Accessibility links

Туған елінде қуғындалып, шетелде танылған кәсіподақ басшысы


Кәсіподақ белсендісі Лариса Харькова
Кәсіподақ белсендісі Лариса Харькова

Соңғы бір жарым жылда қазақстандық кәсіподақ белсендісі Лариса Харькова қылмыстық қудалаудан көз ашпай келеді. Кәсіподақ жетекшісінің еркіндігі шектеліп, дүние-мүлкі тәркіленді. Оның үстінен сотқа арыз түсті, тіпті көлігін де өртеп кетті.

Ал Батыста оның кәсіподақты қорғау жұмысы жоғары бағаланды – Харькова Артур Свенссон атындағы танымал сыйлыққа ие болды.

ХАРЬКОВАНЫҢ АЛҒАШҚЫ ЖЕҢІСІ

Осы аптада Шымкенттің Еңбекші аудандық соты Лариса Харьковаға қарсы қозғалған азаматтық істі қарауды тоқтатты. Бұған дейін жергілікті медицина қызметкерлері кәсіподағының басшысы Тәуелсіз кәсіподақ конфедерациясының (ТКК) бұрынғы жетекшісі Харьковадан екі жарым миллион теңгені өндіріп алуды талап еткен. Олар бұл ақшаны кәсіподаққа мүше болғаны үшін төлеген-мыс. Сот өтініш иелерінің талабын негізсіз деп тапты.

- Бірде-бір құжат табылмады. Олар ештеңе де істей алмады, - деді Харькова соттан кейін.

Бұл соңғы уақытта Лариса Харькова жеңген жалғыз процесс болса керек. Былтыр Еңбекші аудандық соты Харькованы "өкілеттігін асыра пайдаланды" деп айыптап, төрт жылға бас бостандығынан айырған. Бұған қоса, мүлкін де тәркілеп, бес жыл бойы қоғамдық ұйымдарды басқаруға тыйым салды. Басында "қаржы жымқырды, алаяқтық жасады" деген айып кейін "асыра пайдаланды" деген сөзбен ауыстырылды. Лариса Харькова айыптың бәрін жоққа шығарып, істің тапсырыспен ұйымдастырылғанын айтты.

Лариса Харькова (сол жағында)
Лариса Харькова (сол жағында)

Бұған дейін 2017 жылдың қаңтар айында Шымкент экономикалық соты Әділет министрлігінің талабымен Тәуелсіз кәсіподақтар конфедерациясын (ТКК) тарату туралы шешім шығарды. Мекеменің сотқа жүгінуіне конфедерацияның 2014 жылғы "Кәсіподақтар туралы" заң талабын орындай алмауы себеп болды. Ол бойынша Қазақстандағы кәсіподақ ұйымдарының барлық филиалдары алты ай ішінде тіркеуден өтуге тиіс болды.

– Жаңаөзен оқиғасынан кейін жаппай тәуелсіз кәсіподақтарды жоя бастады. Билік солай шешсе керек, басқалардың мүддесі де соған сай келді, - дейді Лариса Харькова.

ЖАППАЙ НАРАЗЫЛЫҚТАН КЕЙІНГІ ҚЫСЫМ

Былтыр жылдың басында Қазақстанның оңтүстігінде шығарылған Тәуелсіз кәсіподақтар конфедерациясын тарату туралы сот шешімі елдің батысында наразылық тудырды. Oil Construction Company (ОСС) мұнай сервисі кәсіпорнының жүздеген жұмысшысы аштық жариялап, "ТКК тараса, жұмысшылардың талабы жұмыс берушіге жетпейтінін" айтты.

Ол кезде ОСС тәуелсіз кәсіподағы Харькованың конфедерациясына кіретін. Харькованың өзі мұнайшылардың жағдайына алаңдап, аштықты тоқтатуға шақырды.

Видео: Соңы сотқа ұласқан аштық. Ақтау, 26 қаңтар 2017 жыл

Наразылыққа шыққан азаматтар жұмысшылар құқығын қорғамайтын ресми кәсіподақ құрамында болғысы келмейтіндерін мәлімдеді. Бұл наразылықтың соңы да қылмыстық қудалауға ұласты. Ақырында Харькова ғана емес, мұнайшылардың жетекшілері Әмин Елеусінов пен Нұрбек Құшақбаев сотқа тартылды. Оларды мұнайшылардың аштық акциясы кезінде қамауға алып, кейінірек соттады. (Наразылықты таратты, ондаған адам сотқа тартылды, кейбіреулеріне айыппұл салынды). Елеусіновты кәсіподақ ақшасын "жымқырды", Құшақбаевты "заңсыз ереуілді жалғастырды" деп айыптады.

Мұнайшылар белсендісі Әмин Елеусінов
Мұнайшылар белсендісі Әмин Елеусінов

Сотталған кәсіподақ белсенділері Харькова, Құшақбаев пен Елеусіновты биыл Норвегияда Артур Свенссон атындағы танымал сыйлықпен марапаттады. Марапаттау рәсіміне олар бара алмады, өйткені Харькова пробациялық бақылауда болды. Ал Елеусінов пен Құшақбаев шартты түрде мерзімінен бұрын босап шықты. Олардың ары-бері жүруіне шектеу салынған.

Свенссон сыйлығын тағайындау жөніндегі комитет Қазақстанда тәуелсіз кәсіподақ белсенділеріне репрессия жасалатынын, билік тарабынан қылмыстық қудалау бар екенін айтты.

Харькованың айтуынша, Қазақстанда тәуелсіз кәсіподақтар қалмады, бірақ қудалау әлі жалғасып жатыр.

– Әлденені өзгертіп не сақтап қалғысы келетін бірен-саран белсендіні әлі қудалап жатыр. Жақында Шахтинскіде Қарағанды облысының "Жанармай-энергетикалық кешен жұмысшыларының салалық кәсіподағы" қоғамдық ұйымы филиалының төрағасы Дмитрий Синявскийді ұрып-соғып кетті. Кешке бірнеше адам оның гаражына кіріп, қолын сындырған, миына зақым келтірген. Оны Халықаралық кәсіподақтар конфедерациясы бас кеңесінің жиынына Босния және Герцеговинаға жіберген едік. Бұған дейін оны әңгімеге шақырып, ешқайда бармауын талап еткен. Бірақ ол тыңдамады, сапардан келген соң алдымен терезесін сындырды, сосын өзіне тиісті, - дейді Харькова.

БЕЙНЕТІ МОЛ КӘСІПОДАҚ ІСІ

Медициналық жабдықтар бойынша инженер әрі заңгер Лариса Харькова кәсіподақ жұмысымен 1996 жылдан бері айналысып келеді. Ол 2016 жылы Алматыда баспасөз конференциясын өткізіп, Тәуелсіз кәсіподақтар конфедерациясын құрғанын мәлімдеді.

Бұл ұйым кәсіподақтар туралы жаңа заң күшіне енген соң жұмысы тоқтап қалған Қазақстанның еркін кәсіподақтар конфедерациясының ізбасары болды. Әлеуметтік және үй жұмысшылары кәсіподағы, жанармай-энергетикалық кешен жұмысшылары кәсіподағы, масс-медиа қызметкерлері және денсаулық сақтау қызметкерлері кәсіподақтарының ТКК құрылтайшысы болды.

Кәсіподақ жұмысына кіріскен Харькова алғашқы кезден-ақ бөлімшелерді тіркеу қиындығы, аймақтардағы кәсіподақ құрылымдарын "қудалау" туралы мәселелерді қозғады. Оған бірнеше рет қысым жасалды.

2017 жылдың қыркүйек айында Лариса Харькова белгісіз біреулердің ұлының аулада тұрған көлігін өртеп кеткенін айтты. Ол өзін біреулердің аңдып жүргенін айтып, кейде біреудің үй телефонына немесе ұялы байланыс нөміріне хабарласып, үндемей қоятынын айтты. Кәсіподақ белсендісінің айтуынша, қудалау кесірінен күйеуі жұмыссыз қалған. Отбасы әзер күн көріп отыр.

— Бізді зейнеткер анам асырап отыр. Күйеуімді жұмыстан шығарып тастады. Осындай жағдайда әупірімдеп жан бағып отырмыз, - дейді Харькова.

Кәсіподақ белсендісі өзіне тағылған айыптардың "саяси астары" бар деп есептейді.

— Басында маған Батыстан көп ақша алатын "террорист" сияқты қарады. Оны дәлелдей алмаған соң басқа әдіске көшті. Ұйымды күнкөріс қамы үшін құрды, төраға болып заңсыз сайланды деп айыптады. Олар менен жымқырған ақшасын табамыз деп ойлады, бірақ ештеңе таба алмады. Енді ойларына түк келмеген соң осындай қылмыстық іс қозғап отыр. Бәрі Астананың тапсырысы. Өте жағымсыз, ұсқынсыз, арсыз әрекет. Тұтас кәсіподақ жүйесінің қадірін қашырды, - дейді Лариса Харькова.

"Астана неден қорқады?" деген сұраққа ол "Адамдар бірігіп, құқығын қорғай бастайды, содан қауіптенеді" деп жауап берді.

— Егер бір-бірімізді түсініп, өзара бірігуді үйренсек, әрине биліктің жағдайы қиындайды. Сондықтан бізді жойғысы келеді, - дейді ол.

Былтыр шыққан сот үкімі бойынша Лариса Харьковаға кешкі сегізден таңғы алтыға дейін көшеге шығуға, қоғамдық орындарға баруға тыйым салынған. Айына екі рет пробация органына барып "белгіленуі тиіс". Кәсіподақ жетекшісі мұны қорлық деп санайды.

"Бір жыл өтті, енді үш жыл шыдау керек" дейді белсенді.

  • 16x9 Image

    Санат ОРЫН ӘЛИ

    Санат 2014 жылы қарашада Азаттықтың Батыс Қазақстандағы тілшісі ретінде қызметке кірісті. 2005 жылы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген. Қызмет жолын "Уральская газета" басылымында бастаған. 2006-2014 жылдары Алматы мен Астанадағы түрлі БАҚ-тарда жарияланып тұрған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG