Accessibility links

Интернетте өздерін Қазақстан түрмелеріндегі «азаптау, ұрып-соғу, тіпті адам өлтіруге куә тұтқынбыз» деп таныстырған адамдардың шағымдары жазылған видео жарияланды. Құқыққорғаушы әлгі шағымдарға қатысты қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады

«ҰРМАСЫН ДЕП ТЕМІР ЖҰТТЫ»

Он бір жыл бұрын Сарыағашта сотталып, қазір Семей қаласындағы ОВ-156/14 мекемесінде жазасын өтеп жатқан Азат Сатышевтің туыстары тұтқынның «түрмедегі ұрып-соғу мен азаптауларға қарсылық білдіріп шеге жұтып алғанын» айтады. Тұтқынды соңғы рет қаңтар айының ортасында көрген туыстары оның өмірі мен денсаулығына алаңдайды.

- Әпкесі екеуіміз бардық. Ұрмасын деп темір шеге жұтқан. Оны ұрады ғой. Қатты жүдеп азып кеткен. Денесі көгерген. Ұрып-соққан. Енді оны тағы да қатаң режимдегі бақылауға алайын деп жатыр. Ол жерге қамалса шықпай қалуы да мүмкін, - деді әйелі Ақмарал Сатышева қаңтардың 26-сы күні Азаттық тілшісіне.

Ақмарал Сатышеваның айтуынша, күйеуі өзін Оңтүстік Қазақстан облысындағы түрмелерге ауыстырмайынша асқазанынан шегені алып тастауға қарсы боп отыр. «Себебі ол бес жыл көрген азаптарының қайталанғанын қаламайды» дейді әйелі.

Сот үкімі бойынша 15 жылға бас еркіндігінен айрылған Сатышев әуелде жазасын Оңтүстік Қазақстан облысындағы қамау мекемесінде өтеген. Туыстарының айтуынша, екі жылдан соң оны еш негізсіз Шығыс Қазақстан облысындағы колонияға ауыстырған.

Қатаң жағдайда ұсталатын камераның терезесі.
Қатаң жағдайда ұсталатын камераның терезесі.

Азат Сатышевтың түрмедегі жағдайы ауыр екенін әкесі Тағабай Сатышев те растайды. Ұлының өміріне алаңдап отырған әкесі интернетте видео жариялап, «қысымның бәрі Семей түрмесінен басталғанын» айтқан.

- Ұрып соғу, скотч жапсырып басын суға тығады. Баланың үсті қан-жоса болғаннан кейін олар қинауды тоқтатқан. Ол бізге арнаған қоштасу хатында «папа, өлсем осы жердегілер жауап береді» деп жазған. Сосын біз ары шапқылап, бері шапқылап Астанаға бардық. Прокуратураға шағымдандық. Сөйтіп жүріп оны Шымкентке ауыстырдық. Шымкентте үш-төрт ай жатты. Бірақ кейін қайтадан сол жаққа жіберді. «Не үшін ауыстырып жатырсыңдар?» деп сұрасақ ешкім жауап бермейді, - дейді сотталушының әкесі видеода.

Азаттық тілшісі Семейдегі ОВ-156/14 мекемесіне хабарласқанымен, оның басшысы Самат Зарыққанұлынан жауап ала алмады.

«ШЕГЕ ЖҰТУ – ӨЗІН ҚОРҒАУДЫҢ ЖАЛҒЫЗ АМАЛЫ»

Құқыққорғаушы Елена Семенованың айтуынша, Семейдегі ОВ-156/14 мекемесі жазасын өтеп жатқандардан азаптау туралы шағым жиі түсетін түрмелердің бірі. «Өкінішке қарай, шеге жұту - ондағы азаптауларға шыдамаған сотталушылардың өздерін қорғаудың жалғыз амалы болып отыр» дейді құқыққорғаушы.

- Одан басқа амалы жоқ. Жалпы оны ауруханаға апарып, емделуіне мүмкіндік жасалуы қажет. Міндетті түрде прокурор келіп, тексеруі керек. Өтініш жазылса, қылмыстық іс қозғалуы қажет, - дейді Елена Семенова.

Алайда ол іс жүзінде бұл мекемелерде отырғандарға арыз-шағым жазудың өте қиын екенін айтады.

- Онда зорлық-зомбылық, азаптау бар екені, скотч пен электрошокер қолданылатыны – ол факт. Прокуратура шара қолдануы қажет, - дейді Елена Семенова.

АЗАПТАУ ТУРАЛЫ ВИДЕО-ШАҒЫМ

Қазақстандағы қамау мекемелерінде отырғандардың түрмедегі азаптау фактілері туралы жазылған бұдан өзге де видео-шағымдар интернет арқылы көпшілікке тарап жатыр.

Youtube сайтына қаңтар айының басында жүктелген видеода орыс тілінде сөйлеген бір адам өзін «1974 жылы туған Қанат Құнанбайұлымын» деп таныстырған.

«2017 жылы сәуірдің 20-сында жазамды өтеу үшін АК 159/5 мекемесіне түскен алғашқы күннен бастап мені ұрып-соқты, азаптады, тіпті түрмеде екі адамның өліміне куә болдым» деп мәлімдейді ол.

Ол өз басындағы болған жағдайды баяндап прокуратура мен адам құқығын қорғаушыларға арыздар жазғанын, бірақ ол жазғандары ешқайда кетпей қалғанын айтады. Сөзінің соңында видеодағы адам «алда-жалда түрмеде мерт болсам я мүгедек боп қалсам қазаға кінәлілер жазасыз қалмасы үшін туыстарым осы видеоны тиісті органдарға жеткізсін» деп өтініш білдірген.

Осыған ұқсас шағым айтқан тағы екі адамның видеолары интернетте қаңтардың басында жарияланған. Кейбірі өздері отырған түрмеде болып жатқан жайттарға қатысы бар деп айыптап, әлдебір адамдардың фамилиялары мен қызметтерін де атаған.

Қазақстан ішкі істер министрлігі Қылмыстық атқару жүйесі комитетінің баспасөз хатшысы Ғалымжан Хасенов Азаттыққа түрмедегі азаптау жайлы видеоларға қатысты жазбаша сауал жолдауды сұрап, оған заңда көрсетілген жеті күн мерзімде жауап беретінін айтты.

«ТҰТҚЫН ШАҒЫМЫ БОЙЫНША ҚЫЛМЫСТЫҚ ІС ҚОЗҒАЛДЫ»

Құқыққорғаушы Елена Семенова Азаттыққа жоғарыда келтірілген видеоларда сөйлеген екі адамның арыз-шағымы бойынша жергілікті прокуратура қаңтардың 26-сы күні қылмыстық іс қозғау жөнінде қаулы шығарғанын хабарлады. Оның сөзінше, түрмеде жазасын өтеп жатқан Надир Усманов пен Қанат Борашов жәбірленуші ретінде танылып, өзі олардың қорғаушысы болып тағайындалған.

Құқық қорғаушы Елена Семенова.
Құқық қорғаушы Елена Семенова.

- Оларға кеше сараптама жасалды. Нәтижесі қалай болатынын әзірше айта алмаймыз. Дене жарақаттарын уақыт өтіп кеткен кезде анықтау қиын. Өте күрделі сараптама жасау керек, бірақ оған ақша керек. Ондай күрделі сараптама жасала қояды дегенге күмәнім бар. Мемлекетке арзанын жасаған оңайырақ. Дегенмен, Стамбул хаттамасына сәйкес, оларға психологиялық сараптама жасау туралы өтініш береміз, - дейді Елена Семенова.

Ол прокуратура қаулысына қарамастан қаңтардың 25-інен бері колония бастығына кіре алмағанын, өз қорғауындағы адамдарды көре алмай отырғанын да жеткізді.

Елена Семенова Семейдегі ОВ-156/14 мекемесінде жазасын өтеп жатқандардан бұған дейін де азаптауға қатысты өте көп шағым түскенін, «олар бойынша да қылмыстық істер қозғалуы мүмкін» екенін айтты.

Азаттық бұл мәселеге қатысты Шығыс Қазақстан облыстық прокуратурасына хабарласты. Прокурор көмекшісі Дмитрий Корогод жазбаша сауал жіберу қажеттігін айтты. Ол «шеге жұтқан» тұтқынның туыстарына жергілікті прокуратураға немесе Қылмыстық атқару жүйесі департаментіне өтініш жазуға кеңес беріп, «онсыз тексеру мүмкін емес» екенін айтты. Ал интернетте жарияланған видеоларды көрмеген.

- Жалпы сотталушының өздері шағым бергені дұрыс. Түрмеде канцеляриямен шұғылданатын арнайы қызмет бар. Ондағы шағымдардың барлығы электронды түрде прокуратураға түседі. Олар түрме әкімшілігінде қалып қалып, жолданбай қалуы да мүмкін. Біздің прокурорлар күн сайын кезек-кезек мекемеге келіп, сотталушылардан арыз-шағым қабылдайды, - дейді Дмитрий Корогод.

Азаттық бұл оқиғаның дамуын бақылауда ұстайды.

  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

Пікіріңіз

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG