Accessibility links

Астананың Алматы аудандық 2-соты кәсіподақ жетекшісі Әмин Елеусіновті «кәсіподақтың сеніп тапсырған қаржысын жымқыру», «полицейлерге тіл тигізу, бағынбау және оларға күш қолдану» айыптарымен екі жылға түрмеге кесті.

Мұнай саласында қызмет көрсетумен айналысатын Oil Construction Company (ОСС) кәсіпорны кәсіподағы төрағасы Әмин Елеусіновтің ісі оны түрмеге кесу үкімімен аяқталды. Маңғыстау облысындағы мұнайшылар наразылық акциясы кезінде ұсталып, Ақтаудан Астанаға әкелінген кез – қаңтардан бері қамауда отырған Елеусінов үкімді сабырмен тыңдады. Үкім жарияланғаннан кейін ол Азаттық тілшісіне «айтар сөзі жоқ және өзге амалы жоғын, өзге таңдауы болмағанын» айтты.

«БАСҚА АМАЛЫМ БАР МА?»

Судья Гүлжаһан Ұбашева сотталушы Елеусіновтің «шын ниетімен өкінгенін», «айыбын мойындағанын» және бұрын сотталмағанын ескеріп және сотталушы мен прокурор арасында бекітілген процессуалдық келісім негізінде Елеусіновті екі жыл бас бостандығынан айырып, жазасын орташа қауіпсіздіктегі түзету мекемесінде өтеуге үкім кескенін айтты. Жаза мерзімін өтеу Елеусінов тұтқындалған 2017 жылдың 20 қаңтарынан есептеледі.

– Процессуалдық келісімге, бұған қоса сот отырысына сәйкес, сотталушы Елеусінов өзіне тағылған айыпты мойындады, істеген қылмысына өкінді, – деді Гүлжаһан Ұбашева.

ВИДЕО: Әмин Елеусіновтің үкімі

​Сот қаулысына сәйкес, Елеусіновтің «қылмыстық жолмен иеленген мүлкі» тәркіленеді. Сот оны түрмеден босағаннан кейін қоғамдық және кәсіподақ қызметімен айналысу құқығынан бес жылға айырды, «Әмин Елеусінов 2018 жылғы мамырға дейін Oil Construction Company пайдасына 8 миллион 212 мың теңге төлеуі және мемлекетке процессуалдық шығындарды өтеуі тиіс» деп шешті.

Елеусіновтің адвокаты Төлеген Шайықов егер клиенті қаламаса, үкімге қатысты шағымданбайтындарын айтты. Адвокаттың хабарлауынша, апелляция берудің мәні жоқ, өйткені қорғаушы тараптың талабы орындалып, сотталушы жеті жылдың орнына екі жылға сотталды.

– Қазір үкімде қылмыстық жолмен иеленген мүлікті тәркілеу жайлы көрсетті. Яғни бүкіл мүлкі емес, тек қылмыстық жолмен иеленген мүлкі ғана тәркіленсін деген біздің талабымыз болған. Бұл мүлік ақша болуы тиіс, – дейді Төлеген Шайықов.

Әмин Елеусінов пен адвокаты Төлеген Шайықов. Астана , 15 мамыр 2017 жыл.
Әмин Елеусінов пен адвокаты Төлеген Шайықов. Астана , 15 мамыр 2017 жыл.

Бірақ сот жариялаған әрі қамау салынған және бір бөлігі Қазақстан ішкі істер министрлігінде жатқан ақша 2 миллион теңгеден аспайды. Бұған қоса, Елеусіновтің Ақтау мен Ақтөбе қалаларында бір-бірден пәтері бар, адвокаттың сөзінше, олар тәркіленбеуі керек. Елеусіновтің «қылмыстық жолмен» нақты қандай мүлікті иеленгені жайлы сұраққа адвокат жауап бере алмады.

Адвокат Төлеген Шайықовтың сөзінше, айыптау төрт куә мен аудиторлардың кәсіподақ ақшасын жымқыру жайлы бірнеше ұйғарымы негізінде тағылған, ал клиентінің кінәсіз екенін дәлелдейтін құжаттарды тергеу амалдары кезінде тартып алған, бірақ оларды кейін іс материалдарына сол күйі тіркемеген.

«Оның кінәсіз екенін дәлелдейтін құжаттардың бәрі ішкі істер министрлігінде жатыр, оларды іске тіркеген жоқ» деген ертеректе адвокат Төлеген Шайықов Азаттыққа.

ВИДЕО: Екі жылға сотталған Елеусінов "Басқа амалым бар ма?" деді

Сотталушының қызы Милана Елеусінова комментарий беруден бас тартты. Сот үкіміне дейінгі отырыстардың бәріне азаматтық белсенділер мен бақылаушылар қатысып жүрген, бірақ үкімді естуге Әмин Елеусіновтің туыстары мен достары ғана келді.

Өткен аптада прокурор Данияр Темірханов тергеу болжамынша, Наурыз мейрамын өткізу үшін пәтер жалдауға, азық-түлік сатып алуға және музыкалық аспаптарды жалдауға жұмсалған және оның арасында кәсіподақ мүшелерінен санаторийде демалыс ұйымдастыруға жиналған кассаға түспеген қаржы кәсіподақтың 6 миллион 469 мың теңге қаржысын жымқырды деген айыбынан бас тартқан болатын. Ертеректе айыптаушы тарап Елеусінов кәсіподақтың 14,6 миллион теңгеден көп ақшасын жымқырды деп мәлімдеген.

ПРОЦЕССУАЛДЫҚ КЕЛІСІМГЕ ҚАЛАЙ КЕЛДІ?

Тергеу амалдары кезінде және сот басталған кезде айыпты мойындамаған Елеусінов сотталушымен мәміле жасасуға келісім білдірген прокурормен процессуалдық келісім бекіту жайлы мамырдың басында өтініш жазған.

Үкім жарияланардан бір күн бұрын және одан ертеректе – 12 мамырда Елеусінов айыбын мойындайтыны туралы «процессуалдық келісіммен келісетінін» айтты. Судья Гүлжаһан Ұбашева одан «Кінәңізді өз еркіңізбен мойындайсыз ба?» деп бірнеше рет сұраған. Алдыңғы сот отырысына әлгі процессуалдық келісімге қол қойған ақтаулық полицейлер қатысқан. Келісімге қол қою арқылы Елеусінов полицейлерге тіл тигізіп, күш қолданғанын және бағынбағанын мойындады.

Әмин Елеусінов сотта отыр. Астана, 14 сәуір 2017 жыл.
Әмин Елеусінов сотта отыр. Астана, 14 сәуір 2017 жыл.

Өткен сот отырысында прокурор іске қатысты жәбірленуші деп талыған полицейлер сөз сөйлегісі келеді деп мәлімдеген. Судья «процессуалдық келісімге сәйкес, жәбірленушілердің пікірі сұралмайды» дегенімен, оларға сөз берген. Елеусіновке қатысты пікірін білдіру үшін полицейлер Маңғыстау облысынан өз есебінен келген сияқты, ол жақтан Астанаға дейінгі авиабилет 35-40 мың теңге тұрады.

Полицейлер орындарынан кезекпен тұрып «Айыбын мойындауына байланысты мен сотталушы Елеусіновті кешіремін, процессуалдық келісіммен келісемін» дегенді қайталап шықты.

Маңғыстау облысындағы Oil Construction Company (ОСС) компаниясы кәсіподағының 56 жастағы жетекшісі Әмин Елеусіновті мұнайшылардың аймақтардағы филиалдарын билік белгілеген мерзімде тіркеп үлгермеген Қазақстан тәуелсіз кәсіподақтары конфедерациясын жабуға қарсы аштық акциясы кезінде ұстаған. Ақтауда және Қаламқас пен Жетібай кеніштерінде өткен наразылық акцияларына жүздеген мұнайшы қатысқан. Елеусіновпен бірге компания кәсіподағының еңбек инспекторы Нұрбек Құшақбаев та ұсталған. Елеусінов пен Құшақбаевты ұстағаннан кейін мұнайшылардың наразылық акциясы тоқтап, ондаған жұмысшыны әкімшілік және азаматтық жауапкершілікке тартқан.

Сәуірдің 7-сі күні Астананың Алматы аудандық 2-соты Нұрбек Құшақбаевты «заңсыз ереуілді жалғастыруға арандатты» деген айыппен екі жарым жылға соттаған.

  • 16x9 Image

    Светлана ГЛУШКОВА

    Светлана Азаттықтың Астана бөліміндегі тілші болып 2010 жылдан бастап істей бастады. Жоғары білімді ҚарҰУ-де алған. Жеті жыл қалалық жәнереспубликалық арналарда тілші және редактор ретінде тәжірибе жинаған.

AzattyqTV

Аудиоподкаст

XS
SM
MD
LG