Accessibility links

Қытай жобаларына қарсы шыққан бірнеше белсенді қамалды


"Бейбіт митинг өткізу заңын бұзды" деп айыпталған Алматы тұрғыны Мұрат Шорманов сотта отыр. 17 қыркүйек 2019 жыл.

Алматы мен Нұр-Сұлтанда бірнеше тұрғын "4-5 қыркүйекте рұқсат етілмеген митингіге қатысты" деп айыпталып, 10-15 тәулікке қамалды. Әкімшілік сот 16 қыркүйек кешкісін және 17 қыркүйекте өтті.

НҰР-СҰЛТАН МЕН АЛМАТЫДАҒЫ СОТ

17 қыркүйекте Нұр-Сұлтан қаласы Есік аудандық полиция департаментінде көшпелі сот қала тұрғындары Қуат Төлепбергенов пен Марат Темірбековті "заңсыз митингіге шықты" деп айыптап, 10 тәулікке қамады. Олар 4-5 қыркүйекте Нұр-Сұлтан әкімдігінің алдында Қазақстандағы Қытай жобаларына қарсы өткен наразылық шарасына қатысқан. Екі белсендіні әкімшілік жауапкершілікке тартуға осы наразылық шарасына қатысуы себеп болған. Бұл туралы "Qaharman" құқық қорғаушылар қозғалысы хабарлады.

Қозғалыс 17 қыркүйекте полиция Қытай жобаларына қарсы 4 қыркүйекте өткен наразылық шарасына қатысқан тағы төрт белсендінің ұсталғанын айтты.

Азаттық радиосы белсенділердің ұсталуына қатысты Нұр-Сұлтан қалалық полиция департаментіне ресми хат жолдады. Әзірге хатқа жауап келген жоқ.

Алматыда да 4 қыркүйекте өткен Қытай жобаларына қарсы наразылық шарасына қатысқан төрт тұрғын жауапқа тартылды.

16 қыркүйекте кешкісін Алматы соты белсенділер Айдос Базарханов пен Асхат Жексебаевты "4 қыркүйекте қала әкімдігінің алдында өткен рұқсат етілмеген наразылық шарасына қатысты" деген айыппен 10 тәулікке қамады. Бұл туралы олардың адвокаты Салауат Сәскебаев хабарлады.

Қорғаушы әкімшілік жазамен қамауға алынғандар отыратын Лобачевский көшесіндегі арнайы мекемеге барғанымен оны қорғауындағы азаматтарға жолықтырмаған. Адвокаттың сөзінше, есік алдындағы күзетшілер оған "қазір жиналыста отырған" басшылықтан рұқсат алуы қажет екенін айтып, кіргізбей қойған.

Сәскебаев сот қаулысымен келіспейді және апелляциялық шағым түсірмек. Бұған қоса, ол өзінің қорғауындағы азаматтармен жолықтырмай қойғанына наразылық білдіріп, шағым түсіретінін айтты.

Лобачевский көшесіндегі әкімшілік қамауға алынғандар жазасын өтейтін арнайы мекеменің қоршауы.
Лобачевский көшесіндегі әкімшілік қамауға алынғандар жазасын өтейтін арнайы мекеменің қоршауы.

17 қыркүйекте Алматы қаласы мамандандырылған әкімшілік соты қала тұрғындары Мұрат Шорманов пен Ермек Қазиевті "4 қыркүйекте рұқсат етілмеген митингіге қатысты" деп айыптап, 15 тәулікке қамады.

46 жастағы Шормановтың сөзінше, ол 16 қыркүйекте Базарханов пен Жексебаевты қолдау үшін сотқа барған. Соттан кейін оны полиция ұстап, Бостандық аудандық полиция бөлімшесіне әкетіп, сот өткенге дейін сонда ұстаған. Ал Шорманов ісі бойынша сот 17 қыркүйек Алматы уақыты бойынша 15.00-де өтті. Отырысқа Шормановтың адвокаты сотқа келіп үлгермегендіктен судья мемлекеттік қорғаушы тағайындады. Сот 25 минутқа созылды. Отырыс кезінде прокурор судьядан Шормановтың бір жылда екі рет бейбіт митинг өткізу ережесін бұзғаны үшін 15 тәулікке қамауды сұрады. Судья прокурордың өтінішін қабылдады.

Шорманов 10 маусымда Алматыдағы Алатау театры алдында өткен президент сайлауының нәтижесіне қарсы наразылық шарасы кезінде де ұсталып, жеті тәулік қамауда отырған.

Қазиев те "бейбіт митинг өткізу ережесін бір жылда екінші рет бұзғаны үшін" 15 тәулікке қамалды. Қазиев 9 маусымда президент сайлауы күні билікке қарсы митингіге қатысып, жазаға тартылған.

Қазақстан ішкі істер министрлігі, Алматы мен Нұр-Сұлтан қалалық полиция департаменттері белсенділер соты жайлы ресми мәлімдеме жасаған жоқ.

Ал "Qaharman" құқық қорғаушылар қозғалысының белсендісі Бота Әлжанова белсенділердің ұсталуын елде экстремистік ұйым деп танылған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысының алдағы күнге жоспарлаған наразылық шарасымен байланыстырады.

- Қазақстанда тыйым салынған ҚДТ қозғалысы алдағы күндерге митингіге шақырып жатыр деген ақпарат бар. Белсенділерді соттау осымен байланысты деп ойлаймын. 6 шілде де ҚДТ митинг жоспарлағанда, 3-4 шілдеде адамдарды ұстап, 9 маусымдағы митингіге қатысты деп 10-15 тәулікке қамаған. Қазір де сондай жағдай болып жатыр, - дейді Әлжанова.

Қазақстан соты елде экстремистік ұйым деп таныған ҚДТ қозғалысының жетекшісі, Қазақстан билігін сынаушы, қазір шетелде тұрып жатқан экс-банкир Мұхтар Әблязов әлеуметтік желі арқылы жұртты 21 қыркүйекте митингіге шығуға шақырған. Қазақстан билігі ҚДТ қозғалысының барлық шарасын заңсыз деп есептейді. Ел заңына сай, азаматтар қандай да бір наразылық шарасына шығу үшін жергілікті биліктен арнайы рұқсат алуы тиіс. Биліктен рұқсат бермеген митингілердің бәрі "заңсыз" деп танылып, оның қатысушылары әкімшілік жауапқа тартылады. Батыс елдері мен құқық қорғаушылар Қазақстанның митинг туралы заңын халықаралық стандарттарға сай емес деп жиі сынайды.

ҚЫРКҮЙЕКТІҢ БАСЫНДАҒЫ НАРАЗЫЛЫҚ

2-3 қыркүйекте Жаңаөзенде бір топ тұрғын қала әкімдігінің маңында "Қытайдың Қазақстанда салынуы мүмкін 55 зауытының құрылысына" қарсы наразылық білдірген. Олар биліктен Қытай жобаларынан бас тартуды, Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтан Пекинге бармауды талап еткен (халық талабына қарамастан Тоқаев 11-12 қыркүйекте Қытайға ресми сапармен барып, бірнеше құжатқа қол қойып қайтты).

4 қыркүйекте Алматы, Нұр-Сұлтан, Шымкент, Ақтөбе, Семейде ондаған адам Жаңаөзендегі наразылық шарасын қолдап, "Қытай экспансиясына қарсымыз" деп акция өткізген. Қыркүйектің басындағы бұл наразылық шарасы тыныш өтіп, полиция ешкімді ұстамаған.

Елде Қытай жобаларына қарсы наразылық өтіп жатқан сәтте Қазақстан үкіметі "елде Қытайдың 55 зауыты салынады" деген сөзді жоққа шығарған. Бірақ билік Пекин Қазақстандағы 55 жобаға қаржы салып жатқанын мәлімдеп, біріккен жобалар елде 20 мың жұмыс орнын ашуға мүмкіндік беретінін хабарлады.

Видео: Жаңаөзенде басталған митинг. Қытайға қарсылық неден тұтанды?

Жаңаөзенде басталған митинг. Қытайға қарсылық неден тұтанды?
please wait

No media source currently available

0:00 0:43:04 0:00

  • 16x9 Image

    Мәншүк АСАУТАЙ

    1980 жылы туған. Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін бітірген.

    Қарағанды қаласындағы жергілікті телеарнада қызмет еткен. 2004 жылдан бері Азаттықтың тілшісі. 

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

  • 16x9 Image

    Әсемгүл МҰХИТҚЫЗЫ

    2004 жылы Павлодар мемлекеттік университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. "КТК-7"  телеарнасында тілші  (2003-2005), "Қазақстан-Павлодар" облыстық телеарнасында редактор, шеф-редактор (2005-2013), "Астана" телеарнасы Павлодар облысындағы меншікті тілшісі (2013-2019) болып жұмыс істеген. 2019 жылдан бері Азаттықтың Нұр-Сұлтан қаласындағы тілшісі.  

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG