еститін мемлекет" тұжырымдасында "халықпен диалог орнату" жайлы айтқанын "қоғам ойындағы түйткілді мәселелерді шешу талпынысына" балайды.

- Тоқаев сайланысымен болған Арыстағы қайғылы оқиғаға өзі барып, халықтың сенімін күшейтті. Әлеуметтік жәрдемді көбейтті. Соңғы айларда митингілерге, пикеттерге шығып жүргендер қамауға алынған жоқ. Бұл еліміздегі саяси жүйенің өзгере бастағанын көрсетеді. Баспасөз бостандығы, азаматтардың еркіндігі бұрынғыға қарағанда жақсара бастағаны байқалады, - дейді Сайыров.

Ұлттық кеңес туралы осыған дейін қоғамда түрлі пікір айтылды. Кейбіреулер оны саяси "жылымыққа" баласа, енді біреулер оның "ешқандай пайдасы жоқ" деп санайды.

"НАЗАРБАЕВТЫҢ ЫҚПАЛЫНДА ҚАЛДЫ"

Саясаттанушы Ерлан Сайыров Қазақстандағы билік транзиті эволюциялық жолмен жүріп келеді деп санайды. Оның пікірінше, Тоқаевты шетелдік қауымдастық та толыққанды мемлекет басшысы ретінде қабылдайды. "Билік толыққанды заңды президенттің қолына көшетін уақыт алыс емес" дейді ол.

Азаттық тілшісі сөйлескен журналист, ұзақ жыл түрлі оппозициялық ақпарат құралдарына жетекшілік еткен Гүлжан Ерғалиева мұндай пікірге күмәнмен қарайды. Ол таяуда Фейсбук әлеуметтік желісіндегі парақшасында Конституциялық сот пен Жоғарғы сотқа үндеу жасап, "Нұр Отан" партиясының жетекшісі Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан президентінің "ісіне араласуына" құқықтық баға беруді сұраған болатын. Ерғалиеваның пікірінше, "Нұр Отан" партиясының жиынында Назарбаев "өкілеттігі жүрмейтін мәселелерге араласып, президент секілді сөйлеген".

Журналист Ерғалиева Тоқаев 100 күннің алғашқы күнінде-ақ күмәнді жайттарға жол берді деп санайды.

Журналист Гүлжан Ерғалиева.
Журналист Гүлжан Ерғалиева.

- Сайлауда заң бұзушылықтар көп болды, ол жайлы бақылаушылардың шағымдары сотта қаралмады. Сондықтан Тоқаевтың легитимділігі де күмәнді болып қалды. Қазақстанның қай өңірінде қанша дауыс алғаны да жарияланбады, - дейді ол.

Оның пікірінше, заң жүзінде бекітілген елбасы мәртебесіне ие әрі Қауіпсіздік кеңесі мен биліктегі "Нұр Отан" партиясының төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ықпалынан шықпағаны әрдайым байқалатын Тоқаевтың бастамалары қаншалықты жүзеге асатыны беймәлім.

- Бірінші президент пен екінші президент бірге отырған жиында кімнің басшы екені анық байқалады. Бәлкім, Назарбаев пен Тоқаев "үлкенді тыңдау және сыйлау" деген ұғыммен өзара келіскен шығар. Бірақ президент лауазымын екі адамның арасындағы шартпен атқаруға болмайды. Бұрынғы президент қазіргі президентпен тең дәрежеде мемлекет ісімен айналыса алады деген заң жоқ, - дейді ол.

Гүлжан Ерғалиева бұрынғы президент Назарбаев өзіне берілген өкілеттік бойынша мемлекеттік басқару органдарына, парламентке, халыққа үндеу жасай алады, бірақ "үндеу - кеңес беру сипатында ғана, оны орындау міндетті емес" деп есептейді.

- Мысалы, Мұхтар Жәкішевті босатуды халық талап етіп отыр. Билікке келген жаңа президент рақымшылық жасауына болады. Ал, Тоқаев Жәкішевті босата алмады. "Еститін мемлекет" дегеніміз осы ма? Жәкішев мәселесінде бірінші президенттің екінші президентке ықпалы қандай екені көрініп тұр, - дейді ол.

Түрмеде отырған Мұхтар Жәкішевті босатуды талап етіп акция өткізіп тұрған азаматтар. Алматы, 10 қыркүйек 2019 жыл.
Түрмеде отырған Мұхтар Жәкішевті босатуды талап етіп акция өткізіп тұрған азаматтар. Алматы, 10 қыркүйек 2019 жыл.

2010 жылы "жемқорлық" айыбымен 14 жылға сотталған "Қазатомөнеркәсібі" ұлттық компаниясының бұрынғы президенті Мұхтар Жәкішев саяси қызметпен айналыспаса да, 2013 жылы қазақстандық құқық қорғаушылардың сараптауынан кейін "саяси тұтқын" деп танылған. Биыл жазда сот Жәкішевтің мерзімінен бұрын шартты бостандыққа шығару туралы кезекті өтінішін қанағаттандырудан бас тартқан. Қазақстанда биліктен Жәкішев пен құқық қорғаушылар "саяси тұтқын" деп таныған өзге де азаматтарға бостандық беру талабымен акциялар биыл жиі өтетін болған. Қазақстан билігі "елде саяси тұтқын жоқ" дейді.

Тоқаевтың бастамаларына отыз жылдан бері билікте отырғандар оңайлықпен жол бермейді.

Гүлжан Ерғалиеваның ойынша, Тоқаевтың өзі қатысқан Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің жиыны мен екінші президенттің халыққа жолдауының тікелей эфирден көрсетілмеуі де күдік ұялатады.

- Тоқаевтың бастамаларына отыз жылдан бері билікте отырғандар оңайлықпен жол бермейді. Тоқаевты шартты түрде "реформатор" дейтін болсақ, онда билікте "реформаторлар мен консерваторлардың күресі жүріп жатыр" деуге болады, - дейді ол.

Қасым-Жомарт Тоқаев маусымның 9-ындағы президент сайлауынан кейін де, одан бұрын да өзінің толыққанды президент екенін айтқан еді. Ол шетелдік БАҚ-қа берген сұқбатында "Қазақстанда қос билік болмайтынын, негізгі стратегиялық мәселелер бойынша Назарбаевпен кеңесетінін" ескерткен.

Назарбаев та "Қазақстанда бір ғана президент бар екенін, өзінің оған көмектесетінін" көпшілік алдында айтқан.

"Президент, президент" деген кезде Нұрсұлтан Әбішұлы келген екен деп ойлап қалатынмын.

Қасым-Жомарт Тоқаев президент болып сайланғаннан кейін ол туралы алғашқы деректі фильм де түсірілді. Фильмді түсірген ресейлік журналиспен әңгімеде Тоқаев Назарбаевтың ұсынысымен парламентте президент болып бекітілгеннен кейін бастапқыда өзін "президент" деп атаған сөзге үйрене алмағанын айтқан.

- Әсіресе, көпшілік қатысатын шараларда "Президент, президент" деген кезде Нұрсұлтан Әбішұлы келген екен деп ойлап қалатынмын, - деген Тоқаев сөзін "жақсы нәрсеге тез үйренесің" деп тұжырған.

Наурызда Қазақстан президенті қызметіне кіріскеннен бері сөйлеген сөздерінде Тоқаев бұрынғы президент Назарбаевтың жүргізген саясатының сабақтастығын сақтайтынын бірнеше рет мәлімдеген. Наурызда Тоқаевтың ұсынысы бойынша ел астанасының аты Назарбаевтың құрметіне Нұр-Сұлтан қаласы болып өзгертілген.

"ҚЫТАЙ ЖОБАЛАРЫНА" ҚАРСЫЛЫҚ

Қасым-Жомарт Тоқаевтың биліктегі алғашқы 100 күні тағы бір үлкен оқиға – "Қазақстандағы Қытай жобаларына" қарсы наразылық акцияларымен есте қалды.

Қыркүйектің 2-і күні Маңғыстау облысындағы Жаңаөзен қаласында орталық алаңға шыққан жүзге жуық адам Қазақстан үкіметі Қытаймен бірлесіп іске асырып жатқан өндірістік жобаларға қарсылық білдіріп, қыркүйектің 11-12 күндері Пекинге барғалы отырған Тоқаевты сапардан бас тартуға шақырған болатын. Келесі күні Жаңаөзендегі алаңға екі жүзге жуық адам жиналып, наразылықты жалғастырды. Кейін Алматы, Нұр-Сұлтан, Шымкент, Ақтөбе, Семейде ондаған адам Жаңаөзендегі наразылық шарасын қолдап, қарсылық акциясын өткізді.

Наразылық шаралары өтіп жатқанда полиция ешкімді ұстаған жоқ, бірақ кейін Алматы, Нұр-Сұлтан, Ақтөбе мен Шымкентте билік бірнеше белсендіні жауапқа тартып, әкімшілік қамауға алды.

Қыркүйектің 6-сы күні Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің алғашқы отырысында президент Тоқаев "Қазақстанға Қытайдың 55 ескі зауыты әкелінеді-мыс деген қауесетті елдің патриоттық көңіл-күйін айла-шарғымен өз мақсатына пайдаланғысы келетін қаскөйлер таратып жатыр. Жұртты бұлайша адастыру – халықтың бірлігіне іріткі салып, Қазақстанда тұрақсыздық тудыруды көздейтін геосаясаттың бір бөлігі екенін түсінген жөн" деп мәлімдеді. Тоқаев өзі меңзеген "қаскөйлер" мен ондай геосаясатты жүргізетіндер кімдер екенін ашып айтпады. Содан екі күн бұрын Қытайдың Нұр-Сұлтандағы елшісі Чжан Сяо Қазақстандағы наразылықтардың артында "екі елдің қарым-қатынасын ушықтырғысы келетін күштер тұр" деп айтқан.

Қазақстандық шенеуніктер Пекинмен бірлескен 55 жобаның кейбірі іске асырылып жатқанын, осы жобалардың арқасында елде 20 мың жұмыс орны ашылады деп хабарлады. Өткен аптада Тоқаев президент қызметіне кіріскелі алғаш рет мемлекеттік сапарымен Қытайға барды. Осы сапарында ол Қытай басшысы Си Цзиньпимен бірқатар құжатқа қол қойды.

Бұған дейін сәуірде Тоқаев Мәскеуге сапармен барып, Ресей президенті Владимир Путинмен кездескен. Ал маусымда Бішкектегі ШЫҰ саммитіне қатысты.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG