Accessibility links

Уақытша қамау изоляторынан - үйқамаққа


Серікжан Біләш журналистерге сұхбат беріп тұр. Алматы, 13 ақпан 2019 жыл.

"Ұлтаралық араздықты қоздырды" деген күдікке ілінген "Атажұрт еріктілері" ұйымының жетекшісі Серікжан Біләш 11 наурызда уақытша қамау изоляторынан шығып, үйқамаққа алынды.

Қытай қазақтарының мәселесін көтеріп жүрген белсенді Серікжан Біләшті уақытша тергеу изоляторынан босатып, үйқамаққа алу туралы шешімді 11 наурызда кешкі сегіздер шамасында Астана қалалық тергеу соты шығарды. Бұл туралы Азаттыққа Біләштің адвокаты Айман Омарова мен "Атажұрт еріктілері" ұйымының мүшесі Қайрат Байтолла хабарлады.

- Екі ай көлемінде үйқамақта болады. Біләштің үйі Алматыда. Тергеу амалдары Астанада жүретіндіктен Біләш Алматыға қайта алмайды. Тергеу "Ұлтаралық алауыздықты қоздыру" бабы бойынша жүреді. Екі ай көлемінде қоғамдық жұмыстармен де айналыса алмайды. Мен адвокаты болып тағайындалдым. Тергеу сотында прокурор да үйқамаққа ауыстыруды сұрады, - деді Омарова Азаттыққа.

Ал Қайрат Байтолланың айтуынша, Серікжан Біләш екі ай көлемінде Астанада болып, тергеуге келіп жүруі тиіс.

11 наурызда түс шамасында Серікжан Біләштің бір топ жақтастары Астанадағы уақытша ұстау изоляторының алдына жиналған. Изолятор қызметкерлері олар әкелген киім-кешек пен тамақты қабылдап алған, бірақ Серікжан Біләштің қайда екенін ашып айтпаған. Біләштің жақтастары изолятор алдында кешке дейін тұрған.

Серікжан Біләш адвокат Айман Омаровадан өзіне қорғаушы болуды өтінген. Омарова Алматыдан Астанаға Біләшпен кездесу үшін барғанымен, 11 наурыз түс шамасында онымен "жолыға алмағанын" айтқан. Бірақ кешкісін Астана қалалық тергеу сотында өткен отырысқа Айман Омарова мен "Атажұрт еріктілері" ұйымының мүшелері қатысты.

11 наурызда түс шамасында "Атажұрт еріктілері" ұйымының мүшелері Біләшқа мемлекет тарапынан қорғаушы тағайындалғанын мәлімдеген. Ал Айман Омарованың сөзінше, мемлекет тағайындаған адвокат істен өз еркімен бас тартқан.

БІЛӘШ ҚАШАН ҰСТАЛДЫ?

10 наурызда Алматыдағы қонақ үйлердің бірінде полиция Шыңжаңда қамалған қазақтар мәселесін көтеріп жүрген белсенді Серікжан Біләшті ұстап, Астанаға алып кеткен. Астана қалалық полиция департаменті Біләштің "ұлтаралық араздықты қоздырды" деген күдікке ілінгенін айтқан. Департаменттің баспасөз хатшысы София Колышбекова тергеуге сілтеп, Біләштің нақты қай істері я сөздері "араздық тудырғанын" айтпады.

"Атажұрт еріктілері" ұйымының мүшесі Қайрат Байтолланың сөзінше, 9 наурыз күні күндіз Серікжан Біләштің үйінің маңын белгісіз адамдар торуылдап жүрген. Біләш кейін үйіне емес, қонақ үйге түнеуге шешім қабылдаған.

- Таныстары түнгі 1-ге дейін Серікжан мен әйелінің қасында болды. Жанындағы адамдар кете салысымен, шамасы түнгі екі мөлшерінде қонақ үйдегі бөлменің есігін сындырып кірсе керек... Бірінші қасындағы әйелін бөлек алып кеткен. Одан кейін Серікжанды ұстаған. Әйелін үш сағаттан кейін үйіне апарып тастаған, - деген еді Қайрат Байтолла.

Серікжан Біләш
Серікжан Біләш

Серікжан Біләштің әйелі Лейла Әділжан 11 наурызда Азаттыққа күйеуін ұстағанда жанында болғанын растаған. Бірақ басқа сұрақтарға жауап беруден үзілді-кесілді бас тартқан. 10 наурызда Лейла Әділжан AFP агенттігіне берген сұхбатында "Қазақстан ерін Қытайға беріп жібереме деп қорқатынын" айтқан.

10 наурызда полиция "Атажұрт еріктілері" ұйымының Алматыдағы кеңсесін тінтіп, құжаттар тәркілеген.

Ақпан айының басында Алматы қаласы мамандандырылған ауданаралық соты Серікжан Біләшті "тіркелмеген бірлестік жұмысына жетекшілік етті" деп айыптап, 100 айлық есептік көрсеткіш көлемінде (252 мың теңге, шамамен 670 доллар) айыппұл салған.

"Атажұрт еріктілері" ұйымы 2017 жылдың көктемінен бастап белсенді жұмыс істей бастады. Қытай билігінің аз ұлттарға көрсетіп жатқан қысымына қарсы шығып, Алматыда түрлі жиындар мен баспасөз мәслихатын өткізді. Туған-туыстары мен жақындары Шыңжаңда қамауда отырғандардан сұхбат алып, видеоларды Youtube және Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшаларында үздіксіз жариялап келеді.

  • 16x9 Image

    Нұртай ЛАХАНҰЛЫ

    Нұртай Лаханұлы. 1973 жылы дүниеге келген. 1998 жылы әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің филология факультеті бойынша тәмамдаған.  «Қазақстан-Заман» газеті мен «Қазақ радиосында» қызмет еткен. 2010 жылдан бері Азаттық радиосында  жұмыс істейді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG