Accessibility links

Human Rights Watch ұйымы президент Тоқаевты "қысымды доғаруға" шақырды


Қазақстан президенті болып сайланған Қасым-Жомарт Тоқаев ант беру рәсімінде. Нұр-Сұлтан, 12 маусым 2019 жыл.

Human Rights Watch халықаралық ұйымы Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев елдегі адам құқығы саласындағы проблемаларды шешуді кідіртпей қолға алуы керек деп санайды. Ұйымның атқарушы директоры Хью Уильямсон Ақордаға хатында билікті реформа жүргізуге шақырған.

Нью-Йоркте штаб-пәтері орналасқан Human Rights Watch халықаралық құқық қорғау ұйымы тамыздың 6-ы күні "Қазақстан: адам құқығын қалпына келтіру жайлы ұсыныстар" деген тақырыппен мәлімдеме жариялады. Онда ұйымның Еуропа мен Орталық Азия бойынша атқарушы директоры Хью Уильямсон Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа жолдаған хатында биыл маусымда ұлықтау рәсімінде айтқан сөзінде тұрып, реформалар жасауға шақырған.

"РЕФОРМАЛАРҒА КІДІРІССІЗ КІРІСКЕН ЖӨН"

"Қазақстан басшылығы көп жылдар бойы адам құқығы жайлы дұрыс сөздер айтып келгенімен, іс жүзінде өз еліндегі негізгі құқықтар мен бостандықтарды тұншықтырып отырды. Егер ұлықтау рәсіміндегі сөз жай хаттама үшін ғана айтылмаған болса, президент Тоқаев мазмұнды да мандымды реформаларға кідіріссіз кірісуі керек" деп жазады Уильямсон.

Human Rights Watch ұйымының Еуропа мен Орталық Азия бойынша атқарушы директоры Хью Уильямсон.
Human Rights Watch ұйымының Еуропа мен Орталық Азия бойынша атқарушы директоры Хью Уильямсон.

​Қасым-Жомарт Тоқаев биыл маусымның 12-і күні Нұр-Сұлтандағы Тәуелсіздік сарайында өткен ұлықтау рәсімінде Қазақстан президенті ретінде ант бергеннен кейін сөйлеген сөзінде қоғаммен диалог орнату қажеттігі туралы мәлімдеген. Тоқаев содан үш күн бұрын, соңғы отыз жылға жуық уақыттан бері алғаш рет бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуынсыз өткен сайлаудың ресми қорытындысы бойынша ел президенті болып сайланған. Кезектен тыс сайлау елде наразылық күшейіп жатқан шақта өткен болатын.

Батыс бақылаушылары заң бұзу фактілері көп болған бұл сайлауда дауыстың әділ саналғанына күмән барын айтып, үкіметке қарсылық білдірген азаматтарды жаппай ұстаған биліктің қылығын сынаған.

Бақылаушылардың берген бағасына назар аударған Хью Уильямсон осының алдындағы сайлау қорытындысынан кейін Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Демократиялық институттар және адам құқықтары бюросының (ЕҚЫҰ/ДИАҚБ) берген кеңестерін Қазақстанның орындамағанын айтып, Тоқаевты "мазмұнды қадам жасауға" шақырған.

Сайлаудан кейін батыс ақпарат құралдарына берген сұхбатында Тоқаев бейбіт шерулер туралы жаңа заң әзірлеуге уәде еткен болатын. Қолданыстағы заң митингілер мен шерулер өткізуге әкімдіктің келісімін алуды міндеттейді, әдетте жергілікті билік органдары түрлі сылтаумен наразылық шеруін өткізуге рұқсат бермейді.

Қазақстанда биыл кезектен тыс президент сайлауы өткен күні және одан кейінгі күндері наразылық білдіріп көшеге шыққан азаматтарды билік жаппай ұстаған. Ресми мәлімет бойынша, елдегі екі ірі қала Алматы мен Нұр-Сұлтанда полиция төрт мыңға жуық адамды ұстаған. Құқық қорғаушылар ұсталғандар саны бұдан да көп болуы мүмкін деп санайды.

Полиция қызметкерлері президент сайлауы күні наразылық акциясына шыққандарды ұстап, әкетіп жатыр. Алматы, 9 маусым 2019 жыл.
Полиция қызметкерлері президент сайлауы күні наразылық акциясына шыққандарды ұстап, әкетіп жатыр. Алматы, 9 маусым 2019 жыл.

Әдетте биліктің келісімінсіз өткен митингілер кезінде азаматтарды ұстап, жауапқа тартады. "Азаматтардың бейбіт наразылық таныту құқығына кепілдік беретін конституцияның 32-бабын Қазақстан билігі үнемі бұзатыны сізге белгілі" деп жазған Уильямсон Тоқаевты адамдардың құқығын шектейтін заң ережесін қайта қарауға кірісуге шақырған.

ҚУДАЛАУ ЖӘНЕ "ҮНІН ӨШІРУГЕ" ТЫРЫСУ

Human Rights Watch ұйымы мәлімдемесінде Қазақстан билігі қылмыстық кодекстегі мазмұны бұлыңғыр "алауыздық тудыру" туралы бапты "түрлі азаматтық белсенділер мен өзге де азаматтардың үнін өшіру мақсатында оларға қарсы пайдаланатынын" атап көрсеткен.

Ұйым Қазақстан үкіметінің жер реформасына қарсы тұрғындар шеруіне қатысқаннан кейін "алауыздық тудыру", "көпе көрнеу жалған ақпарат тарату" және "митинг өткізу тәртібін бұзу" айыптарымен сотталып, түрмеде отырған атыраулық белсенді Макс Боқаевтың, Қытайдың Шыңжаң аймағында аз ұлттарға биліктің қысым жасап жатқаны туралы мәселе көтерген, қазір "алауыздық тудыру" айыбы бойынша үстінен іс қозғалып, үйқамақта отырған "Атажұрт еріктілері" тіркелмеген қоғамдық ұйымының жетекшісі Серікжан Біләштің істерін атаған.

HRW Қазақстан билігін Боқаевтың және онымен бірге сотталып, өткен жылы жазасы жеңілдетілгеннен кейін мерзімінен бұрын шартты бостандыққа шыққан белсенді Талғат Аянның үкімдерін қайта қарап, күшін жоюға шақырған.

Бұған қоса ұйым "Біләшқа тағылған айып нақтыланбаса, оны дереу бостандыққа шығару керек" деп санайды.

Құқық қорғаушы ұйым президент Тоқаевты елде белсенділер мен өзге азаматтарды негізсіз қудалауға және адам құқықтары туралы халықаралық нормаларды бұзуға жол бермеу үшін қылмыстық кодекстің 174-бабына ("Әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік, таптық немесе діни алауыздық тудыру") өзгертулер енгізуге шақырған.

Серікжан Біләштің ісі бойынша алдын ала сот отырысы. Нұр-Сұлтан, 29 шілде 2019 жыл.

Серікжан Біләштің ісін қарауды Алматы сотына жолдады
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:32 0:00

​Human Rights Watch ұйымы 2018 жылы Қазақстан соты ресми тіркелмеген "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (ҚДТ, Ақорданы сынаушы, қуғындағы бұрынғы банкир Мұхтар Әблязов құрған) қозғалысына тыйым салғанын, бұдан соң елде ҚДТ-ны қолдайды деген күдікке ілінген азаматтарға қысым күшейгенін айтады. Тоқаевқа хатында ұйым өкілі "кемінде бірнеше адам тыйым салынған оппозициялық топты қолдады немесе қаржыландырды деген айыппен қылмыстық жауапкершілікке тартылғанын" жазған. Үстінен іс қозғалған үш әйел тергеу абақтысына қамалған. "Оларға тыйым салынған ҚДТ қозғалысының шақыруы бойынша мамырдың 1-і күні өткен рұқсат етілмеген митингіге қатысқан деген айып тағылған" деп жазады HRW. Ұйым өкілі бұл жерде ҚДТ қызметіне қатысы бар деген күдікпен істі болып, шілденің басында тергеу абақтысына қамалған көп балалы ана Оксана Шевчук пен жалғызбасты аналар Гүлзипа Жаукерова мен Жазира Демеуованың ісін меңзеп отырса керек.

Бұған қоса HRW мәлімдемесінде Қазақстанда соңғы жылдары "мемлекет тәуелсіз кәсіподақтарды басып-жаншуға" көшкені айтылған. Ұйым Қазақстан үкіметі Халықаралық еңбек ұйымының (ХЕҰ) барлық ұсыныстарын, соның ішінде кәсіподақ туралы заң мен еңбек кодексін халықаралық стандарттарға сәйкестендіріп, биліктің пәрменімен жабылған Қазақстанның тәуелсіз кәсіподақтары федерациясының жұмысын қайта жандандыруына мүмкіндік беру жайлы кеңесін еш кідіріссіз орындауы керек деп санайды. Сонымен бірге HRW Қазақстан билігін "кәсіподақ лидерлеріне қарсы саяси астары бар қудалауды" доғаруға және Лариса Харькова, Әмин Елеусінов, Нұрбек Құшақбаев пен Ерлан Балтабайға кәсіподақ қызметін жалғастыруына рұқсат беріп, "араласпауға және қысым жасамауға" шақырған.

Шілденің 17-і күні Шымкенттегі Еңбекші аудандық соты "Лайықты еңбек" тәуелсіз кәсіподақ ұйымы мен отын-энергетика кешенінің салалық кәсіподағының төрағасы Ерлан Балтабайды жеті жылға бас бостандығынан айыруға үкім еткен. Кәсіподақ жетекшісін "қызметін пайдаланды", "кәсіподақ жарғысы талаптарын бұзды", "кәсіподақ ақшасын есепсіз жұмсады" және "кәсіподақ ақшасын иемдене отырып жәбірленушіге аса ірі көлемде залал келтірді" деген айыппен соттады. Істің саяси астары бар деп санайтын Балтабай тағылған айыппен келіспейтінін мәлімдеген. Ерлан Балтабай мен қорғаушылары апелляциялық шағым беретінін айтқан.

Кәсіподақ төрағасы Ерлан Балтабайды сот залында қамауға алған сәт. Шымкент, 17 шілде 2019 жыл.
Кәсіподақ төрағасы Ерлан Балтабайды сот залында қамауға алған сәт. Шымкент, 17 шілде 2019 жыл.

Биыл маусымда Халықаралық еңбек ұйымының стандарттарды қолдану жөніндегі комитеті Қазақстанды өз есебінің арнайы параграфына енгізген. HRW ұйымының жазуынша, бұл ХЕҰ аясындағы ең қатаң шаралардың бірі саналады. Алдағы қыркүйек айында үкімет Қазақстанның ХЕҰ-ның №87 кәсіподаққа бірігу құқығы және бірлестік еркіндігі туралы конвенциясын орындауына байланысты ескертпелері бойынша қандай шаралар қабылдағаны туралы аталған комитетке есеп беруі тиіс.

МҮМКІНДІГІ ШЕКТЕУЛІ БАЛАЛАР МӘСЕЛЕСІ

Халықаралық құқық қорғау ұйымы президент Тоқаевты мүмкіндігі шектеулі адамдардың проблемасына назар аударуға шақырған.

"Қазақстан мүгедек балаларды ​интернат типтес мекемелерден шығаруға және оларды өз отбасында немесе жергілікті қауымдастықтағы өзге отбасылар ортасында өмір сүруіне мүмкіндік беретіндей қолдау көрсетуге, соның ішінде сапалы инклюзивті білім алуын қамтамасыз етуге баса назар аударуы тиіс​" деп санайды Human Rights Watch.

Human Rights Watch ұйымы Қазақстанда тәуелсіз және оппозициялық журналистер негізсіз ұсталып, қысым көретіні, биліктің сайттар мен әлеуметтік желіні бұғаттайтыны туралы да айтқан. Құқық қорғаушылар биылғы маусым айында қарсылық шараларынан, соның ішінде президент сайлауы өткен күні наразылық жайлы хабар әзірлеп жүрген журналистерді (арасында Азаттық тілшілері де бар) полицияның ұстағанын атап көрсеткен.

Қазақстандық "Әділ сөз" баспасөз құқығын қорғау қоры жыл сайын елде ондаған журналистің ұсталғаны, қамалғаны, сотталып немесе құқықтары шектелгені туралы деректерді тіркеп отырады. Алдыңғы жылы БАҚ туралы заңға журналистік зерттеу мен мемлекеттік органдардан ақпарат алуды шектейтін даулы өзгертулер енгізіліп, жала жабу туралы бап (қылмыстық кодекстегі) күшінде қалды деп жазады Уильямсон.

Human Rights Watch "тәуелсіз және сыни пікірдегі журналистерді қудалау мен оларға қысым көрсетуді доғарып, сайттар мен әлеуметтік желілерді өз бетінше бұғаттауға тоқтам салуға, БАҚ туралы заңды БАҚ еркіндігі мен сөз бостандығының халықаралық стандарттарына сәйкестендіру мақсатында қайта қарауға" шақырған.

Human Rights Watch халықаралық құқық қорғау ұйымының Еуропа мен Орталық Азия бойынша атқарушы директоры Хью Уильямсон Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа жазған хатына шілденің 26-сы қол қойып, тамыздың 6-сы күні жариялаған. Ресми Нұр-Сұлтан әзірге хатқа байланысты пікір білдірген жоқ.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG