Accessibility links

Заңнаманы ізгілендірудің қазақстандық үлгісі


Алматыдағы сот жазасын өтеуші әйелдерге арналған колонияда түрме асханасына кіріп жатқан адамдар. (Көрнекі сурет.)

Қазақстан бас прокуроры қылмыстық заңнаманы ізгілендіруге бағытталған жаңа заңда баламалы жаза қолдануға болатын баптар көбейеді дейді. Кей адвокаттар мен құқық қорғаушылар "жемқорларға жазаны жеңілдеткенімен, жаңа заң саяси сипаты бар баптарға келгенде қауқарсыз" деп санайды.

ҚЫЛМЫСТЫҚ ЗАҢНАМАНЫ ІЗГІЛЕНДІРУ

"Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қылмыстық, қылмыстық-процестік заңнама мен құқық қорғау және арнаулы мемлекеттік органдар қызметін жетілдірумәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" деп аталатын заң президент Нұрсұлтан Назарбаев қол қойған соң сегіз күннен кейін, шілденің 20-ында ресми баспасөзде жарияланған. Одан соң он күннен кейін күшіне енеді.

Қазақстан бас прокуроры Қайрат Қожамжаров шілденің 10-ы күні Астанадағы ведомство жиынында қылмыстық саясатты одан ары ізгілендіру аясында ауыр қылмыстар бойынша жауапқа тартудың ескіру мерзімін бес жылға қысқартып, ел түрмелерінен бес мыңға жуық адамды босату жоспарланып отырғаны туралы хабарлаған.

"Қылмыстың 260 түрі бойынша қоғамдық жұмысқа салу, бас бостандығын шектеу жазалары енгізіліп жатыр. 36 қылмыс түрі бойынша айыппұл көлемі азайып, бас бостандығынан айыру мерзімі қысқарады" деп мәлімдеген ол.


Шілденің 13-інде орыс тіліндегі "Казахстанская правда" ресми басылымында жарияланған сұхбатында Қайрат Қожамжаров гуманизация заңы туралы: "Заңның ерекшелігі – баламалы жаза шараларын қолдану аясының кеңейтіндігі. 258 құрам бойынша балама ретінде қоғамдық жұмысқа тарту енгізіледі. Меншікке қарсы, экономикалық және қызметтік 11 ауыр қылмыс бойынша бас бостандығын шектеу көзделген. Елеулі, ірі және аса ірі залалдың шекті мөлшері екі есеге ұлғаяды. Айыппұл көлемі азайып, оны төлеу мерзімі 6 айдан 3 жылға дейін ұзарады. Тұтқындау мерзімі мен негіздері, сондай-ақ 36 құрам бойынша бас бостандығынан айырудың шекті деңгейі қысқарады", - деген.

Бас прокурор Қайрат Қожамжаровтың "Казахстанская правда" газетінде шілденің 13-інде жарияланған сұхбатынан скрин-шот.
Бас прокурор Қайрат Қожамжаровтың "Казахстанская правда" газетінде шілденің 13-інде жарияланған сұхбатынан скрин-шот.

"КОРРУПЦИОНЕРГЕ ЖАЗАНЫ ЖЕҢІЛДЕТІП ЖАТЫР"

Азаттық сөйлескен адвокаттар мен құқық қорғаушылар заңнаманы гуманизациялауды құптайды, бірақ заң жобасының мүлдем талқыға түспегеніне, кейбірі "саяси сипаты бар" деп бағалайтын баптарға ешбір өзгеріс енгізілмегеніне қынжылыс білдіреді.

Адвокат Гүлнәр Жуаспаева Қылмыстық кодекс өзгерген сайын "коррупциялық қылмыстарға жазаны жеңілдету үрдіске айналып бара жатыр" деп санайды.

- Коррупционер келтірді деп есептелетін зардап көлемі 10 есе азайып жатыр. Бұрын парамен ұсталғандар (алмақ болған я алған ақшасының) 500 есесін мемлекетке айыппұл ретінде төлейтін еді. Қазір мұны 200 есеге дейін түсіріпті. Енді олар (коррупция айыбы бойынша қамауда отырғандар) қылмыстық заңның кері күшін (Қылмыстық кодекстің 6-бабы - ред.) пайдаланып, істің қайта қаралуы туралы өтініш беруі мүмкін. Тіпті кезінде 500 есе төлеген айыппұлдарының бір бөлігін де қайтарып алуларына болады, - дейді Гүлнәр Жуаспаева.

Адвокат Гүлнар Жуаспаева мен кәсіподақ белсендісі Әмин Елеусінов сотта.
Адвокат Гүлнар Жуаспаева мен кәсіподақ белсендісі Әмин Елеусінов сотта.

Адвокат Жуаспаева бұрындары ірі шенеуніктер айыпталып, сотталған баптар біраз уақыт өткен соң қылмыстық кодекстен әкімшілік құқық бұзушылық кодексіне ауысатынын айтады. "Жаңа заң түрмеде отырған коррупционерлерді құтқаруға бағытталып отыр деген қорытындыға келдім" дейді ол.

Астаналық адвокат Аманжол Мұхамедияров та "жылдан-жылға заңның коррупциялық қылмыс жасағанға жұмсарып бара жатқанын" айтады.

Адвокат Аманжол Мұхамедияров.
Адвокат Аманжол Мұхамедияров.

- (Гуманизация туралы жаңа заңда) коррупциялық қылмыстарға өте көп жеңілдік берілген. Мәселен, ауыр қылмыс жасаған азамат бұрын сотты болмаса, жазасын орташа қауіпсіз мекемеде емес, яғни жалпы режимдегі колонияда емес, елді мекендегі қауіпсіздігі барынша төмен мекемеде өтейді. Коррупциялық қылмыс деңгейі медициналық, экономикалық қылмыстармен теңесті, - дейді ол.

Гуманизация заңы бойынша, Қылмыстық кодекстегі лауазымды өкілеттіктерді теріс пайдалану туралы жазылған 361-баптың 2-бөлімі – қызметін теріс мақсатта пайдаланған лауазымды адамға тағайындалатын арнайы жаза алынып тасталады. Бұрын лауазымды тұлға "азаматтардың немесе ұйымдардың құқықтары мен заңды мүдделерiне, қоғамның немесе мемлекеттiң заңмен қорғалатын мүдделерiне елеулі зиян келтірсе", оған 4 мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салынатын, я төрт жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзiмге бас бостандығынан айыру жазасы берілетін. Енді лауазымды тұлға қызметін асыра пайдаланса, оған сол баптың 1-бөлігінде сипатталған "мемлекеттiк функцияларды орындауға уәкілеттік берілген не оған теңестірілген" адамдармен бірдей жаза кесіледі. Заң бойынша, мұндай азаматтарға лауазымды тұлғаларға тағайындалатын жазадан гөрі жеңілірек жаза кесіледі.

Түрлі жылдарда қабылданған заңдарға қарасақ, коррупционерлердің жауапкершілігі жеңілдеп келе жатқанын көруге болады.
Аманжол Мұхамедияров

Аманжол Мұхамедияров бұл өзгерістің Қазақстанның 2010 жылдан 2020 жылға дейінгі кезеңге арналған құқықтық саясат тұжырымдамасына қайшы екенін айтады.

- Назарбаев 2009 жылы қол қойған тұжырымдамада "сыбайлас жемқорлық үшін қылмыстық жауапкершілікті күшейту керек" деп жазылған. (Билік) өз-өзіне қарсы шығып жатыр. Депутаттар мұны қалай өткізіп жіберген? Қылмыстық кодекстің 1998 жылғы нұсқасы мен 2014 жылы қабылданған кейінгісін салыстырып, мына заңды есепке алсақ, жылдан жылға коррупционерлердің жауапкершілігі жеңілдеп келе жатқанын көруге болады - дейді ол.

Адвокат Бауыржан Азанов лауазымдық, коррупциялық қылмыстар – ең ауыр қылмыс болып саналуы тиіс деп санайды.

- Елде коррупционерлер көбейіп жатыр. Себебі, олар сыбайлас жемқорлық үшін жауапкершіліктің қатаң емесін біледі. Қазақстан – сыбайлас жемқорлықты қабылдау рейтингі бойынша ең нашар елдердің қатарында, - дейді ол.

"ІЗГІЛЕНДІРУГЕ ІЛІКПЕЙТІН БАПТАР"

Қылмыстық кодекстің "Алаяқтық" бабымен қозғалған, қазақстандық кей құқық қорғаушылар "саяси астары бар" деп санайтын іс бойынша соты өтіп жатқан кәсіпкер Ескендір Ерімбетовтің адвокаты Жанар Балғабаева гуманизация заңындағы өзгерістерді "болар-болмас қосымшалар" деп бағалайды. Ол қорғауындағы азаматтарға ("ісінің саяси сипаты бар" делінетін) жаңа заң әсер етпейді деп санайды.

Адвокат Жанар Балғабаева кәсіпкер Ескендір Ерімбетовтің сотында.
Адвокат Жанар Балғабаева кәсіпкер Ескендір Ерімбетовтің сотында.

- Менің қорғауымдағы азаматтарға - ("терроризмге шақыру" күдігіне ілінген) Алмат Жұмағұлов пен ("банктен жымқырылған қаржыны заңдастырды" деп күдікке ілінген, қазір "алаяқтық" бабымен сотталып жатқан) Ескендір Ерімбетовке гуманизация әсер етпеген. Гуманизация – жақсы тенденция. Бірақ "Ол кімге қолданылады?" деген сұрақ туындайды. Билік бұл туралы жиі айтқанымен, гуманизацияның өзгерте алары аз. Себебі, оны соттар өз қалауынша қолданады, - дейді адвокат.

Жаңа заң бұрынғы мемлекеттік қызметкерлерді бостандыққа шығаруға бағытталған.
Жанар Балғабаева

Жанар Балғабаеваның пікірінше, жаңа заң белгілі бір санатқа – бұрынғы мемлекеттік қызметкерлерді бостандыққа шығаруға бағытталған. "Осыған дейін қабылданған амнистия мен гуманизацияға қорғауымдағы азаматтарды іліктіре алмадым" дейді ол.

"Халықаралық батыл әйелдер"(International Women of Courage Awards-2018) сыйлығының иегері адвокат Айман Омарова жаңа заңды жақсы қабылдағанын, "адам қазасы болмаған қылмыс түрлеріне қатысты баптарды жеңілдетіп, қамау жазасын айыппұлмен алмастырған жөн" деп санайтынын айтады. Бірақ әріптесі Жанар Балғабаева тәрізді, ол да кей баптарға өзгеріс енгізілмегеніне наразы.

Адвокат Айман Омарова.
Адвокат Айман Омарова.

- "Экстремизмдi немесе терроризмді жүзеге асыруына байланысты сот шешiмiмен тыйым салынған ұйымдар қызметіне қатысу" туралы 405-баптың 2-бөлігін өзгертпепті. Осы бап бойынша қамауда көп адам отыр. Ешқандай кісі өлтірмеген. Осыны ескеруге болар еді. Әлеуметтiк, ұлттық, рулық, нәсiлдiк, тектік-топтық немесе дiни алауыздықты қоздырды (174-бап) деп айыпталғандарды да айыппұлмен босатуға болар еді. Коррупциямен ұсталғандарды да айыппұл төлетіп жіберіп жатыр ғой, - дейді Айман Омарова.

"Саяси сипаты бар баптарды мемлекет өз оппоненттерімен есеп айыру үшін қолданып отыр" деп білетін Жохар Өтебеков: "Бұл баптардағы қамау мерзімі тым ұзақ. Сол үшін осы бағытта да гуманизация жүргізу керек" дейді.

Бас прокурор Қайрат Қожамжаров мемлекеттік басылымға берген сұхбатында: "Біз педофилдерге, адам өлтіргендерге, экстремистерге, терроршылар мен бандиттерге жазаны азайтпаймыз. Олардың жауапкершілігі бұрынғы қалпында қалады. Оларға рақымшылық жасалмайды. Олар татуласуына, өкінетіндігіне, [қылмыс] мерзімінің ескеруіне байланысты жауапкершіліктен босатылмайды" деп мәлімдеген.

"АЗАПТАҒАНДАР ЖАУАПТАН БОСАТЫЛМАЙДЫ"

Азаттық сөйлескен заңгер мамандар заңдағы "бірнеше жақсы өзгерісті" де атайды.

Адвокат Жохар Өтебеков.
Адвокат Жохар Өтебеков.

- (Балама жаза ретінде) қоғамдық жұмысқа тартуды көп енгізгені ұнады. (Бұл жазаға кесілгендердің) жұмыс істеген-істемегендерін бақылау – Қылмыстық кодекстің емес, әкімдіктердің мәселесі. Үлкен зардап келтірмеген қылмыс түрлеріне гуманизация енгізгені, адамдарға айыппұл көлемін азайтқаны жақсы. Сотталғандарға айыппұл төлеуді жеңілдеткен дұрыс – бұл бюджетке де жақсы, - дейді адвокат Жохар Өтебеков.

Астаналық заңгер Аманжол Мұхамедияров татуласуға байланысты қылмыстық жауаптан босату туралы жазылған 68-баптың 4-бөліміне – тараптар мәмілеге келсе де, кінәлі адам жауаптан босамайтын істер қатарына "Азаптау" қылмыстары қосылғанын құптайды.

- Бұрын екі не одан көп адам өліміне әкеп соққан қылмыс түрі де, сыбайлас жемқорлық, террористік, экстремистік қылмыстар да, қылмыстық топ құрамында қылмыс жасаған адамдар тараптармен татуласса да жауапкершіліктен босатылмайтын. Енді мұның қатарына азаптаулар (146-бап) да қосылды, - дейді ол.

"ГУМАНИЗАЦИЯ АЗАПТАУҒА ӘСЕР ЕТПЕЙДІ"

Бас прокурор Қайрат Қожамжаров ресми басылымның заңның орындалуына қорғауға тиіс адамдар тарапынан жасалатын азаптаулар мен қызметін теріс пайдаланатындар жайлы қойған сұрағына: "Иә, өкінішке қарай, іс жүзінде ондайлар болып тұрады. Сондықтан құқық қорғау органдарымен бірлесіп бұл бағытта жауапкершілікті күшейтіп жатырмыз" деп жауап берген.

Қожамжаров шілденің 1-нен бастап күшіне енген "Зардап шегушілерге өтемақы төлеу қоры туралы" заңына сәйкес, мемлекет азаптауға душар болған адамға өтемақы төлейтінін айтады. Ол елде "видеоға жазып алатындай етіп жабдықталған және әйнектен жасалған тергеу кезіндегі жауап алуға арналған 500-ден астам кабинет ашылғанын, полицияға жеткізілгендерді электронды тіркеу енгізілгенін, солардың арқасында қылмыстық қудалау органдарының әрекеті мен шешіміне шағымданушылар саны 10 пайызға, ал құқық қорғау органдары ғимаратына негізсіз апарылатын азаматтар саны екі есеге азайғанын" айтқан.

Азаптаулар бұрын мұншалықты көп емес еді. Органдар азаптау фактісін сотқа жібермейді - "қарға-қарғаның көзін шұқымайды". Ұрып-соғылып, көк ала қойдай болғандар көп бізде.
Айман Омарова.

Алайда Қазақстанда билік өкілдерінің азаптауын көргені туралы мәлімдеген азаматтардың мүдделерін қорғаған адвокаттар Айман Омарова мен Жанар Балғабаева елде "азаптау оқиғалары азайды" дегенмен келіспейді. Омарованың сөзінше, қамау орындарында азаптау керісінше көбейген.

- Оның (Қайрат Қожамжаровты айтады – ред.) мұндай деректі қайдан алатынын білмеймін. Азаптаулар бұрын мұншалықты көп емес еді. (Құқық қорғау) органдары азаптау фактісін сотқа жібермейді – "қарға-қарғаның көзін шұқымайды". Ұрып-соғылып, көк ала қойдай болғандар көп бізде, - дейді ол.

Видео: Ескендір Ерімбетов "азапталғанын" айтты (14 маусым 2018 ж.)

Ерімбетов сотта сөйледі
please wait

No media source currently available

0:00 0:00:33 0:00

"Алаяқтық" бабы бойынша өтіп жатқан сот отырыстарының бірінде судьяға "тергеу кезінде азапталғанын, қазір қысым көріп жатқанын" мәлімдеген кәсіпкер Ескендір Ерімбетовтің адвокаты Жанар Балғабаева "гуманизация заңы азаптауға қатысты жағдайды өзгертпейді" деп санайды.

Бас прокуратура дерегінше, қазір Қазақстандағы қамау мекемелерінде бас бостандығынан айрылған 33 800 адам отыр. Халықаралық түрме реформасы ұйымының (PRI) дерегінше, 220 мемлекеттің арасындағы есеп бойынша, Қазақстан түрмеде отырған адам саны көп ел ретінде өткен жылғыдай биыл да 48-орнында қалған. Жүз мың тұрғынға шаққанда 194 түрме жазасын өтеушісі болған Қазақстан түрмедегі адам саны бойынша Түркіменстан, Чили, Беларусь және Танзаниямен бір бестікте аталған.

  • 16x9 Image

    Аян ҚАЛМҰРАТ

     

    Аян Қалмұрат - Азаттықтың Алматы бюросында 2017 жылдан бері тілші. Тұран университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Бұрындары 7kun.kz ақпарат агенттігі мен "Жас Алаш" республикалық қоғамдық-саяси газетінде жұмыс істеген. 

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG