Accessibility links

Тұтқын түрмеде азапталғанын дәлелдегісі келеді


YouTube сайтындағы "Қазақстандағы түзеу колониясына этаппен жеткізілген тұтқынды азаптау" деп сипатталатын видеодан скриншот.
YouTube сайтындағы "Қазақстандағы түзеу колониясына этаппен жеткізілген тұтқынды азаптау" деп сипатталатын видеодан скриншот.

Ақмола облысындағы ЕЦ-166/4 колониясында отырған Ерік Тәженов қамау орнына жеткізілген кезде азапталғанын дәлелдеуге тырысып жүр. Мекеме басшылығы тұтқынның сөзін жоққа шығарады. Бас прокуратура Қазақстанда азаптауға қатысты істердің көбі сотқа жетпейтінін айтады.

ЭТАППЕН ЖӨНЕЛТУ

Биыл тамыз айының басында тұтқын Ерік Тәженов Ақмола облысының Атбасар қаласындағы ЕЦ-166/4 колониясына этаппен апарылған. Әйелі Әйгерім Тәженованың айтуынша, оны түрмеге жеткізген арнайы көліктен шыққан бетте ұрып-соққан. Жұбайының таяқ жегенін Әйгерім бірнеше апта өткен соң онымен ұзақ мерзімді кездесу кезінде білген.

- [Көліктен] шығып үлгермей жатып оны ұрып-соғып, тепкінің астына алған, тіпті фамилиясын айтып үлгермеген. Содан соң оны медициналық бөлімшеге апарып, тыржалаңаш шешіндіріп, бейнекамераға түсірген, мазақтап күлген. Ол денесінен қан ағып жатса да көмек көрсетілмегенін айтады. Мұның бәрі видеоға жазылып қалған, - дейді Әйгерім Тәженова.

Оның айтуынша, "іс қозғаған кезде видеоның жартысын жойып тастаған". Әйел күйеуінің соққыға жығылғанын ұзақ мерзімді кездесулер кезінде оның өзінен естіп білгенін айтады. Оның сөзінше, кейде күйеуі колониядан телефон шалып, мазақтың әлі жалғасып жатқанын айтып, "өз-өзіме қол саламын" деп мәлімдеген.

- Күйеуіме бетпе-бет жүздестіру кезінде "осыдан іс бітсін, сосын көрсетеміз саған" деп қоқан-лоққы жасаған, - дейді Әйгерім Тәженова.

Ол бұған дейін күйеуі Ерік Тәженов Степногорскідегі колонияда отырғанда жағдайы жақсы болғанын айтады. Тұтқынның әйелінің сөзінше, кісі тонағаны үшін 19 жылға сотталған күйеуі жаза мерзімінің 13 жылын өтеген.

Соңғы аптада Әйгерім Тәженова колонияда бірнеше рет болды. Желтоқсанның 9-ы, сенбі күні оған жұбайы хабарласып, жағдай нашарлап кеткенін айтқан соң барған. Желтоқсанның 13-і үні колониядаға ашық есік күніне орай ондаған тұтқынның туыстарымен бірге тағы барған.

Тұтқындардың туыстары ЕЦ-166/4 колониясына кіру үшін рұқсат күтіп кезекте тұр. Ақмола облысы, 13 желтоқсан 2017 жыл.
Тұтқындардың туыстары ЕЦ-166/4 колониясына кіру үшін рұқсат күтіп кезекте тұр. Ақмола облысы, 13 желтоқсан 2017 жыл.

Азаттық тілшісімен телефон арқылы сөйлескен әйел қамау мекемесіне бірден кірмегенін, колонияға кіргісі келген тұтқындардың туыстары өте көп болғанын, әкімшілік ішке бірнеше адамнан ғана өткізгенін айтты. Жұбайымен жарты сағат сөйлескен Әйгерім Тәженова оның әзер қозғалатынын, өткен аптаның соңында тағы да соққыға жығылғанын айтып, "омыртқам ауырады" деп шағымданғанын жеткізді.

"ОЛАЙ БОЛУЫ МҮМКІН ЕМЕС"

Колония әкімшілігі Азаттыққа Ерік Тәженовтің ісі қаралып жатқанын айтты.

- Бұл адам мекеме қызметкерлерін айыптайды, бірақ ондай жағдай болуы мүмкін емес, себебі осы жерге тұтқындардың жеткізілуі, қамауда тұруы – бәрі заңға сай қаралып, қылмыстық-атқару заңнамасы бойынша реттеледі, - деді колония басшысының тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары Нұрман Төулекенов.

Оның сөзінше, "Тәженовтің де, әйелінің де сөздері расталмаған". Майор Төулекенов қазір тұтқынның жалпы тәртіпке сай отрядта екенін айтты. Ақмола облысы ішкі істер департаменті ішкі қауіпсіздік басқармасының аға тергеушісі майор Тойбаевтың қаулысында азаптау жөніндегі істің қыркүйектің 9-ы күні тіркелгені, сотқа дейінгі тергеу басталғаны айтылған. Азаттық Ақмола облысының полиция қызметкерлерінен мұнан басқа комментарий ала алмады.

Тұтқын Тәженовтің әйелі Азаттыққа "дәлел жеткіліксіз болғандықтан" іс жабылғалы жатқаны жайлы өзіне ескерткенін айтты. Әйел дәлел жеткілікті – куәгерлер мен бейнежазба бар деп санайды. Әзірше оған істі тоқтату жөнінде ешқандай қаулы тапсырмаған.

АЗАПТАУ ТУРАЛЫ ІСТЕР ӘДЕТТЕ СОТҚА ЖЕТПЕЙДІ

Тұтқындар құқығын қорғаушы Руслан Оздоевтың айтуынша, түрмедегі адам азап көрді деп танылған кезде, оның өз өтініші бойынша немесе тұтқынның қауіпсіздігін қамтамасыз ету қажет деген ұйғарымға келген тергеушінің шешіміне сай оны уақытша қамау орнына немесе басқа жерге ауыстырады.

Оздоевтың сөзінше, тергеуші тұтқынның өтініші бойынша іске қатысы бар куәгерлерден жауап ала алады, олардың да қауіпсіздігі қамтамасыз етілуі тиіс және ол туралы қаулы болуы керек.

- Колонияда азапталғанын дәлелдеуге болады, бірақ көбіне тұтқынның алған жарақатын жасыруға келмейтін жағдайларда ғана дәлелдеуге мүмкіндік бар. Азап көргенін дәлелдеу үшін дер кезінде сот-медициналық сараптама жасалуы керек, тұтқынға қарсы арнайы құрал қолданылғаны немесе басқа затпен, аяқ-қолмен денеге жарақат салғанын солар анықтайды, - дейді Руслан Оздоев.

Құқыққорғаушы Руслан Оздоев.
Құқыққорғаушы Руслан Оздоев.

Астаналық құқық қорғаушының айтуынша, түзету мекемелерінде, тіпті тергеу изоляторларында адам алғаш түскен кезде "қорқыту үшін" "профилактикалық" мақсатта ұрып-соғуы мүмкін. Тергеу изоляторларында тіпті бірінші рет түскен тұтқынға "еден сүрт" деп шүберек лақтырады. Егер тұтқын бас тартса физикалық және моральдық қысым көрсетіледі, оны суық әрі дым тартқан камераға отырғызып қоюы мүмкін.

- Ондай жағдай тұтқындардың бәрінің басынан өтеді. Жаңадан түскен адамды бірден қорқытып, өздеріне бағындырып алу мақсатымен жасайды, тіпті заңсыз талап қойсақ та орындасын дейді. Кейін қарсыласуға ерік-жігері болмасын деген оймен әу бастан қорлап, қорқытып тастауға тырысады, - дейді Руслан Оздоев.

Құқық қорғаушы сондай заңсыз талаптардың бірі тұтқынды төбеге қаратып қою екенін айтады, комиссия немесе қоғамдық бақылау комиссиясының (ҚБК) өкілдері келгенде бастарын бұруға рұқсат етпейді.

Қарашаның 23-і күні Астанада өткен азаптауға қарсы әрекет жөніндегі конференцияда бас прокуратураның екінші қызметінің аға прокуроры Ержан Жақыпов өз мекемесі мемлекеттік органдармен бірлесіп азаптаудың алдын алу тиімділігін арттыру жөніндегі заң жобасын әзірлегенін хабарлады. Онда адамды азаптағаны үшін қылмыстық жауапкершілікті күшейту, қылмыстық жауапкершілікке тартылатын субъектілер аясын кеңейту қарастырылған.

Өткен айда Астанада азаптауды тиімді тергеу және құжаттау жөніндегі конференция кезінде бас прокурордың көмекшісі Нұрлан Ағыбаев Қазақстанда соңғы екі жылда арнайы прокурорлар азаптау жөніндегі 629 істі тергеп, оның 412-і тоқтатылғанын айтты. Азаптау жөніндегі істі тоқтатуға себептердің арасында азап көргендерден шағым кеш берілетіндіктен дәлел-айғақты табу қиынға соғатынын атайды. Тағы бір себебі ретінде шағым иелерінің жауапкершіліктен құтылу үшін күш органдары қызметкерлеріне жалған айып тағатыны айтылады.

  • 16x9 Image

    Светлана ГЛУШКОВА

    Светлана Азаттықтың Астана бөліміндегі тілші болып 2010 жылдан бастап істей бастады. Жоғары білімді ҚарҰУ-де алған. Жеті жыл қалалық жәнереспубликалық арналарда тілші және редактор ретінде тәжірибе жинаған.

XS
SM
MD
LG