Accessibility links

Макс Боқаевты сұранбаған "емделуге" жіберді


Азаматтық белсенді Макс Боқаевтың сот процесі кезіндегі суреті. Атырау. 3 маусым 2016 жыл

Қамауда отырған азаматтық белсенді Макс Боқаевты Петропавлдағы түрмеден басқа қаладағы түрме ауруханасына этаппен жөнелткен. Белсендінің адвокаты түрме әкімшілігі мұны тұтқынның денсаулығына бола емес, өз қамы үшін жасап отыр деп топшылайды.

2016 жылы "жер мәселесіне" қатысты көп адам қатысқан шеруден кейін бес жылға сотталған атыраулық белсенді Макс Боқаевқа жолдаған хаты тұтқынның жазасын өтеп жатқан колонияда жоқ екендігі жайлы белгі соғылып, қайтадан өзіне оралғаны туралы ақпаратты жуырда құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина Facebook парақшасында жариялағаннан кейін белсендінің туыстары дабыл қақты.

Төреғожинаның сөзінше, Макс Боқаевты Павлодардағы АП-162/2 түрмесі жанындағы халық "санқалашық" деп атайтын санитарлық қалашыққа ауыстырған. Бірақ туыстары белсендіні ол жақтан таппаған. Боқаев Қарағандыдағы тергеу абақтысында болып шықты.

БОҚАЕВТЫ АУРУХАНАҒА АПАРУ КІМГЕ ҚАЖЕТ БОЛДЫ?

Павлодардағы санитарлық қалашық өкілдері Азаттыққа емделуге этаппен әкеле жатқан тұтқын Макс Боқаевтың келуін күтіп отырғандарын және олардың дерегінше, тұтқын қазір Қарағандыдағы тергеу абақтысындағы отырғанын хабарлады. Қарағанды тергеу абақтысы өкілдері Макс Боқаевтың Петропавлдан 25 наурызда этаппен жеткізілгенін, 8 сәуірде ол этаппен жөнелтілетінін хабарлады. Азаттықтың "Қай жаққа?" деген сұрағына Қарағанды тергеу абақтысы қызметкерлері жауап беруден бас тартты.

Макс Боқаев 4 сәуірде онымен түрмеде кездескен Қарағанды облысындағы қоғамдық бақылау жетекшісі Нина Еркаеваға өзін Павлодардағы санқалашыққа жібергелі жатқаны туралы хабарлаған. Нина Еркаеваның Азаттық тілшісіне айтуынша, Боқаев өзін Павлодарға 8 сәуірде жіберу жоспарланғанын, сол күннің ертеңінде санқалашыққа келуі мүмкін екенін жеткізген.

Тұтқынның сөзіне және өз бақылауына сүйенген құқық қорғаушы Нина Еркаева Макс Боқаевтың денсаулық жағдайын қанағаттанарлық деп бағалайды. Бірнеше сырқаты бар Боқаев былтыр тамызда Павлодардағы санқалашықта асқазан және ішек жолдары сырқатынан емделген. Боқаевтың сөзіне сілтеме жасаған құқық қорғаушы Еркаеваның мәлімдеуінше, қазір тұтқынды әлгі сырқаттары мазаламайтын көрінеді. Сондықтан өзін сұранбаған санқалашыққа жібергеніне Боқаев тіпті сәл таңырқап қалған дейді Еркаева. Бірақ, оның сөзінше, Боқаев қыста омыртқасы ауырғанын айтқан.

Қыста Петропавл түрмесінде Макс Боқаевтың омыртқасы сырқырап ауырғанын Азаттық тілшісіне қарындасы Жанаргүл Боқаева айтып берді. Қарындасының сөзінше, Макс Боқаевтың омыртқасында жарық бар және өзге де бірқатар сырқаты бар. Ол күн суытқанда және денсаулыққа жайсыз өзге де жағдайларда омыртқасы қатты сырқырап ауыратынын айтқан. Қарындасының сөзіне қарағанда, климаты қытымыр Солтүстік Қазақстанның биыл қыстағы қатты аязында Макс Боқаев өзге тұтқындар сияқты оны да таңғы жаттығуға шығарған кезде омыртқасына суық тигізіп алған. Ол әлгі "процедуралардан" бас тартқан, бірақ сол үшін бірнеше мәрте жазаға тартылып, бұрын айып камерасы (ШИЗО) деп аталған тәртіптік оқшаулау камерасы (ДИЗО) - карцерде ұзақ уақыт отырған. Қарындасының сөзінше, соның салдарынан биыл қыста Макс Боқаевтың омыртқасының сырқырауы көпке дейін басылмаған.

Макс Боқаев (ортада) адвокаты Нұрбике Ескендірова және қорғаушысы әрі қарындасы Жанаргүл Боқаевамен бірге. Атырау, 18 қараша 2016 жыл
Макс Боқаев (ортада) адвокаты Нұрбике Ескендірова және қорғаушысы әрі қарындасы Жанаргүл Боқаевамен бірге. Атырау, 18 қараша 2016 жыл

Бірақ Жанаргүл Боқаева енді ағасы "емделуге" қандай диагнозбен жіберілгенін Азаттық тілшісіне айта алмады.

Тұтқын Боқаев қандай "диагноз" бойынша емделуге жіберілгенін Петропавлдағы Боқаев жазасын өтеп жатқан түрме бастығы Алман Ғалиевтен білудің де сәті түспеді. Ол Боқаевты Петропавлдан этаппен әкеткенін ғана растап, өзге сұрақтарға жауап беруден бас тартты.

Адвокат Айман Омарова (АҚШ-та "Халықаралық батыл әйелдер" - International Women of Courage Awards - 2018 сыйлығын алып Алматыға жуырда оралды) Азаттық тілшісімен әңгімесінде өз клиенті Макс Боқаевты түрме ауруханасына жіберудің түпкі себебі – Боқаев жазасын өтеп жатқан түрме әкімшілігі тұтқынды санқалашыққа оның денсаулығын ойлағаннан емес, өз қамы үшін жіберіп жатқан болуы мүмкін деген болжам айтты. Өйткені, адвокат Омарованың сөзінше, бұған дейін Макс Боқаевтың түрме әкімшілігі қызметкерлері өкілеттігін асырды деген шағымы бойынша қылмыстық іс қозғалған. Қорғаушының сөзінше, клиентін аяқ асты емделуге жіберу себебі әлгі қылмыстық істі тексеруге байланысты болуы әбден мүмкін.

- Әңгіме азаптау және адамның ар-намысын таптайтын өзге де әрекеттер туралы. Бұған дейін [қыста] емдемей қойған олар [Петропавлдағы түрме әкімшілігі] енді оны кенеттен емдеуге "кіріскен". Меніңше, олар мұны қылмыстық істі сотқа жеткізбеу амалымен жасап жатыр. Өйткені тұтқын Боқаев өзге аймақта "емделіп" жатқан кезде әлгі қылмыстық іс бойынша тиісті тергеу амалдарын жүргізу қиын болады, - дейді адвокат.

Адвокат Айман Омарова
Адвокат Айман Омарова

Айман Омарова Павлодарға барып, клиентінің түрме әкімшілігіне қарсы жеке сипаттағы айыптауы негізінде Петропавлдағы сот қозғаған қылмыстық іске байланысты мәселелер бойынша Макс Боқаевпен жолығып, сөйлесу үшін ол қазір өзінің сот процестеріне қатысу кестесінен "бос күн" іздеп жатқанын айтады.

Бұған дейін тұтқын Макс Боқаев оны ДИЗО-да ұзақ ұстауды әкімшіліктің заңсыз әрекеті ретінде атап, сотқа шағымданған болатын.

Оқи отырыңыз: Макс Боқаев: "Қазіргі жағдайда түрмеде отыру өкінішті де, ұят та емес"

ТҰТҚЫНДЫ ТАСЫМАЛДАУДЫҢ БҰРАЛАҢ ЖОЛЫ

Азаттық тілшісінің "Боқаевты Петропавлдан Павлодарға этаппен апару маршрутын неліктен осыншама ұзартып, оны Қарағанды тергеу абақтысына апарған?" деген сұрағына павлодарлық құқық қорғаушы Елена Семенова тұтқынды этаппен апару маршрутының "ұтымдылығы" түрме жүйесі ішінде анықталады, бұл жабық сипаттағы ақпарат деп түсіндірді. Бірақ, Семенованың айтуынша, оның "ұтымдылығы" тұтқындарды түрлі бағыттарға этаппен жөнелту кезіндегі "сұрыптау" қажеттігімен негізделуі мүмкін.

Ал Жанаргүл Боқаеваның сөзінше, Атырау сотының ағасына қатысты шығарған үкімі заңды күшіне еніп, оны Петропавлдағы түрмеге жібергеннен кейін тұтқынды этаппен апару кезеңі шамамен бір айға созылған: Боқаевты әуелі Ақтөбе мен Алматы тергеу абақтыларына апарып, Петропавлға сосын жеткізген.

- Атырау қайда, Петропавл қайда, Алматы қайда? – дейді Жанаргүл Боқаева.

Қазақстан Ішкі істер министрлігі Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің баспасөз хатшысы Ғалымжан Хасенов "маған қатысы жоқ мәселе" деген уәжбен Макс Боқаевты этаппен жөнелту маршрутына қатысты сөйлесуден бас тартты.

Үкіметтің жер реформасы бастамасына қарсы 2016 жылғы сәуірде Атырау қаласында өткен жаппай жеруден кейін сотталған белсенді Макс Боқаевқа Атырау қалалық соты бес жыл түрме жазасын кесіп, жазасын өтеу үшін Петропавл қаласы түбіндегі түрмеге жіберген болатын. Ал осындай мерзімге сотталған тағы бір белсенді Талғат Аянды былтыр тамызда Ақтөбе облысындағы колонияға ауыстырған.

Азаматтық белсенділер Макс Боқаев (оң жақта) пен Талғат Аян сот процесі кезінде. Атырау, 28 қазан 2016 жыл
Азаматтық белсенділер Макс Боқаев (оң жақта) пен Талғат Аян сот процесі кезінде. Атырау, 28 қазан 2016 жыл

Макс Боқаевтың адвокаттары мен туыстары белсендіні Солтүстік Қазақстан облысындағы колонияға жіберу заңсыз деп шағымданып, ІІМ Қылмыстық-атқару жүйесі комитетімен соттасқан болатын. Олар Боқаевты үйіне жақын, яғни елдің батыс аймағында орналасқан түрмеге жіберуі тиіс болған деп мәлімдейді. Бірақ биыл қаңтарда Астана соты Боқаевтың адвокаттары мен туыстарының арызын қанағаттандырмай тастаған.

2016 жылғы қарашада сот атыраулық белсенділер Макс Боқаев пен Талғат Аянды "әлеуметтік араздық тудырды", "жалған ақпарат таратты" және "митинг өткізу заңдарын бұзды" деп танып, бес жылға бас бостандықтарынан айыруға үкім еткен. Екі белсенді де өздеріне тағылған айыптың саяси астары бар деп мәлімдеп, оны мойындаудан бас тартқан. Халықаралық құқық қорғау ұйымдары Қазақстан билігін түрмедегі белсенділерді босатуға талай мәрте шақырған.

Пікіріңіз

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG