Accessibility links

Президент сайлауы күні наразыларды жаппай ұстады

Маусымның 9-ы күні Қазақстанда кезектен тыс президент сайлауы өтті. Жеті кандидат бәсекеге түскен бұл сайлауға соңғы отызға жылға жуық уақыт елді басқарып келген 78 жастағы Нұрсұлтан Назарбаев қатыспады. Елдегі кей оппозициялық күштер бұл сайлауға бойкот жариялаған. Сайлау күні Нұр-Сұлтан мен Алматыда наразылық білдіріп көшеге шыққан жүздеген адам ұсталды.


Кезектен тыс президент сайлауы күні билікке наразы жас жігітті полиция көлікке күштеп салып жатыр. Алматы, 9 маусым 2019 жыл.

Негізгі деректер

Маусымның 9-ы күні Қазақстанда кезектен тыс президент сайлауына дауыс беру елдегі сайлау учаскелерінде жергілікті уақытпен таңертеңгі сағат 7.00-де басталып, сағат 20.00-ге (48 учаске таңертең сағат 6.00-да ашылды) дейін жалғасты.

Орталық сайлау комиссиясының (ОСК) мәліметінше, ел аумағында 9 970 сайлау учаскесі жұмыс істеді. Қазақстаннан тыс жерде 51 елде 65 сайлау учаскесі ашылған.

ОСК дерегінше, Қазақстанда дауыс беруге құқығына ие 12 миллионға жуық сайлаушы бар.

Қазақстанды отыз жылға жуық басқарған Нұрсұлтан Назарбаев биыл наурыздың 19-ы күні президенттік өкілетін тоқтататынын кенеттен мәлімдеп, сол кезге дейін сенат төрағасы болған Қасым-Жомарт Тоқаевты орнына уақытша президент етіп қалдырған. Назарбаевтың үлкен қызы Дариға Назарбаева сенат төрағасы болып сайланған. Сәуірдің 9-ы күні Тоқаев Қазақстанда биыл маусымның 9-ы күні кезектен тыс президент сайлауы өтетінін жариялаған.​

Қазақстанда президент сайлаулары 1991, 1999, 2005, 2011 және 2015 жылы өткен. Олардың үшеуі кезектен тыс болды. Барлығында елдің бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев жеңген. Батыс бақылаушылары Қазақстандағы президент сайлауларының ешқайсысын халықаралық стандартқа сәйкес өтті деп таныған жоқ.

00:26 10.6.2019

"Қоғамдық пікір" институты мен "Жастар" ғылыми-зерттеу орталығының 10 маусым түнгі 00:01-де экзит-полл нәтижесін жариялады. "Қоғамдық пікірінің" дерегінше, Тоқаев - 70,13 пайыз, Қосанов 15,39 пайыз алған.

"Қоғамдық пікір" экзит-полл нәтижесі:

  • Жамбыл Ахметбеков - 3,86%
  • Дания Еспаева - 5,32%
  • Амиржан Косанов - 15,39%
  • Төлеутай Рахымбеков - 3,03%
  • Амангелді Таспихов - 1,41%
  • Қасым-Жомарт Тоқаев - 70,13%
  • Сәді-Бек Түгел - 0,86%

Ал "Жастар" ғылыми-зерттеу орталығының экзит-полл нәтижесі бойынша, Тоқаев - 69,94 пайыз, Қосанов 14,96 пайыз дауыс алған.

"Жастар" ғылыми-зерттеу орталығының экзит-полл нәтижесі:

  • Жамбыл Ахметбеков - 3,06%
  • Дания Еспаева - 4,78%
  • Әміржан Қосанов - 14,96%
  • Төлеутай Рахымбеков - 2,71%
  • Амангелді Таспихов - 2,63%
  • Қасым-Жомарт Тоқаев - 69,94%
  • Сәдібек Түгел - 1,92%

"Жастар" ғылыми-зерттеу орталығының жетекшісі Талғат Қалиевтің атуынща, экзит-полл 9 маусым таңғы 7-ден кешкі 8-ге дейін жүргізіліп, онда сайлау учаскесінен шыққан әрбір бесінші сайлаушы сұралған.

22:39 9.6.2019

Маусымның 9-ы күні Нұр-Сұлтандағы наразылық кезінде үш полиция қызметкері зардап шеккен. Бұл туралы Орталық сайлау комиссиясында өткен брифинг кезінде ішкі істер министрінің орынбасары Марат Қожаев хабарлады. Қожаев наразыларды "полицияға тас, қолына түскен заттарды лақтырды. Көз ашытатын баллон қолданды" деп айыптады.

22:36 9.6.2019

Кезектен тыс президент сайлауы күні әлеуметтік желілерде кей сайлау учаскелерінде болған заңбұзушылықтар жайлы видеолар тарады.

22:19 9.6.2019
Учаскелік сайлау комиссиясының талабы бойынша полиция қызметкерлері бақылаушы Еркебұлан Қаниевті сайлау учаскесінен шығарып жіберді. Ақтөбе, 9 маусым 2019 жыл.
Учаскелік сайлау комиссиясының талабы бойынша полиция қызметкерлері бақылаушы Еркебұлан Қаниевті сайлау учаскесінен шығарып жіберді. Ақтөбе, 9 маусым 2019 жыл.

Азаттықтың Ақтөбедегі тілшісі Жаңагүл Жүрсіннің хабарлауынша, қаладағы №532 сайлау учаскесінде дауыс беру аяқталғаннан кейін бақылаушылар өздеріне белгіленген орын тым алыс болғандықтан бюллетень санау процесін көре алмайтындарын айтып наразылық білдірген. Мұндай шағым айтқан бақылаушы Еркебұлан Қаниевті "жұмысқа кедергі келтірдіңіз" деп сөккен сайлау комиссиясының мүшелері полиция шақыртып, оны сайлау учаскесінен шығарып жіберген.

Сол тәрізді №62 сайлау учаскесінде сайлау барысын бақылаған Берік Бейісов комиссия дауыс санап жатқан бөлмеден өзін шығарып жібергенін айтқан.

Тағы

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG