Accessibility links

Туыстары: «Ініміз түрмеде мүгедек болды»


Батырхан Жүсіпов. Туыстарынана алынған сурет.
Батырхан Жүсіпов. Туыстарынана алынған сурет.

Оңтүстік Қазақстан облысындағы Леңгір қаласына қарасты Шахта Тоғыз ауылындағы ИЧ-167/9 түрмесінде жазасын өтеп жатқан Батырхан Жүсіповтің туыстары оның соққыға жығылып, бір жарым жылдан бері төсек тартып, мүгедектер арбасына таңылғанын айтады. Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша департаменті Жүсіповтің денсаулығы туралы мәліметтер «дәрігерлік құпия болып саналатынын», ол туралы басқа да деректер «жариялауға жатпайтынын» хабарлады.

Батырхан Жүсіповтің ағасы Бақытжан Жүсіповтің Азаттыққа айтуынша, қамаудағы інісі бір жарым жылдан бері түрмеде төсек тартып жатыр. 31 жастағы Батырхан 19 жасында 19 жылға сотталған. Түркістан соты оны Қылмыстық кодекстің «адам өлтіру» және «адам ұрлау» баптары бойынша айыпты деп таныған. Әке-шешесі мұғалім, отбасында бес ағайынды Батырханның жазасын өтеп жатқанына 10 жыл болған.

- Жағдайын білу үшін түзеу мекемесіне барғанымызбен кіре алмаймыз, не сөйлесе алмаймыз, - дейді Бақытжан Жүсіпов.

Батырхан Жүсіповтің немере ағасы Жандос Шонықбаев інісін «мектепті жақсы оқыған», «тәртібі түзу», «ширақ» деп сипаттайды.

Жандос Шонықбаев, сотталған Батырхан Жүсіповтың немере ағасы. Шымкент. 22 ақпан, 2018 жыл.
Жандос Шонықбаев, сотталған Батырхан Жүсіповтың немере ағасы. Шымкент. 22 ақпан, 2018 жыл.

- Қазір айтудың пайдасы болмаса да айтайын, інім тергеу кезінде де қысым көрді. Адам танымайтындай етіп ұрып тастағанын өз көзіммен көрдім. Енді денсаулығы нашарлап кетті. Қазір құр сүйегі мен терісі қалған. Ол қылмыскер болғанымен, осы елдің азаматы, адамы ғой, - дейді Жандос Шонықбаев.

Жазасын өтеуді Шахта Тоғыз ауылындағы қатаң тәртіптегі ИЧ -167/9 түзеу мекемесінде жалғастырып жатқан Батырхан Жүсіповті соңғы рет қаңтардың 31-інде көріп, сөйлескен адвокат Мұхтар Мұсақұлов та оның денсаулығы нашар екенін растайды. Адвокаттың сипаттауынша, Батырхан Жүсіповтің жағдайы өте қиын. Екі аяғы жіңішкеріп, мүлдем жүруден қалған. Мүгедектерге арналған арбада отырады. Бел омыртқасы жарылған, жұлымына зақым келген. Отырғанда мойнын ұстай алмайды. Дене қызуы жоғары, түспей тұр. Мұсақұловтың сөзінше, Жүсіповтің бұл ахуалын түрме дәрігерлері де растап, анықтама берген. Қазіргі уақытта Жүсіпов түзеу мекемесіндегі санитарлық бөлімде жатыр. Жатар орнына бейне бақылау камерасы орнатылған.

Мұхтар Мұсақұлов, сотталған Батырхан Жүсіповтың адвокаты. Шымкент. 22 ақпан, 2018 жыл.
Мұхтар Мұсақұлов, сотталған Батырхан Жүсіповтың адвокаты. Шымкент. 22 ақпан, 2018 жыл.

- Сотталған кезде Батырхан Жүсіповтің денсаулығы жақсы болған. 2015 жылы «тәртібі нашар» деген анықтамамен Шымкенттен Өскемендегі қатаң тәртіптегі ОВ-156/20 түзеу мекемесіне этаппен жеткізілген. Батырханның айтуынша, осы түзеу мекемесінде соққыға жығылған. 2016 жылы денсаулығы нашарлағаннан соң қайта Шахта Тоғыз ауылындағы ИЧ-167/9 мекемесіне жеткізілген, - дейді адвокат.

​Адвокат Мұхтар Мұсақұловтың пікірінше, жағдайы ауыр хәлде жатқан Батырхан Жүсіпов қатаң режимдегі түзеу мекемесінде жазасын өтеуге денсаулығы жарамайды. Оның денсаулығы жіті тексеріліп, мүгедектікке шығарылса, жазасын өтеу жерін өзгертуге заң рұқсат етеді. Адвокат түзеу мекемесі Батырханның жағдайы ауыр екенін біле тұра мүгедектікке шығармай, кедергі жасап отыр деп күдіктенеді.

​ - Түзеу мекемесіне Жүсіповті дәрігерлік комиссиядан өткізу туралы бірнеше рет арыздандық. Комиссиялық дәрігерлерді не ішке кіргізбейді не өздері сол комиссияны құрмайды. Батырхан Жүсіпов өз қолымен қаңтардың 31-і күні жазған «өлім хатын» жариялауды сұранды. Ол хатта Өскемен қаласындағы ОЗ-156/20 түзеу мекемесінде соққыға жығылғанын және кімдер аямай ұрғанын жазған. Бұл хатты өз қолымен жазғанын дәлелдей аламыз. Арнайы экспертиза тағайындаса да анықталады, - дейді Мұхтар Мұсақұлов.

Батырхан Жүсіпов жазды делінген "өлім хаты".
Батырхан Жүсіпов жазды делінген "өлім хаты".

Азаттық ИЧ-167/9 қатаң тәртіптегі түзеу мекемесінде жазасын өтеп жатқан Батырхан Жүсіпов туралы Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің Оңтүстік Қазақстан облымы бойынша департаментіне сұрау салып, хат жолдады. Хатта сотталушының денсаулығы, оған қойылған диагноз және ықтимал мүгедектігі туралы сұрақтар қойылған. «Тәртіпке бағынбауы» туралы толық ақпарат және өзімен жеке әңгімелесуге рұқсат ету сұралған.

​Департамент бастығының міндетін атқарушы Шаймерден Есенкелдиевтің Азаттыққа хабарлауынша, «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекстің 95-бабына сәйкес сотталғанның нақты диагнозы мен науқасына қатысты мәліметтер дәрігерлік құпия болып табылады. Сотталған Жүсіповке қатысты өзге де деректер Конституцияның 18-бабының 1-тармағына сәйкес жариялануға жатпайды. Есенкелдиев сотталғандардың мүгедектік тобы және еңбекке қабілетсіздік дәрежесі әлеуметтік қорғау саласындағы уәкілетті органның медициналық-әлеуметтік сараптама қорытындысы бойынша анықталатынын ескертеді.

Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша қылмыстық-атқару департаментінің ғимараты. 12 наурыз, 2018 жыл.
Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша қылмыстық-атқару департаментінің ғимараты. 12 наурыз, 2018 жыл.

«Бұқаралық ақпарат құралдарының түзеу колонияларына баруы арнайы контингенттің күн тәртібі мен ұстау режиміне кері әсерін тигізіп, сондай-ақ түсірілім тобын толықтай қауіпсіздікпен қамтамасыз ету үшін қосымша күш пен құралдарды қажет етеді. Бұл өз кезегінде қызметкерлердің жұмысына кедергі етеді. Осыны ескеріп қылмыстық атқару жүйесі мекемесінде сотталғанмен сұхбат жасау мүмкін еместігін хабарлайды» деп жазады Шаймерден Есенкелдиев.

Жазасын өтеушінің ағасы Бақытжан Жүсіпов наурыздың 12-сінде Азаттыққа Батырхан Жүсіповпен кездесуге туыстары әлі кіргізілмегенін хабарлады.

- Хәл үстінде жатқан інімді мүгедектікке шығаруға құқықтық тексеру жүргізіп, комиссия құру, дәрігерлік тексеруден өткізуге рұқсат етуін сұраймын. Он екі мүшесі сау адамды кім ұрды, азаптады тексерілсе екен, - дейді ол.

Бақытжан Жүсіпов, сотталған Батырхан Жүсіповтың ағасы. Шымкент. 22 ақпан, 2018 жыл.
Бақытжан Жүсіпов, сотталған Батырхан Жүсіповтың ағасы. Шымкент. 22 ақпан, 2018 жыл.

Жергілікті және халықаралық құқық қорғаушылар Қазақстан түрмелерінегі азаптау оқиғаларын азайту үшін жаппай видеобақылау жүйелерін орнатып, сотталушылардың шағымдану тетіктерін іске қосуға шақырып келеді. Penal Reform International («Халықаралық түрме реформасы») ұйымының Орталық Азиядағы аймақтық директоры Азамат Шамбиловтың айтуынша, Қазақстан азаматтары, яғни салық төлеушілер еркіндігінен айыру және шектеу орындарында не болып жатқанын білуі тиіс, ал бұл үшін Қазақстан билігі БҰҰ-ның азаптауға қарсы комитетінің ұсыныстарын ашық жариялауы керек. Қазақстан БҰҰ-ның азаптауға қарсы конвенциясына қосымша факультативтік хаттамаға қол қойғандықтан, аталған комитеттің өкілдері 2016 жылы елге алғаш рет келген. Қазір «Халықаралық түрме реформасы» ұйымы өкілдері Қазақстан түрмелері мен тергеу абақтыларындағы жағдай бойынша ұсыныстар тізімін әзірлеген.

ВИДЕО: Батырхан Жүсіповтің туыстарының айтқандары.

Батырхан Жүсіповтің туыстарының айтқандары
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:27 0:00

Азамат Шамбиловтың айтуынша, билік сараптамалық шолуды ел азаматтары түгілі, жабық мекемелерді аралайтын ҚБК (қоғамдық бақылау комиссиялары) мен ҰПМ-мен (ұлттық превентивтік механизм) де әлі күнге дейін бөліспеген.

XS
SM
MD
LG