Accessibility links

Серікжан Біләштің ісін Алматы сотының қарауына жолдады


"Атажұрт еріктілері" қоғамдық ұйымы жетекшісі Серікжан Біләш сотта отыр. Нұр-Сұлтан, 29 шілде 2019 жыл.

"Атажұрт еріктілері" ұйымының жетекшісі Серікжан Біләштің үстінен қозғалған істі Алматы сотының қарауына жіберді. Мұндай шешімді Нұр-Сұлтан соты қабылдады. Қытайдағы аз ұлттарға жасалған қысым мәселесін алғашқылардың бірі болып көтерген белсенді төрт айдан бері Нұр-Сұлтанда үйқамақта отыр.

БЕЛСЕНДІНІ ҚОЛДАУҒА КЕЛГЕНДЕР ЗАЛҒА СЫЙМАДЫ

Тіркелмеген "Атажұрт еріктілері" қоғамдық ұйымының жетекшісі Серікжан Біләштің (құжат бойынша - Бияш) ісі Алматы қаласындағы сот қарауына берілді. Бұл туралы шілденің 29-ы күні Біләштің ісі бойынша алдын ала сот отырысында Нұр-Сұлтан қаласындағы №2 Алматы аудандық сотының судьясы Нұржан Мелдебаев жариялады.

Төрт айдан бері Нұр-Сұлтанда үйқамақта отырған Серікжан Біләш (құжат бойынша - Бияш) ісі бойынша алдын ала сот отырысы таңертеңгі сағат 11-де басталды. Қытайдың Шыңжаң аймағындағы этникалық азшылықтың қысымға ұшырағаны туралы мәселе көтерген белсендіні қолдауға келгендер сот залына сыймай кейбірі дәлізде тұрды.

Серікжан Біләшті адвокат Айман Омарова қорғап отыр.

Азаттық сот залынан тікелей эфирде хабар таратты:

Серікжан Біләштің ісі бойынша алдын ала сот отырысы басталар күні Алматы мен Шымкентте қамаудағы белсендіні қолдап акция өткізген бірнеше азамат биліктен Біләшті қудалауды доғаруды талап етті.

Бұл шараларға қатысушыларды билік өкілдері ұстаған жоқ. Бұған дейін де елдің бірқатар қаласында Серікжан Біләшты қолдау акциялары өтіп, оған қатысушылар Біләшті босатуды талап еткен.

"Атажұрт еріктілері" қоғамдық ұйымы жетекшісі Серікжан Біләшті қолдаушылар сотта отыр. Нұр-Сұлтан, 29 шілде 2019 жыл.
"Атажұрт еріктілері" қоғамдық ұйымы жетекшісі Серікжан Біләшті қолдаушылар сотта отыр. Нұр-Сұлтан, 29 шілде 2019 жыл.

АЙЫПТАУ

Тергеу орындары Серікжан Біләшқа Қылмыстық кодекстің "Әлеуметтiк, ұлттық, рулық, нәсiлдiк, тектік-топтық немесе дiни алауыздықты қоздыру" бабы бойынша (174-баптың 1-бөлігі) айып таққан. Бұл бап бойынша екi жылдан жеті жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеу не сол мерзiмге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

"Атажұрт еріктілері" қоғамдық ұйымы жетекшісі Серікжан Біләш (сол жақта) пен адвокат Айман Омарова. Нұр-Сұлтан, 29 шілде 2019 жыл.
"Атажұрт еріктілері" қоғамдық ұйымы жетекшісі Серікжан Біләш (сол жақта) пен адвокат Айман Омарова. Нұр-Сұлтан, 29 шілде 2019 жыл.

Биыл наурызда Алматыдағы қонақ үйлердің бірінен қамауға алынып, Нұр-Сұлтанға жеткізілген Біләш бастапқыда тергеу изоляторында болды, кейіннен үйқамаққа ауыстырылды. Бұған дейін ол отбасының Алматыда тұратынын айтып, өзін қолхатпен босатуды немесе үйқамақты Алматыға ауыстыруды сұраған. Бірақ сот Біләштің өтінішін қанағаттандырмады.

Қамау мерзімін ұзартуға байланысты өткен соттардың бірінде ол Алматыдан Нұр-Сұлтан қаласына еркінен тыс жеткізілгеннен кейін өзіне қысым көрсетілгенін, елде тыйым салынған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысының жетекшісі, қуғындағы бұрынғы банкир Мұхтар Әблязовке қарсы шығуға және адвокат Айман Омарованың қызметінен бас тартқызуға мәжбүрлегенін айтқан еді. Біләш тергеу органдарына "ыңғайлы" жауапты беруге мәжбүр болғанын айтып, істің "саяси астары бар" деп мәлімдеген.

"ШЫҢЖАҢДАҒЫ АЗ ҰЛТТАРҒА ҚЫСЫМДЫ КӨПКЕ ЖЕТКІЗДІ"

Серікжан Біләш ұсталған соң халықаралық сарапшылар Қазақстан билігі өз азаматтарының құқығын емес, Қытаймен қарым-қатынасты жоғары қояды деп сынаған. Істің саяси астары бар деп болжаған халықаралық басылымдар Қытайдан жиі несие алатын Қазақстанның экономикалық әріптесі әрі алып көршісімен қарым-қатынасын бұзғысы келмейтінін айтқан.

Серіккжан Біләш жетекшілік ететін “Атажұрт еріктілері” ұйымы Қазақстанда тіркеуден өте алмады. Ұйым өкілдерінің айтуынша, тіркеу жайлы төрт рет берген өтінішін әділет департаменті бірнеше рет кері қайтарған. “Атажұрт еріктілері” шешімнің саяси астары барын айтса, мемлекеттік органдар мұны жоққа шығарады. "Атажұрт еріктілерінің" Алматы, Нұр-Сұлтан, Өскемен қалаларында бөлімшелері бар.

Дәл осы ұйым 2017 жылы мамырдың 31-і күні Қытайдың Алматыдағы бас консулдығы алдында жиын ұйымдастырып, Қытайдағы қазақтардың көріп жатқан қысымы туралы алғаш рет айтқан еді. Осыдан соң ақпарат құралдары Шыңжаңдағы аз ұлттарға жасалған қысымға назар аудара бастады.

"Атажұрт еріктілері" тіркелмеген ұйымы 2018 жылдың маусым-шілде айларынан бастап Қытайда туыстары қамалған азаматтардың басын қосып жиын өткізді, Қазақстан билігінен Қытайда қалған туыстарына араша түсуді сұрады. Қытайда қамалғандардың туыс-жақындары мен Шыңжаңда қамауда болғандардың куәліктерін, олар туралы видеоларды Youtube және Facebook әлеуметтік желісінде жариялап, көпшілікке таратты.

СЕРІКЖАН БІЛӘШ КІМ?

Серікжан Біләш 1974 жылы Қытайдың Шыңжаң өлкесі Бұратола облысы Жың ауданында дүниеге келген. Әкесі Біләш мектеп мұғалімі болып істеген. Серікжанның нақты қай мамандық бойынша жоғары білім алғаны белгісіз.

Ол ең алғаш рет Қазақстанға 2000 жылдардың басында келіп, ықтиярхатпен жүрген. Қытай мен Қазақстан арасында тауар тасумен айналысып, тілмаш болған. 2011 жылы Қазақстан азаматтығын алғаннан кейін атамекенінде тұрақтап қалған. Қазақ тілінен басқа ағылшын, түрік, ұйғыр және орыс тілінде сөйлейді.

Серікжан Біләш Қытайда шығатын қазақ тіліндегі сайттарда Шыңжаңдағы этникалық қазақтардың тарихи отанына көшуі туралы жазбалар жариялап тұрған. Кейін оның түрлі тақырыптағы лекциялары WhatsApp және Wechat желілерінде аудио түрінде тарай бастады. Онда Серікжан Қытай билігінің аз ұлттарға, соның ішінде этникалық қазақтарға жүргізіп отырған саясатын сынаған.

Интернетте Серікжан Біләш туралы қарама-қайшы ақпарат көп. Оны қолдайтын топ өкілдері Біләшті "Қытайдағы қазақтардың басына түскен қасыретті әлемге таратқан құқық қорғаушы" деп атаса, сыншылар оны "Пекиннің мүддесіне астыртын жұмыс істейді" деп айыптайды. Біләш өзіне тағылған ол айыпты жоққа шығарады.

  • 16x9 Image

    Нұртай ЛАХАНҰЛЫ

    Нұртай Лаханұлы. 1973 жылы дүниеге келген. 1998 жылы әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің филология факультеті бойынша тәмамдаған.  «Қазақстан-Заман» газеті мен «Қазақ радиосында» қызмет еткен. 2010 жылдан бері Азаттық радиосында  жұмыс істейді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG